• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Қорғанбековтің көп қыры

Мен Бөкеңмен, Болат Сағынбекұлы Қорғанбековпен, он жыл бірге оқыдым. Құлын-тайдай тебісіп, Төменарықтың «Заканал» деп аталатын ауылдың шетіндегі елді мекенде тұрдық. Адамға да, малға да жайлы, қазаналы қарттары бар, берекесі тасыған жер еді. Орталықтағы білім ортасы бізден қашықтау, шамамен 3–4 шақырымдай.  Сол «Заканалдан» жаяу-жалпылап, батпағы аз, құрғақтау каналдың төбесімен мектепке жететін едік.  
Көкіректе арман көп, көңіл деген көк дөнен, қазір ойға алсаң, керемет кез ғой. Бүгін сағынышпен еске аламыз, дәл қазір пайымдап қарасам, Болат Сағынбекұлының адами тұрғыдағы cан қыры мен таланты бала кезден қалыптаса бастаған екен-ау. Кластас ретінде ақиқатын айтайын, ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, көптің көзінде жарқырап жүретін оқушы бола қойған жоқ. Бірақ сабақты жақсы оқыды. Ойлы, сабырлы қалыпта жүретін баланың ішкі дайындығы сол кезде-ақ мықты болғанын қазір пайымдап, таразылай аламын. 

 

 

Ол бала кезде суретті өте жақсы салатын. Бізге сурет сабағынан ұлты беларусь Вачугов ағай сабақ берді. Қиналып, сурет сала алмай жатқанда, Болат мінезі қатал ағайдың тапсырмасын тез орындап, суреттен төрт немесе бес алатын. Талай сыныптастың суретін салып бергені де есте. Бір оқиғаны ұмытқаным жоқ, бесінші сыныпта болуы керек, Жаңа жылдық қабырға газетін безен­діруден біз мектеп бойынша үшінші орын алып, бір марқайғанымыз бар. Ақ плакатқа салынған сол шырша мен өлең Болат Қорғанбековтің төл туындысы еді. 
Ол – кемпірдің баласы. Ғалия әжейді өмірден өткенше, «апа» деп өтті. Ерлан сыныптасым айтқан бір оқиға есімде қалыпты. Жетінші сыныпта ма – Болат әке-шешесімен орталыққа көшті. Ол апасы-кемпірдің қолында қалғысы келіп, қара шаңырақтан кеткісі келмей, күздің қара жауынында жүгін артып көшіп бара жатқан трактордың сүйремесіне жалаңаяқ барып мінді. Кеудені астан-кестен қылатын, көзге жас әкелетін көрініс қой бұл! Болат ауылдан кеткенде біздің де ішкі жан дүниеміздің алай-дүлей болғаны рас. Бірақ өмір бойы жұбымыз жазылған жоқ. КазГУ-ге де бірге оқуға түстік.
Ол алғашқылардың бірі болып, домбыраны үйренді. Ұмытпасам, ағасы Ілеспек оған терек ағашынан домбыра жасап беріп, соны шертіп жүріп, тәп-тәуір домбырашы болды. Ән айтты.
Қазақта бекер айтылмайтын даналық сөз бар: «Қымыздың жақсысы – сабасынан, Киіз үйдің жақсысы – ағашынан, Жігіттің жақсысы – нағашыдан». 
Алып анадан туады. Анығына келсек, Бөкеңнің нағашылары осал емес. Анасы – құйысқансыздан шыққан атақты Әбділда болыстың немересі. Анасымен тетелес інісі Әбдімәлік Сәрсенов «Арал су құрылысы» мекемесін басқарған, Жоғары кеңестің депутаты болған. Физика, техника ғылымының докторы. Ғалым адам. Бертін келе өмірден өтті. Бөкең­нің ғалымдығы шын мәнінде нағашысына тартты-ау. 
Қатар, тетелес өскендіктен болар, кешегі күнге дейін бір-бірімізді фамилиямызбен атайтынбыз. Бірақ екеуміз рухани тұрғыдан өте жақын болдық. Қос қара бала жыл сайын Алматыға сапар шегіп, КазГУ-дің филология факультетіне құжат тапсырамыз. Бірден оқуға түсе қойған жоқпыз. Құлап кері қайтамыз. Екеуміз де Кеңес әскерінің қатарында Германияда азаматтық борышымызды өтедік. Ақыры арман орындалды, әскерден соң бір оқу орнына түстік. Ол – КазГУ-дің филология, ал мен журналис­тика факультетіне. Ол әскерден оралғанда мүлде өзгеріп келді. Екі жылдық әскери өмір шыңдаған болуы керек. Оқуға түскен соң да оның белсенділігі күрт артты. Ашылды. Әдеби орта талантты ақынның жыр бәйгесіне қосылғанын көрді. Мойындады. Оның «Кассандрамен тілдесу» атты атақты жыры өлеңге таласы бар әр адамның аузында жүрді. Светқали Нұржан, Нұрлан Қами секілді таланттармен бірге болды. Жұматай Жақыпбаевтың «қағанатында» өмір сүрді. Бірде Жазушылар одағында журналистика және филология факультетінің жас ақындарынан жиналған талқылауға Әбіш Кекілбаев, Сырбай Мәуленов, Өтеген Оралбайұлы қатысып, Болаттың ақындығын мақтағаны бар. Екеуміздің де өлеңіміз сол кезде Өтеген Оралбаевтың алғы сөзімен «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Өмір өз дегенін істейді. Адам болдық. Бірақ екеуміз де ақын бола алмадық. Ол – ғалым, мен журналистикаға біржолата бет бұрдым. Бірде бізбен әдебиетке қатар келген Қазақстан Жастар одағы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, ақын-жазушы Әділбек Ыбырайымұлының былай деп сұқбат бергені бар: «Менің ең осал тұсым – қатарластарымның тым аздығы. Студент кезімізде іркес-тіркес бір шоғыр болып жүретін сияқты едік. Менің құрдастарым үлкен жолдың басына керемет шығармашылық әлеует, ақындығымен шығып тұрып, жазуды жалғастырмады... Олар: Әубәкір Смайылов, Болат Қорғанбеков, Берік Бейсенұлы, Анар Ілиясова, Сейсен Ұлықбеков, Құлтас Достанов, Бейбіт Оспанов, Гүлзира Серғазиева, Орынбасар Самалықов тағы да басқалар... Біз «жоғалған буынбыз».
Дәл қазір ойлаймын, Болат Сағынбекұлының ғылым жолына біржолата бет бұрғаны дұрыс болды. Ақындықпен айлық ала алмассың, бәрібір бір жерде жұмыс істеуің керек. Ал оның ақындығы хоббиіне айналды. Әлі де ара-тұра жазып қояды. Бірақ уақыт өте келе Сағынбекұлы сара жол етіп, ғылымды таңдады. Өкінген жоқ. Аллаға шүкір, қазір небір терең ғылыми зерттеулерді жазып жатыр. Шындығында, Қорғанбековтің ақындық қуаты күшті еді. Әскерден оралып, ауылда жүріп оқуға түскенше, өндіртіп өлең жазды. 1985 жылдың маусым айында аудандық газетте жарияланған «Ұстазым, математика және мен» атты жырынан бір үзінді келтірейін. 
«Теңдеу шешіп қаншама рет терледім,
Оңай ма екен – қиналғаным рас та.
Апайымның тапсырмаға бергенін, 
Талай жалғыз шығарғаным класта. 
Алтын ұя ұшырды да сұңқарын, 
Туған елдің араластым ісіне. 
Есеп болмай, өлең болды іңкәрім, 
Пифагор да кірмей кетті түсіме.

Намыс көрем қиындықтан қашуды,
Еңбек етіп қуанышты күйге ендім.
Өмірдегі тылсымдарды ашуды, 
Шынымды айтсам, мен есептен үйрендім». 
Рас айтады, математика мен химия миымызға кірмеген тұста ол геометриядан сыныптағы басқа балалар шығара алмаған логикалық есептерді қиналмай шығаратын. Математикадан аудандық жарысқа қатысты. Бөкең осы өлеңін мектеп бітіргенімізге 20 жыл толған шақта салтанатты кеште оқып бергенде, математикадан сабақ беретін Ажар апайдың көзіне жас алып, жылағаны бар. 
Әскерден оралған соң, екеуміз аудандық газеттің редакциясына кіріп, өлеңдерімізді тастап кеттік. Ақын Адырбек Сопыбеков жылы лебізін білдірді. Өлең өлкесіне сәт сапар тіледі. Екеумізді аудандық «Жігер» фестиваліне қатысуға шақыр­ды. Ақырында, ақындардың облыстық «Жігер» фестиваліне қатысуға мен жолдама алдым. Қазір пайымдап қарасам, сол кезде менен гөрі Болаттың өлеңі мықтырақ болған екен. Тек менің мәнерлеп оқуым мен дик­циям облысқа жолдама алып берді. 
Ол студент кезінде Желтоқсан оқиғасына қатыс­ты. Бодандықтан бостандыққа ұмтылған қазақпен бірге алаңда жүрді. Ойын еркін айтты. 
Ол ғылымнан өз орнын тапты. Ілім мен білімнің жолына түсті. Оған өкінген жоқ. Бар білгенін шәкірттеріне үйретті.
Жанында ақындар болғасын оңай ма?! Ол студент кезінде шалқып өмір кешті, өте еркін жүрді. Қазір бес уақыт намазын оқиды. Қаза қылмайды.
Ол – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры.
Ол каратэмен айналысты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында, Алматының бүкіл залында Брюс Лидің киносы көрсетіліп жатқан уақытта, Болат та ақ кимоно киді. Қара белбеудің иесі болмаса да, дара жүрді. Сол спорт түріне бала кезден ынтық болды. «Төбелескенде, ұрғанда қатты болады» деп алақанының қырына қызыл бұрыш жақты. Ауылға барғанда інішектеріміз «каратист екені рас па, «разборкаға» алып барсақ бола ма» деп менен сұрағанда, «қорықпаңдар, кез келген мәселені шешеді» деп жалындатып жіберетінмін. 
Онда мінез бар. Тіпті кейде бірбеткейлікке ұласып кетуі де мүмкін. Бірақ оның бірбеткейлігі – «қазаққа болсын» деген ниеттен туған талапшылдық. Ол кейде әлеуметтік желіде әділдігін айтып, кейбір «білгіштермен» айтысып, таласып жатады. Ол білгесін айтады. Ал бірбеткейлік білгеннен, бойда тасыған білім мен ілімнен шығады.
Рас, ол – ілім мен білімнің адамы. «Сенің осындай біліміңмен дүниені қопаруға болады. Белсендірек болсайшы!» Шыдамсыздау мінезіммен оны кейде осылай қамшылап қоятыным бар. Ақиқаты, Бөкең бір мақаласын бірнеше газет-журналға тықпалай беретін кей «ғалымсымақтардың» сортынан емес. Зерттеп жазады, дәлелмен айтады. Өмір бойы баспасөзде жүргесін ғалымдықты ғибратты жолға айналдырған оның зерттеулері халыққа жиі жетіп тұрса деймін ғой. Бір ғана мысал, осыдан бірер жыл бұрын Ясауи кесенесінің іргетасы құзданып, тілшілер пікір білдіретін сарапшы таппай жатқанда, телефонын беріп, «Қорғанбековке хабарласыңдар» дегенім бар. Пікірі газетке жарияланды. Ол ақиқатын, құлаққа кіретін өз пайымын айтты. Тағы қайталайын, білгесін айтады да. 
...Ал «Заканалдан» шыққан жалғыз профессор, кластас дос, асқаралы алпысың құтты болсын! Сенің әуелете шырқайтын «Бір келіншек», «Ақ жайық» әніңді тыңдамағалы да біраз болыпты. Аман жүр, көңіліңнен ән кетпесін! 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

1049 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5710

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5419

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3158

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2546

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2506

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2483

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2216

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2201

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы