• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

ТОПАН СУ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»
 

Топан су тіркесі айтылса, бірден біздің ойымызға Нұқ пайғамбар (ғ.c.) түседі, өйткені Жер бетін тасқын су жайлағаны туралы сол бір діни аңызды кез келген қазақ біледі. Нұқ пайғамбардың (ғ.с.) кемесі қақындағы аңыз әрі қарай «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған. Жетім бота үстінде жатып қалып, Ойсылқара жануар содан қалған…» болып өзімізге, яғни қазаққа икемделе түсер еді. Дегенмен «Таурат» пен «Құран Кәрімде» де айтылған сол алапат апат жайына сәл кейіндеу тоқталамыз.

 

Қарғын емес, қызыл су 

Бұл сапар топан су тақырыбын қозғауымыз оқырманға түсінікті деп ойлаймыз. Биылғы көктем халқымызға онша жайлы бола қойған жоқ. Бірден тоғыз облысты тасқын су басты. Батыс, шығыс, орталық өңірлердегі ұзын саны он облыстың халқы қазір де үрпиіңкі. Жекелеген бірлі-жарым адам болмаса, су басқан өңірлердің тұрғындары, шүкір, дені аман. Жиырмасыншы ғасырдағы, яғни тәуелсіздігін қайта қалпына келтіруге ұмтылған замандағы қазақтың тұңғыш астанасы – Орынбор қаласы да су астында қалғаны айтылып жатыр. Ол, әрине, Ресей өкіметінің шаруасы болғанымен, қандастарымыз тұрып жатқандықтан, ондағы елге де амандық тілейміз. Еліміздің қалалары мен ауылдарына тасқынның екінші кезеңі келе жатқаны да алаңдатады.  
Су алған өңірлер туралы үздіксіз ақпарат беріліп жатыр. Әлеуметтік желіде «пик воды» деген тіркесті, сауатсыз журналистердің «судың шыңы» деп қолданғаны жөніндегі сынды оқыдық. Бұл – талқылауға да келмейтін надандықтың көрінісі. Оны айтасыз, қарғын су тіркесі де орынды қолданылып жатқан жоқ. Жаңбыр өте қатты сел болып жауса, содан өзен тасып кетсе, қазақ соны «қарғын су» атаған. Тіліміздің құнарын өте жақсы білген Әбіш Кекілбаев: «Күшті қара нөсер жүріп өткен-ау, қарғын жүріп, жол бойын тіліп тастапты» («Бір шөкім»), – деп жазады. Түсіндірме сөздіктерде де қарғынға «Сай-сайдан, жылғадан аққан құм-тасы аралас жауын суы; тас­қын» деген анықтама берілген. Бұл жолғы тасқынға жауын әсер етсе де, қар суы жер қабатының қыстайғы мұз, тоңы жібімегендіктен, сіңбей, тасыды. Мұздың, тоңның үстінен сіңе алмай аққан суды қазақ баяғыдан «қызыл су» атаған. Турасы – қарғын су тіркесі де қате қолданыс.
Қызыл су туралы әңгіме шыға қалса, «мамандар, ғалымдар қайда» деген сауал көлделеңдейді. Себебі Үкімет те, қарапайым халық та тасқын жүрсе, ол «табиғи апат» деп қараудан аса алмай келеміз. Әрине, билік «апаттың алдын алу» деген сөзді жиі қайталайды, бірақ тасқын өткен соң, енді қайтып қайталанбайтындай ұмытып кетеді. Қазақстан секілді жерінің көп бөлігі шөлді, шөлейтті елдің әкім-қаралары «қызыл су қаптай қалса, қайдан, қалай ағып келеді немесе ағып кетеді» деп мамандарды, ғалымдарды шақырып, бөген салып су қорын жасауға, болмаса «қалтылдап күнін әрең көріп отырған қарашаның басындағы жалғыз үйін судан қалай аман алып қаламын» деп толғануға өресі жетпейді. Жетсе, күні кеше сонша ауыл мен қаланы су баспас еді. 
Тәуелсіздігімізді қайта қалпына келтірген кезеңдегі ең үлкен қателіктің бірі – Қазақстан Ғылым академиясының еліміздегі көп шығармашылық одақтар секілді қоғамдық ұйымға айналғаны. Ол қателік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен түзетіле бастағанымен, су саласынан басқа тағы қай салаларда ғалым атаулыны жоғалт­қанымызды түгендеу қажет дер едік. Дегенмен осы жолғы тасқыннан кейін дамыған елдерден мамандар шақырып, тәжірибелерін зерттеп, келер жылдарға қам жасайды деп үміттенеміз. Жалпы, мұндайда қай жерге қандай бөген салу, су қоймасын тұрғызу, қай ауылды көшіру не көшірмеу секілді мәселелерді әкім де, тіпті министр де емес, маман-ғалым шешуге тиіс.

Жерді орап жатқан алып жылан… 

Қасиетті кітаптарда топан су туралы да айтылғаны мәлім. Ақындар жырлайтын «үміт кемесі, құтқару кемесі» (орысшасы: «ковчег») – Нұқ пайғамбардың (ғ.с.) кемесі туралы «Таурат» хикаясы бізге мәлім. «Құрандағы» Ясин сүресіндегі 41, 42, 43, 44-аяттарды арабшадан орысшаға аударған Валерия Порохованың және Эльмир Кулиевтің аудармаларын салыстырып көрдік, мағынасы бір болғанымен, екі түрлі, Порохованың нұсқасы нақтылау көрінді, бірақ арабша нұсқасына қайсысы сай екенін, ол тілді білмейтіндіктен, айта алмаймыз. Ал қазақша қолымыз­ға түскен марқұм Халифа Алтайдың нұсқасын ұсындық: 
«Олардың нәсілдерін толы кемеде (Нұх кемесінде) тасуымыз, олар үшін бір белгі (41). (Б. Ж. К. М.) Әрі олар үшін сол сияқтыдан мінетін көліктер жаратуымыз (да бір белгі) (42). Қаласақ оларды суға батырамыз. Сонда оларға болысушы да жоқ, олар құтқарылмайды да (43). Бірақ біздің тарапымыздан бір мәрхамет және бір мерзімге дейін пайдалану болады (44)». Мұнда Нұқ кемесі жайлы айтылғанмен, топан су туралы ашық мәтінді көрмедік. Дегенмен соның өзі түсінікті.                 
Адамзатты топан сумен жазалау қасиетті кітаптарда ғана емес, алдымен аңыздарда сөз болады. Адамның ескертуге құлақ аспағаны, заңдылықтарға бағынбағаны, жанды жәндік атаулыны аяусыз қырғаны тағы басқа шектен шыққан қылықтары үшін Жаратушы Құдайлар (онда жалғыз Құдай емес!) адамды жазалады делінеді. Кей аңыз­дарда себебі айтылмайды. Әлемде бұл жөнінде жүздеген миф бар. Ғылыми тұрғыдан пайымдағанда расында топан су болды ма, жоқ па – түрлі болжамдар жасалғанымен, нақты тұжырым жоқ. Алайда әлемді топан су басқаны жайлы мифтер Қазақстанда ғана емес, сонау Австралияда, Қытай мен Үндістанда, Сирия мен Палестинада, тіпті Вьетнамда, Африка құрлығындағы ежелгі ұлттардың ортасында да аңыз қылып айтылады екен. 
Әлемдік апат туралы ең ескі сюжеттер бізге шумер-аккад мифологиясы арқылы жетті. Зиусудра мен Атрахасис және Утнапиштим туралы аңыздардың ерекшелігі – бізге жазбаша жеткенінде болса керек. Әрине, бұл ретте  әйгілі «Гильгамеш» дастаны туралы да ұзақ әңгіме айтуға болады. Жер бетіндегі тіршілік атаулыны жою туралы Құдайлар қабылдаған шешім бойынша, қаптаған топан су жайлы аңыздардың ең ежелгі нұсқаларын ғалымдардың салыстыра зерттегені назар аударарлық. Библия нұсқасында топан су қырық күн, қырық түнге жалғасса, шумер және вавилон нұсқаларында жеті күн, жеті түнге ұласты делініпті. Топан су үстіндегі кемеден қарғаны, сосын көгершінді (Библия), көгершін, қарлығаш, қарға үшеуін (Вавилон) ұшырса, қазақша нұсқада қарлығашты жіберіп көреді. Кеме тоқтаған тау Библияда – Урарту, вавилон нұсқасында Армения мен Нимуш тауы, бірақ Қазығұрт айтылмайды.
Мәселе суға және мифке қатысты болғандықтан, Серікбол Қондыбайдың мына пікірін де оқыған көптік етпейді. «Қазақ тілінде телегей-теңіз деген сөз тіркесі қолданылады. Мұндағы телегей – «су, теңіз, мұхит», ал оның этимологиясы – теле, «тала», «дала» және гей – «гай-қай» – «су, дария» деген ежелгі ұғымдарға байланысты, яғни телегей – «шексіз сулар» дегенді білдіреді. Мифологиялық космогония­дағы телегей – алғашқы ғаламдық сулар, ғаламның вертикаль моделінде телегей – төменгі дүние, ал горизонталь модельде жерді айнала қоршап жатқан мұхит сулары. 
Архаикалық мифтерде жерді қоршап жатқан суды «жерді орап жатқан алып жылан» деп немесе сол суда осындай жылан мекендейді деген түсінік болған. Бұл жылан мен су туыстығы түркі, оның ішінде қыпшақ тілдерінде сақталған. Мұнда қай – «су» (қайғы, қайраң, қайық) және қай – «жылан» (қайдар, хайдук, гайдук, гадюка, қаймақ-қимақ, ұранхай) мағынасын береді. Міне, мифтік ғаламды қоршай орап жатқан ғаламат жыланды түркі мифологиясында Оран-Телегей деп атайды».

Топкөз қазы

Топан сөзін көбінесе су қылып елестеткенімізбен, бір нәрсенің көлемі ретінде де түсінеміз. Оған қоса бастырылған дәннің қауызы, шөп-шаламы араласып жатса да, топан атайтын жергілікті атау бар көрінеді. Кей жерде тезектің ұсағын, үгіндісін де солай атайды. 
Топ түбірінен басталатын сөздер де аз емес: топаз, топай, топал, топалаң, топан, топанша, топар, топарал, топас, топатай, топаяқ, топжарған, топжелін, топкөз, топқазы, топограф, топография, топоним, топонимика, топпас, топса, топтама, топшы, топшық, топы, топырақ, топыраш, топыршық.
Алдымен, топ түбірінің өзіне тоқталсақ, оның жиналған адам мен малдың қарасы мағынасымен қоса, зеңбіректі де топ атаған кездер болыпты. Ол, бәлкім, домалақ оғын көргенде «доппен атады» деген түсініктен туған болар. 
Топаз – минерал тас. Силикаттар класына жатады. Грекше атауы – topazos. Зергерлік бұйымдар жасауға қолданады. «Бериллий, топаз, турмалин сияқты өте әдемі түске боялған тастардың саны өте көп» («Білім және еңбек» журналы). 
Сөздіктерде жылқының бақай сүйе­гін топай атайды делінген. Дегенмен ол жергілікті сөз болуы да мүмкін, жұмыр тұяқты жануардың тұрасынан тізесіне дейін де ондаған атау бар. «Сар даланың қазағы аттары, жұмыртұяқ қысқа топайы құмға көп кіріп ауырлай ма, кім білсін, құмды жерде мандып шаппаған» (Ғ.Нұрпейісов, «Аңшы») – деген үзіндіде тұяғы мен шашасының арасының қысқалығын айтып тұр. Негізінен, көпшілік қазақта сиырдың асығы топай делінеді, батыс өңірлерде түйенің асығын солай атау үрдісі бар. Мал жатқан қораның астынан қазып алынып, отқа жағатын отынды шығыс­та малдың қиы десе, оны топай дейтін өңірлер де жоқ емес. Жуас, момын, яғни нашар адамды можан топай атайтыны белгілі. Можан сөзінің этимологиясы беймәлім, мұндағы топай «иесі қалай бұрылса да көне беретін, басқарушының ырқынан шықпайтын» деген мағына болуы керек, себебі топай буын жерде орналасқанын тұспалдаған болуы мүмкін. Можанның төркіні белгісіз дедік, дегенмен сөздіктердегі можа – кәрі, жасы келген, қартайған ұғымдары арқылы бұл сөзді індетуге болатын секілді. Можа бие – кәрі бие. Можа – мыж-мыж болу, әжім басу. «Жаңылсын бүгінде можап қалған (Әбіш Кекілбаев, «Бір шөкім»). «Қарқарадай болып отыр­ған көңілім можап қалды» (Баққожа Мұқаев, «Өмір»). Сонда, можан топай – басқаның ырқынан шықпайтын, пәс адам.   
Тоқалдың топал деген де синонимі бар. Мүйізі жоқ, топал сиыр деп те айтылады. Мал баққан қауымның арасында жүрсең, қойшы-қолаң, сиыр­шы, жылқышы атаулының аузынан ашуланған сәттерінде малға қарата айтылған «топалаң» сөзін естіп қаласың. Бұл – әсіресе қойға жаппай тиетін жұқпалы аурудың аты. Оны мына мысалдан көруге болады: «Адамда күйдіргі, малда жамандат, қараталақ, топалаң деген жұқпалы аурулардың құрты бір болады» (Міржақып Дулатов). 
Ертеректе болған, 250 грамдық кәдімгі тас шайды топанша атаған. Жергілікті қолданыс болғасын неге олай аталғаны беймәлім. Топар деген жер атауы жиі кездеседі. Қазақ қойдың тұяқ ауруын осылай атайды. Ең қызығы – топ, жиынды топар дейтіні. «Бірақ ол бұл далада кімге қарсы топ жиып, топар сайлап, көтеріліс жасауға керек екенін ұқпады» (М.Жұмағұлов, «Қыран»). Жалпы алғанда, топар топ, жиын ғана емес, қол жинау дегенге де келетіндей. 
Итальян тілінен енген «arcipelago» сөзін жағрафияда топарал атап жүрміз. Яғни жақын орналасқан аралдар тобы. «Бір топаралға кіретін аралдардың шығу тегі мен геологиялық құрылысы ұқсас (негізі ортақ) болып келеді. Осыған байланысты топаралды құрлықтық (Жаңа Жер, Канаданың Арк­тик аралдары), маржандық (Маршал аралдары) және жанартаулық (Гавай аралдары) деп бөледі» (ҚҰЭ). 
Ағаштан (қайыңнан) жасалған, кәдімгі кеседен үлкенірек, ағаш тос­тағанды (дұрысы, ағаш аяқты) және ағаш шелекті топатай дейді. Аузы бұрап жабылатын, сұйық тамақ құйып алып жүруге арналған әскерилердің торсығы да топатай аталады. «Бәкең топатай шелекке ұйытқан айранын шала-шарпы ішті де, уқалаған насыбайын шонтайға салып, бырылдап ұйықтап жатты» (Ілияс Жансүгіров). 
Тобан аяқ деген сөз тіркесін түсіндіріп жату артық болар. Өкшесінде не табанында кінәраты бар адамды айтады. Топаяқ сөзі де соның бір нұсқасы секілді. Сөздіктерде көбіне жергілікті қолданыс ретінде берілетін топаяқ та ақсақ мағынасында. Мал баққан қауымға етене сөздің бірі – топжелін. Желін ауруы. Ондай малдың желіні ісініп, қатайып қалады, сүт шықпайды.
Белгілі ғалым Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабында қазының жиырма жеті түрін атаған, ол тізімде жоқ топкөз қазы деген де болады екен. Бәлкім, тізімде аталған атаулардың бірін мағыналық тұрғыда қайталауы да мүмкін, оншасын ғалым өзі айта жатар. Топкөз – білеу-­білеу, доп-домалақ мағынасында, жылқының семіздігінің белгісі – сойған кезде қазысының білеуленіп, домалақтануы. Ал топқазы – бабы келіспеген, дұрыс жаратылмаған, ауыр әрі ұзақ жүрісті көтере алмаған, ішектерінің қызметі бұзылған жылқыда болатын ауру. Аурудың әсерін мына үзіндіден түсінуге болады: «Топқазы болған, қартасы түйілген ат аяқ астында аузын аша жығылып, кежегесін тартып, көзі алақтап, аунап түскен соң аяқтарын сермеп, қабырғасын тістеп, бұлшық еттері дірілдейді» (Б.Хинаят, «Жүйрік ат»). Топпас – тікенді өсімдік, мал азығына жарамды, басында дәні болады. Бұл жергілікті атау делінгендіктен, басқаша аты болуы да мүмкін. 
Топшы сөзінің бірінші мағынасын көзқарақты оқырман біледі. Ол – адам қолының кеудемен жалғасқан сүйегі. Құстың қанаты және адамдікіндей кеудеге қосылған тұсы да топшы. Топшысы қатайыпты, топшысы сыныпты деген тіркестер құсқа қаратыла айтылатыны мәлім. Арқан-жіптің, қамшының, көген бұршағының өткермеленген түйінін, иыққа тағатын әскери шенді білдіретін белгіні де топшы дейді. Қазіргі монғол тіліндегі «товч» сөзінің тура мағынасы түйме. Соған қарағанда, жаңағы қамшы, арқан-жіп, көген бұршағының түйіні де түйме болса керек. Себебі аталған түйіннің барлығы домалақ түймені елестетеді. Демек, топшы – түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз. Дулат Бабатайұлының «Тоғыз түрлі топшығы, Жеңсіз берен кисем деп, Сары садақ іліп беліне, Айғайлап жауға тисем деп» («Замана») дегеніндегі топшық та сол топшының бір нұсқасы болар. Киімге жапсырып тігетін металл табақша болғанмен, ол да әскери шенге қатысы бар атауға ұқсайды.
Топы – бас киім. Кенересі биіктеу тік, төбесі шошақ, жазда киетін тақия. Оның қыста бөріктің, түлкі тымақтың өзге де жылы, үлкен бас киімдердің ішінен киетін төбетей деген түрі де бар. «Сары бала ышқырын толтырғанда, Нартайдың ұтысы қалталарынан асып, топысына сала бастады» (Ғабиден Мұстафин, «Көз көрген»).
Топыраш – бітімі қораш, жүрісі де жайсыз жылқы. Ертеде жиі қолданылған сөздің бірі. «Қуғыншыға жүйріктің, Топыраштан несі артық? Көктемесе жаңбыр боп, Қайырсыз жаздан қыс артық» (Нұржан Наушабаев, «Манзумат»). Сауатсыз надан адамды да солай атаған. «Қой бағып, торсық емген топыраштар, Бұ күнде қол жеткісіз аспан болды» (Кердері Әбубәкір, «Қазағым»). 
Топыршық – жергілікті атау. Мәнін мына мысалдан түсінуге болады: «Бұл үйдің алуан түрлі өрнектері ойып салған, ол өрнектері түрлі түсті бояулармен әдемілене түскен екі жаппалы сырлы есігі маңдайшасындағы топыршығымен ғана жабылатын еді» (Әлжапар Әбішев, «Найзағай»).
Топас, топжарған (дараланған), топса (есіктің, терезенің топсасы), топтама (өлеңдер), топырақ сөздері мен топограф, топография, топоним, топонимика терминдерін оқырманға түсіндіріп жату артық деп білеміз.

 

Қорыта айтсақ, топан су, сел, қызыл су, қарғын бүкіләлемдік мәселе екені де рас. Дамыған елдер уламай-шуламай, өз аумағында бұл істі баяғыда-ақ шешкен. Әрине, біз секілді дамушы елдер «жығылғанға жұдырық», бірін шешсе, екіншісі бас көтеріп жататыны бар. Ұлы мұхиттардың жағасындағы жер-дүние шайқалғандай цунами, сілкіністердің бетін ары қылсын. Елді дүрліктіріп, экономиканы теңселтетін қазіргідей апаттардың алдын алу билікке сын.

1436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5646

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5384

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3124

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2513

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2472

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2450

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2183

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2168

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы