• Руханият
  • 01 Маусым, 2011

Ұлттың рухын көтерген. Желтоқсан оқиғасына биыл 25 жыл толады

jeltoksan1Желтоқсан көтерілісіне не түрткі болды? Желтоқсан көтерілісінің жиырма жылдығы қарсаңында пікірлес әріптестермен аталған тақырыпты кеңірек қаузап, нәтижесінде бірнеше кітаптарды жарыққа шығарған едік. Кейде қатпар-қатпар сан құпиялы, ақ бас тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарып отырып, «неге бұлай болған?» деген сауал сананы шиырлайтыны бар. Желтоқсан тақырыбын таразылауға да сондай бір қызығушылықтан гөрі таңданыс сеп болғаны анық. Көз жеткені, көңілге тоқығанымыздан бұрын, бұл құбылыстың бұқпантай – бізге беймәлім тұстары жетіп-артылды. Барлық материалды саралау барысында ерекше есте қалып, айрықша таңданыс тудырған жалқы жайт турасында оқырманмен ой бөлісіп, көпшілік назарына ұсынуды парыз санадық. Желтоқсан қаhармандары белсене қатысып әрі өздерін тарих бетіне алып шыққан Желтоқсан көтерілісінің бастау бұлағы, шығу тегі жөнінде сәл шегініс жасалық. Қылышынан қан тамған қызыл империяның қитұрқы саясатына сауатты әрі ашық түрде наразылық білдіріп, шеруге шығу Қазақстан тарихында отызыншы жылдардың басынан бері болмаған жайт еді. Нақтырақ айтқанда, кеңестік билікке қарсы соңғы қарулы бас көтеру 1929-1931 жылдары, яғни қазақ шаруалары отырықшылық шаруашылық жүйесіне көндікпей қарсылық білдірді. Содан бері «елу жылда ел жаңа» дегендей, жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Бірнеше ұрпақ алмасты. Сондықтан 1986 жылғы Желтоқсанда алаңға шыққан жастарды көзі ашық, көкірегі ояу мүлдем жаңа буынның өкілі деуімізге әбден болады.

Бұл ұрпақтың алдыңғы толқын ағалардан айырмашылығы неде еді? Алдымен, олардың сталиндік репрессия сынды азап пен екінші дүниежүзілік аласапыран соғыстардың зардабын көрмегендігін айтамыз. Яғни әлемдегі ең шыншыл, демократияшыл, адам құқығы мен сөз бостандығын жоғары бағалайтын, тіпті «барлығы адам үшін және оның игілігі үшін» деген ұранды биікке желбіреткен Кеңес үкіметіне шексіз иланған жаны таза, рухы асқақ, қазақ әдебиеті мен өнерінің үздік дәстүрінде тәрбиеленген ұрпақ болатын. Алайда ақ пен қара ойда-жоқта белдесе кеткенде осы үйлесімнің күлі көкке ұшты. Екіжүзді билік сол ұрпақтың үкілеген үмітін бір сәтте үзіп, сенімін оп-оңай ұрлап алды. Сондағы жастардың қарекеті қандай болды? Алғашында көзді ашып-жұмған­ша темір шынжырмен таптай жөнелген биліктен мұндай қанқұйлы қадамды күтпеген олар ұрыста тұрыс жоқтығын ұғынған. Қазақ жастары халқының бұл бұла бұлқынысында бұқпантайламады, қайта қайсар мінез көрсетті. Мұны аталған тақырыпқа қатысты материалдардың барлығы дерлік айғақтайды. Құжаттарда болсын, естеліктерде болсын, мақалаларда болсын, Желтоқсан қозғалысында да, одан кейінгі қуғын-сүргінде де жастардың намысты қолдан бермегендігі, сын сәттен сүрінбегендігі жиі-жиі кездеседі, еріксіз назар аудартады. Әлгінде айтқан отызыншы, тіпті ғасыр басындағы аға ұрпақтан айырмашылықтың бірі де бірегейі сексенінші жылдары қазақтың ары мен ұяты қазақ жастары ма деген ойға келесің. Сөз жоқ, аға ұрпақпен қатар халқы­ның азаттығын аңсағандар, әргі-бергі тарихты таразыласақ, Желтоқсан қаhармандары – қазақтың жас өркені. Олар мұз жастанған ызғарлы желтоқсандағы Ақ пен Қара күресіндегі сұлулық символы іспетті. Сондықтан да желтоқсандық өрімдей жастардың қайсарлығы мен ерлігін айрықша атап өтуге тұрарлық деп білеміз. Себебі бұл тағылым – мәңгілікке тағзым етер бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар. Сонымен осы тұста «Желтоқсандық жастарға дем берген не нәрсе еді? Желтоқсан қозғалысының бастау бұлағы мен байырқалайтын жері қайсы?» деген сауалдардың жауабын іздеу маңызды. Әрі желтоқсандағы сұлулық символын сөз еткенде, оны мұқатпақ болып, күйе жаққан қара күш – жендеттер жайына да тоқтала кеткен жөн еді. Ондағы мақсат – халыққа қарсы қол көтергендер оның моральдық зардабын тартатындығын, мұндай саяси болсын, басқадай болсын қылмыстардың он жыл өткеннен кейін де, жүз жыл өткеннен кейін де әйтеуір түбі әшкере болатындығын алға тарту. Желтоқсан көтерілісінің мысалы – бұған айқын дәлел. Себеп пен салдар Желтоқсан қозғалысының кенеттен бұрқ ете түсіп, алып империяның көсемдері күтпеген адуын мінездің себебі мен салдарын сарапшылар әртүр­лі түсіндіргенімен, ортақ белгісі бір екенін айтады. Сол кездегі қазақ қоғамында қалыптасып, пісіп-жетіліп, кенерінен енді асып кеткелі тұрған ауыр ахуалға қарсылық бұл дүмпудің жоқ жерден пайда бола қалмағандығын көрсетіп берді. Енді сол кездегі ауыр ахуалдың сананы жаншыған салмағы қаншалықты еді? Соған мейлінше нақты деректер арқылы жауап іздеуге тырысайық. Бұл, бәлкім, бүгінгі қайбір көңілі ояу, көзі ашық деген азаматтарымыздың өзінің «сексен алтыда алаңға жастар алаңғасарлықпен шықты» деген байламдарының түбірімен қате екенін дәлелдеп берер. Қазақ халқының демографиялық даму үрдісі Желтоқсан қозғалысының түпкі себептерімен қаншалықты байланысты? Деректерге сүйенелік. Жиыр­масыншы ғасыр басындағы қазақ халқының өсімі қарқынды әрі қалыпты екенін мына бір сан ғана дәйектейді. Сол кездегі санақ бойынша, 1915 жылы қазақтардың саны 6 миллион адамға жетті. Өкінішке қарай, өзімізге белгілі сан қилы, қанқұйлы себептерге байланысты айналасы отыз жылға толмайтын уақыттың ішінде, нақтырақ айтқанда, 1945 жылы қазақ халқының саны 2,5 миллионға бірден кеміп кетті. Бұдан бөлек қазақ топырағында жергілікті халықтың ұлттық құрамы ең азшылық деңгейге дейін түсті. Айталық, 1920 жылы Қазақ АССР-і құрылған кезде қазақтардың өз аумағындағы құрамы 65 пайыз еді. Ал 1962 жылдары салыстырмалы түрде алғанда қазақтардың үлес салмағы 29 пайызға дейін күрт түсті. Бұл апаттың туындауы мен жедел жүргізілуін өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Қазақстанның қанқұйлы басшысы Голощекин құлшына ұйымдастырды. Оның жоспары негізіндегі адамның жаны түршігетін ой-мақсаты бойынша, көшпелі салтындағы қазақ қоғамында ұлы (улы) социалистік идеяларды орнықтыру мүлдем мүмкін емес еді. Социализм қазақты отырықшылыққа, коллективтендіруге көшірген жағдайда ғана жеңіске жете алатын. Нәтижесінде не болды? Бар болғаны екі жылға жуық уақыт ішінде қазақтардың 52 пайызы, яғни 2 миллион 200 мыңы аштық пен індеттен қырылды. Мұндай сорақылық пен голощекиндік геноцидке көнбеген сол кездегі қазақ халқының 15 пайызы республикадан алыс аймақтарға жер ауып кетті. Бұл кезең қазақ тарихының ең қасіретті де қаралы беттері болып қала берді. Содан соңғы жағдайлар «жұт жеті ағайындының» керін келтірді. Науқан­шылдықпен «уралап» ұйымдастырылған индустрияландыру жылдарында еңбек майданына күштеп жұмылдыру, дүние мүлік-мүкамалы тәркіленгендерді (конфискеленгендерді) көшіріп жіберу, тұтас халықтарды жер аудару, ал соңыра соғыстан кейін тыңның жыры жалғасты. Мұның жарқын мысалы іспетті, 1930-1962 жылдар аралығында Қазақстанға 4 миллионға жуық адам көшіп келді. Міне, осындай солақай саясаттың салдарынан қазақтар өз республикасында азшылықта қалып қойды. Сөйтіп, сан сапаға әсер етпей қоймады. Қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастады. Салт-дәстүр, сана-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлдыр тартты. Тіпті қазақ тілі қолданыс аясынан сырылып, барлық саладан жедел түрде ығыстырыла бас­тады. Кеңестік жүйе кезеңінде бір деректер бойынша, қазақ тілі сабағы 700-ден астам мектептерде оқу пәндері қатарынан шығарылып тасталды. Әрине, бұл ретте бір жайтты айта кету ләзім. Сол кездердегі Қазақстанға жер аударылған, күшпен әкелінген мың сан халықтардың, соның ішіндегі көпшілік басымдыққа ие орыстардың, украиндықтардың, немістердің, шешендердің және де корейлердің кінәсі жоқ еді. Олардың бәрі де, ең алдымен, қызыл империяның қанды қылышына тап келіп, тұрлаусыз тағдырларының құрбанына айналды. Осы жағдайды қазақтар өте жақсы түсінді. Бір үзім наны болса солармен ортақтасты, тіпті үй-жайына дейін бірге пайдаланды. Алайда, жалпы алғанда, бұл жағдайлар, әсіресе, қазақтардың халық болып қалыптасуына кері әсерін тигізбей қоймады. «Жығылғанға – жұдырық» іспетті қазақ даласының әлеуметтік және экологиялық ортасының тынысы тарылып бара жатты. Республика алып атом полигонына (ядролық Семей), экологиялық аурулар ошағына, әлемдік апат аймағының үлкен нүктесіне (Арал қасіреті) айналды. Талай жылдар бойы жинақталған экологиялық проблемалармен қатар ұлттық кемсіту жағдайларына да төзімділік танытылды. Ондағы анық көзге ұрып тұрған кемшіліктердің өзі назардан тыс қала берді. Орталық әкімшілік жүйе нақты істің орнына КСРО-да ұлттық мәселе шешіліп қойғандығын жария етіп, құрғақ баяндамаларға арқау етті. Нақты деректерге сүйенсек, алғашқы кездегі одақ көлемінде екі жүзден астам ұлт пен ұлыс өмір сүрсе, соның жүзге тартасының, тіпті шағын халықтардың жойылып кетуіне дейін жол берілді. Бұл КСРО-ның әлем алдындағы ешқандай уәжбен ақтала алмайтын масқара жағдайдағы ең сорақы ісі демеске лаж жоқ. Сөйтіп, шын мәніндегі демократия көрініс таппады. Халық өзін-өзі басқару тетіктеріне қатыстырылмақ тұрмақ, олардың ұсыныс-пікірі де ескерілмеді. Маңызды мәселелермен бірге қарапайым халыққа қажетті шешімдерді ат төбеліндей шенеуніктер – жоғары саяси басшылық қабылдап, содан кейін ғана ол халыққа мәлім етілді. Республикалардың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана жарияланды. Орталық бірнеше рет Қазақстанның шекарасын өлшеп-пішумен болды. 1960 жылы Тың өлкесі құрылғаннан кейін оны Ресей Федерациясының құрамына береді деген лақап шықты, бұл жағдай Республика жастары мен студенттерінің наразылығын туғызды. Ондай жағдай бұрынғы Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданын Өзбекстаннан қайтарып алғанша сақталып келді. Қазақстан табиғи байлығы ең мол өлке бола тұра, дамыған өнеркәсіпті республикалардың шикізат отарына айналды. Жергілікті халықтың 70 пайызы ауылды жерлерде тұрды, жұмыссыздық көбейіп, тұрмыс деңгейінің төмендеуі наразылық тудыра бастады. Инфляцияның шарықтауы, ең алдымен, көп балалы отбасылар мен жастарға ауыр тиді. Экономист-ғалымдардың сол кездегі есебі бойынша, Қазақстандағы әрбір көп балалы отбасыларға шаққандағы табыс мөлшері 30 бен 80 сом аралығында болды. Бұл өмір сүруге қажетті деңгейден әлдеқайда төмен еді. Жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі салдарынан жас­тар ауылды тастап, қалаға қарай ағы­ла бастады. Онда оларды қымбатшылық пен тұрмыстың қолайсыз жағдайы күтіп тұрды, жолы болғандар бар-жоғы шағын отбасылық жатақханаларға орналасты. Мәселеге нақты дәлел келтірсек, 1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді. Ондағы студенттердің 57,7 пайызы ғана жатақханаға орналаса алды. Желтоқсан оқиғасы қарсаңында «еңбектен тыс табыс» дегенмен күрес пайда болып, соның салдарынан тек қана Алматыда үш мыңдай студент баспанасыз қалды. Ең бастысы – бір ғана ұлттың басымдығынан тұратын Бүкілодақтық билік органдарымен салыстырғанда, Рес­публика құрылғаннан бері Қазақстан басшылығы көп ұлттан тұрды. Республика партия ұйымына орыс пен еврей, поляк пен грузин және армян жетекшілік етті. 1985 жылдың дерегі бойынша, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінде қазақтар үлесі – 36 пайыз, орыстар – 40,8 пайыз болды. Кеңес үкіметі жылдарында республиканың бірде-бір басшысын коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды Орталық тағайындап, іс-қимылын өздері бақылап отырды. Өкінішке қарай, билеуі мен илеуі күшті Орталық іште қыз-қыз қайнап, Қазақстанда қордаланып келе жатқан проблемаларға бас ауыртып жатпады. Керісінше, Мәскеу өкілдері әр кез Қазақстан үкіметін қатаң бақылауға алып, толық ауыстырып отыруды әдетке айналдырды. Ең бастысы, ресми түрде интернационализмді ұран етіп ұстай отырып, билік басындағылар кез келген ұлттық сана-сезім, ұлттық намыс, мәдениеттегі, тілдегі, тарихтағы ұлттық ерекшелік көріністерін ұлтшылдық белгісі деп бағалады. Бұл шын мәніндегі орыстандыру саясатының қарқынды жүргізіліп жатқандығын анық та ашық аңғартып отырды. Осылайша 70-жылдарда да бұрынғысынша Қазақстанды орыстандыру, ұлттық өзіндік ерекшеліктерді жоғалту, қазақ тілінің құлдырауы, экологиялық проблемалардың шиеленісу үдерістері тереңдей түсті. Нәтижесінде қазақ ұлтына деген мұндай салғырт көзқарас салдарынан, әсіресе, ауылдық тұр­ғындардың күрт кедейленуі қалыпты үрдіске ұласты. Ауылдың қаладан бір ерекшелігі, оның 80 пайызын қазақтардың құрайтындығында еді. Қазақ зиялылары қайда қарап отырды? Олардың қарап отыратынындай себебі бар еді. Өйткені бұл буын отыз екінің аштығын бастан кешіре қоймаса да сезініп өскен, отыз жетінің қуғын-сүргінінің шет жағасын көрген, тіпті елуінші жылдарға дейін жалғасып, қайбіреулерді қудалаудың әдіс-айласын аңдаған ұрпақ өкілі еді. Қысқасы, құрығы ұзын кеңестік құқық қорғау органдарының қатал да қайырсыз қаракетінен жақсы хабардар олар үнсіз қалуды жөн көрді. Шығармашылықтары да сыни көзқарастардан мейлінше жұрдай болып келетіні осыдан кейін түсінікті шығар. Сексен алтыншы жылғы Желтоқсан қозғалысында осы аға буын өкілдерінің ерекше бой көрсете алмауына әлгіндей себептерді алға тартсақ артық емес. Осылайша ендігі белсенділік еріксіз жас буынның үлесіне қалды. Өз кезегінде елдегі еркін ой білдіру функциясын студент және жұмысшы жастардың орындап шығуы кездейсоқ емес-ті. Осы уақытқа дейін бізге жекелеген жастармен қатар, 1950-1980 жылдары Қазақстанда жастардың ресми емес қоғамдық және саяси ұйымдары, партиялар мен топтардың жұмыс істегені беймәлім болып келді. Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік орталық мұрағатындағы деректер елімізде 1950-80-жылдары заңды түрде әділет мекемелерінен тіркеуден өтпеген жас буын өкілдерінің қоғамдық және сая­си ұйымдары, партиялар мен топтары болғанын айғақтайды. Сол кездегі зиялы қауым мен саяси элита шоғырланған Алматы қаласында ғана емес, жер-жерлерде, айталық, Қарағандыда жастардың ЕСЕП (“Елін сүйген ерлер партиясы”), Павлодарда тоғызыншы сынып оқушысы жетекшілік еткен “Жас ұлан” бірлестігі мақсатты түрде нәтижелі жұмыс жасай алмаса да пікірлес жастарды шоғырландырған. Сондай-ақ жетпісінші жылдары Алматыда құрылған “Сары-Арқа” тобы өздері басшылыққа алған құжат – Тәуелсіздік бағдарламасын жасап шықты. Сонымен бірге Мәскеуде оқып жүрген қазақ студенттерінің «Жас тұлпар» ұйымы орталық тыңшыларын «ұйқысынан» оятып жіберді. Және де сол кездерден, нақтырақ айтқанда, жетпісінші жылдардан саяси күрескерлік жолына түскен бозбала шағындағы Хасен Қожа-Ахмет басқарған “Жас қазақ” ұйымы дүниеге келді. Әрине, олар жұмыстарын астыртын жүргізді. Барлығының бағдарламаларында Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлекеттік тіл мәртебесі және ұлттық мәдениетті өркендету мәселелері анық жазылды. Міне, бұл деректер – Желтоқсан көтерілісінің бір күнде тұтана сал­мағандығының, пісіп-жетіліп барып «атқылаған жанартау» екендігінің айқын айғағы. Болатбек Төлепберген, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері

5326 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы