• Руханият
  • 22 Маусым, 2011

Нұрпейіс хазірет

d0bad183d0bcd0b1d0b5d0b71Нұрпейіс хазірет – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым. Нұрпейіс Байғараұлы қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының Қаратөбе, Томарөткел елдімекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейін білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесіне барып 6 жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында 4 жыл оқып, өте сауатты болып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петербургке барып, Ақ патшаның қабылдауында болады.  Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Сол жылы жаз ортасында бұрынғы ұлы қорым, атақонысын тастап, Нұрпейісті жалғыз жібермейміз деп, Қаржаудың 4 ұлы – Байғара, Қосуақ, Жұрын, Меңдібек – Шыңғырлау, Қоңырат деген жерлерден қоныс аударған. Хазірет ата Шыңғырлаудан көшіп, Қия деген жерде екі жыл қыстайды (Қия жері қазіргі Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, «Қызыл партизан» ЖШС аумағы, қазір біздің ауданның бұрынғы «Большевик» колхозымен шектесіп жатыр – автор.) Қазіргі «Қызыл партизан» ауылында ескі мешіт бар. Ол мешітті кім салғаны белгісіз. Бұл – уақыт еншісіндегі сұрақ. Бізге мәлімі, кезінде Нұрпейіс хазіреттің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығы болған – автор.) Қия деген жер ұнаңқырамай, ата әрі қарай жайлы жер іздейді. Елек бойындағы Көкі тамасы Есет әулиенің басына келіп, дұға қылады. Сол жылы Бестамақ деген жерде киіз үйде қыстайды. Жаз шыға, мал төлдеп болған соң, тағы да қозғалып, Ор өзені бойындағы Ақсу- Шиелі деген жерге орналасады. Негізі, қоныс таңдау Нұрпейіс атаның еркіне берген жерлер: Жайық сағасы, Елек бойы, Ор бойы, Қарғалы өзен бойы болатын. Нұрпейіс Байғараұлы Жағалбайлы ақсақалдарының, соның ішінде сол кездегі Жетіру жеріндегі Дербісәлі Беркімбаев болыстың «Біздің жерге молдалық құрып отырыңыз» деген шақыртуы және халықты оқытып, сауаттандырамыз деген ұсыныс жасауы бойынша 1864 жылы Ор өзені басындағы Ақсу-Шиелі деген жерден 14 үй болып, қазіргі Қарғалы өзенінің бойына, Қарабұтақ ауылына көшіп келеді. Бұл ауыл екі өзеннің – Жақсы, Қарғалының бас жағындағы Ащылсай саласының тоғысқан жерде орналасқан. Атаның ауылының табиғаты әсем, шұрайлы жер еді. Ата жаңа қонысында 16 жыл ғана тұрады. Нұрпейіс хазірет өзінің тірі кезінде күйген кірпіштен 16 сарай салдырған, оның үшеуі екі қатарлы болған. Хазіретке ел басқару, білім және т.б. шаруалар қиынға соқпаса керек. Өзінің шыққан Шыңғырлау жерінен Михаил Заколовский деген шеберді әулетімен алып келіп, оған жер беріп, Қарабұтақтан 16 шақырым өзен бойына су энергиясын пайдаланатын диірмен салдырған. Сол кісі ұрпақтары диірменде 1955 жылға дейін еңбек еткен. Кейінірек орталыққа көшіріліп, электр жүйесіне қосылып, диірмен біраз жыл жұмыс істеген. Солақай саясат кесірінен бұзылып, талан-таражға ұшыраған. Мал шаруашылығы жер жағдайына қарай ойдағыдай дамыған. Атаның жайлау, қыстауларын осы уақытқа дейін халық пайдаланып келді. Табиғат азады деп, тұрғындарға ауыл маңынан ағаш кестірмеген, соның арқасында 10-15 жыл ішінде өлке қалың тоғайға айналған. Ел ішінен саудагерлерді іріктеп, жағдай жасап, тауар таситын сауда жұмысын жүйелі жолға қойған. Диірменге тартылған бидайдың әр центнерінен 12 кг астық алып отырған, соның өзінде диірмені тоқтамай жүріп, өлкедегі біраз ел игілігін көрген. Ауызсу мәселесін де шешкен. Таудың етегі, мешіттің жоғарғы жағынан аштырған бұлақтың да күні бүгінге дейін ел игілігін көруде. Сол бұлаққа қондырғы орнатып, 60 үй таза су ішіп отыр. Ауру-сырқау адамдар зират басына келіп, ата аруағына құлшылық етеді. Ата зиратын көпшілік «Қызыл зират» деп атайды. Бұл жер қазір үлкен қорымға айналған. Қазіргі Қарабұтақ ауылының орнында сол уақытта ешкім тұрмаған, өйткені бұл жерді қысты күні қар көп ұстайды деп, адамдар бұл жерге қоныс теппеген. Қарабұтақ өзенінің жоғары ағысында Ахмет қыстауы болған жерде Балжа деген адамның қыстауы болған. Қарабұтақ өзенінің төменгі жағында осы күнгі Дамбар тауының астында қия жолдың бер жағасында Салауат деген кісінің қыстауы болған, руы Жағалбайлы, оның ішінде Асаны. Содан Дамбар тауынан әрмен қарай Иса, Орал, Аманжол және Сутек деген Жағалбайлылардың қыстауы болған. Кейбір шабындық сайлар осы күнге шейін осы адамдар есімімен аталады. Нұрпейіс хазірет қазіргі Тайкеткен жерін «Бұл жерде түбінде доңыз малын асырайды» дейді. Шындығында, ол жерге неміс, орыс, тағы да басқа халықтар келіп қоныстанды, доңыз малын асырады. Нұрпейіс хазірет атаның әулиелігін осыдан тануға болады. Қарабұтақ ауылына қоныстанған соң, Нұрпейіс хазірет мешіт салу жұмысын бастайды. Адамдармен тіл табысу арқылы құрылысқа қажет жабдықтарды Башқұртстан жерінен алдырған. Ол мешіт Қарабұтақ өзенінің арғы бетінде орналасқан екен. Жылдың кей мезгілінде ауыл тұрғындарына мешітке бару қиындыққа соққандықтан, 1905 жылы ауыл орталығына Сафа ишан жаңа мешіт салғызады. Сафа ишан – Нұрпейіс хазіреттің үлкен ұлы. Құнанбай қажының Нұрпейіс хазірет замандасы болған. Дүкенбай Досжанның 1994 жылы жарық көрген «Абай айнасы» кітабында Жайық бойындағы тама руының Кенжебай тайпасынан шыққан хазірет дәрежесіне көтерілген Нұрпейіс ата туралы көп деректер жазылған екен. Қарабұтақ ауылында ата ұрпақтары әлі күнге дейін тұрады. Хазірет атаның асыл сүйегі осы ауылда жерленген. ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ пен қырғыздан қажылық жасауға барғандар өз ұлттарын жасырып, түрікпіз, өзбекпіз деп айтады екен. Өйткені қазақ-қырғыз халықтары Меккедегі мұсылмандар тізіміне жазылмай қалған. Сондықтан қазақ пен қырғыз өкілдерін қошеметті орынға зиярат етуге жібермеген. Осындай қорлыққа шыдамаған Нұрпейіс хазірет біздің өңірден қажылыққа баратын көп кісілерді басқарып, Меккеге жетеді. Бірақ Нұрпейіс хазірет атаны зиярат етуге жібермейді. Содан соң қасындағылар еліне қайтып кетеді де, Нұрпейіс хазірет Меккеде қалады. Сонымен ол қиындық жағдайда бірнеше жыл жат елде жүріп, қазақ пен қырғыз халықтарын Меккедегі мұсылмандар тізіміне енгізіп қана қоймай, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті негізінде қазақ халқына тиесілі жерді алады. Шөп төсіндегі пайғамбардың табаны тиген, құмы алтыннан, тұщы суы зәмзәмнан қымбат жерді иемденді дегенде қайран қаласың! Хазірет қажының табандылығы, бірбеткейлігі кімді де болса тәнті еткендей еді. Серіктері елге кеткен соң, жат жерде қалтасы қағылып, жалғыз қалған хазірет енді тек ақкөз бейнетіне сенеді. Күн демей, түн демей, тер төгіп еңбек етеді. Меккенің тау сыртындағы бір бұлақтан күніне екі мес тұщы суды арқалап әкеліп, оның бірін базарға сатып, түскен тиынына тамақтанады. Бір месін құм үстінде күнге шыжып отырған кемтарларға бөліп береді. Бірнеше жыл бойы белі бүгіліп, ыстық күнде меспен су тасиды. Самай шашы күнге ағарып жүріп, жат елдің тілін, ғұрпын меңгереді. Күн астында бүкшие ілбіп, мес арқалап су тасыған хазірет сұлбасын елестетіп көріңіз. Неткен дүлей, қайсар мінез десеңізші! Арада біраз уақыт өткен соң, Нұрпейіс хазірет Меккеге зиярат ету үшін келген араб дінбасыларының қабылдауында болады. Сонда Бағдат ханы Нұрпейіс хазіреттің талабын қолдаған екен. Қазақтарды қасиетті жердегі мұсылмандар тізіміне енгізу, пайғамбар өсиетіне сәйкес оларға Тақияжай қонақүйін салу үшін жер бөліп беруге рұқсат етеді. Тақияжай салуға бөлінген жерді алған Нұрпейіс хазірет теңдей төртке бөледі: қазақтың үш жүзіне және қырғыз халқына еншілейді. Кіші жүзден жаппас руының ең бай адамы ақмешіттік Мырқы мырзаны, Орта жүзден тобықты руынан Құнанбайды, Ұлы жүзден Қасымбек Датқаны, қырғыздан Шәбден батырды таңдайды. Нұрпейіс хазірет ең бірінші хабарды Мырқы мырзаға жібереді. Сол дәуірде Кіші жүзде Мырқы мырзадан бай кісі болмаған екен. Алтын ақшалары Еуропаның ірі банктерінде жатқан, түйелерінің саны 39 мыңнан асып түскен екен. Мырқы мырза бірнеше миллиондаған сан қаржымен қасына нөкерлерін ертіп, Тақияжай қонақүйін салғызуға Меккеге жүріп кетеді. Қасында араб тілін жетік білетін молдасы болған. Осы әңгімені Кенесарының баласы Сыздық төре мен Ресейдегі Мемлекеттік ІІ Думаға делегат болып қатынасқан Мұқылбек деген мырзаға айтқан екен. Жаппас Мырқы мырза Кіші жүзге арналған Тақияжайын үш жылда салып бітірген. Айшығы әсем, ғажайып жайды көріп тамашалаған Бағдат ханы Тақияжайды Нұрпейіс хазірет атымен атауды ұсыныс етеді. Сонда Нұрпейіс хазірет былай дейді: «Бұл ғимаратты қаншама қаржы жұмсап салдырып отырған – Мырқы мырза, бұл Тақияжай осы кісі атымен аталған жөн». Осы күнге дейін әлгі әсем ғимарат Мырқы мырза атымен аталатын көрінеді. Қарабұтақ ауылында Нұрпейіс хазірет атаның асыл сүйегі жерленген. Оны күллі қазақ халқы білу керек. «Әр нәрсе өз сәтімен» дегендей, тарихи жер Қарабұтақ ауылы да ел қатарына қосылып бір жарқырар. Нұрпейіс хазірет ата еңбегі ескерусіз қалмасын деген жанашырлары, яғни әр кездері қолжазба жазып, ауыл арасында жазба деректерді айтып отыратын біреуі Нұрпейіс хазірет атаның тікелей ұрпағы болса, ал біреуі жиені және сол ауыл тұрғындары: Зайлағиев Әбдрахман, Ғибадуллин Әнуарбек (марқұм), Айсауытов Нығмет (марқұм), Атабаев Есет, Жүсіпов Қазықан, Семғалиева Афиза. Сөз орайы келгенде осы кісілерге үлкен рахметімді айтқым келеді. Алланың нұры жаусын! Нұрпейіс хазіреттің өсиеті бойынша салынған мешіттің тарихы туралы айта кеткен жөн. Нұрпейіс хазіреттің өсиеті бойынша салынған мешіт Қарабұтақ ауылында әлі күнге дейін бар. Нұрпейіс хазірет қайтарының алдында ұлы Сафаға өсиет қалдырған. Қарабұтақ мекеніне үлкен мешіт салдырып, халықтың игілігіне жаратуды тапсырған екен. Себебі халықпен тіл табысу арқылы жүзге тарта көлікпен Башқұртстаннан ағаш тасып салдырған мешіт халық сұранысын толық қамти алмаған. Ораза, Құрбан айт мерекелерінде өңір имамдары мен ғұламалары намазға хазірет мешітіне келетін болған. Медресесінде сынақтар өткізіліп, қабілеттеріне қарай талапкерлерге ишан деген атақ беріліп, қолдарына куәлік табыс етіліп отырған. Шамамен 1905-1906 жылдары әке өсиетін орындауды ұлы Сафа ишан міндетім деп Қарабұтақ ауылына үлкен мешіт салдырған. Мешіт түгелдей күйдірілген қызыл кірпіштен салынған. Сафа мен Жанпейістің баласы Тахауи екеуі Тайкеткен ауылына қарай, жолдың сол жағындағы дөңес жерді қыздырып, сол жерде кірпіш соқтырып, күйдірген. Мешіттің жоспарын Қазан қаласынан алдырған. Мешіт құрылысын Қазан қаласынан келген татар Уалден Насыров (ескі жазуларда инженер) басқарған. Іргетасының тереңдігі 2 аршын (1 аршын – 0,7), яғни 1,5 м жалпақ тастан қаланған. Ол тастарды Шаңды жайлауының Қаршыға деген тауының бір жағынан қазып алған. Жерден 0,5 метр жоғары қаланған Қайрақтасты Боранқұлдың Ақтастысынан алдырған. Ақтасты деген жер – Қарғалының Қызылжар деген жерінің бергі жағы. Сол жерде қалаған, содан қысты күні екі пар өгіз шанамен оны ауылға тасыған. Мешіттің жалпы салдыру пұлы 12600 сом болған. Сол кездегі құны бойынша ол кезде жақсы ат 25 сом тұрған, сонда 504 аттың пұлына мешіт салынып біткен. Біздің заманымызға дейін мешіттің құламай сақталуының бір себебі, ауыл қарияларының айтуы бойынша, кірпіштерді қалағанда, лайға жылқы қылы мен биенің сүтін қосқан. Мешіт екі қабат болып салынған. Екінші қабатын шәкірттерге арнаған, алды 3 метр ашық болған. Хазірет жағын сәндіре деп атаған. Екінші қабатқа шығатын винтовой шойыннан құйылған баспалдақ болған. Сәндірені екі шойынбағана көтеріп тұрған, оны Орынбор қаласынан құйдырып алып келген. Мұнара биіктігі 40 метр болған. Әуелден мешіттің айшығын Мәскеуден әкелген. Ескі жазуларда сыртын ақ эмальмен қаптаған деп жазылған. Мешіт салынып болғаннан кейін, 30 ірі қара, 50 қой салынған. Үш болыстан 600 адам жиналған. Зейнел Ғарап сол мешітте 1907 жылдан 1909 жылға дейін имам болады. Руы тама 1909 жылдан 1928 жылға дейін Зайлағи хазірет, кейіннен Зейнел Ғарап екі жыл, сосын Қалпе оқытушы болады. Қорыта айтқанда, Нұрпейіс хазірет өз заманының белді рухани тұлғасы болды. Ол кісінің қазақ руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз. Талай қиыншылықтарды бастан кешірсе де, қазағын исі мұсылман халқына танытуда аянбай тер төккен Нұрпейіс хазірет баршамыздың мақтанышымыз болып табылады. Жоғымызды түгендеп, барымызды бағалау жақсы бір нышан емес пе?! Ендеше, осындай дін ғұламаларының тарих бетінде өз орнын алуына қолдан келгенше үлес қосалық, ағайын! Меңзада Тоқтарова Ақтөбе облысы

5766 рет

көрсетілді

132

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы