• Руханият
  • 04 Тамыз, 2011

«Қош бол вальс»

(Эссе)1964 жыл. Көгілдір көктем. Түле­жіген табиғат... Танымал композитор, белгілі жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақанов Сарыағашта демалып жүрген. Ол кезде Сарыағаш курорты қазіргідей емес, екі қабатты ескі мекенжайда орналасқан. Әжетхана далада. Тамақ ішетін асханасы да бөлек, бір өзектің ішінде, қарағаштар қоршаған шағын алаңда. Тамақ ішетін орындары сайдың ішіндегі асхананың қасында. Он екі қанат үйдің орнындай ғана дөңгеленген би алаңы бар. Кешкі тамақтан кейін жастар, бірін-бірі сүйген жандар көңіл көтеру үшін би билейді. Жергілікті музыканттар баян тартады. Қазіргідей неше түрлі музыка аспаптары жоқ. «Амур толқындары» мен орыстың дәстүрлі ескі вальстері ойналады. Музыканттар ауысып тұрады. Неміс ойнаса ылғи классикалық музыкаларды орындайды. Шопеннің «Жетінші вальсін», Штраустың «Вена орманының ертегісін» шалқытады. Қазақшадан «Қазақ вальсі» ғана. Жұрт ырду-дырду, мәре-сәре... Билеп жатады. Сол жұрттың ішінде шашын кірпі етіп қойған, жасы алпысқа тақаған қара сұрлау, кескен емендей қайратты кісі: «О-о, Штраус!..» деп қоларбаның үстінде шалқып, ойналып жатқан вальске делебесі қозып, орнынан ұшып кете жаздап, ұшып кете жаздап отырады. Жұрттың бәрі қоларбадағы кісіге таңғалады. Көбісі ол кісінің соғыста болғанын, екі аяғынан бірдей айырылғанын білмейді. Ол кісіге Ілекең де сыртынан қарап, бақылап жүрді. Бір күні кешкі тамақтан кейін, Ильяның қасында екі-үш жігіт бар, ас тарату үшін қырға шығып, сейіл құрды. Аздан соң жел тұрды. Артынша жаңбыр жауды. Жылы жаңбыр жай ғана себелеп тұрды. Ілекеңдер қырдан шипажайға бет алды. Би алаңында біреу екі тізесін құшақтап бүрісіп отыр. Жақындау келіп қараса, сол... мүгедек кісі. Абыр-сабырда жұрт байқамай кетіп қалған. Ана кісі өздігінен өрге шыға алмаған. Сол жерде отыр тапжылмай. – Ә-ә... қайырымды адамдар! Келдіңдер ме? – деді қоларбадағы кісі. – Ә-ә... айналайындар, келіңдер-келіңдер... Мені жеткізіп салыңдаршы... Ілекеңдер кедір-бұдыр, ойқы-шойқы тротуармен қоларбаны итеріп, шипажайдың ғимаратына, палатаға алып келді. Илья көз тоқтата үңіліп қарайды. Қажып-шаршаған кісіге ұқсамайды. Екі аяғының жоқтығы болмаса, реңі нұрлы, иман жүзді. – Ә-ә, айналайын!.. Сен маған ылғи ілтипатпен назар аударасың, – деді кірпі шашты кісі сөз бастап. – Мен де байқаймын... Әр кісінің көзқарасы әртүрлі. Әрқайсысының маған деген ізеті де әрқилы. Бірі шын пейілмен құрмет жасайды, енді біреулері құр әншейін мезіреті қылады... Мені осы күнге дейін өлтірмей келе жатқан – өздерің сияқты қайырымды жандар... Айналайын, жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл деген... – Илья Жақанов... – Мәулен... Илья дедің бе? Іһ-м... Тосын ат... Болады ондай... Ырымдап қойған болар... – Дәл солай... Дөп бастыңыз... Мәулен – аса сезімтал жан. Ойыңды оқып отыратындай. Илья: «Мына оң аяқтан қай күні, қай жерде, қалайша айырылды екен?» – деп ойлауы мұң екен: – Бәрін білуге ынтықсың... Сезем... Сен мені есіркейсің, аяйсың!.. Ол – адамның адамға деген ілтипаты! Ізгілікке не жетсін!.. Рахмет, айналайын! Сен осы маған неге таңдана қарай бересің, а? – Жай... – Жай емес... Мен ше? Мен қалай қараймын саған? – Кәдімгідей... Сіз биге құмарсыз, бірақ твиске келгенде тыжырынып, теріс қарап, ызаланып, шала бүлініп отырасыз. Оныңыз қалай? Твист жастар жақсы көретін би емес пе? Ал вальс... Вальсті ғана сыйлайсыз. Оған тоймай қарайсыз. – Оның рас. Вальс адамды сұлуландырып көрсетеді. Басқа билерді де ұнатам. Ал біртүрлі қимыл... опыр-топыр... твист дей ме, не деуші еді?! Меніңше, нәзіктік, әсемдік, биязылық, сұлулық... бәрі-бәрі болу керек биде!.. Мәулен екі иығын қозғап, Ильямен әңгімелесуге пейіл аңғартты. Күлімсіреп ұзақ қарады. Жақановтың жаны жылып, манадан бері темір құрсаудай шырмаған ойлары сейіліп, жадырап сала берді. Емін-еркін сезінді өзін. – Жас кезіңізде қандай жігіт болдыңыз екен, ә? – Дәл өзіңдей болғам... – Биді көргенде делебеңіз қозып кетеді... Әсіресе, вальске келгенде... Мәулен: «Ім» деп жымиды да қойды. Кірпі шашты кісінің адамға тік қарайтын өткір жанарына тұңғиық бір сыр ұялады. Нені ойлады екен? Әлгінде ғана жап-жайдары жанның қабағы неге түйілді? Тағы да көңілі сынық. Жаны жасығандай. – Қайран, вальс! Мәулен бұл сөзді әрі сүйсіне, әрі сарсылтқан өкінішпен мұңдана отырып айтты. Содан соң сәт өтпей күлді. Илья езу тартты. – Мен саған бір хикая шертсем... Жақанов басын изеді. – Мен осы Шымкенттің бір ауданында тұрам. Отбасым, бала-шағам бар. Шипажайдағы демалыс күндерім аяқталып келеді. Жақында үйдің іші алып кетеді... Қане, інішек, ұнжырғаңды түсірмей, сергек отыр. Менің әңгімем сені мезі қылмауы тиіс. Қайта ұйқыңды ашады... Анау радионы қосшы және қайнаған су әкеп бер... Аздап ентігіп қалдым, демімді басайын. Аздан соң Мәулен әңгімесін сабақтады. – Ұлы Отан соғысы басталар алдында, Мәскеуде оқып жүрген кезіміз. Дәл сол кезде қазақтың операсы қойылып жатқан. «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғын» Мәскеуде алғаш қойылды. Опера театрына әншілер, бишілер, дирижерлер, композиторлар керек болды. Сондай мақсатпен бізді Мәскеуге жіберген. Үлкен театрдың бір студиясында сабақ оқып жаттық. Сол тұста соғыс өрті лап етті. Ер-азамат майданға алынды. Мұқан Төлебаев Алматыға қайтты. Мен де іліктім тізімге. Қапан Мусин, Рамазан Елебаев, Смағұл Көшекбаев, Мәлік Жаппасбаев, Әли Базанов майданға кетті. Бұлар енді-енді көзге түсе бастаған қазақтың дарынды өнер қайраткерлері еді. Қапан Мусиннен өзгесі соғыстан оралмады. Мәскеуде үлкен театрда биге машықтым. Балерондар бізді биге үйретті. Үлкен театрда көпшілікпен бірге биледім. Жеке партияларға қараймыз. Солардың қимылын көріп-біліп, іштей зерделейміз. Би өнеріне деген менің арманым сол күйінде қалды. Соғыста мен әскер жасағына түстім. Бізді бірден алғы шепке салып жіберді. Немістердің басымдық танытып, қырып-жойып, таптап келе жатқан кезі ғой. Біздің жасағымыз баудай қырылды. Тірі қалғанымыз тұтқынға түсіп, концлагерьден бір-ақ шықтық. Илья әлгі кісімен әңгімелесіп, түннің бір уағына дейін отырды. Бұл кісі майданға алғаш кірген сәтте-ақ қолға түскен екен. Содан кейін немістердің концлагерінде, Польша жақта, бірінен соң біріне ауысып отырған. Айтып отырған концлагерьлері: Бухенвальд, Асвенсиум, Биркенау, Загсхаузен, Наутхаузен... Сонда әртүрлі жұмыс істейді тұтқындар. Немістер қабаған овчарка иттерге талатады. Аяқтары кісендеулі тұтқындарды ешқайда шығармайды... Кейде еріккен неміс офицерлері кімнің қандай өнері бар деп біліп алады да, кекетіп-мұқатып, мазақ қылады. – Мен бишімін, – дейді кірпі шашты кісі. Ондағы ойы, бар өнерімді сап билесем ілтипатқа ілініп, ең жоқ дегенде ішетін тамағым дұрыс болар деген дәме ғой. Сауық-сайранды жақсы көреді неміс офицерлері. Күнара жиылып, түрлі кеш өткізеді дүрілдетіп. Ал былайғы уақытта олардан қатыгез, олардан зұлым жан жоқ. * * * ...Бір үзім қатқан қара нан. Жарты кружка ащы кофе. Тұтқынның қорегі осы. Тәбетің тартпайды. Қарап тұрып лоқсып, жүрек айниды. Қарағылары да келмейді. Амал жоқ, нәрлі тамақ көзден бір-бір ұшқан соң құрсақты алдарқату ғой. Аз өтпей ұлтабарың қыжылдап, ауыздан ақ көбік ақтарылып, кілкілдеген жалқаяқ не запыран тастап жүргенің. Ауызда дәм жоқ. Мәуленнің тісінің түбі күлдіреген ісік. Ауыз шаярлық бір мысқал тұз болар ма еді?! Арқасы тыз етті Мәуленнің. Надзирательдің темір шыбығы осып түсті. Сөйтсе, жалтақтап келе жатып, саптан шығып кетіпті. Жалма-жан жүрісін түзеді, қатарға енді. Басында бостандық болмаған соң осы. Н. концлагерінде төрт жарым мың тұтқын жатыр. Еркектерден өзге әйелдер, жас балалар да бар. Бәрінің көрген күндері бірдей. Дұшпаныңызға да тілемейсіз. Ұру, соғу, кемсіту... Жұмыс нормасын орындамағандар өлер-өлмес қуат беретін тамақтан қағылып, аштан қырылып жатады. Оларды крематорийге әкеліп өртейді. Қаныпезер немістердің мұндай іс-әрекетке еттері өліп кеткен. Шұбырған аш-арық тұтқындар... Алдан да, арттан да аңдыған надзирательдер. Жыландай ысқырған темір шыбықпен шықпыртып, автоматпен қақпайлап айдап отырып, ұстахананың алдында төбе-төбе боп үйіліп жатқан сымдардың ортасына әкелді. Мәуленнің тобы тікенек тор тоқуға кірісті. Қол жүрмейді. Қимыл сылбыр. Тірлік өнімсіз. Өзіне-өзі тұзақ құруға кім ықыласты? Надзирательдер бүйірден теуіп, балағаттап, бүлініп жүр. Қасындағы қырғыз жігіт Жаныбек күндегі әдетінше Тоқтағұл жырын сыбырлаған дауыспен жырлайды. Күш-қуат, рух шақырғаны. Мәулен мәңгіріп отырып қолының тілім-тілім болғанын да сезбепті. Саусақтарының арасы, тырнағының асты шылқыған қан. Ашып барады... «Ажалдан алыс болсақ, бұл қайғы-қасірет те өтер-кетер!» – деп қайраттанады Мәулен. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, тұтқындар тату. Шамалары келгенше қол ұшын беруге әзір бір-біріне. Қырғыз Жаныбек пен Мәулен екеуі дос, сырлас, мұңдас. «... – Мына сордан құтылатын күн туа ма? Сенесің бе соған? – Жаныбек үндемеді. – Ә, солай ма. Ойлан... Ойлан... – Қазір бұрынғыдай берекесіздік жоқ. Байқайсың ба? – деді Жаныбек сәлден соң. – Кетпеннің сабын ұстаған он саусақ бірдей қатты жұмылмаушы ма еді? Дайын сияқтымыз. Бірақ әлі созылып барады. Әлі де еш дабыл сезілмейді. Енді кешіксек не болды сонда? Фашизм өзімен бірге опат қылмай ма бізді де? Жаныбек жеңіл күрсінді де: – Неге қарайлай береміз? Көтеріліс қашан? Қашан енді? Бәрі де әзір. Тіршілік үшін тау қопар десе өз басым соған даярмын, – деді...» Тұтқындар көтеріліс ұйымдас­тырмақшы. Суға кеткен тал қармайдының әрекеті ғой! Үмітсіз – шайтан ғана! Бірақ концлагерь басшылары – комендант Ганс Шулер мен рапортфюрер Роберт Штормда маза жоқ. Неміс әскерлері шегінгенін естіді тұтқындар. Демек, бостандық күні де алыс емес. Тек тұтқындардың бәрін жайратып, атып тастамаса болғаны. О-о, ондай жауыздық келеді эсэсовшылардың қолынан. Гитлер Оңтүстік Германияға қаш­пайтын болды. Империя кеңсесінде отырып бүкіл шайқасқа өзі әмір бер­мекші. Сол үшін де Гитлер радио ар­қылы бар немісті қасық қаны қалғанша соғысуға шақырып, жалынып, жалбарына қақсап, зарлап жатыр... Бүгін – 25 сәуір... Фюрердің туған күні... Концлагерь басшылары осы мерекені атап өтуге жиналған. Гу-гу... Ду-ду... Ол жиынға Мәуленді шақырды. Балерина Фройлин Елизавет екеуін билетпек. «... – Бұл – қазақ балерон! Керемет! – деді комендант мені (Мәуленді – Т.Ә.) қолымен нұсқап. Өзі ызалы күйде. – Оһо, балерон! Сіздің лагерьде бәрі де бар. Офицер. Жазушы. Композитор. Әнші. Енді, міне, балерон да бар, – деп әйел комендант құшағынан шығып, мені таңдана айнала бір қарап өтті. Әулекілігін басып, байыппен ойлана қарады маған. – Қай театрда биледің, жігітім? – Ол әлі театрда билеген жоқ, – деді дирижер мен үшін жауап беріп. – Қызық, дирижер мырза, сіз осы қазақты әлі қорғап келесіз... әлі... Мұны неге ансамбльге биші етіп алмағаныңызға таңым бар, – деп Ганс Шулер бір сөз тастады. Жайсыз тиді дирижерге. Бірақ дирижер сабырлы қалпынан айнымады. Саспады. Іле жауап берді. – Бұл әлі профессионал биші емес, – деді ол. – Қателесесіз. Жауым болса да айтайын, бұл – ғажап биші. Мұндай цивилизацияға бұлардың қолы қалай жеткен? Қалай? Қиялым жетпейді. Жапан түзде бәрінен мақрұм қалған азиат емес пе еді түге, – деп Ганс Шулер салы суға кетіп, сарсылып, қабағы түсіп, өзінен-өзі езіле берді. – Сымбатты балерон! – деді әйел менен көз айырмай. – Фройлин Елизавет, бұл жігітті биге шақырсаңыз болар еді. Испан биі. Шығыс биі... О, мұның бірі де сөз емес, бұған, – деді комендант ащы мысқылмен...» Мәулен балеринамен биледі. Бар жанын салып, балеринаны құйындай үйірді. Ганс Шулердің қабағы тұнжырады. Таңғалудан гөрі өшпенділік, қызғаныш сезімі тұтанды. Роберт Шторм да столдың бір бұрышында шарасыз күйде тұр. Дирижердің он саусағы «Көгілдір Дунайдың» сырлы аккордтарын інжу-маржандай мөлдіретеді. Мәуленді өзі бұрын байқамаған құштарлық сезім баурап, еліктіріп әкеткен. Балерина көзіне көрінер емес. Екеуінің арасында тек дарын текетіресі, ар сайысы ғана бар. Құшағында балерина емес, елдегі сүйген қызы Шынары жүргендей. Сағынғаннан сарғайды ғой Шынарын аңсап!.. Келесі сәтте Штраустың вальсі кетті шалқып, тасып. Айнала бергенде оң тізесі шың-ң-ң ете түскендей болды. Көзінен от жарқ етті. Басы айналып құлап бара жатып, қабырғаға сүйеніп, бүгілді де қалды. –Биле! Біз саған өмір сыйлаймыз! Биле, биле, азиат! Балерина алғашында ешнәрсені сезген жоқ. Қан саулаған оң тізесін көргенде көзі шарасынан шыға айқайлап, кері шегінді... Осылай екі аяғынан бірдей айырылды Мәулен. «...Мәулен бұта бастарындағы маржан шықтарға қарап, ойға батып отыр. – Қанаты кесілсе, сұңқар да зарлы. Тұяғы кетілсе, тұлпар да көзден жасын бырт-бырт үзер еді. Ал мен... Неғылайын айтып. Вальспен қоштастым солай. Оны тек армандаумен өтем. Ол қалтасынан шылым алды. – Сағынам биді. Сағынам. Онсыз қиын маған. Түсін, інім, – деді тыртығы бар маңдайын сипап отырып...» – Шынар... Шынармен араңыздағы жағдай не болды? – деді Илья дегбірсізденіп. – Үйлендік. Бала сүйдім, немерелеріміз де бар... – Ол да бір бақыт! – Иә, бүгін – Шынар жеңгең мен сүткенжемнің келетін күні. Кенжем өзіме тартқан! Ол да – биші! Биін көрсең! Бала өмірдің жалғасы ғой! Мен жетпеген тілекке сол жетер! Бар арманым – біз көрген соғыс қасіретін үрім-бұ­тағымыз, болашақ ұрпақ көрмесе екен!.. * * * Осы оқиға Илья Жақановтың ойында ұзақ сақталды. Есінен кетпеді. Қатарлас әріптестеріне: жазушыларға, журналистерге, әртістерге ауызша айтады. Олар: «Ілекеңнің ауызша әңгімесінің өзі ғажап! Тура соғыста болғандай, тұтқындардың арасында жүргендей оқиғаны көз алдымызға елестетіп жібереді» дейді. Арада екі жыл өтті. Бұл кезде «Қайта оралған ән» повесін жазып біткен еді. Балерон биші Мәулен айтқан хикая әбден пісіп, толысты. «Қош бол, вальс» деген тақырып тұрақталды. Қашан жазам деп толғатып жүрген кезде, 1966 жылы, қазан айының соңында Сарыағаш шипажайына келді. Жаңа корпусы салынып біткен екен. Жаңаның аты жаңа! Бұрынғыдай емес, сыңғырлап тұр. Композитордың көңіл күйі көтеріңкі. Мынадай жерде еңбек ету, өзіңмен-өзің отырып шығармашылықпен айналысу – қуаныш, бақыт! Өнер адамына қажеті –оңашалық! Қасында «Жазушы» баспасының бас редакторы Есет Әукебаев бар. Өзі соғыс ардагері. Мінезі биязы, жұмсақ, таза кісі. Соғыс тақырыбын жақсы біледі. Илья «Қош бол, вальс» хикаятының оқиғасын Есет ағасына әңгімелейді. Ол кісі тыңдап отырғанда, кейбір тұстарын «ол былай ғой» деп түзету жасайды. – О-о, неміс офицерлері ақсүйек, кінәз, паң, – дейді Есет Әукебаев. – Өзің де айтып отырсың, олардың әрбір отырысы үлкен мереке! Керемет! Тазалықтары да күшті... Ильяның қолында неміс концла­герьлері туралы жазылған шағын буклеттер бар. Алматыдан ала келген. Бұл – кәдімгі Ұлы Отан соғысының күллі қайғы-қасіретінің ошағы – концлагерьлердің сол кездегі жағдайын тәптіштеп суреттеген кітапшалар. Бәріне ортақ нәрсе – крематорий... Тұтқындарды өртеу... Адамдарға тәжірибе жасау... Қинау... Зорлық-зомбылық көрсету... Немістердің жауыздықтарынан төбе шашыңыз тік тұрады! Жүйкесі жұқа жанның түнде түсіне кіріп, тынышы кетіп, жайсыз ұйықтауы мүмкін. Кітапшаларды қайыра оқыды Илья. Кейіпкері Мәуленнің айтқан хикаясымен үндес келген соң, сеніммен жазуға отырды. Палатадағы көршісі Есет Әукебаев қолға сирек тиетін әскери кітаптарды оқиды да отырады. Одан қалса, демалады, ұйықтайды. Илья Жақанов бөлмедегі шағын столда жазып отырады. Оқиғалар мен сюжеттері бірі-бірімен қиюласып, еркін сілтеді. Жылдам жазылды. Жиырма төрт күнде «Қош бол, вальсті» жазып бітті. Сонда Есет Әукебаев: – Илья, сен өнер адамысың! Ком­позиторсың! Кейбір музыкант­тардың шапқылап, сезімге беріліп жүретін мінезі жоқ екен сенде! Тапжылмай отырады екенсің! Жұмыс процесіңе әбден көзім жетті. Мына жинағың өте сәтті екен! Құтты болсын! Құдай қаласа, шығарамыз, – деді. Ильяға бұл сөз үлкен демеу болды! Шипажайдағы демалыс күндері аяқталып, Алматыға келген соң, повесті қайта-қайта қарап, көшіріп, сызып, стиліне шұқшиып жүрді. Ол кезде бүгінгідей компьютер жоқ, мәшінкеге бастырды. Онда қазақ радиосында, музыка редакциясында істейтін. Сапарғали Шәріпов – бас режиссер. Жазушылардың прозалық шығармаларынан үзінді «Жастар» редакциясы арқылы өтетін. Ал Жақановтың жаңа жазылған хикаятынан үзінді «Ұшқын» бағдарламасынан өтті. Соңынан тыңдармандардың сұрауы бойынша екінші мәрте берілді. Сапарғали Шәріпов – қазақ телевизиясының негізін қалаған адам. Бәрі сол кісінің сөзін жерге тастамайды. Сыйлы, қадірлі жан. Сол Шәріповтің шәкірті, режиссердің ассистенті Алмас Бекбосынов Сапарғали ағасына: – Радиодан тыңдадым! «Қош бол, вальсті» телевизияға шығарсақ жақсы болар еді, – деп өтініш жасапты. Шәріпов – асықпайтын адам. Соның өзінде сүйікті ассистентінің әңгімесі қатты әсер етсе керек: – Концлагерьдің барақтарын жасаймыз! Зембілмен ауруларды әкетіп бара жатады! Енді біреулері талып, құлап жатады! Өртенген үйлер! Ақыры, Илья «Вальспен қоштасу» деп тақырып қойып, телеспектакльдің сценарийін жазды. Эфирден өтті. Мәулен рөлінде – Алмас Бекбосынов. Режиссері – Сапарғали Шәріпов. Диа­логтары ықшам, қысқа. Деректі хроникалардан концлагерьдегі көріністер көрсетілді. Тұтқындарды қасақана итке талату... Ұрып, соғу... Зорлық-зомбылықтар... – Ал биле, биле! – деп тұрады ұзынтұра бір неміс офицері. Ар жағында сұмдық көрініс: Өліп жатқан тұтқындарды аяқ-қолдарынан сүйреп бара жатыр... Мәйіттерді крематорийге лақтыру сәті... Телеспектакльдің хронометражы – 1 сағат 08 минут. Осының алдында Илья Жақанов­тың «Қайта оралған ән» хикаятын қырғыздар өте жылы қабылдаған еді. Әйгілі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» қалай қабылдаса, аталмыш повесті де солай оқыды. Қырғыздар «Қош бол, вальсті» де қуана қарсы алды. Әсері күшті болды. Гүлсайра Момынова бірден қырғыз тіліне аударды. Қырғыз радиосы да екі рет радиоспектакль етіп берді. «Қош бол, вальс» Қырғызстанда жан-жақты насихатталды. «Алатоо» журналында «Қайран, вальс» деген атпен жарияланды. Илья Жақановтың «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» повестерімен Шыңғыс Айтматов та хабардар екен. Ол жөнінде Ілекең заңғар жазушымен кейін тілдесті. – Музыкант адамның, ком­позитордың прозашы болуы – өте ғажап нәрсе! – деді Айтматов. – Сирек құбылыс! Ондай проза... ошондоқтан музыкальный проза болып шығады! Албетте, албетте, солай болады! Әттең, уақытым жоқ. Оқысам абдан жақшы болор еді... Қырғыздың өзге жазушылары: Төлеген Қасымбеков, Жәлел Садықов, Сүйінбай Ерәлиев, драматург Мар Байджиев, т.б. қаламгерлер «Қош бол, вальс» прозадағы жаңалық, тосын жағдай деп жоғары баға берді. Илья Жақанов екі повесін де «Жазушы» баспасы, проза бөлімінің бастығы Мұхамбет Нұртазинге тапсырды. Нұртазин – Жүсіпбек Елебековтің күйеу баласы. Өзі Ақмоланың қазағы. Шыншыл, тура адам. Баспадағы беделі күшті. Оның шешімін бас редактор да, баспаның директоры да өзгертпейді. Сол кісі Ильяның жинағын қабылдағанда: – Сен композитор емессің бе? Осы күні ерінбеген жұрттың бәрі жазушы, – деді. Қолжазбаны оқыған соң М. Нұртазиннің пікірі өзгерді. Риза болды. –Басқа шығармаларың жоқ па? Осы екі повесіммен бірге бірнеше новелламды өткізгем... –Қысқартып жүрген кім? –Білмеймін... – Қандай оңбаған, кім қысқартса да... Өздері бір нәрсені бітіріп тастағандай... Келесі жылы екі повесть пен бірнеше новелла «Қош бол, вальс» деген атпен жарық көрді. Сыртқы мұқабасына рояльдің суреті салынған қара кітап... Бұл жинаққа Семей өңірінен, Абай, Абыралы, Аягөз жақтағы оқырмандардан көп хат келді. Әсілі, «Қош бол, вальс» хикаяты – лирика-патетика! Биші балерон! Ал балеронның қасиеті аяғында! Оны фашистер дәл аяқтан атады! Аяқтан айырылу – өлгенмен тең! Дирижер бір қолынан, болмаса суретші көзінен айырылса не болады?! Қасірет қой! Бірақ сондай қайғы-қасіретті Мәулен жеңді! Мұнымен қоса «Қош бол, вальс» хикаятындағы адамдардың тұтқында отырса да берілмеуі, мойымауы – Михаил Шолоховтың атақты «Адам тағдыры» әңгімесімен үндес! Соғыста қиындық көрген адамдардың тағдыры ортақ! Олар – жеңілмеген, шегінбеген, қайсар рухты жандар! Азап шегіп, талмаусырап, өзегі талып, қиналып өлейін деп жатқанның өзінде Мәулен билеп жүреді. Жаныбек қырғыздың «Манасын» толғайды! Орыс шалы ән салады! Шуақты күндерге, болашаққа сенім жазықсыз жандарды көтеріп отырады! Бұл – Жаратушының музыка арқылы берген сенімі! Үміті! Өйткені үміт қана мынау аппақ әлемнен мекен-тұрақ қалмағанда... қайраңда қалған шабақтай, солып, семіп... ең соңында өледі... Толымбек ӘБДІРАЙЫМ Атырау

4720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы