• Тіл
  • 29 Қыркүйек, 2011

ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ, ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

117 Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында көтерілген мәселелер осы ойға тоғысты Өткен аптада жер жаннаты Көкшетауда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы өтті. Құрылтайға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, академик Әбдуәли Қайдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев сынды тіл жанашырлары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылық құрамы жаңадан сайланып, ел аумағы мен шеттегі қандастарға арнап, үндеу қабылданды. 24 Құрылтай күні Көкшетаудағы Абылай хан алаңы мерекелік сән-салтанатқа бөленіп, ерекше түрге енді. Қазақтың ұлттық киімін киген елдің жарқын болашағы – өрімдей жастар сапы Абылай бабасының еңселі ескерткішінің алдында құрылтай қонақтарына гүл ұсынып, қошеметпен қарсы алды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған құрылтай қонақтары қазақтың ұлы ханы Абылай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ұлы ханға тағзым еткен құрылтай өкілдері Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайын бастады. Құрылтайды аталған қоғамның құрметті президенті, академик Әбдуәли Қайдар ашып, кіріспе сөз сөйледі. Ол өз сөзінде осы құрылтайдың Көкшетауда өтуіне ұйытқы болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа ерекше ризашылық білдіретінін жеткізді. Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевқа берілді. Ол тәуелсіздік қазақ халқының басты құндылығы болса, оның ең негізгі тірегі – тіліміз екендігін атап өтті. Мәулен Сағат­ұлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілді дамытуды басты назарында ұстайтынын айта келіп, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайының қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқып берді. Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед 1989 жылы Елбасының қолға алған басты шаруасының бірі – қазақ тілінің жай-күйі, оның мәртебесін көтеру болғанын атап айтты. «Сол 1989-90 жылдары республика бойынша 910 мың бала қазақ тілінде оқыса, қазір бұл көрсеткіш артып, 1,5 миллиондық деңгейге жеткен. Еліміздегі 7714 мектептің 3008-і қазақ мектептері. Кешегі күндері есіктен сығалауға мәжбүр болған мемлекеттік тіл үшін бұл жетістік деп білген жөн» деген министр қазіргі қолданыстағы заңды жетілдіру, оған толықтыру енгізу туралы Елбасының тапсырмасы бойынша жасалған заң жобасы жыл аяғына дейін бітетінін, келер жылы бұл заң жобасын жалпы халықтық талқылаудан өткізіп, бекітуге ұсынатынын айтты. «Тіл мәселесі қазір тым өткір мәселе болып тұр. Аталған заңды асықпай, кеңесу арқылы бір жүйеге келтіріп, жерімізді мекен еткен ұлт, ұлыстарды біріктіретін құрал деп қарастырғанымыз тиімді. Ал басқа ұлт өкілдері үшін мемлекеттік тілді үйрену, оны құрметтеу оларға парыз болуы керек» деді. Құрылтай өткізу жауапкершілігін мойнына көтерген Ақмола облысының әкімі сөз алып, баяндамасын басынан аяғына дейін қазақша жасады. Мінберде отырғандар «сөз мақамыңыздағы сәл олқылық болмаса, кей қазақтан артық сөйледіңіз» деп әзіл-шыны аралас Сергей мырзаға жылы лебіз білдірсе, делегаттар ұзақ қол соқты. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметқали Сарыбеков сөз алып, білім саласындағы қазақ тілінің ахуалына тоқталды. Қазақ тілінде білім беретін мектеп пен онда білім алатын балалар саны өсіп жатқанын тілге тиек етті. «Бір өкініштісі – шетте жүрген қазақ балаларының, тарихи отанына келіп білім алуы кеміп бара жатқаны» деп алаңдаушылық білдірді. Оның себебі кейінгі кездегі көш керуенінің тоқырап, көші-қон саласында кемшіліктер бой көтеріп жатқанынан болуы мүмкін екенін алға тартып, «себебін білсе осы кісі білер» деп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашевтың атын атап өтті. Құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы баяндама жасады. Академик «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы екі Құрылтай (IV-V) аралығында: Кеше, бүгін және алдағы міндеттер» деп аталатын баян­дамасында мына жайттарға тоқталып өтті. Қоғамның 2005 жылғы Президент сайлауында президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді білу біліктілігін бағам­дау­ға арналған сынақты ұйымдастырғаны және осы ұйымның президенті біліктілікті анықтау комиссиясының төрағасы болғаны қазақ тілінің мерейін өсірудегі елеулі оқиға болған. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі комиссия құрылып, комиссияның отырыстарында бұрынғы өзге тілдегі атауларға толы жер-су, елдімекендер мен көше атауларын қазақшаға көшіру, ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің емле-ережесіне сай рәсімдеу мәселесін бір қалыпқа келтіруді қолға алыпты. Үкімет жанындағы комиссияны Премьер-министрдің өзі басқарып, жиі отырыстар өткізген. Отырыстарда қоғам тарапынан төмендегі ұсыныстар көтерілген. Атап айтқанда: Қазақстан аумағындағы жер-су атауларын қайта қалпына келтіруге, қалалар мен елдімекендердегі көшелерді ресейлік әрі кеңестік атаулардан арылтып, қайта атауға байланысты жайларды жүйелеу тәртібін реттейтін арнайы нормативті акт қабылдау; – Павлодар мен Петропавл қалаларына қазақ мемлекеттігіне өлшеусіз еңбек сіңірген Абылай хан мен Кенесары ханның есімдерін беру; – Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің емле-ережелеріне сай рәсімдеу мәселесін бір жүйеге салу; –Тәулік бойы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын ұлттық телеарна ашу; –Қазақ әліпбиін латын жазуына негіздеу; Елбасы бірнеше рет көтерген латын әліпбиіне көшу бағытында едәуір жұмыстар жасалды. Бірақ шүйіліп басталған жұмыс сұйылып барып тынды. Істі ары жалғасақ, жаңа әліпбидің сынақтан өтуіне жақсы болар еді. – Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілге қатысты қаншама заң бұзу фактілері, сот процестері орын алды. Алайда бұл сот процесінің өзінде мемлекеттік тіл төңірегінде қордаланған мәселелер бар екені байқалды. Бұған арнайы талдау жасалған жоқ. Сондықтан Жоғарғы сот осыны талдап, халыққа жеткізгені жөн. – «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсыну; –Алдағы уақытта елімізге шетелден келетін компьютерлік бағдарлама өнімдерінің қазақша нұсқасының болуын міндеттеу. Міне, бұған дейін осы ұсыныстардың бірқатары шешімін тапты, көпшілігі әлі ашық күйінде қалды. Қоғам қызметінің елеулі бөлігін мемлекеттік тілдің өткір мәселелеріне тиісті уәкілетті органдардың назарын аудартып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ұйытқы болғанын жатқызуға болады. Қазақ тілінің жайына жергілікті жерлердегі атқарушы билік өкілдерінің назарын аудару мақсатында Қоғамның бірнеше көшпелі мәжілістері ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Алматыда, Ақтөбеде, Оралда, Байқоңырда кеңейтілген көшпелі мәжілістер өткізіліп, онда тіл саясатынан туындайтын көкейкесті мәселелер ортаға салынып, тиісті орындардың қарауына ұсынылды. Есепті кезеңдегі қоғам қызметіне баға берерде мына мәселеге де назар аударған орынды. Көпшілікке мәлім, қоғамның құрылуы қандастарымыздың бойында үлкен өрлеу сезімін туғызады, оларға рух беріп, қанат бітіреді. Жер-жерде қоғамның бөлімшелері құрылып, тілді бүгінгі бірсыдырғы оң нәтижеге жеткізген көптеген игі істерге мұрындық болды. Алайда бертін келе облыстарда тіл саясатымен айналысатын мемлекеттік ұйымдар өмірге келді де, «Қазақ тілі» қоғамдарының көпшілігінен береке кетті. Сондықтан біздің беріректегі негізгі мақсатымыз «Қазақ тілі» қоғамы мен оның бөлімшелерін таратпай ұстау болды. Баяндамашы осыны айта келе бүгінгі таңда қоғам қызметінің қайта жанданып келе жатқанына тоқталды. Әсіресе, осы құрылтайда «халықаралық мәртебесі бар қоғамның алдағы бағдары қандай болмақ? Келешектегі мақсаты мен міндеті неден тұрады?» деген мәселелерді ортаға салып, ортақ байламға, пәтуалы бітімге келудің орындылығын алға тартты. Өмірзақ Айтбайұлының мына төменде келтірілген ойлары мен ұсыныстары кім-кімді де елең еткізеді. «Тіл жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттің де басыбайлы дүниесі емес. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл отбасынан бастау алады. Отан аясында дамиды. Осыны ұмытпауымыз керек. «Қазақ тілі» қоғамын алғаш құрғанда академик Әбдуәли Қайдар бастаған ынталы топтың көздеген мақсаты елдің санасын ояту болатын. Осыған бүгінгі таңда белгілі бір дәрежеде қол жеткізгендей. Алайда әлі он мыңдаған қандастарымыздың күнделікті қарым-қатынас құралы етіп орыс тілін төбемізге секіртіп жүргенін көргенде ішің удай ашиды. Бұл қатып қалған тоңды жібітуге, әсіресе, біз сенген зиялы қауым өкілдері барынша атсалысулары керек. Көшедегі көрнекті ақпарат пен жарымжан жарнама жайлы айта-айта жақ талды, кітап дүкендерінің 99 пайызы Ресейдің өнімдеріне толып тұр. Бұған осы көршімізден келетін неше түрлі газет-журналдар мен өз елімізде орыс тілінде шығатын баспа өнімдерін қосыңыз. Осы күнге дейін Қазақстанда балаларға арналып бірде-бір ойыншық, не қазақша сөйлейтін интеллектуалдық ойындар шығармапты. Сондықтан жергілікті жерлердегі «Қазақ тілі» қоғамдары бұдан былай тіл қолданысындағы кемшіліктерді осындай жағдайлардан да іздеп, соларды шешуге күш салғандары абзал. Айталық, ең алдымен мәселені жаңадан «Мемлекеттік тіл туралы» жеке заң қабылдауға қол жеткізуден бастаған жөн. Бүгінге дейін бұл заңның бірнеше жобасы дайындалып, Парламентке ұсынылғанымен кейін сырғытылып келеді. Мәдениет министрінің осы жиында сөйлеген сөзі қоғам қазақшалануы үшін өте қажет бұл заң енді орнынан жылжи ма деген игі үмітке жетелеп отыр. Тіл отбасынан, ал одан соң балабақшадан басталады десек, бұдан былай Қазақстандағы барлық балабақшалар бірте-бірте қазақ тілінде тәрбие беруге көшірілуі тиіс. Кез келген тілдегі білім сияқты, қазақ тіліндегі білімнің көзі де оқулықта. Міне, елімізде әлі күнге дейін осы мәселе тиянақты шешімін таппаған. Жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілдегі оқулықтар небәрі 7 пайызды ғана құрайды. Мемлекеттік тіл мәселесінде Елбасы­мыз­дың бастамалары мен ұстанымдары­ның негізгі қолдаушыларының бірі ретін­де халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алдына қойған мақсатының бір парасы тіл мәдениетін көтеру болып отыр. Қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін барлық қазақстандықтар мен шет елдегі қандастарымыздың қазақ тіліне деген құрметін арттыру, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау – қоғамның күн тәртібіндегі өткір мәселелер. Бұл ретте өңірлерде қазақ тілінің дамуына, жер-су, елді мекендердің тарихи атауларының қайта қалпына келтірілуіне барынша атсалысу жергілікті жерлердегі бөлімшелердің басты міндеті болып табылады. Қоғам қызметінің нақты әрі жемісті болуы үшін осы құрылтайдан соң арнайы жұмыс тобын құрып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының даму тұжырымдамасы мен оның алдағы жылдарға арнаған даму стратегиясын» жасап, бекіту керек. Бұл маңызды құжат қоғамның келесі құрылтайға дейінгі атқаратын іс-шараларын, бағыт-бағдарын нақтылы айқындап бер еді. Жағдайы әбден мүшкілденген қазақ тілінің қайта аяғынан қаз тұрып кетуі үшін алғашқы әрекеттерге барған сонау 1989 жылдардың аяғынан бері елімізде этнодемографиялық ахуалдың жергілікті ұлттың пайдасына айтарлықтай өзгергені белгілі. Қазір, Құдайға шүкір, азшылықтан көпшілікке айнала бастаған ұлтпыз. Осыған орай этнолингвистикалық карта жасаудың да маңызы зор. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басып отырған еліміздің жағдайы қазір жаман емес. Халықтың санасы өзгерумен бірге тұрмысы да ептеп түзелді. Арамыздан кәсіпкерлікті дөңгелеткен алпауыт байлар шықты. Алдағы уақытта ақшасы бар осындай азаматтар әлі босағадан төрге озуы неғайбыл болып тұрған ана тілімізге көбірек бет бұрса екен дейсің. Өйткені күрмеуі көп тіл саясатында да біраз мәселе қаржыға келіп тіреледі. Қазір, айталық, қоғам қоржынында көк тиын жоқ, мұнымен «мемлекеттік тіл» деп қанша жарапазандатқанымен жұмыс алға баса ма?!» Осылай дей келіп, баяндамашы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып, шама-шарқынша көмек қолын созып жүрген бір шоғыр іскер азаматтарымыздың аты-жөндерін атады. «Тілмен бірге қоғамымыздағы тағы бір түйткілді мәселе діннің жайы десек, еш қателеспейміз. Тілді қозғай отырып, дінді айналып өтуге болмайды. Жасыратыны жоқ, елімізде кейбір теріс діни ағымдардың өз дегенін істей бастауы көкірегі ояу, көзі ашық қай жанды болсын, алаңдатпай қоймайды. Мұндайға қарсы қоятын қаруымыз – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ислам діні, оның өнегелі жолы. Ендігі бір маңызды мәселе, мемлекет­тік тілді дамыту барысында осы істің жай-жапсарына дұрыс мониторинг жүргізілуі тиіс. Өйткені билік басындағылар келтірген көп цифрлар тіліміздің бүгінгі хал-ахуалының нақты көрсеткіші бола алмайды. Бүгінгі халық кешегі кеңес заманындағы ой-өрісі шектеліп қалған қамсыз-мұңсыз халық емес, сана сезімдері жетілген, барлығын бағамдап, көріп біліп отыр. Сондықтан, цифрлар бір басқа да, олардың күнделікті өмірден түйгені бір басқа. Бұл бізді тіл сияқты өткір мәселеде көзбояушылыққа, әсіре қызылға ұрынбай, нақты жұмыс істеп, толымды нәтижелерге қол артуға міндеттейді. Ұлттың тұтастығы – тілдің тұтастығы. Біз алдағы уақытта ұлт­тық құндылықтарымызды түгендеп, құр­меттеу жолында ауызбіршілігімізден айрылмауымыз керек». Баяндамашы өз сөзін ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Жұмыс қолға алып істесе, бітпек. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек, өнеді. Илеуде қарап тұратын құмырсқа болмайды, жұрт жұмысын солай істесе алға басады» деген нақыл сөзімен аяқтады. Құрылтайда сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан өз пікірін білдіре келе, қоғамның қаржылық жағдайының ауырлығына жанашырлық танытып, Ассамблея атынан 2 миллион теңге бөлетіндерін жеткізді. Одан соң мінбеге көтерілген Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі тілді үйрену, үйрету тетіктеріне тоқталып, мүфтиятта мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін жасалған мәжбүрліктерінен мысал келтірді. Бірде мүфтиятқа АҚШ елшілігінен хат келеді. Мүфтият хат қазақ тілінде болмағандықтан оны қарап, жа­уап бермеген. Бір айдан соң елшілік хатына жауап сұраған. Бұл жақтағылар хат мемлекеттік тілде жазылмағандықтан қаралмағанын айтқан. АҚШ елшілігі кешірім сұрап, мемлекеттік тілде хатты қайта жазыпты. Тағы бірде мүфтиятқа Франциядан делегация келеді. Бас мүфти өзі қабылдайды. Делегация басшысының сөзін аудармашы орыс тіліне аударып жеткізеді. Мүфти «бізде ісқағаз, келіссөз мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінде жүргізіледі» деп қысқа қайырады. Француздар кешірім сұрап кетеді де, ертеңінде қазақ тілді аудармашыны ертіп келеді. Әр мекеме, ұйым, мемлекеттік мекемелерде осындай мәжбүрлік болса, «қазақ тілін үйретем, қазақша сөйле» деп ешкім ешкімге жалынып, жалпаймас еді. Керек болса өзі-ақ қалаған күні үйренер еді-ау. Мүфтияттан басқалар үлгі алады деп үміттенейік. Оған қоса бас мүфти өз сөзінде ана тілін үйрету әр шаңырақтан бас­талатынын айта келіп, мемлекеттік тілдің дамуындағы отбасының рөліне кеңінен тоқталды. «Тәуелсіздік алған мезеттен бүгінге дейінгі уақыт аралығында мемлекеттік тілдің өркендеуі жолында ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылды. Оған сонау өткен ғасырдың 70-жылдарындағы тіліміздің ахуалы мен бүгінгі жағдайын салыстырсақ көзіміз толық жетеді. Алайда ана тілінің төңірегінде қордаланған мәселелер әлі де бар» деп сөзін бастаған Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ойын былай сабақтады: «Бұрын үлкен шаралар кезінде залда өзге ұлт өкілдері отырса, ол жиын міндетті түрде өзге тілде жүретін. Қазір, Құдайға шүкір, көш түзелді. Мені алаңдататын тағы бір жайт – аралас мектердегі қазақ тілінің жайы. Оған қоса бас мүфтидің тіл үйретудегі отбасылық институттың рөлі туралы айтқанын да толық құптаймын. Әр отбасында атасы мен әжесі, әкесі мен анасы балалары және немерелерімен қазақша шүйіркелесуі керек. Сонда ғана баланың тілі қазақ тілінде жатық шығады. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзін алға тарта отырып, бұл орайда көркем әдебиеттің, әсіресе кітаптың рөлін айтпай кетуге болмайды. Біз бүгін кітаптарды көпшілікке насихаттауды, оның оқырманға жеткізілу, жалпы кітапты тарату ісін жолға қоюымыз керек. Өйткені кітап – қоғамдық сананы қозғаушы күш». Сөйлеген шешендердің ішінен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Алла Платонованың сөзі жұртты дүр сілкінтіп, бір серпілтті десе болады. Сөз басын тіл жайында ұлылардың айтқанынан дәйек келтіре бастаған Анна қазақтың кеңпейіл дархан жұрт екенін баса айтты. Енді шешен қыздың сөзіне кезек берейік. «Соңғы жылдары қалалық, облыстық, республикалық түрлі деңгейдегі «Тіл» сайысына қатысып, жүлде алдым. Қазақ әндерін айтып, ұлы Абай өлеңдерімен сусындадым. Қостанай қаласындағы «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында қазақ тілінде хабар жүргіздім. Болашақта қазақстандықтардың бәрі мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Біз бұған біртіндеп келе жатырмыз. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік тіл жайлы айтқан сөзі мен жасаған істері бізге қанат бітірді. Қазақ тіліне деген сенімімізді күшейтті. Қазақ тілі туралы әңгіме үнемі нақты әрі батыл айтылуы керек. Мен барлық қандас бауырларымды, оқушы және студент жастарды қазақ тілін білуге, сүюге, оны өз өмірлеріне рухани азық етуге шақырамын. Бірнеше тіл білгеннің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ және қай мемлекетте тұрып, өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге міндеттісің. Бұл – өркениетті өмір талабы». Кескініне келбеті сай, қазақшаға тілі бай, сөзі ұтқыр, ойы ұшқыр өжет қыз жұртшылықты мына бір сөзімен дүр сілкіндірді. Ол «Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау – мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақ елінің суын ішіп, ауасын жұтып, нанын жеп жүрген қай ұлт өкілі болсын, мемлекеттік тілде сөйлеуге, оны құрметтеуге міндетті. Егер мемлекетті, мемлекеттік тілді сыйлағысы келмесе, өз қалауы бойынша сыйласатын еліне барғаны дұрыс» деп батыл айтты. Сөзінің соңын «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», егеменді ел болып еңсесін көтерген Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге бір кісідей атсалысайық! Елге, жерге деген ыстық ықыласымызды ісімізбен дәлелдейік. Жүректен шыққан жылы сөз жаңаша өмірдің жарқын бастауына нұр болып құйылсын!» деп түйіндеді. Әзірге төрден орын тимей тұрған мемлекеттік тілдің мұң-зары айтылып таусылатын күнге де жетерміз. Бірақ ол күнге дейін айтылар сөз, жасалар іс шамадан тыс көп. Осы жайында негізгі сөйлеушілерден тыс сөз сұрағандар көп болды. Амал қанша, баяғы уақыт тапшы. Әйтсе де мінберге таласа жетіп, жарыса айтқан шешендердің сөзінен аз-маз түйін келтірелік. Атыраулық журналист Төлеген Берішбай Білім және ғылым министрлігіне қаратып, мемлекеттік тілде дұрыс тәлім-тәрбие бермейтін балабақша қызметкерлерін аттестациялауды ұсын­ды. Қоғамның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Пірмат Шаруа мен Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Орал Шәріпбаев сөз алып, төмендегі жайларды қозғады. Пірмат Шаруа қоғамның бүгінгі қаржылық қиын жағдайына алаңдайтынын айта келіп, билеттік жарнасы, өзіндік қаржысы жоқ қоғамның қажеті бар ма деп қынжылыс білдірді. Ал Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Орал Шәріпбаев, керісінше, қоғамның қаржылық дағдарысын шешіп, оның тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау керек екенін баса айтты. Оған қоса «Тіл туралы» жасалған жаңа заңның жобасын талқылау кезінде орасан қарсылыққа тап болып, жобаны жасағандар шегініс жасауға мәжбүр болып жатқанын жеріне жеткізе айтып, шегініс болмау керек деген өз пікірін ортаға салды. Ел Президенттігіне үміткерлердің өзі мемлекеттік тілден емтихан тапсырғанда, одан төменгілер, яғни әр сатыдағы мемлекеттік қызметшілер неге тапсырмасқа? Осыны желеу етіп, шу көтеру қалай ойласақ та – әбестік. Мектепте қазақ тілі пәні аптасына алты рет оқытылса және соңғы сағаттар емес, алдыңғы сағаттарда өтетіндей кесте жасалсын деді. Шешендердің сөз саптауы, қоғамдағы жаңа «Тіл туралы» заң жобасы жайында көтерілген шудың, сол «даулы баптың» мән-мағына, мүддесін дұрыс саралап көретінін және министрлік алғашқы позициясынан шегінбейтінін тіл жанашыры, министр Мұхтар Құл-Мұхаммед қайталап, қадап айтты. Министр тіл туралы заңның жаңа жобасын, осы жылдың аяғына дейін толықтырып, пысықтап, жыл шыға жалпы халық алдына салып талқылайтынын жұртқа екінші рет жеткізді. Министрдің осы сөзіне сүйсінген жамағат ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қаржылық жағдайына алаңдаған министр Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевпен ақылдасып, осы мәселені Үкімет басшысының алдына қоюға уәде етті. Құрылтай жұмысын Қазақстан Рес­публикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев қорытындылап, бүгінгі айтылған ой-пікірлерді елеп-екшеп, жерде қалдырмай Елбасына жеткізіп, іске асыруға мұрындық болатынын айтты. Құрылтайдың табысты өткені айтылып, жиын түстен кейін Қазақстан халқы тілдері мерекесіне ұласты. Салтанатты жиналыс­та Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы әр облыстан келген тіл жанашырларын қоғамның алғысхатымен марапаттады. Өңір басшысы Сергей Дьяченко да өзі басқарған облыстың тіл жанашырларына алғысхат, бағалы заттар тарту етіп, құрылтайға қатысушыларға арналған мерекелік концерт болды. Жиын соңында құрылтайды ұйымдастырушылар, қонақтар осынау тарихи маңызы зор шараны жоғары деңгейде өткізген облыс әкімі Сергей Дьяченкоға алғыс айтып, жылы лебіз білдірді. Құрылтайда ұйымдастыру мәселесі қаралып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президентіне акедемик Өмірзақ Айтбайұлы қайтадан сайланды. Ал оның орынбасарлары болып Жәнібек Нәлібаев, Бораш Шенсізбаев, Ғарифолла Әнес, Орал Шәріпбаев сайланды. Құрылтайда барша қазақстандықтар және алыс-жақын шетелде тұратын отандастарға арнап үндеу жарияланып, қаулы қабылданды. Газеттің осы бетінде үндеудің толық мәтінін назарларыңызға ұсынып отырмыз. «Қазақ тілі» қоғамы – басына күн туған заманда ана тілін аман алып қалып, қазақ халқының санасын оятқан қоғам. Қоғамның II құрылтайында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақыру, қауымдастық құру және Қазақстанның береке-бірлігін көтеретін Қазақстан халқы Ассаблеясының құрылуына бастамашы болды. Мұны көз қарақты оқырман өзі бағамдар. Құрылтай өз деңгейінде өтті. Бұл алқалы жиын барысынан қоғамның тынысын аңғардық. Ана тіліміз жайында айтылар сөз де, жүзеге асуы тиіс іс те шаш етектен екен. Әзірге қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайы күн тәртібінде тұр!.. Дахан Шөкшір КӨКШЕТАУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ Ү ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕЛЕГАТТАРЫНЫҢ БАРША ОТАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҮНДЕУІ Ардақты ағайын! Қазіргі заман – буырқанған өзгерістер дәуірі, саясат та, экономика мен экология да, ғылым мен техника да жедел жаңарып, бөлек сипат, мән менен мазмұн иеленіп отырған күрделі кезең. Сондықтан да әлемнің алдыңғы қатарлы ақыл-ойы тығырықтан шығар жол іздеп, жаңа ғасыр тегеурініне төтеп беру үшін күш-жігерін, білімі мен білігін біріктіру үстінде. Бүгінгі күннің ақиқаты біздің алып планетамыз ұшы-қиыры жоқ кеңістік емес, жұдырықтай жұмыр жер екендігін, оны табанға салып тоздырмай, алақанға салып аялау қажеттігін көрсетіп берді. Осынау ауқымды тұжырым ғаламның әлеуметтік-экономикалық өміріне де, соның ішінде тіл мен діл сияқты руханият пен мәдениет ұстындарына да тікелей қатысты. Бүкіләлемдік банк дерегі бойынша жыл сайын 6 тіл қолданыстан шығып, өлі лұғаттар қатарын толықтырады екен. Бұл – бүкіл адамзат үшін де, өзінің болмыс-ерекшелігінен айырылған бейкүнә халық үшін де қасіретті, қайғылы жағдай. Міне, қазіргі таңда қалыптасып отырған осындай күрмеуі қиын ахуал қазақ тілінің болашағын бүгіннен бастап ойлауды талап етеді. Тіліміздің мемлекеттік дәрежесі де, оның сөздік қорының молдығы, көркемдігі мен әуезділігі де тарих қойнауына сіңу қаупін сейілдіре алмайтындығын терең сезінуіміз қажет. Сондықтан да қазақ тілі мәселесі саясат пен ғылым қайраткерлерінің, ақын-жазушы, журналистердің ғана емес, әрбір қазақстандықтың, жүрегі елім деп, жерім деп соғатын әрбір ұлтжанды азаматтың тыныс-тіршілігінің өзегіне айналуы тиіс. «Жалғыздың үні шықпастығын» ұғынуымыз, тіл келешегі жолындағы бүкілхалықтық қозғалысқа мұрындық болып, күш-қайратымызды, ақыл-ой, білім-білігімізді бір арнаға тоғыстыруымыз қажет. Қанаты енді қатая бастаған ана тілімізді заман дауылынан қорғауымыз, аялап, ардақтауымыз қажет. «Қазақ тілі» қоғамы халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен, әсіресе, өскелең буынмен қоян-қолтық жұмыс істеп, ана тілінің тағдыры – ел тағдыры екендігін ұғындыруды маңызды міндет санайды, ұлттық әлеуметтік, рухани ұмтылысын болашаққа бағыттауды, төл құндылықтарымызға негізделген озық тіл өркениеті іргетасын қалауды мақсат тұтады. Ғасыр тудырған сауалдардың жауабын күнделікті тыныс-тіршілігімізден іздестіру, облыстық, аудандық аймақтық бөлімшелердің, ірі кәсіпорындар мен мекемелердегі, оқу орындарындағы ұялардың жұмысын жандандыру қажет деп санайды, қоғам мүшелерінің шығармашылық бастамаларына барынша қолдау білдіріп, алдағы кезеңдегі бүкіл күш-жігерін осы арнаға бағыттайды. Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген пікірін және ел халқы алдына қойып отырған осы міндетін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қолдайды. Оның іске асуына қоғамдық бақылау жасайды. Қазақстанның құзыретті органдарына мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, жаңа заңдар қабылдау туралы ұсыныс енгізілсін. Ұлты қазақ азаматтарымызды бүгіннен бастап өз аты-жөндерін қазақ тілінің заңдылықтарына сай рәсімдеуге және дүние­ге келген сәбилерінің, кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік алатын балаларының аты-жөндерін де қазақ тілінде рәсімдеуге шақырамыз. Қазақ елінің әрбір азаматының өз отбасында, араласатын ортасында, қызмет орнында қазақша сөйлеу, қазақша ісқағаздарын жүргізу, қызметтердің қазақ тілінде көрсетілуін талап ету, қазақ атына сай салиқалылық салтын сақтау арқылы мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылуына үлес қосуы – ұлттың аманаты деп білеміз. Аманатқа адалдық таныту – азаматтық. Осы атқа лайық болайық! Тіл болашағы – бүгінгі күн қам-қарекетінің қолында. Тіліміздің туын әрқашан жоғары ұстайық, ағайын! Балабақша тәрбиешісін аттестациялау керек! – Мен – Атырау облысынан келген үш делегаттың бірімін. Еліміздегі алғашқы бірлескен кәсіпорындардың бірі де бірегейі, Қазақстандағы, асырып айтсам – әлемдік мұнай саласындағы көшбасшы мұнай компанияларының бірі – «Теңізшевройл» ЖШС-інде бас маман болып еңбек етемін, журналиспін, осы кәсіпорынның «ТШО жаңалықтары» деген үш тілде шығатын газетінің бас редакторының міндетін атқарамын. Осы биік мінбені пайдаланып, егер қолдап жатсаңыздар, осы құрылтайдың атынан еліміздің Білім және ғылым министрлігінің атына ұсыныс айтқым келеді. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков өз сөздерінде соңғы жылдары балаларды қазақ тілінде тәрбиелейтін балабақшалардың қатары күрт өскенін айтты. Әрине, қуанарлық жайға шынында да разы боласың. Дегенмен, осы орайда бір ойланарлық жай бар. Өткен жылы жұбайым қайтыс болған. Соның еске алуына Алматыда тұратын балдызым, марқұм жұбайымның сіңлісі келді. Жазғы демалыс кезі болғасын екінші сыныпта оқитын ұлы мен балабақшадағы кіші ұлын да ала келіпті. Екі-үш күннен кейін достарымыз Жайық жағалауындағы тоғайлардың біріне демалыс ұйымдастырды. Көппен бірге өзенге шомылып шығып тұрған бойым еді, балдызымның кенжесі жаныма келіп: «Супит хочу» деді. Мен қапелімде түсініңкіремей тосылып қалдым. Сондағы ойыма келгені – шамасы Алматы жақта қазақтың «үпит-сүпит» деген сөз тіркесіндегі «сүпит» бір нәрсенің атауын білдіретін ұғым болды ғой деген ой. Осы сәт балдызым келіп одан не деп тұрғанын сұрады. Бүлдіршін манағы сөзін қайталады. Шешесі сол сәт «Тассай» деген пластик ыдыстағы судан кесеге құйып, баласына ұсынды. «Бақсам, бақа екен» демекші, сөйтсем бала «Су пить хочу – су ішкім келеді» деп тұр екен ғой. Баласын балдызым бір сөзінде балабақшаның қазақ тобында тәрбиеленеді деген. Сол бойда одан ұлының балабақшаға барғанына қанша жыл болғанын сұрадым. Екі жылдан асқанын айтты. Мен сонан соң балалардың ойынына ден қойдым. Атыраулық балалар қазақша, алматылық қонақ балалар орысша сөйлеп, бір- бірімен тіл табысып жатты. Мінберде министр мен вице-министр сөйлегенде ойыма осы және тағы бір жай оралды. Екіншісі, Атырау қаласында балаларды қазақ және ағылшын тілінде тәрбиелейтін жекеменшік балабақша бар. Өткен жылғы қаңтар айының ортасына таман жолым түсіп, сонда болған едім. Бізбен жұмыстас бір американдық қызметкер кішкентай қызын сол балабақшаға береді екен. «Рождество» мерекесі кезінде ата-аналарымен бірге елдеріне барып келген шетелдік тәрбиеленуші бүлдіршіндер үшін балабақша ұжымы тағы да жаңа жылдық шырша шарасын ұйымдастырыпты. Сол күні балаларды ерте тарататын болғасын барғанбыз. Әріптесімнің кішкентай қызы жанымызға жүгіріп келіп, менімен қазақша сәлем беріп амандасты. Мен разылығымды білдіріп «Бақытты бол!» деп тілек айттым да: «Рождество» мерекесіне барып келдің бе, қалай өткіздің?» деп сұрадым. Ол іле-шала: «Барып келдім. Жақсы болды. Көке, бірақ сіз білесіз бе, мен ұшақты көтере алмай құстым ғой» деді. Мен қайран қалдым. Таңданғаным, сәбидің сөздік қорындағы «көке» және «құстым» деген сөздер еді. Өйткені, ол шетелдік бала ғой. Осы екі жайды ой елегінен өткізіп, түйгенім: қатарлары көбейе түскен балабақшаларын, вице-министр айтқандай бес жыл сайын емес, қазіргідей кезеңде жыл сайын, соның ішінде әр топтың апталық жұмысына жеке-жеке инспекторлық бақылау жасап, аттестациядан өткізген дұрыс деп есептеймін. Өйткені, апталық жұмысы сараптаудан өткен тәрбиеші қалған апталарын да сол негізбен жүргізеді. Сөйтіп, жұмысын жолға қойып алады деп ойлаймын. Осы орайда облыстық білім басқармалары мен қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары аттестациядан өткізуге мамандарымыз жетіспейді дегенді алға тартулары мүмкін. Бұл тығырықтан да шығуға болады. Тіпті, Үкімет деңгейінде қаулы, әлде сол негіздегі басқаша аталатын ресми құжат қабылдап, әртүрлі кәсіпорындардан, мекемелерден, жоғары және арнаулы оқу орындарынан осынау іске жандары ашиды-ау деген біліктіліктері жоғары мамандарды тартып, қоғамдық негіздегі аттестациялау топтарын құруға болады деп ойлаймын. Мұндай ізгі шаруаға Үкімет тарапынан қабылданған арнайы құжат негізінде кәсіпорын, мекеме, оқу орындарының басшылары өз қызметкерлерін босата алатынына күмәнім жоқ. Жүзеге асса, бұл бір игілікті шара болар еді! Төлеген БЕРІШБАЙ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы V құрылтайының делегаты:

10240 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы