• Тіл
  • 06 Қазан, 2011

Сырда өскен Елена

Бүгінгі қоғам тіл мәселесіне келгенде ақсап тұрғаны айдан анық. Бұған дәлел іздеп әуреленудің де қажеті жоқ. Дегенмен қазақ тілінің мәртебесін көтеруде жасалынып жатқан игі шаралар да аз емес. Әсіресе тілімізді насихаттау­да өзге ұлт өкілдерінің орны ерекше болса, соның бірі – орыс ұлтының қызы Елена Рыбина.  Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр елінде балалық шақтың бал дәмін татып, асыр сап ойнап өскен Елена – бүгінде халқының сүйікті қызы, үлгі тұтар журналисі. Еленадан қазақ тілін қалай үйренгенін сұрағанымызда: «Орта әсер етті. Бала кезімде үйде де, мектепте де өз ана тілімде сөйлейтінмін. Қазақ­ша білмейтін, түсінбейтін де едім. Бала болған соң ойнаймыз деп, аулаға шығамыз. Анадайда балалар қолын бұлғап, ойнауға шақырып алады. Әлгі балалардың айтқанын түсінбесем де, ойнай беретінмін. Сөйтіп жүріп қазақша қалай үйреніп кеткенімді де аңғармай қалдым. Әрине, ол кезде тек ауызекі тілде ғана сөйлесе алатынмын. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенде қазақ тобында білім алдым. Сол кезде ғана маған қазақ тілін ғылыми тұрғыда үйрену қажет болды», – деп қазақ тілін қалай меңгергенін айтып берді. Қазақ топырағында қазақтың салт-санасын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, қазақы тәрбиені бойына жиып өскен орыс қызы мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қазақ халық әндерін шырқап, бірнеше байқаулардың жеңімпазы атаныпты. Ал бүгінде Еленаның жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, 2009 жылы «Тілі бірдің – тілегі бір» тақырыбында өткен облыстық байқаудың бас жүлдесін иеленсе, 2010 жылы облыс әкімінің «Мемлекеттік тілді үздік насихаттаушы өзге ұлт өкілі» аталымының иегері және де бірнеше республикалық олимпиа­далар мен форумдарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған. «Өмірдің бар қызығын кө­ріп, қиын сәттерді мұңай­май жеңу керек» деген ұстаным­ды ту еткен Елена, журналистика саласында өзіндік айшықты өрнегімен дараланып жүр. Ол мамандығы жайында: «Негізі менің мамандығым журналист емес. Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі жаратылыстану факультетін бітіргенмін, яғни мен химия пәнінің мұғалімімін. Ал журналистикаға қазақ тілінде еркін сөйлей білуімнің арқасында келдім. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде хабар жүргізуі сәнге айналған сияқты. Себебі отандық телеарналардың көпшілігінде жаңалықтарды болсын, бағдарламаларды болсын өзге ұлт өкілдерінің жүргізіп жатқанын көреміз. Бұл мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында жасалып жатқан іс деп ойлаймын» деп Елена бізбен сыр бөлісті. Ел құрметіне бөленіп жүрген орыс қызының отбасында ағасы және өзі ғана қазақ тілін жетік меңгерген. Ал ата-анасы жайлы: «Ата-анам қазақ тілін түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Қазақ тілін білуді өмірдің қажеттілігі деп білемін. Ата- аналарымыз орыс тілі негізгі тіл болған кезеңде өмір сүрген, ал біз қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алып, оның қолданыс аясы кеңейе түскен кезде өмір сүріп жатырмыз», – дейді. Қазақ журналистикасына сүбелі үлес қосып жүрген орыс ұлтының қазақтілді қызынан мемлекеттік тілдің ахуалы туралы ойын да біле кеткенді жөн көрдік. Ол: «Қазір мемлекеттік тіл – қазақ тілі негізгі тіл мәртебесін алған. Мемлекеттік тілді насихаттау­шылар да көбейген. Әрине, біздің облыста мемлекеттік тілге қатысты проблемалар жоқ. Себебі біздің облыс қазақы қаймағы бұзылмаған облыс болып саналады. Сол үшін де шығар, Парламенттегі депутаттарды біздің облысқа қазақ тілін үйренуге жіберейін деп жатқаны», – деп Елена езу тартты. Ол қазақ тілінің мәртебесінің арта түскенін қалайтынын, сол жолда өзі де еңбек ететінін жеткізді. Қазақтың кемеңгер ақын­дары Абайдың, Мұ­қағалидың өлеңдерін сүйіп оқитын Елена Рыбина Сыр елінің талантты ақындарының бірі – Шаһизада Әбдікәрімовті, Қызыл­орда қаласындағы Болашақ университетінің құрылтайшысы, ғылым докторы, академик Бақберген Досмамбетовті, сонымен қатар экономика және қаржы басқармасының бастығы Ирина Ким сынды өмірден өз орындарын таба білген бірқатар тұлғалардың жеткен жетістіктеріне қызыға қарап, солардан үлгі алады. Қазақшаны мүдірмей сөй­лейтін орыс қызының бүгін­де осылайша талайды таңыр­қатып жүрген жайы бар. Аида ҚОЖАҚОВА ҚЫЗЫЛОРДА

17898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы