• Мәдениет
  • 09 Желтоқсан, 2011

Әуенді сағат

Музыкалық сағаттардың бар екенін білетін боларсыздар. Мәселен, Тұманды Альбиондағы «Биг-бэн», Мәскеу қаласындағы «Кремль» сағаттары көпшілікке әйгілі. Енді осындай музыкалық сағат Алматы қаласында да пайда болды. Бұл сағат Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ғимаратында жұмыс істей бастады. 2009 жылы қайта жөндеуден өткізіле бастаған сағат механизмі үстіміздегі жылдың қазан айында аяқталған болатын. «Қаламыз үшін музыкалық сағат» деп аталатын жоба Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Алматы қаласы тұрғындарына жасалып отырған бұл керемет сыйлықты Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясы, Алматы қаласы Алмалы әкімдігі, Казком­мерц­банк және «Құс жолы» қа­йырым­дылық қоры, «Наш город» тауарлар мен анықтама қызметі редакциясы, «Классика» музыкалық агенттігі бірлесе атқарған. Сондай-ақ жобаның жүзеге асуына аяққы кезеңде қолдау танытқандар – Т.Ты­нышбаев атындағы Қазақ кө­лік және коммуникация ака­демиясы мен Алматы техноло­гия­лық университеті. Музыкалық сүйемелдеумен жүріп тұратын са­ғатты жасаудың идеясы кон­сер­­ваторияның басты серіктері­нің бірі – Казкоммерцбанкке тиесілі екен. Казкоммерцбанкпен бір­лесіп, барлық жағдайды саралай келе, сағат механизмін курсант­қа ауыс­тыру шешімін қабылда­дық, – дейді оқу орнының ректоры Жәния Әубәкірова. – Музыка­лық соққымен жүретін сағаттар әлемнің көптеген елдерінде бар. Олар сол елдің қаласына қай­таланбас өң мен дыбыс береді». Казкоммерцбанктің атқа­рушы директоры Мағжан Әуезов: «Біз үшін қаланың жақсы жаққа қарай өзгеруі өте маңызды. Сағат әлемдік және қазақтың классикалық музы­касымен ой­налатын болады. Бұл әр кездегі уақыт пен мәдениеттерді си­паттайтын әуендерге толы болады», – дейді. «Музыкалық сағаттың» ашы­луы қаламыз үшін өте маңызды. Бұл жобаға қолдау көрсетуге біздің тұ­тыну­шы­ларымыз «Наш город» анық­тамалығын сатып алу арқылы қолдау көрсетті», – дейді аталмыш ба­сылымның бас редакторы Елена Саенко. Жобаның ашылу салтанатына қатысқан Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков осынау айтулы күнмен барша алматы­лықтарды құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ аудан басшысы бұл сағаттың қала тұрғындарына мол пайдасын тигізетінін жеткізді. «Құс жолы» қайырымдылық қорының жасап отырған сый­лықтары мұнымен шектелмек емес. Қор бүгінде Тәуелсіздік мерекесіне орай «20 игі шара» жобасын іске асыруды қолға алыпты. Қайырымдылық қор­дың көмек көрсетуінің нәти­жесінде Қазақстанның өзге де қалаларында, атап айтар бол­сақ, Қызылжар, Семей, Сәтбаев, Өскемен, Балқаш, Тараз, Степногорск, Жезқазған, Орал, Теміртау, Ақтау, Астана және Атырауда көптеген қа­йырымдылық жұмыстары өт­кі­зілген. Жезқазған қаласында балаларға арналып жаңа ойын алаңы ашылса, Тараз қаласында «Алғыс айту аллеясы» ашылды. Степногорск қаласында барлық қалалық мерекелер бірегей сахналық орында өтетін болады. Орал қаласында «Домбыра» мүсіндік композияциясы қала­ның орталығында бой көтерді. Теміртау қаласында «20 игі шара» жобасының аясында бірегей күн сағаты ашылды. Ақтау қаласында ашылған «Аққудың адалдығы» атты мүсіні қалалықтарға мәңгі­лік махаббат сезімін сыйлары хақ. Еліміздің бас қаласы Астанада 20 ағаш отырғызылды. Атырау қаласының басты алаңының сәнін «Нөлдік шақырым» ескерткіші келтіріп тұр. Осылайша, «Құс жолы» қайы­­рымдылық жобасы өзінің игі­лікті істерін елді мекендер мен қалаларды көркейтуге жұм­сай беретін болады. Казком­мерц­банктің бастамасымен ұйым­­дас­тырыл­ған «Құс жолы» қайырым­дылық қорының әлеу­мет­тік жо­балары қоғамның дамып, өзге­руі­не қосып келе жат­қан үлесі мол деп айтуымызға толық негіз бар. Д.Жұмажанұлы

2722 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы