• Мәдениет
  • 09 Желтоқсан, 2011

Казкоммерцбанктің әлеуметтік жауапкершілігі

Алматы қаласында елімізге танымал үш суретші Андрей Нод, Эдуард Казарян және Марат Бекеевтің көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты – суретшілер еңбегін жалпыхалықтық сатылымға шығарып, одан түскен ақшаның отыз пайызын «Құс жолы» қорына аудару арқылы Қостанай қаласындағы балалар ауруханасында жатқан балаларға жаңажылдық сыйлықтар әперу. Сонымен қатар суретшілер тірек-қимыл аппаратына зақым келген 60 балаға шеберлік сағаттарын өткізіп, өз өнерлерінің қыр-сырымен таныстыруды көздеп отыр. Бұл көрмеге 100-ден астам қылқалам және мүсін өнерінің әр жанрда орындалған жұмыстары қойылған. Суретшілердің еңбектері, шын мәнінде, қарасаң көз тоярлықтай өзіндік өрнек-нақышта жасалған. Көрменің ашылуында сөз алған суретші Марат Бекеев: «Бұл көрменің мен үшін алатын орны ерекше. Себебі мен бұл арқылы балаларға жақсы көңіл күй сыйлап, толыққанды дамуларына септігімді тигізетін боламын және де Казкоммерцбанк мен «Болашақ» ассоциациясына алғысымыз шексіз», – деп ағынан жарылды. Эдуард Казарян болса: «Мен үшін бұл жоба бірнеше кезеңдерден құралған. Біріншіден, бұл – біздің түрлі науқасқа шалдыққан балалардың көркемдік тәрбиесіне қосқан кішкентай да болсын үлесіміз. Екіншіден, бұл тамаша суретшілермен және белсенді адамдармен бірлесе атқарған жұмыс деп білемін және де көрменің «Казкоммерцбанктың жаңа ғимаратында өтіп отырғаны да үлкен қуаныш», – деді. Бір айта кетерлігі, бұл көрменің өткізілуіне, ұйымдастырылуына демеушілік жасап отырған Казкоммерцбанк болып табылады. Казкоммерцбанк бүгінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі банктердің бірі болып есептеледі. Банк активтері 2011 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдайын саралағанда 2 673,8 млрд. теңгені құраған. Казкоммерцбанк жанынан құрылған «Құс жолы» қайырымдылық қорының негізі 2004 жылы қаланған. Қайырымдылық қордың мақсаты – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін үн қосу. Осылайша, «Құс жолы» қайырымдылық қоры құрылғанынан бері көптеген игі іс-шаралардың өткізіліп тұруына атсалысып келеді. Мұның бәрі әрине, құптарлық жайт. Өйткені елімізде – көмек қолына зәру жандар жетерлік. Оларға уақтылы көмек беріп, жандарынан табылып отыратын қайырымдылық қорларының көбеюі әрдайым қажет екені аян. «Құс жолы» қайырымдылық қорының бюджеті банктің адал пайда табуынан, қызметкерлерінің, банк серіктестерінің және клиенттерінің ерікті түрде көмек беруінен жиналған қаржыдан құралады. Қор өз жұмыстарын республика аумағындағы банк филиалдары арқылы жүзеге асырып келеді. Қайырымдық жасау істерінің нақты стратегиясы мен оны іске асырудың ұстанымдары бар. Казкоммерцбанктің атқарушы директоры, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Мағжан Әуезов: «Бұл жобада біз әртүрлі күштерді жұмылдыра білдік, – дейді. – Өнер, бизнес және қоғамдық ұйымдардың басын қосып, бірлесе шаралар ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі көрмені мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек қана емес, сонымен қатар олардың рухани кемелденуіне жасалып отырған қадам деп түсінуіміз керек. Біздің мақсатымыз – олардың бойындағы қабілетті дамытуға көмектесу, қолдау көрсету». Аталмыш көрме Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен «Болашақ» ассоциациясының құрылғанына 10 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Көрме 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Мекенжайы: әл-Фараби даңғылы, 34 (Алматы қаржы орталығы, Казкоммерцбанк ғимараты, 1-қабат). Дәуіржан Жұмажанұлы

2608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы