• Мәдениет
  • 09 Желтоқсан, 2011

Өнер қонған өлке

d0bcd0b0d0bdd0b3d18bd181d181d181d181d181-d0bcd0b0d0b9d180d0b0 Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстанның әр облыстары мен аймақтарында көптеген игі шаралар атқарылу үстінде. Жаңа нысандар ашылып, ғимараттар бой көтеріп, егемендіктің келбетін айшықтап-ақ тұр. Маңғыстау өлкесі осындай игі бастамалардан шет қалып отырған жоқ. Мұның дәлелі ретінде 2011 жылдың 9 айында жасалған іс-шараларға қарайтын болсақ, облыстың мәдениет саласында екі театр, «Юность» кинотеатры, бір концерттік ұйым, 65 кітапхана, бес мұражай, 37 клуб мекемесі, облыстық тарихи-мәдени қорық, облыстық ғылыми-әдістемелік орталық және «Отпан» тарихи-мәдени кешені ашылып, халықтың игілігіне қызмет етуде. Үстіміздегі жылы Бейнеу ауданынан бір клубтық мекеме іске қосылғанын да ерекше атап өтеуге тұрарлық. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 49371,0 мың теңге қаржы бөлініп, екі нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың бірнешеуін тілге тиек етер болсақ, республикалық дәрежедегі «І.Серікбаевтың тұрған үйі» ескерткіші қайта жөндеуден өткізілді, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театры ғимараты да жаңартылып, театр көрермендерінің алғысына бөленуде. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар толықтай аяқталған. 49369,9 мың теңге қаржы бөлініп, табысты игерілді.  Ел өмірі өнер мен мәдениетсіз бол­ған ба? М.Өскінбаев атын­дағы об­лыстық филармонияда Қазақ­стан­ның Халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» ор­денінің иегері дәулескер күйші-дом­бырашы, талантты композитор Қаршыға Ахмедияров­тың 65 жасқа толуы қарсаңында «Күй ұран» атты еске алу кеші өтті. Сонымен қатар ерекше атап өтерлік жайт, күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың шығармашылығына арналған «Серпер» атты концертінің өтуі мәдени өмірдегі ерекше оқиға болды. Маңғыстау облыстық филармониясы да еліміздің рухани-мәдени өміріне сүбелі үлесін қосып келе жатқан өнер ұжымы деп атасақ болады. Облыстық филармонияның құрамында талантты ұл-қыздар, елге танымал болған өнер адамдары қызмет етеді. Сондай-ақ Маңғыстау өлкесінің бетке ұстар ұжымдарының бірі – кіші симфониялық оркестрдің өнерін де ерекше бағалауымызға болады. Кіші симфониялық оркестрдің ұжымы да бүгінде бірнеше талантты музыканттарымен белгілі. Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің қобызшылары Гүлжамал Ербозова мен Ажар Көбегеннің «Тілеп сарыны» тақырыбында есептік концерті өтті. Облыстық кітапхана ҚР Рәміздер күніне орай №2201, 2216 әскери бөлімдерінде «Рәміздер – елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты патриоттық-танымдық кештер ұйымдастырды. Тағы бір атап өтерлік ерекше қуанышты жағдай – облыстық қуыршақ театрының Украинаның Винница қаласында өткен «Подильска лялька – 2011» атты Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне Н.Майбоның «Қайта жаңғырған аңыз» қойылымымен қатысып, театр актері Ержан Бигашев «Үздік шебер орын­даушы» номинациясын жеңіп алғандығы. Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында Сартай Жүсіптің «Адам болып өтейін» атты премьерасының тұсаукесері болды. Бұл қойылым Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы мен Шыңғыс Айтматовтың романының желісі бойынша алынған, ал қойылымды сахналаған – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі режиссер Хусейн Әмір-Темір. Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Жаңаөзен қалалық, Маңғыстау аудандық филиалдары экспозиция залдарының жаңадан жасақталып ашылғаны да өнерсүйер қауым үшін зор қуаныш тудырды. Облыстық мұражайда дүлдүл ақын Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығына орай «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» атты жылжымалы көрме және мұражай қорында сақталған, ақынның 150 жылдық мерейтойына берілген кәде сыйлықтардан тұратын тұрақты көрме ашылып, көрмені тамашалаушылар қатары еселеп артты. Облыс ауқымында өткізіліп жүр­ген шаралардың бірі – Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы­на арналған «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалі көпшілік көңілінен шықты. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанымды әнге қосамын» атты патриоттық әндердің облыстық байқауы өткізілді. Маңғыстау аймағында қолға алынып жатқан шаралардың легі мол еке­нін мына бір жайттардан аңғаруға бо­лады. Мәселен, Маңғыстау мемлекет­тік тарихи-мәдени қорығы «Маңғыстау ашық аспан астындағы мұражай» атты жылжымалы көрмесімен Қызылтөбе кентіндегі №6 мектеп-лагерінде, Мұ­най­лы мәдениет үйінде, Қызылөзен ауылының мәдениет үйінде болды. Жаңаөзен қаласы, Қарақия, Мұнай­лы, Түпқараған, Маңғыстау аудандары­ның мәдениет күндері аясында «Астана» сауда орталығы жанындағы алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынылды. «Сәлем саған, Астана» концерттік марафоны өтті. Маңғыстау – мұнайлы өлке. Облыстық кітапханада Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына арналып «Мың жаса, Маңғыстауым, мұна­йыңмен!» тақырыбында мұнайшы ардагерлермен кездесу ұйымдастырыл­ды. Ардагерлер өздерінің еңбек жолдарын әңгімелеп, өмірлеріндегі қызықты кездерін еске алды. Маңғыстау өңірінде әдебиетке, айтыс өнеріне үлкен көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» акциясы биылғы жылы қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, прозашы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы бойынша ұйымдастырылды. Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойы аясында республикалық ақындар айтысы өтті. Ел өміріндегі тағы бір маңызды шараның бірі ретінде республикалық дирижерлер байқауын атап өтуге болады. 26-28 қыркүйек күндері Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Маңғыстаудың тұңғыш кәсіби дирижері Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» республикалық дирижерлер байқауы болды. Облысымыздың мәдени рухани тарихындағы көрнекті тұлға, өлкеміздің арғы-бергі тарихи жыр­ларының қазынасы болған, Маңғыстау күйлерінің ескіріп бара жатқан нұсқаларын өмірге қайта әкелуші, жыршы, күйші Ізбасар Шыртановтың 70 жасқа толуына орай ІІІ облыстық фольклорлық ансамбльдер және халық аспаптарда жеке орындаушылар байқауының өткізілуі атап өтуге тұрар­лық шаралардың бірі болды. Облыс аумағында өткізіліп тұратын байқаулардың саны мұнымен толастамақ емес. Мысалы үшін, жыл сайын өткізілетін облыстық ретро әндер байқауы және облыстық «Сырлы әлем» атты мүгедектердің өнер байқауы бүгінде танымал болып, оған қатысуға үміт білдіргендердің саны жыл сайын артып келеді. Араға екі жыл салып бес рет өт­кен Мұрат Өскінбайұлы атындағы рес­публикалық күйшілер сайысы күрделі мектеп саналатын Маңғыстау күйлерін насихаттауда ерен орны бар. Қара домбыраның қасиетін балғын шақтан ұғындыру мақсатында өткізіліп келе жатқан балалар арасындағы Құлшар атындағы сайыстың да берері мол екенін ерекше айтып өткеніміз абзал. Қазақтың күй өнерінде Дина Нұрпейісованың алар орны ерекше. Дина күйлері бүгінде қазақтың күй жауһарларының бірінен саналады. Қазан айының 25 жұлдызы күні Д.Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған аймақтық күйшілер байқауы өтіп, оған Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облысынан жас домбырашылар келді. Қараша айында өнерпаз Күріш Тасболатовтың 70 жылдығына орай «Жеті қайқы» әнін орын­даушылардың республикалық сайысы өткізілді. Бұл сайысқа респуб­ликамыздың әр түкпірінен келіп қатысқан өнер иелері көп болды. Киелі өнерді жандарына серік еткендер Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келіп, барлығы 30-дан аса жас өнерпаз қатысты. Келесі жылы аталмыш байқауды Шамғұл Ыбырайымұлының 170 жылдығына орай ұйымдастыру жос­парлануда. Жыл аяғына дейін «Тәуелсіздіктің туын биік көтерейік» атты ұлттық мәдени орталықтардың байқауларын өткізу де көзделіп отыр. Бұл аталған жұмыстарды ұйым­дастыруда Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмарованың еңбегі өте зор.Ұйымдастырушылық қабілеті мол іскер басшы мәдени шаралардың қызықты да, мазмұнды өтуіне күш салады. Осының нәтижесінде облыс жұртшылығының ықыласына бөленіп келеді. Маңғыстау өнері өрлей берсін. Бектұр Төлеуғалиев, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысындағы өкілі, Қазақстанның құрметті журналисі

3525 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы