• Мәдениет
  • 09 Желтоқсан, 2011

АНА АМАНАТЫ

d0b4d0b8d0bdd0b02Күй дүлдүлі Дина Нұрпейісованың туғанына – 150 жылҚаршадайынан Нарындағы атақты күйшілердің күйлерін нақышына келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» атандырған қыздың есімін естіп, күй атасы Құрманғазының өзі арнайы іздеп барыпты. Оның даңқына ғана емес, домбыра тартысына сүйсінген күйші батасын беріп, ақ жол тілеген екен. Бұдан кейін де жас дарыннан көз жазбай, үнемі ат басын бұрып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың қыр-сырын меңгертіпті деседі. Сол қаршадай қыз тоғыз жасынан бастап, он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болыпты. Бүгінде оның «Әсемқоңыр», «Тойбастар» , «Ана аманаты», «Байжұма» , «Қосалқа» сынды күйлері көпшілікке белгілі. Домбырашы қыз Құрманғазыдай қас шебердің шәкірті атанып қана қоймай, кейін өзі де қазақтың маңдайын жарқыратар жұлдыз атанарын біліп пе?! Биыл күй дүлдүлі Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толды. Ел Тәуелсіздігінің жиыр­ма жылдығымен тұспа-тұс келген Дина анамыздың бұл тойын дүйім ел дүрілдете атап өтті. Өзі туған топырақтан басталған той елі­міздің түкпір-түкпірінде өтіп, қазақ мәде­ние­тінің ордасы – Алматыда жалғасты. Абай атын­дағы мемлекеттік академиялық Опера жә­не балет театрында өнер шеберлерінің қа­­ты­­суымен өткен концерт те – соның айғағы. Сахнаның шымылдығы ашылғанда көрерменге Дина шешейдің күй тартып отырған бейнесі көрініп, таспаға жазып алынған сөзі ұсынылды. Өнер иесінің алғаш сахнаға қалай көтерілгенінен бастап, кимешегін келістіре киген келіншектің киіз шетінедегі кербез отырысын, домбы­ра қағысын әсерлі әңгімелеген жүргізу­шілер көрерменнің көз алдына Дина Нұрпейісованың бейнесін әкелді. Салтанатты кешті Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов ашты. Ол: «Құрманғазыдан тәлім алған күй өнерінің төлтума таланты Дина Нұрпейісова қазақ даласын күйге бөледі. Қазақ мәдениеті мен руханиятына зор үлес қосқан ол күй өнерінің өрісін ұзартты. Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы шеңберінде еліміздің аса көрнекті қайраткері Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы кеңінен аталып өтуде», – дей келе бауырлас Түркия елінде күй дүлдүлінің атында саябақ ашылғандығы жайында сүйіншілеген жаңалықты жеткізді. Сахнада оркестр күйшінің күйле­рін тө­гілдірсе, Динаның ізін жалғап жүрген, өнер дүлдүлінің бүгінгі сіңлілері саналатын Айгүл Үлкенбаева бастаған бір шоғыр өнерпаз­дар күйден тарту жасады. Ал Сәуле Жанпейісова бастаған дәстүрлі ән өнерінің шеберлері әннен шашу шашты. Кеште өнерлі қыз-келіншектердің түгелі дерлік сахнаға Дина шешейдің келбетін елестетер кимешек киіп шыққандығына көз сүйсінді. Бұл өнер шеберлерінің кешіне күйшінің туған өлкесі Ақжайық өңірінен арнайы өкілдер келіп, өңір басшысы Б.Ізмұхамбетовтің құттықтауын оқып, сия-сияпатын жасады. Сондай-ақ сахнада Динаның 150 жылдығына орай өткізілген домбырашылар байқауында жүлдегер атан­ған жас дарындар да өнер көрсетті. Бұл кеш­ке арнайы келген төлтума таланттың туыс­тары да сахнаға көтеріліп, күйшісін ардақ­таған еліне алғысын білдірді. Күй өнеріне мейі­рі қанған көпшілік «қазағының қанында күй ойнатқан Дина күйшінің мұрасы – ұрпаққа аманат» десіп тарасты. Динара ІЗТІЛЕУ

4972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы