• Мәдениет
  • 20 Желтоқсан, 2011

Менің жаным тым нәзік...

Қазақ ән өнерінің сахнасында Роза есімді таланттар жиі кездеседі. Солардың бірі әрі бірегейі - көпшілік мән-мазмұнға толы әдемі де әуезді әндерін сүйіп тыңдайтын, қазақы болмысына ғажап дауысы лайық әнші-сазгер Роза Әлқожа. 18 желтоқсан күні Алматыдағы Студенттер сарайында жеке шығармашылық концертін бергелі жатқан Розамен сұхбаттасудың сәті түсті.  – Роза, өткен жылы Жазушылар одағында өткен кешіңіздің куәсі болып едік. Кешке жиналған халықтың көбі одақтың шағын залына сыймай, далада жүргенін көзіміз көрді. Араға жыл салып үлкен концерт берейін деп жатыр екенсіз, бұл сіздің көңіл қалауыңыз ба, әлде сол концертке кіре алмай кеткен тыңдарманыңыздың шөлін әнмен қандыруыңыз ба? – Иә, өткен жылы ақпан айында өткен кеш екінші альбомымның тұсаукесері болатын. Алғаш­қы альбомымның тұсаукесерін жасамаған да екен­мін. Сосын осы екінші альбомым жарыққа шыққан­да ақын Бақыт Беделханмен ақылдастым. Ол сөзім­ді құп көріп, «Жазушылар одағының 75 жылдығы аясында сенің де кешіңді өткізсек, альбомның да тұсауын сол жерде кессек» деген ұсыныс айтты. Әрине, ол жердің залы үш жүз елу адамға лайықталғанын білесіздер. Ақын-жазушылардың өзінен бөлек халық та көп жиналды. Жартысы – аяғынан тік тұрып тамашаласа, жартысы далада жүрді. Сонда маған келіп көп тыңдарманым реніштерін білдірді. «Роза, біз сенің әніңді сүйіп тыңдаймыз. Өзіңді іздеп жүреміз. Байқасақ, үлкен концерт берерлік бай репертуарың да бар екен. Неге үлкен залға жасамадың?» – деген наздарын жеткізді. Бірақ біздің елде концерт өткізу де оңай емес. Басқаны айтпағанда, сарайды жалға алудың шығыны да шаш етектен. Содан біраз ойланып-толғанып жүріп, өткізбейтін шығармын дегенмін. Алайда осы желтоқсан айы жақындағанда тәуекелге бел буып, концерт өткізем деп шештім. Өйткені байқап отырсам, биыл ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс өзім де отыз жасқа толады екенмін, сахнада жүргеніме де он жылдың жүзі болыпты. – Бұл концертте тың­дар­ма­ныңызды немен таңғалдыр­мақ­сыз? – Бұл концерттің басты ерекшелігі – мұнда тек жаңа әндер орындалмақ. Рас, арасында халық сүйіп тыңдайтын «Мен сыйға тартқан орамал», «Жүрек назы», «Ол көктем оралмайды» деген бұрынғы әндер де болады. Өйткені ол әндерді тыңдарман да айтпасыма қоймайды. – Осы жазда елдің біраз өңір­леріне сапарлап қайтқан екенсіз. Халықтың ықылас-пейілі қалай екен? – Жазда біраз жерлерді аралағаным рас. Соның бірі – Шығыс Қазақстан аймағы. «Концерт өтеді» дегенде алғаш: «Ол қай Роза? «Мен сыйға тартқан орамалдан» басқа әнін тыңдамаппыз», – деп тосырғандар да болды. Бірақ концерттен кейінгі көңіл күй мүлде бөлек. Дуылдата соғылған шапалақ пен қарша бораған сауал, хат... Соның бірін айта отырайын. Өскемендегі концерт соңында жетпіс бес жастағы бір ақсақал маған келіп хат ұсынды. Хат компьютерде терілген, арнайы дайындықпен жазылғаны аңғарылады. Сөзі де көркем. Хат: «Осыдан қырық бес жыл бұрын маған да тура өзің секілді сүйкімді сары қыз орамал сыйлап еді. Сен осы әнді орындаған сайын мен өзімді ғарышта жүргендей сезінемін...» деп басталыпты. Хатпен қоса «Мен сыйға тартқан орамалға» поэзиялық нұсқадағы жігіттің жауабын да жолдапты. Шынайы сезімнен туғаны байқалып-ақ тұр. Алдағы концертте «Мен сыйға тартқан орамалды» қыз бен жігіттің орындауында, яғни дуэт күйінде тыңдай аласыздар. Осы әнді өзім сахнаға домбырамен алып шыққалы отырмын. Өйткені ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті болған осыдан он шақты жыл бұрын алғаш айтыс сахнасына бұл әнді домбырамен алып шыққан едім. Сол кездегі буын бір серпілсін деген оймен бұл жолы да домбырамды қолыма аламын. – Сізді бірге оқыған достарыңыз «Роза – романтик» деседі, ал бір қызығы, сырткөз сізді ер мінезді қайсар қыз көреді екен... – Оныңыз рас. Сыртқы кейпім солай көріне ме, кім білсін, мені ер мінезді әрі еті тірі пысық қыз деп бағалайтындар көп екен. Ал, шындығында, мен тым сезімталмын. Жаным нәзік, тез жараланғыш. Кім біледі, сондықтан да болар, күйзеліп, іштей қиналатын сәттерім де жиі кездеседі. Бірақ мен осын­дай болмасам, дәл қазіргідей ел сүйіп тың­дайтын лирикалық әндерді дүниеге әкеле алар ма едім?!. – Иә, сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдайтын­дардың аузынан «Розаның әндерінен сезім сорғалап, лирика тамшылап тұрады» дегенді естиміз. Мұны сіздің талантыңызға берілген баға деп қабылдаған жөн шығар. Дегенмен қазіргі қазақ эстрадасының ақсап тұрған тұсы бар. Ол – дауысы жоқ «дарындар» мен сапасыз әндердің көбеюі. Осыны көрген кезде кейде қолыңызды бір сілтеп, кете барғыңыз келмей ме? – Өмірде сом таланттар болады. Олар ешкімді күндемейді. Өз қиялымен еркінше қалықтап жүре береді. Сонымен қатар кем таланттар да кездеседі. Қасыңда жүріп, идея, қала берді, ән ұрлайды. Онысымен қоймай, кейін сені күндеп, танымай кетіп жататындары да бар. Бұл, әрине, ішіңде бір қыжыл ту­ғызады, кейде намысыңды қайрайды. Сол ішкі қы­жылдан кейін есемді осындай әдемі әуендерден қайтарамын. – Сізді «досқа – бай, достыққа берік жан» деп естігенбіз... – Сол рас-ау. Қарап отырсам, менің достарым көп екен. Жас айырмашылықтары да әркелкі. Мысалы, анау Өскеменде ақын Азамат Тасқара деген дос-бауырым бар. Менен он шақты жас кіші. Астанадан Қалқаман мен Гүлмира Сарина келеді. Анау Атыраудан Бақытгүл Бабаш, Шымкенттен Бақытжан Алдияр арнайы ат басын бұрмақ. Тіпті мынау Алматы облысынан Есенқұл Жақыпбеков ағам да арнайы келіп, әнімді тыңдап, лебізін айтып жүреді. Ақмарал Леубаевамен арадағы достығымызды ел біледі. Төрт балам етегіме оралып жүрсе де, достарымды есімнен бір шығармауға тырысамын. – Бала демекші, қазақтың сүйікті әншілерінің бірі Мақпал Жүнісованың сіз туралы «Роза – сәбиін талбесікте, халқын ән-бесікте тербеп жүрген талантты қыз» дегені есімізде. Балаларыңыз да есейіп қалған секілді, тағы бесік тербеткіңіз келмей ме? – Бақыт Беделханның да «Роза бір баласын қолтығына қысып, бір баласын жетегіне ертіп, бір баласын аузына тістесе де, өнер көшінен қалмай келе жатыр» дегені бар (күліп алды – Д.І). Рас, қалалық жерде көпбалалы болу оңай емес. Дегенмен елдің батасы жерде қалмаса, әлі талай бесік тербететін сияқтымын ғой. Сұхбаттасқан Динара ІЗТІЛЕУ

3078 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы