• Мәдениет
  • 20 Желтоқсан, 2011

Түннің тылсым сыры

d182d183d0bdd0b31Жазушы Нұрғали Ораз – талантты қаламгер. Оқырман қауымға оның шығармалары жақсы таныс. Н.Ораз туындыларының бір ерекшелігі – театр сахнасына сұранып тұратындығы. Бұл да жайдан-жай емес. Себебі қаламгер әңгімелері мен повестерінде өмірдің өзекті мәселелерін көтере біледі. Бір қарағанда, тіршіліктің қарапайым, көзіміз үйренген болмашы көрінісі болуы мүмкін. Алайда әлгінің астарында – терең ой, назар аударарлық мән-мағына жатады. Н.Ораздың «Таудағы түн» лирикалық драмасы жазушының «Бақ құсы» әңгімесінің желісінде өмірге келген. Оны Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында сахнала­ған – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықара­лық театр фестивальдерінің екі мәрте лауреаты, режиссер Балтабай Сейітмамытұлы. Спектакль қандай ойға қалдырды? Біз одан не түйдік? Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынас. Жас келіншектің кезінде бір ауылда тұрған өзінен сәл-пәл ересек азаматқа деген сүйіспеншілік сезімі. Бір қарағанда, ертегіге де ұқсауы мүмкін. Алайда өмірде не болмай жатыр? Бәрі де болуы мүмкін. Осы жас келіншек балғын кезінде жоғары сыныпта оқитын бозбаланы ұнатып қалуы да кәдік. Кейін әркім мектеп бітіргеннен соң өмірдің сан тарау жолына түсіп, жан-жаққа кете барады. Алайда балғын қыздың бойындағы сезім жай, ұшпа сезімнің бірі емес екен. Бозбалаға әжептәуір-ақ көңілі құлапты. Әйтпесе, арада бірқыдыру жылдар өтсе де, кейін есейіп, үйленген, азамат болған сол бозбаламен хабарласпас еді ғой. Демек, шынайы сезімнің болғаны. «Аға-ау...» деген мөлдір де тұнық, сырға толы жас келіншектің үні жігіттің жүрегін елжіретіп-ақ жібереді. Бұл жасанды, алдамшы сезім емес еді. Жігіт осыны түсінді. Сондықтан да ауылдас қыздың қолын кері қайтара алмады. Кездескісі, сырласып, әңгімелескісі келді. Расында да, өзі ойлағандай болып шықты. Жас келіншектің жүрегі таза, сезімі тұнық екен. Мұның ауылдағы кейбір қылықтарын еске түсірді. Бұл соларды ұмытпай, есте сақтап жүргеніне таңғалды. Жас келіншектің сөзінен аңғарғаны, ауылдың тұнық тірлігін, нақты айтқанда, мөлдірлікті, тазалықты армандап-аңсайтын секілді. Бүгінгі тірлігіне көңілі толмайтындай. Бір қарағанда адамға қажет дүниенің бәрі бар. Көз тартар баспана, шетелдік машина дегендей... Бірақ та соның бәрі жас келіншекті қызықтырмайды. Басқа өмірді, басқа дүниені іздейтіндей. Ол өміріңіз, ол дүниеңіз – табиғаттың өзіндей адалдық, шынайылық, жылылық. Осыдан-ақ жазушы-драматургтің қандай мәселені көтеріп отырғанын сезінуге болар еді. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазіргі тірлікте кездесіп қалатындай, шет­елдерде күнін көріп жатқан қандастарымыз бар емес пе? Әлгі жас келіншектің күйеуі де – шет­елде бас сауғалап жүрген отандастарымыз­дың бірі. Спектакльде бір көрініп қалған сол қандасымыздың айтуына қарағанда, олардың ол жақта жетісіп жүргендері шамалы екен. Олар байлықтан кенде емес. Не ішем, не кием демейді. Алайда солардың бәрі жиналып келіп, туған жердің, туған елдің топырағын басып жүргенге жетпейді екен. «Туған жердей жер қайда, туған елдей ел қайда» деген де осындайдан шықса керек. Спектакльде қылаң беретін тағы бір көрініс – қазақ жерінде жұмыс істеп жатқан шетелдік фирма өкілінің жас келіншектің жолын бөгеп, «бұл – біздің аумақ» деп қоқан-лоқы көрсететіндігі. Жердің қожайыны – қайдағы шетелдік біреу. Намысқа тиетін-ақ көрініс. Бірақ бұл өмірден алынып отыр ғой. Ойландыратын-ақ мәселе. Бір сөзбен айтқанда, спектакль көңіл­ден шықты. Онда, негізінен, бір оқиға өзек болғанымен күнделікті өмірде ұшыра­сар көкейкесті мәселелер қамтылған. Спектакль­дің құндылығы да – осында. Жұртшы­лық жүрегіне ой салар, мәнді де мағыналы осы іс­петтес туындылар мол болғай деп тілейік. Нұркен Жандәулетұлы

2845 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы