• Тұлға
  • 15 Наурыз, 2012

Қазақ ғылымының асқар шыңы

d181d0b0d182d0bfd0b0d0b5d0b22Адамзат тарихында сонау ежелгі дүниеден бастап бүгінгі біздің уақытымызға дейін есімдері әлемге жайылған ғұлама данышпандар мен ойшылдар жеткілікті. Сол абыздардың ішінен ағылшындардың В.Шекспирге, орыстардың А.С.Пушкинге, М.Ю.Лермонтовқа, украиндардың Я.Колас пен Я.Купалаға, қазақтардың Абайға, М.Әуезовке арнап энциклопедия шығарғанын білеміз. Тым аз. Мұның басты себебі – энциклопедия шығаратын тұлға ғұлама білімімен, терең ойымен, үздік шығармаларымен, ерекше еңбектерімен әлем жұртшылығына танымал адам болуымен қатар кейінге қалдырған мұрасы мол, кітапқа енгізілетін деректі материалдары жеткілікті болуы шарт. Біздің қазақ елінде осындай құрметке ұлы ойшыл ақын, тұтас бір жаңа әдебиеттің көшбасшысы болған Абайдан соң, Қазақстан ғылымы ғана емес, әлемдік геология ғылымында соны еңбектерімен ерекше орын алатын академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев еді. Сондықтан да қазақ энциклопедияшыларынан өткен ғасырдың соңында ұлы геологтің өмірі мен ғалымдық жолын жан-жақты көрсетуді мақсат еткен энциклопедия шығаруды қазақ зиялылары талап ете бастады. Бұл игі бастаманы Қазақстан Ғылым академиясы, Халықаралық Сәтбаев қоры, ғалымның туған жері – Баянауыл ауданының азаматтары, ғасырлар бойы қойнауында жасырын жатқан аса мол кен қорын ашқан Жезқазған аймағындағы шәкірттері қызу қолдады. Академиктер Ж.Сыдықов, Ә.Нысанбаев, профессор В.Ли, Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті С.Қожахметов қызу қуаттады. Сөйтіп, осы жолдардың авторы болашақ «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясы сөзтізбесінің алғашқы нұсқасын жасауға кірісіп те кеткен болатын. Дегенмен қаржы тапшылығы, өзге де себептермен бұл кітапты баспадан шығару ісі кейіндеп қала берген. Халқымыз «игіліктің ерте-кеші жоқ» дейді ғой. Қазіргі кезеңде филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып бастаған қазақ энциклопедияшыларының бүгінгі буыны осынау ұлы азаматқа арналған кітапты шығару жауапкершілігі мен бақытына ие болды. Сөйтіп, жуықта «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясы басылып, жарыққа шықты. Ғалым еңбектері өзінің көзі тірісінде-ақ күнделікті баспасөзден бастап, Алматы, Мәскеу, Ленинград, т.б. қалалар мен шет елдердегі баспалардан түгелге дерлік жарық көрген. Монографиялық күрделі зерттеулері кезінде жеке кітап болып басылған. Ал ғұламаның өмірі мен шығармашылық жолына арналған жеке зерттеу кітаптар қаншама! 1967 жылы 5 томдық таңдамалы еңбектері, 2001 жылы шығармаларының 8 томдығы баспадан шықты, табанды зерттеуші М.Сәрсекеевтің Сәтбаев өмірін сан қырынан баяндайтын ғұмырнамалық кітабы Мәскеуде басылатын «Тамаша адамдар өмірі» топтамасынан бірнеше рет жарық көрді, қазақ тілінде «Қазақтың Қанышы» деп атаған роман-эссесі жарияланды, академик Е.Бөкетов «Жас Қаныш» деректі хикаятын, ақын К.Салықов ғалым ағасына арнап поэма, қызы Ш.Сәтбаева «Сәулелі әулет» естеліктер кітабын жазды. Ғалым немересі Ғ.Батырбековтың Сәтбаевтың қоғамдық ғылымдарға қатысты мұрасын зерттеген көлемді монографиясы жарық көрді, жұртшы­лық замандастары мен шәкірттерінің «Заңғар» естеліктер жинағымен танысты, деректі фильмдер түсірілді. Осыны ескерсек, бір адамның, өмір жолы осындай-ақ зерттелсін деп қанағат тұтуымызға болар еді. Дегенмен уақыт пен бүгінгі ұрпақ талаптары басқаша. Олар сан саланың сардары болған ұлы ғалым туралы неғұрлым көбірек біліп және сол деректердің барлығын бір кітаптан тапқысы келеді. Шынында да жоғарыда аталған және аталмаған толып жатқан зерттеулер алған тақырыптарына қарай дара қарастырсақ Сәтбаев деген заңғар таудың жеке-жеке жоталарына ғана арналған. Өйткені ғұламаның сегіз емес сексенге жететін сала-сала бұлақтары бір көлге, бір еңбекке сыймайды. Оқырманға әрі ықшам, әрі деректері анық, мағлұматтары мол кітап керек. Бұл талапты тек энциклопедия ғана атқара алады. Энциклопедия белгілі бір ұлы тұлғаға көрсетілген құрмет десек қателескен болар едік. Ол, ең алдымен, сол ғұлама туралы жалпы оқырманға арналған оқу құралы. Онда энциклопедиялық тұлғаның барлық қыры ашылуы керек. Зерделеп қарасақ, кітапқа енген материалдар мынадай ортақ тақырыптар бо­йынша жиналғанын айқын көреміз: 1. Ғалымның төл еңбектері; 2. Ғылыми еңбектері мен ашқан жаңалықтары; 3. Ғалымдық, қайраткерлік, азаматтық тұлғасы; 4. Сәтбаев есіміне қатысты ғылыми мекемелер, кенді аймақтар мен кен, өндіріс орындары, ғылым салалары, мекемелер, елді мекендер, білім ошақтары; 5. Ғалымның отандық және шет елдердегі әріптестері, ұстаздары мен шәкірттері; 6. Ғалым еңбектеріне арналған зерттеулер мен зерттеушілер, мұрағаттық мекемелер; 7. Сәтбаевтың өскен ортасы, замандастары, ізбасарлары; 8. Ғалымның еңбектері жарияланған баспалар мен күнделікті газет-журналдар; 9. Иллюстрациялық материалдар, карталар, сызбалар, деректі фотосуреттер. Кітаптың бір ұтымдылығы – осыншама тақырыптағы қыруар материал шамамен бір көлемде, қысқа ғана, тұжырымды етіп берілген, артық дәріптеу жоқ, нақты баяндалған. Егер ғұламаның геологтық, қайраткерлік, басшылық, күрескерлік, азаматтық, ұстаздық, әдебиетшілік, әншілік, т.б. қасиеттері туралы жеке-жеке көлемді мақалалар берілсе, кітап анықтамалық қасиетінен айрылып, зерттеу-очерк сияқты бірдеме болып шығар еді. Энциклопедияшылар Қаныш ағамыздың осыншама қырларының барлығын атап-атап жатпай-ақ, шағын ғана нақты материалдар арқылы қолға ұстатқандай етіп көрсете алған. Кітаптың сәтті шығарылуына ғалымның 2001 жылы соңғы кітабы жарық көрген 8 томнан тұратын толық шығармалар жинағының көп пайдасы тиген сияқты. Оның осы кітапқа енген барлық еңбек­теріне, күрделі монографиялық шығармаларынан бас­тап, газет-журналдарда жарияланған мақалалары, ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары мен кездесулерде сөйлеген сөздері, ғылыми есептері түгел қамтылып, түсініктеме берілген. Бұл түсініктемелермен танысу барысында ғалымның еңбекқорлығына, ыжда­хаттылығына таң қаласыз. Геологтік ізденістерінің алғашқы 15 жылын Торғай-Ұлытау аталатын жалпақ даланың жер қойнауындағы кен байлықтарын ашуға жұмсаған алғашқы қадамдарынан бастап-ақ кен қазу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу идеясын қайта-қайта ұсынудан жалықпаған ғалым бір Жезқазған кенін игеруге байланысты 38 мақала, Қарсақбай кені жайлы 7 мақала жазған екен. Бұлардың сыртында Торғай бокситі, Алтай металлургия аймақтары, Ұлытау марганец, Баянауыл, Балқаш, Обаған кенді аудандары, Қияқты көмір бассейні, Маңғыстау марганец кендерінің тобы, Мұғалжар мыс, Қаратау фосфорит кендері туралы, т.б. зерттеулері мен ұсыныстары қаншама. Қысқасын айтқанда, энциклопедияны оқу барысында Қазақстан аумағында Қаныш Имантайұлының араласпаған ашылған кен көздері мен өндіріс орындары болмағанына көзіміз жетті. Қ.Сәтбаев, ең алдымен, геолог. Ол біздің жұртымызда, әсіресе, сол кезеңде, онша танып, мойындай қоймаған, сыры белгісіздеу бұл мамандықты неге таң­дап, қалай келді, инженер-барлаушы болып қалай қалыптасты? Бұл жайлы энци­клопедияда орыс ғалымы М.А.Усов туралы берілген мақалаларда айтылады. Шынында да 1921 жылы жазда Имантай ауылына емделуге келген Одақтық геология комитетінің төрағасы Михаил Антонович орыс тілінде таза сөйлейтін, білімді де ойлы жас жігітті өз мамандығына еліктіріп, оның Томск технолгиялық институтына оқуға түсуіне бірден-бір себепші болған. Қиын-қыстау сәттерде қазақ ғалымының жанынан табылып, дем беріп отырған. Кейін Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда оның алғашқы толық мүшелерінің бірі болып сайланды. Біз жалғыз Усов қана емес, орыстың көптеген көрнекті ғалымдарының жас геологқа дем беріп, қолтығынан сүйеп отырғанын көреміз. Бүгінгі ұрпақ ұлы ғалымымыз Қ.Сәтбаевтың ғылым шыңына шығар жолының тым даңғыл бола бермегенін біле қоймаулары да мүмкін. Ол «Жезқазған кенін игеруге байланысты алғашқы үлкен тартысқа тап болды. Бұл уақытқа дейін орыс геология ғылымында Жезқазған кенінің қоры мардымсыз, ол шы­ғарған шығынды ақтамайды» деген пікір қалыптасқан. Аз жылда осы орныққан пікірді бұзып, Жезқазған мыс қоры дүниежүзіндегі ең бай кен көзі екендігін дәлелдеп шығу «түйе мінген қазақтың» баласына оңайға түскен жоқ. Кейін Жезқазғанда мыс қорытатын зауыт салу мәселесі де қатты қар­сылық­қа ұшырады. Бұл қуатты өндіріс орнын Кеңгір жағасында, Нұра бойында тұрғызу туралы ұсыныс болды. Ақырында Қоңырат мыс-молибден кенін ашқан беделді ғалым М.П.Русаковтың ұсынысы қабылданып, зауыт Балқаш жағасында салынды. Осы жаңсақтықтың салдарынан республикамыздағы аса үлкен тұщы су қоймасы экологиялық күйзеліске ұшырып, балығынан бастап жағалауында жайылған аң біткеннің азайып кеткенін көріп отырмыз. Ал Қоңырат кен қоры айналдырған 20 жылдан аспай таусылғаны белгілі. Бұл қателік ұлы ғалым өмірден озғаннан көп кейін ғана түзетіліп, бір кезде Сәтбаев ұсынған зауыт Жезқазғанда 1973 жылы ғана іске қосылды. Энциклопедияда келтірілген осы бір деректің өзі, әсіресе, жас ғалымдар үшін есте ұстарлық, таптырмайтын өнеге. Қазақ ғалымы бұдан кейінгі жылдары да КСРО Ғылым академия­сы­ның пре­зиденттері С.И.Вавилов, В.А.Комаров, А.Н.Несмеяновтар тара­пы­­нан үнемі қолдау көріп отыр­ды. Қаныш Имантайұлы Украина, Тәжікстан, Өзбекстан Ғылым акаде­мияларының президенттері Б.Е.Патон, С.Айни, Х.Абдуллаевпен достық қарым-қатынаста болған. Кітапқа осынау көрнекті ғалымдар туралы мақала­лардың енгізілуі жарасып-ақ тұр. Бұл материалдар белгілі бір дәрежеде Сәтбаев өресінің өлшемін де аңғартқандай. Замандастары Қаныш Имантай­ұлы­ның өз идеясын ақырына дейін жеткізбей тоқтамайтын табандылығы мен іскерлігі жайлы көп жазған. Ол қиыншылықтан қорықпаған, күрестен тайсақтамаған, сеніміне берік адам болған. Энциклопедиядағы бірқатар материалдар ғалым-азаматтың осынау абзал қасиетін қолға ұстатқандай көрсетіп береді. 1946 жылы Қазақстан Ғылым акаде­миясының тізгінін ұстаған Қ.Сәтбаевтың негізгі ұстанған бағыттарының бірі – ғылымның ұлттық кадрларын әзірлеу мәселесі болған. Ғалымның бұл мәселеге ерекше мән бергенін кітаптағы ұлы орыс ғалымы М.В.Ломоносов туралы шағын мақаладан-ақ көруге болады. Қаныш ағамыз Михаил Васильевичті ғылымның барлық саласына сүбелі үлес қосқан данышпан ретінде ғана емес, оның ғылыми еңбектерін ана тілінде жазып, орыс тілінің ғылым, техника жөніндегі атауларды жасауға көп еңбек сіңірген тұңғыш орыс ғалымы болғандығы үшін де қатты құрмет тұтып, ғылымға енді келген қазақ жас­тарына үлгі етіп ұсынады. Қазақ ғалымдарын тәрбиелеу, қазақ тілінің құзыретін көтеру, халқымыздың көне мұраларын, ұлттық фольклорын қайта жаңғырту мәселелері төңірегіндегі тартыс ұшқына келіп, 1952 жылы Ғылым академиясының президенті қызметінен босатылған сәтте оның қайсар мінезі мен алған бағытына деген адалдығы айқын көрінген. Ол мәртебелі қызметтен босадым демей, ғылыми жұмыстарын ілгері дамытты. 1950 жылы құрылған беделді ғылыми топты басқаруды тікелей қолға алып, Орталық Қазақстанның металлогендік болжам картасын жасауға құлшына кірісті. Тынымсыз ізденістер мен қауырт жұмыстардың нәтижесі белгілі. Республиканың көрнекті ғалымдары мен ғылыми мекемелері, барлығы екі мыңға тарта маман жұмылдырылған бұл карта ойдағыдай әзірленіп, Қ.И.Сәтбаев бастаған жеті ғалымға Лениндік сыйлық берілді. Бір өкініштісі, кен орындарын анықтау ісінде жаңа ғылымның негізін салған ғалымның есімін дүниежүзіне танытып, Қазақстан геология ғылымын әлемдік геологияның алдыңғы сапына көтерген осы еңбек «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясына жеке термин ретінде енгізілмепті. Мүмкін баспа редакторлары бұл күрделі ғылыми жаңалықты «ұжымдық еңбек» деп қарастырып, кітаптың бірқатар мақалаларында металлогендік болжам карта туралы айтылатындығын місе тұтқан болулары керек. Бұл да бір қисын. Дегенмен, әлем оны «Сәтбаевтың металлогендік картасы» деп қабылдағанын естен шығармай, картаның ғылыми мәнін, құрылымын, жасалу принциптерін барынша ашып түсіндіретін көлемді мақала жариялауы керек еді. Қазақ геологінің табандылық, өтімділік қасиеттерін айтқанда, тағы да бір материалға тоқтала кетуге тура келеді. Мыс қана емес, темір, марганец, қорғасын кендері табылып отырған Үлкен Жезқазғанның кен байлықтарын игеру идеясын ту етіп ұстаған Қаныш Имантайұлы 1934 жылы СОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан индустриясының көрнекті жанашыры Г.К.Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған кенін кешенді игеру мәселесін арнайы сөз еткен. Комиссар 1935 жылы осы мәселеге орай И.В.Сталинге арнайы хат жазған. Осыған орай кітаптағы екі мақала арқылы оқырман істің анық-қанығымен танысады. Реті келген тұста айта кету керек, оқырман үшін тосын жаңалық болып табылатын мұндай мағлұматтар аталмыш кітапта жеткілікті. Қаныш ағамыз ұлттық намыс, азаматтық борыш мәселелеріне келгенде аса табанды, көздеген мақсатынан қайтпайтын бірбеткей. Ол ұлтшыл-шовинист ғалымдар ғана емес, үкімет тарапынан да қысым көргеніне қарамастан, Едігені елдің үміт-арманы тудырған халық батыры деуінен танбаған. Ғалымның бұл табандылығы Едіге жырына байланысты берілген мақалаларда жақсы дәлелденген. 1952 жылы М.Әуезов, Е.Бекмаханов бастаған бір топ қазақ ғалымдары қудалау құрығына іліккен­де жан сауғалап, бұғып қалмай, іргелі ғылыми мекеменің басшысы ретінде М.В.Сталинге, Г.М.Маленковқа, Ю.А. Ждановқа, Ж.Ш.Шаяхметовке арнайы хат жолдаған. Бұл да бүгінгі оқырман үшін аса маңызды соны хабар. Кеңестік зорлық-зомбылық пен коммунистік идеологияның қылышынан қан тамған тұсында ұлтжандылық таныту нағыз ерлікке сай батылдық еді. Осының өзінен қайраткердің азаматтық алып тұлғасы мен адамгершілік адал қасиеттерін көреміз. Оқырман қауымның ұлы ғалым туралы арнайы анықтамалық кітаптан оның туған өлкесі, өскен ортасы, ата-бабалары жайлы мағлұматтарды іздейтіні белгілі. Осы тақырыптың мейлінше мол ашылуына Баянауыл өлкесінің білгірі, көрнекті жазушы – Қалмұқан Исабаев бастаған ақын-жазушылар Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсекеев, Ахат Жақсыбаевтардың айтарлықтай үлес қосқандары көрініп-ақ тұр. Ғалым есіміне қатысты өзен, көл, елді мекендердің өзі бір тарих. Қаныш ағаның жетінші атасы Анай Теліұлынан бастап, бүгінгі немере-шөберелеріне дейін қамтылған мақалалардан, ғасырлар бойы заңды жалғасын тауып келе жатқан «сәулелі әулеттің» зиялы ұрпақтарымен танысамыз. Осы орайда кітапқа енгізілген ата таралымын танытатын кесте де орынын тапқан дерек. Болашақ академиктің Сегіз Серіден бата алған әкесі Имантай заманында Г.Н.Потанинмен, Ш.Ш.Уәли­хановпен, ағайынды Белослюдовтармен достық қарым-қатынаста болып, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға елеулі үлес қосқан, Ф.А.Щербинаның экспе­дициясына қазақ батырлары хақында құнды деректер берген кісі. Інілерінің ұрпақтарын қоспағанның өзінде кітапта Имантай Сәтбаевтың өзінен ғана тараған 22 ғалым туралы мақалалар жарияланған. Баянауыл жал­ғыз Сәтбай тұқымы ғана емес Шормановтар, Жұматовтар, Шөкин­дер, Қыдырбаевтар, Аймановтар, Шаниндер, Күленовтер, т.б. зиялы ұрпақ­тар өсірген киелі өлке. Өткен ғасыр­дың 60-жылдарының басында «Оқымыс­ты ауыл» деген айдармен «Лениншіл жас» газетінің тұтас бір санын Баянауыл аймағына арнаған едік. Газетте бір Баянауылдан ғана 260 ғылым қайраткері шыққаны жазылған-ды. Бұл, сөз жоқ, Қаныш Имантайұлының өнегесі. Сол ауыл балаларының мектепте жүрген кездерінен-ақ ағаларын үлгі тұтқаны, білімге ұмтылып, ғалым болуды мақсат еткен­дері өзінен-өзі белгілі. Ендеше сол 260 ғалымның барлығы болмаған­мен, жекелеген көрнекті өкілдері жайлы мақалаларда Сәтбаевпен ғылыми байланысы аталмаған дегенді «баспаның мүлт кеткен жері» дей алмаймыз. Энциклопедиядағы мәліметтерден ғалымның жаны сүйген геология ғылымымен ғана айналыспай, математика, биология, палеонтология, топырақтану, өлкетану ғылымдарымен жақсы таныс болғанын білдік. Геолог қазақ тілі мен әдебиеті, өнері мәселелеріне ерекше қамқорлық керек екенін ерте ұққан сияқты. Ол қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесін естен шығармаған. Өзі жазған «Алгебра» оқулығында 220 математикалық атаудың қазақша баламасын ұсынған. Бұлардың бірқатары қазіргі уақытқа дейін қолданыстан түспей келеді. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың «Абай жолы» романына алғаш жоғары баға берген де Қаныш Имантайұлы. Оқырман қауым халқы­мыздың ұмыт қалып бара жатқан «Ер Едіге» деп аталатын батырлық жы­рының Ш.Уәлиханов нұсқасын та­уып алып, оны көшірмешілер жіберген қателіктерден тазартып, алғысөзін жазып, алғаш бастырған да Сәтбаев еке­нін білді. Ғалым осынау ұлтжандылығы үшін таяқ та жеді. Энциклопедияға енген «Жезқазған жеріндегі көне ескерткіштер», «Сарысу күмбездері», «Жезқазған ауданындағы біздің заманымызға дейінгі ескерткіштер», «Ұлытау өңірінің ескерткіштері» сияқты мақалалардан ғалымның көне мұраларды сақтауға деген айырықша қамқорлығын көреміз. Ұлытаудағы Алтыншоқы жотасынан ұлы қолбасшы Әмір Темір орнатқан тас белгіні тапқан да – Сәтбаев. Қазақ халқының музыкалық мұрасын ерінбей жинаған А.В.Затаевич жас инженердің орындауында 25 ән жазып алғанын айта келіп, оны «Баянауыл әндерінің білгірі» деп бағалаған. Қаныш музыкантқа 19 әннің мәтінін орыс тіліне аударып, түсініктемесін қоса тапсырған. «Обаған» әнінің шығу тарихы хақында арнайы мақала жазыпты. Геолог Торғай мен Ұлытау даласының жер астындағы байлықтарын іздей жүріп, оның жер бетіндегі қазынасын да ұмытпаған екен. Мен 1916 жылғы Торғай көтер­ілі­­­­сі­нің қолбасшысы Амангелді Иманов­­­­­­­­­­­тың ұрпағымын, батыр туралы жаз­ыл­­­­­ған жаңалықтарды жіті қада­ғалап жү­ре­тін адаммын. Соған қарамастан, Қаныш ағаның Амангелдінің ата-бабалары ту­ралы мақала жазғанын білгенім­­­де қайран қалдым. Ғалым әңгімені Кене­сары Қасымовтың бас батыр­­лары­ның бірі болған Иман батырдан бас­тап, азаттық соғысына қатысқан оның балаларының есімдеріне дейін ата­ғаны, осы тұста 2000 үйге жеткен Бегім­­бет руын түгендеп шыққаны айтылған. Кітапқа енгізілген жеке тұлғалар, ғалымның замандастары мен ізбасар­лары, шәкірттері жайлы мақалаларда олардың өмірбаяндары барынша қысқа айтылып, Сәтбаевпен ғылыми байланысы, жеке басы туралы пікірлері берілген. Мысалы, ұлы жазушы М.Әуезов геологты Абаймен, Шоқанмен теңестіреді, С.Мұқанов ғылымның бар саласын жете білетінін айтады, белгілі биолог-ғалым Кәрім Мыңбаев Қазақстан Орталық комитетінің 1-хатшысы Ж.Шаяхметовтың алдында өзін Қазақ академиясының президентіне ұсыну туралы сөз болғанда: «Жұмеке, Қанекеңдей арысымыз тұрғанда мені ондай бәсекеге салмаңыз» деп бас тартқан. Бұл тектілікті, даналықты мойындау деп білеміз.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың лауреаты, 4 мәрте Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған, толып жатқан елді мекендер мен мектептерге есімі берілген, әлденеше рет КСРО, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – туған еліміз бен бұрынғы кеңестік кеңістік мемлекеттері ғана емес, бүкіл әлем мақтан тұтатын аса көрнекті тұлға. Оның ұлан-байтақ әлемі кейінгі ұрпаққа қалдырған ғажайып мұрасымен, уақыт өлшеміне қарамай, ғасырдан ғасырға ұласа бермек. Жер мен Көк осынау алып әлеммен тұтасып жатыр. Көк тіреген мұзарт тауда шоқтығы жоталанып «Сәтбаев мұздығы» тұр, жер қойнауында сіресіп «Сәтбаевит» минералы жатыр, бақтарда «Сәтбаев есімізде» сирень гүлі бүр жарған, көгілдір аспанда «Сәтбаев» шағын планетасы жүзіп жүр. Ұлы ғалымның теңдесі жоқ өз әлемі осылардың барлығынан да бай, мәңгілік. Бүгінде «Қазақ энциклопедиясының» шығармашылық ұжымы ұсынып отырған осынау аса құнды кітап оқырманды қызықтыра түсетін, Уақыт пен Кеңістік шегін мойындамайтын, адамзатты өнер-білімге, мәдениетке, адамгершілікке үндейтін алып әлемнің айнасы іспеттес. Таңатқан РСАЕВ, энциклопедияшы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

14628 рет

көрсетілді

100

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы