• Мәдениет
  • 29 Наурыз, 2012

Лидия

d0bbd0b8d0b4d0beТалай жыл «Тамашаның» һәм театр­дың тарланы боп танылған Лидия Кәденованы иісі қазақтың бәрі біледі. Таяуда өмір бойы көрерменіне күлкі сыйлап келген «ең әдемі келіншек» өзі табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Ғ.Мүсірепов атындағы театрда мерейлі алпыс жасын атап өтті. Лидия – шын талант. Алпысты алқымдаған жанға ұқсамайды. Өнер майданына жаңа келіп қосылған жас дарындай жалынды. Бұл туралы актрисаның ұстазы, Қазақстан Республикасының халық артисі Рабиға Қаныбаеваның да айтары бар. «Лидияның іші толған жалын. Энергетикасы бұрқырап сыртына шығып тұрады. Талмайды. Шаршау дегенді білмейді. Өнерді жанындай жақсы көретіні көрініп тұрады» дейді ол. Шындығында солай. Лидияға шаршау жат. Үнемі үздіксіз еңбекті ұнатады. Ел «ТЮЗ» атап кеткен Ғ.Мүсірепов атындағы театрға тәуліктің қай мезгілінде барсаңыз да жастардың ортасында жалындап жүрген Лидияны көресіз. Үздіксіз жаттығуды жаны сүйеді. Содан да болар, театрда талай ғажап рөлдерді өмірге әкелді. Әсіресе, Сәкен Жүнісовтің «Целина» спектакліндегі Тамара Дерягина, Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңында» Ләззәт, Шекспирдің «Гамлет» спектаклінде Офелия және «Дуалы түнгі думанында» Полита, Чеховтың «Чайкасында» Маша, М.Әуезовтың «Алуасында» Нина, Қ.Қайсенов пен О. Бөкейдің «Жау тылындағы баласында» Тамара тәрізді тағы басқа образдарды Лидияның талантына тәнті ел әсте ұмыта қоймаған шығар. Бұдан бөлек актриса кинода да, телевизиялық қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдап, көрермен көңілінен шықты. Аталған актрисаның өзіне арналып жазылған Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келін­шек» қойылымы да актрисаның мерейін өсіре түскен туынды болды. Бүгінде сахналанып келе жатқанын жиырма жылдан асқан бұл қойылымның көрермені кеміген емес. Өнердегі үзеңгілестері де, соңынан ерген ізбасарлары да Лидияның талантына ғана емес, адамгершілігіне де тәнті. «Тәжірибем көп, дәрежем үлкен» демей, жастарға үнемі қамқор қолын созып, білгенін үйретіп отырады екен. Шындығында кезінде «Тамашаның» «сен тұр, мен атайын» актерлерімен бірге ойнаған, солардың тәлім-тәрбиесін алған актрисаның айтары да аз емес. Әдемі әзіл, қағытпа қалжыңмен өткен сол жылдарды еске түсіріп, кейде әсерленіп күліп алса, көрерменіне бірге күлкі сыйлаған сахна саңлақтарының дүниеден ерте өткені еске түсіп, бір сәт мұңаятыны да бар. Бүгінде Лидия қызмет ететін театр ұжымының дені – жастар. Сондықтан да шығар, таланты мен талабының арқасын­да есімі елдің аузына іліккен актрисаның жанына жастар үйірсек. Білмегенін сұрайды, кеңеседі, бірге күліседі дегендей. Ондай сәттерде актрисаның да жаны жадырап сала береді. Білгенін үйретуден аянбай, керісінше, жанып түседі... Ол сомдаған образдар әлі күнге көрерменін еріксіз езу тартқызады, кейде ойландырады, толғандырады. Менмендерді мақтамен бауыздаған сәттері аз емес. Қысқасы, өзі де, өнері де риясыз актрисаның әлі де берері көп. Д.Серікқызы

2947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы