• Мәдениет
  • 05 Сәуір, 2012

Олқылықтардың орнын толтырсақ

d181d0bfd0bed180d182Спорттық гимнастика түрінен Кеңес Одағы кезінде көптеген спортшыларымыз байрақты жарыстарға қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғағанын жақсы білеміз. Мысалы, спорттық гимнастика туралы әңгіме қозғаған кезде 5 дүркін Олимпиада чемпионы, атақты жерлесіміз Нелли Кимнің атын еріксіз еске алатынымыз рас. Шынашақтай қыздың әлем, олимпиада жарыстарындағы көрсеткен өнерлерін қазақстандық жанкүйерлер ұмытқан емес. Шымкентте дүниеге келген ару кезінде талай мәрте Қазақстанның атын шығарды емес пе?!  Тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ елі талай саңлақ спортшыларды тәрбиелегені анық. Сонау 1997 жылы әлем біріншілігінің жеңімпазы атанған Сергей Федорченко, әлем кубогінің иегері атағына ие болған Алексей Дмитриенко мен 2003 жылы әлем чемпионатында 4-орынды иеленіп, 2004 жылғы Олимпиада ойындарында 8-орынға қол жеткізген, дүниежүзілік универсиаданың 2 алтын, 1 күміс жүлдесін жеңіп алған Азия чемпионы, қаракөз ба­уырымыз Ернар Ерімбетовтердің жемісті жолдарын айта кеткен жөн. Алайда соңғы кезде осы спорт түрінен өрлеуден гөрі құлдилау бар екені аңғарылады. Өткен жылдың аяғында Жапонияда өткен әлем біріншілігі айтқан сөзімізге нақты дәлел. Сол дүбірлі әлем додасына Қазақстандағы спорттық гимнастикадан Ұлттық федерация «6 спортшыны аттандырамыз» деп жоспарлаған екен. Өкінішке қарай, қаржы жағдайына байланысты 4 спортшы ғана барып, ел намысын қорғап қайтқан еді. Күншығыс елінде өткен сол байрақты жарыста Қазақстанның намысын қорғап барғандардың арасында Степан Горбачев 57-орынмен жарысты аяқтаса, үміт артқан Ернар Ерімбетов пен Елдар Валиевтер 81-ші және 94-орындарды қанағат етіп қалды. Осылайша үкілеп қосқан өрендеріміз ешқандай нәтижелі өнер көрсете алмады. Ернар бауырымызды мамандар «шау тартып қалды» деп кешіріммен қарады. Ал, сонда осы спорттағы жалын атқан жастарымыз қайда? Міне, «мәселенің мәні осында жатыр» деуге болады. Болашақ таланттар танылсын десек, шетел асып кеткен мамандардың бірқатарын елге қайтарудың жолын қарастыра отырып, спорттық гимнастикаға қаржыны қажетті деңгейінде бөлу керек. Дарынды балаларға арналған спорт мектептеріндегі тәрбиеленушілердің жаттығуларына назарды ерекше салған орынды. Спорт мектептерін көптеп ашып, жаттықтырушылардың жағдайын қарастырғанды естен шығармаған абзал. Ілгеріде спорттық гимнастикадан ел құрамасы Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде жаттығуларын шыңдап келсе, қазір белгілі бір жағдайлармен айтулы спорт кешеніне кіре алмайтын болыпты. Яғни, ұлттық құраманың спортшылары, амалдың жоқтығынан, қаладағы халықаралық стандартқа сай емес спорт мектептерін жағалап, жаттығуларын жалғастырып жүр. Республиканың әр өңірінде бұл спорт түрінен жарыстар өткізіліп, жастар өсіп келеді. Дегенмен де ірі жарыстар саны әлі теңізге тамған тамшыдай азшылық екені даусыз. Дүбірлі турнирлер арқылы жас­тар өсіп, танылады. Шеберлігі толысып, тәжірибе жинақтай түседі. Ол – заңдылық. Бұл спорт түріне тиісті орындардан оңды бетбұрыс болмай, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін уақыт өзі дәлелдеп берді емес пе?! Жасөспірімдеріміздің спорттың осы түріне бетбұрысы қалай? Елімізде спорттық гимнастика түрінен кешенді түрде салынған арнайы спорт сарайлары жеткілікті ме? Міне, осы сауалдарға толық жауап берілмей келеді. Жасөспірім қыздардың спорттық гимнастикамен арнайы айналысатын ірі спорт кешендері әлі күнге дейін бой көтермей отыр. Соның салдарынан көптеген талантты аруларымыз тар жол, тайғақ кешумен келеді. Алматы қаласындағы спорт мектептерінде спорттық гимнастика түрімен жаттығатын қыздарымыз арнайы спорт сарайының ашылуын күткеніне қанша болды? Кейбір спорт мектептерінде жаттығу залын жалға беріп, бағасын едәуір көтерген. Соның салдарынан жастар біраз қиыншылықтарды бастан кешіруде. Ойланатын мәселелер жеткілікті. Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

2369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы