• Мәдениет
  • 05 Сәуір, 2012

Желаяқтарымыздың дайындығы қалай?

d0b6d183d0b3d0b8d180d183Биыл жаз мезгілінде Ұлыбритания астанасы Лондонда ХХХ Жазғы олимпиада ойындары өтетіні белгілі. Дүбірлі додаға әлемнің 202 мемлекетінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Олимпиада бағдарламасында спорттың 38 түрінен бағдарлама бойынша барлығы 300 алтын сарапқа салынады. Соның ішінде 46 алтын, яғни 15 пайызы бір ғана жеңіл атлетиканың үлесіне тиетіні анық. Сондықтан спорттың ханзадасы атанған жеңіл атлетика бәсекесі олимпиадада шиеленісті де тартысты өтетіні ақиқатқа айналуда. Өйткені, қай елдің құрамасы осы спорт түрінен көп алтын алса, сол ел жалпыкомандалық есепте жағдайын түземек. Олай дейтініміз Жамайканың желаяқтары өткен Бейжің олимпиадасында 6 алтын алып (оның барлығы да қысқа қашықтықтан) жалпы бейресми есепте 15-ші орынға көтерілді. Ал, АҚШ желаяқтары үнемі көп алтын жинауды дағдыға айналдырған. Осыған байланысты бұл елдің құрамасы жалпы көрсеткіште бірінші орынға көтеріліп жүргені жасырын емес. Біздің елімізде әзірше 12 спортшы Лондон олимпиадасына қатысуға жолдама еншіледі. Жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының бас бапкері Вячеслав Сокирконың айтуынша, алдағы уақытта жолдама саны 20-ға дейін көбейеді. Алайда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Өйткені, әлемдік бәсекеде спортшыларымызға «алтын» алу арман болып барады. Егер тарихқа көз жүгіртсек, 2000 жылы Сидней олимпиадасында Ольга Шишигина 100 метрлік кедергілермен жүгіру сайысында бірінші орын алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Одан кейін 2004 жылы Дмитрий Карпов онсайыс бағдарламасы бойынша үштікке ілініп, қола жүлде алған болатын. Міне, соңғы сегіз жыл ішінде спортшыларымыздың бағындырған белестері осындай. Рас, әлем біріншілігінде желаяқтарымыз жүлде алған болатын. Мәселен, 2001 жылы Ольга Шишигина мен 2003 жылы Дмитрий Карпов қоланы еншілеген-ді. Ал, былтыр Кореяның Дэгу қаласында өткен әлем біріншілігінде ұзындыққа үш қарғып секіру түрінен Ольга Рыпакова күміс жүлдені олжалады. Қазір желаяқ спортшыларымыздың дайындығы жоғары десек те болады. Ағымдағы жылдың 30 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Алматы қаласында жеңіл атлетикадан «Азия жұлдыздары» жарысы болады. Аталған жарыста Азия елдерінің арасында Жазғы Олимпиадаға соңғы жолдамалар ойнатылады. Додаға жеңіл атлетиканың 20-дан аса түрінен еліміздің 100-ге жуық спортшысы қатысады деп күтілуде. Одан басқа спортшыларымыз халықаралық беделді жарыстарға қатыспақ. Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат Лондон олимпиадасында 2-3 спортшының ғана жүлде алудан үмітті екендігін айтуда. Соның ішінде онсайысшы Дмитрий Карпин, үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова және биіктікке секіруші Мария Аитовалар алғашқы үштікке ілінуге мүмкіндігі бар. Қалған 9 спортшының көбісі жас әрі тәжірибелері аз болғандықтан олардың жүлде алуы неғайбіл. Өкінішті жағдай, олимпиадаға қатысатын желаяқ спортшыларымыздың саны азайып барады. Оған бірден бір себеп елімізде спорт мектептері қатарының жыл санап кеміп отырғандығы. Елімізде спорт залдары мен спорт мектептерін көбейтпей қай спорттың болса да көсегесі көгермейді. Екіншіден, осы спорттың айналасындағы білікті бапкерлеріміздің біразы шекара асып кетті. Қазақстанда өз ісіне ең адал дегендер ғана қалды. Қазіргі күні, елімізде жеңіл атлетиканың бар-жоғы 90 бөлімшесі ғана жұмыс істеп тұр. 10 мыңға жетер-жетпес спортшы 300 бапкердің қол астында жаттығады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 1996 жылы Атланта олимпиадасына 32 қазақстандық жеңілатлетші қатысыпты. 2000 жылы Сиднейде 25 желаяқ бақ сынады. Арада төрт жыл салып Афинада 22, ал 2008 жылы Бейжіңде 19 спортшы ғана жолдама еншілеп, қатысқан болатын. Ал қазір Лондонға баратын 12 жолдама ғана бар. Төрт айдың ішінде тағы 8 жолдама қосылмақшы. Ең бастысы, спортшыларымызға сәттілік тілейік. Нұрлан ҚҰМАР

2784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы