• Мәдениет
  • 05 Сәуір, 2012

Көктем «келді» ме, әлде «туды» ма?

d0bad0bed0bad182d0b5d0bc1Мерзімді баспасөз беттерінде, тіпті, бастауыш сы­нып­тарға арналған кейбір оқулықтарда көбіне «көк­тем келді» деп жазылса, «Таң» телеарнасының биылғы жыл­ғы наурыз айындағы көрсетілімінде «Көктем жетті» деп жазып, өзен суының ағып жатқан көрінісін көрсетті. Қазақ халқы ежелден-ақ жылдың әрбір мезгілін өзіне тән атау сөздерімен айтатыны белгілі. Мысалы, «Жаз шықты», «Күз келді», «Қыс түсті», «Көктем туды» деген тіркестер осыған дәлел. Осы қосарлы атау сөз­дер­дің әрқайсысының өзіне тән мағынасы бар. Осы арадағы «Көктем туды» деген сөздер көктемгі кезде таби­ғаттағы күллі тіршіліктің қайтадан жаңаратынын нақты айқындап тұр емес пе? Халқымыздың жалпақ тілімен айтқанда, «өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз қайта тірілді» деген мағынаны аңғартады. Бұл арада жазушы Жақау Дәуренбеков ағамыздың мына бір тұжырымды сөзі еріксіз ойға оралады: «Адамзатпен бірге арғыдан келе жатқан әрбір айтулы атауда ақпарат бар. Оны оқи білу, тегін тани білу өреміздің еншісінде» (Ж. Дәуренбеков, 2010, «Ойдауа» кітабынан). Кей ақындардың өлеңін оқығанда көбіне «көктем келді» деген сөз тіркесі жиі кездесетінін байқаймыз. Мұндай сөз тіркесі журналистердің мақалаларында да бай­қалады. Осылайша өз ана тіліміздегі ұлттық ұғым­дарды дұрыс, өз орнымен атамаудың кесірінен өсіп келе жат­қан ұрпақта туған тілге немқұрайды қарайтын түсінік қа­­лыптасатынын ескере бермейтініміз жанымызға батады. Ұлтымыздың тіліне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ерекше көңіл бөліп, үлкен жанашырлық танытқан ғалым Сейіт Кенжеахметұлы өз еңбектерінде жыл мезгіл­дері, ай атаулары, тағы басқалар туралы талай рет тал­дап жазға­ны мәлім. Ғалымның «Ұлттық әдет-ғұрып­тың беймәлім 220 түрі» деген көпшілікке арналған кө­мекші оқу құра­лын­да «Наурыз – көктемнің басы. Халық «көк­тем туды» деп атайды, яғни «жақсы күн туды», «төл туды» де­ген ұғым­ды білдіреді» деп әрі нақты, әрі айқын атап көр­сеткен болатын (С. Кенжеахметұлы, 1998 ж., 234-бет). «Көктем туды» деген сөз тіркесін ұлтымыздың ұлылығын жырына арқау еткен абыз ақын атамыз Мағжан Жұмабаев «Жазғытұры» (2002) деген өлеңінде тайға таңба басқандай атап айтқандығы белгілі: Су ақты, жетті апрель қырдан ойға, Секіріп арық-тұрық кетті тойға. Жас бала: «Жазғытұры туды» десіп, Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да... Бұл жыр шумағындағы «Жазғытұры туды» деген сөз тіркесі «көктемнің туғандығын» білдіріп тұр, оны «жас баланың» атынан айтқызуы да ұлттық тілімізді уызына жарыған жас баланың бойында қалыптасар ұлттық тілімізге деген аса зор құрметінің айғағы деп білеміз. Дәл осы арада «Уызына жарыған ұлылыққа ұмтылар, азамат боп өседі, ізгілікке құнты бар» деген даналық нақыл бірден-ақ ойға оралады. Уызына жарыған ұлттық тілі­мізге жанашыр ұл-қыздарымыз көп болсын деп тілейік! «Көктем туды» деген сөз тіркесін қазақ тілінің білгірі Жәрдем Кейкіннің «Қазақы атаулар мен байламдар» (2000, 167-бет) кітабының «Ауа райын болжаудың ха­лықтық нұсқалары» атты тарауында: «Қараторғайдың кө­рін­гені – көктемнің туғаны» деп арнайы атап көрсетілген. «Көктем туды» деген сөз тіркесіне мағыналас сөз тіркестері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сәуірде» деген өлеңінде де кездеседі: Сәуір туды, жас жігіт бұйығы әлі, Қатал қыс әлі әмірін бұйырады... деген жолдардағы «Сәуір туды» сөз тіркесінен «көктем туды» деген ұғымды білдіретінін аңғару қиын емес. Ал ақын Ғұсман Жандыбаевтың «Наурыз айы туғанда» деген өлеңінің атауының өзі наурыз айының туғандығы көктемнің туғандығын нақтылай түсуде. Рысбай СӘТІМБЕКОВ, Қазақ қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері

8900 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы