• Мәдениет
  • 14 Маусым, 2012

Жасыл алаңдағы дүбір

Қарт құрлықта орналасқан 16 мемлекеттің өкілдері 8 маусым мен 1 шілде аралығында футболдан өтетін Еуропа чемпионатына қатысады. Сөйтіп, теңбіл доптың теңдессіздері үш аптадан астам уақыт бойы күш сынасып, кімнің мықты, кімнің осал екенін жасыл алаңдағы бәсекелер арқылы анықтайтын болады. Биылғы 14-ші Еуропа біріншілігі Польша мен Украинаның 8 қаласында өтеді. Бірін­шіліктің ашылу салтанаты Варшава қаласындағы «Ұлттық» стадионында өтсе, ал ақтық сайыс Киевтің «Олимпиада» стадионында өтпек. Жасыл алаңға ең алдымен алаң қожайы­ны Польша 2004 жылғы Еуропа біріншілігінде айды аспанға шығарып, сенсация жасаған Грекия құрамасы шықты. Варшавадағы Ұлттық стадионға жиналған 58 мың көрер­мен­дердің көбісі поляктар жеңіске жетуіне тілекші болды. Жанкүйерлердің ыстық ықыласынан күш алған поляктар көп ұзамай есеп ашып үлгерді. Матчтың 17-ші минутте Роберт Левандовски баспен қақпаның тоғыздың бұрышына дәл бағыттап гол соқты. Есепті теңестіруге ниеттенген гректер қауіпті шабуыл жасаумен болды. Алайда олардың тепкен доптары қақпадан қиыс кетіп жатты. Испаниялық төреші Веласко Карбальо матч кезінде көптеген қателікке бой алдырды. Ол әсіресе грек футболшыларының болмашы ғана өрескел қимылдарына бола сары қағаз шығарып, ескерту жасаумен көзге түсті. Осылайша Карбальо поляктарға бүйрегі бұрғанын аңғартты. Мәселен, ойынның 44-ші минутында Папастатопулосты алаңнан қуды. Одан басқа Холебас пен команда капитаны Карагуниске ескерту қағазын көрсетті. Аңдыған жау алмай қоймайды дегендей, гректер екінші таймның басында есепті теңестірді. Таразы басын теңестірген Салпингидис матчтың бас­ты қаһармандарының біріне айналды. Ал матчтың 69-шы минутында поляк қақпашысы дөрекі ойнап, алаңнан қуылғаннан кейін, оның орнына алаңға Тытонь шықты. Ол нағыз ерлік көрсетіп 11-метрлік пенальтимен орындалған айып добын ұстап қалды. Бұл Тытоньның командасын жеңілістен құтқарғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ «А» тобында голландиялық Дик Адвокат жаттықтыратын Ресей құрамасы Чехиямен кездесті. Бұл екі құрама соңғы рет 1996 жылы Англияда өткен Еуропа бірін­шілігінде кездескен. Сол кезде есеп 3:3 есебімен тең аяқталған болатын. Ал биылғы матчта есеп 4:1 есебімен ресейліктердің пайдасына шешілді. Футболдан «Еуро-2012» Еуропа чемпио­на­тының екінші күні Украинада басталып, «В» тобындағы Нидерланд мен Дания, Германия мен Португалия құрамалары ойнады. Харьковтің «Металлист» стадионында Нидерланд құрамасы Данияға 0:1 есебімен есе жіберді. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ голландиялықтар жасыл алаңда жасындай жарқылдап бірнеше мәрте гол соғуға мүмкіндіктері болған еді. Алайда олар өз мүмкіншіліктерін жіберіп алды. Жан алып, жан беріскен ойынның 24-ші минутында даниялық шабуылшы Микаэль Крон-Дели голландық үш қорғаушыны алдап өтіп, допты қақпаға бағыттады. Қақпашының аяғының арасынан өткен доп торда тулады. Екінші таймда да барынша белсенділік танытқан голландықтар тағы да бірнеше ұтымды сәтті пайдалана алмады. Есепті Нидерланд құрамасының капитаны Марк ван Боммель мен Ибрагим Аффеллай бар білгендерінен жаңылысты. Даттардың да қарымта шабуылдар кезінде есепті арттыруға мол мүмкіндіктері болды. Бірақ ойынның екінші бөлігінде есеп ашылмады. Екінші ойын Львов қаласында Германия мен Португалия арасында өтті. Екі құрама да бір-біріне алма-кезек шабуыл жасағанымен командалар қателікке бой алдырмауға тырысты. Тек 72-ші минутта Германия құрамасының шабуылшысы Томас Мюллерден тамаша пас алған Марио Гомес қарсылас қақпасына доп соқты. Осылайша «неміс машинасы» өзінің мықты екендігін тағы да дәлелдеді. Ал үшінші, яғни «С» тобындағы матчтар Польша аумағында өтті. 1964, 2008 жылғы Еуропа және 2010 жылғы әлем чемпионы болып үлгерген Испания құрамасы тәжірибелі де мол жетістікке қол жеткізген Италиямен кездесті. Тартысқа толы өткен матч­та қақпашылар үнемі қырағылық танытумен көзге түсті. Шабуыл стилінде ойнаған қос жақ бір-бірінің болмашы ғана қателікке бой алдыруын күтіп бақты. Тек екінші таймда ғана шабуыл жемісін берді. «Скуадра адзурралықтардың» сапында Ди Натале испаниялық қорғаушылардың жіберген қателіктерін сәтті пайдаланып, ойынның 61-ші минутында қақпаға доп енгізді. Алайда итальяндықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Арада небәрі 3 минут өткен соң Сеск Фабрегас есепті теңестіріп кетті. Бұл топта өнер көрсететін Ирландия – Хорватия матчы нағыз қызыққа толы болды. Небәрі матчтың басталғанына 3 минут өткенде хорват Манджукич есеп ашып үлгерді. Көп ұзамай ирландиялықтардың сапында Сент-Леджер есепті теңестірді. Дегенмен қауіпті шабуылға иек артумен көзге түскен хорваттар 43-ші минутта гол соғып үлгерді. Голдың авторы – Елавич атанды. Ал екінші таймның басында Манджукич тағы да қақпаны дәл көздеп есепті 3:1-ге жеткізді. Ал ең соңғы топта Франция мен Англия Донецкінің «Донбас Арена» стадионында жолдары түйісті. Лоран Блан баптаған француздар көп шабуылдады. Ағылшындар болса бабында емес екенін көрсетті. Әйтсе де, ойынның 30-шы минутында капитан Джерардтың әуелетіп тепкен добын ұтымды пайдаланған Лескотт баспен гол соғып кетті. Голды жіберіп алғаннан кейін француздар Харт қорғаған қақпаны бірнеше рет көздеді. Алайда нәтиже болмады. Әйтсе де, 39-шы минутта Рибериден қысқа қашықтықтан пас алған Насри 25 метр жерден қақпаға нәтижелі допты бағыттады. Осылайша 1:1 көрсеткішімен аяқталған матч тартысқа толы болды. Бұл топтағы екінші жұп Украина-Швеция матчы Киевтің «Олимпиада» стадионында өткеніне жанкүйер қауым куә болды. Тәуелсіз Украина үшін бұл матч тарихта қалатын болды. Себебі Еуропа біріншілігінде алғаш рет қатысып тұрған украиндықтар тәжірибелі шведтерді қапы қалдырды. 2:1 есебімен аяқталған ойында, барлық үш доп екінші таймда соғылды. Мачтың 52-ші минутында Чельстремнен пас алған Ибрагимович көзге түсті. Осылайша шведтер бірінші болып гол соқты. Өз жанкүйерлерінің алдында намысқа басқан алаң қожайындары көп ұзамай таразы басын теңестірді. Шевченко ойынның 55 және 61-шы минуттарында гол соғып, командаласын алға шығарып, матчтың басты қаһарманына айналды. «А» тобындағы екінші ойындарға келетін болсақ, Польша құрамасы Ресеймен 1:1 есебімен тең ойнады, ал Чехия Грекиядан айласын асырып 2:1 есебімен ұтты.

Нұрлан ҚҰМАР

2508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы