• Мәдениет
  • 14 Маусым, 2012

Күйші Дина дидары

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халық жазушысы, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың драматургиялық туындысы негізінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Даланың күйші Динасы» қойылымы көрерменге көрсетілді. Жаңа қойылым халық композиторы Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған. «Даланың күйші Динасы» спектаклінде Құрманғазы бейнесін – республикамызға еңбек сіңірген қайраткер, актер Мейрам Қайсанов сомдаса, Дина образын – Айнұр Жетпісбаева көрерменге шынайы жеткізе білді. Күй атасы Құрманғазы мен жасөс­пірім Дина арасындағы алғашқы таныстықтан басталған оқиға желісінде күй құдіреті, өнер адамының беймаза жан дүниесі, күй тудырудағы күйзеліс суреттеледі. Құрманғазыдай ағасының артынан еріп, жолына түсу Динаға оңайлықпен келмегені баяндалады. Қаршадай қыздың қайсарлығы әңгімеге өзек болады. Қыз баланың домбыра тартып, өнер қуған не сәні, олардың орны отбасы-ошақ қасы деген сияқты кертартпа ойлар қылаң бергенде, қазақтың от ауызды, айбарлы аналары ақылымен жұртты тәнті етеді. Ел ішіндегі әлгіндей ескіліктің сарқыншағының сазайын тартқызады. Құрманғазы ағасының соңынан еріп, өнер жолын қуу Динадай ділмар күйшіге қиын соққанмен, құдіретті күй өнерін тастамай мәрт қалып танытқанын шынайы бейнелеген сахналық қойылымның кем жағынан гөрі жақсыға тең жағы басым тұр. Қойылымның формасы көп туындыға ұқсай бермейді. Көрнекті композитор, дирижер Ахмет Жұбанов пен Дина апамыздың кездесуінен оқиға басталып, екеуінің сол жердегі жүздесуімен спектакль мәресіне жетеді. «Дина апа, сіз кезінде Құрманғазының батасын алдыңыз, сол туралы естелік айтып берсеңіз. Күй атасы «Бұлбұл» деп күй шығарған, сіздің де «Бұлбұл» атты күйіңіз бар. Осы туынды қалай туды?» деп сауал қояды. Кәнігі күйші «Бұлбұлдың» қалай шыққанын баяндап, балауса шаққа бойлап кетеді. Күй мен жыр бір-бірімен үндестік тауып жататын қойылымда күйші мен ақын жанының бір-біріне ұқсастығын, егіз қозыдай жұптаса өрілетінін аңғарасыз. Дина апамыздың күйлері өршіл, алмастың жүзіндей өткір болып келсе, сол мінезді күй тамырын дөп баса білетін ақын жүрегі ғана мінсіз сипаттары даусыз. Жалпы, спектакльге қатысқан артистер өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып шықты деп нық сеніммен айтуға болады.

Айбек ҚУАНТҚАНҰЛЫ

3828 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы