• Мәдениет
  • 21 Маусым, 2012

Жеңістер мен жеңілістер

Еуропа чемпионатының «А» тобындағы шешуші үшінші кезеңдегі ойындар Польшаның Вроцлав пен Варшава стадиондарында өтті. Чехия-Польша 1:0 және Грекия-Ресей 1:0 есебімен аяқталды. Турнирлік қорытындыда Чехия 6 ұпай жинап бірінші орынды иеленді. Ал Грекия мен Ресей бірдей 4 ұпайға ие болды. Алайда эллиндіктер орыс­тарды тізе бүктіргендіктен, яғни қосымша көрсеткіш бойынша келесі айналымға шықты. Бағы мен бабы келіспеген Ресей үшінші, ал алаң иелері Польша болса 2 ұпайға қол жеткізіп соңғы орынды еншіледі.  «В» тобындағы соңғы ойындар Украинаның Харьков пен Львов стадиондарында өткен еді. Мамандар «өлім тобы» деп атаған бұл топта бір қызығы бірде-бір матч тең нәтижемен аяқталған жоқ. Үшін­ші турда Португалия-Голландия 2:1, Дания-Германия 1:2 есебімен аяқталды. Ойын нәтижесінде Германия мен Порту­галия құрамалары «В» тобындағы ең үз­дік нәтижені көрсетіп, ширек финалға жол­дама алды. Ал 6 ұпай олжалаған пор­тугалдықтар екінші, 3 ұпайды қанжыға­сына бай­лаған даттықтар үшінші орын­ды місе тұтты. Барлық қарсыластарынан 1 доп айырмашылығымен ғана жеңілген голлан­дықтар бірде-бір ұпай жинай алмай тур­нирлік кестеде соңғы орында қалды. Үшінші, яғни «С» тобындағы ше­шуші матчтар Польшаның Гданьск пен Поз­нань стадиондарында өткізіл­ді. Хорватия-Испания 0:1, Италия-Ирландия 2:0 көрсеткішімен аяқталды. Әлемнің ең үздік командасы болып саналатын Испания өз тобында 7 ұпай еншілеп бірінші орынға табан тіреді. Ал екі тең және бір ұтыс нәтижесімен Италия (5 ұпай) екінші, Хорватия 4 ұпаймен үшінші орынды еншіледі. Осылайша Испания мен Италия құрамалары ширек финалға шықты. Ирландия ең нашар нәтиже көрсетіп, өз тобында ең соңғы орында қалып қойды. Соңғы топтағы үшінші турда алаң иелері Украина құрамасы Англияға қарсы ойнады. Донецк қаласындағы «Донбас-Арена» стадионында жан­күйерлердің ыстық ықыласына бөленген украиндықтар бірден шабуылға көшті. Себебі алаң иелеріне тек ұтыс қана керек болатын. Ал ағылшындардың ширек финалға шығуына тең нәтиже де жеткілікті еді. Алайда шеберлігі мен тәжірибесі басым Британ аралдарының футболшылары екінші таймның басында есеп ашты. Матчтың 48-ші минутында Уэйн Руни көзге түсті. Намысқа басқан украин­дықтардың өткір шабуылы нәтиже бермеді. Ойын 1:0 есебімен аяқталып, ағылшын құрамасы жеңіске жетті. Ал француздар шведтерге есе жіберіп қойды. Скандинавия түбегінің аяқдоп шеберлері «үш­жолақтылардан» 2:0 есебімен басым түсті. «D» тобында 7 ұпай жинаған Англия бірінші, Франция 4 ұпаймен екінші орын иеленгендіктен, ширек финалға жолдама алды. Ал Украина мен Швеция үш-үштен ұпай жинады. Әйтсе де жеке кездесуде украиндықтар шведтерден 2:1 есебімен басым түскендіктен үшінші орын алса, ал Швеция төртінші орынды қанағат тұтты. Осылайша, ширек финалда Чехия-Пор­тугалия, Германия-Грекия, Испания-Франция және Англия-Италия құрамалары кездеседі. Айбек ҚОРҚЫТҚАНҰЛЫ

2771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы