• Мәдениет
  • 21 Маусым, 2012

Жағдайың қалай, Жаңатас?

Күні бүгінге дейін ірі орталықтардан шалғай орналасқан шағын қалалардың тыныс-тіршілігі, қазақшалап айтқанда «өз қазанында өзі қайнап» келген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бір салаға негізделген моноқалаларды дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылып, Үкімет шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылдағаны белгілі. Ендігі жұмыстың беталысы қалай болмақ, қабылданған бағдарлама қандай нәтиже береді? Оның барлығын алдағы уақыт көрсете жатар. Әзірге «Шағын қалалардың бүгінгі күндегі тыныс-тіршілігі мен жалпы жағдайы қандай, халықтың тұрмысы қай деңгейде?» деген мәселе көпті ойлантары анық. Ел Үкіметінің шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша кешенді жұмыстар қолға алынбақ. Солардың бірі – Жамбыл облысы, Сарысу ауданында орналасқан Жаңатас қаласы да осы моноқалалардың қатарына еніп отыр. Бұл ретте Жаңатас қаласын дамыту қандай бағытта өрбімек? Баршамызға белгілісі – Жаңатас қаласы фосфор кенімен аты шыққан қала. Оның бер жағында орналасқан Қаратау қаласы да фосфор кенін өндірумен байланыс­ты ашылған болатын. Жаңатас қаласының Кеңес өкіметі тұсындағы дамуына зер салатын болсақ, қаланың бүгінгі жағдайымен мүлдем салыстыруға келмейтінін түсінесің. Қаланың өндірісі дүркіреп тұрған шақ еді ол. Заманында Мәскеуден тікелей басқарылып, тұрғындардың саны 60 мыңға дейін жеткен. Ал бүгін ше? Бүгінгі Жаңатас – еліміздегі өзге де шағын қалалар тәрізді әртүрлі қиыншылықты көрудей-ақ көріп келген. Әсіресе 1993 жылдан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері күрт төмендеп, өндіріс көлемі азайып, жұртшылықтың қаладан жаппай көшуі басталды. Жеке үйлер тұрмақ, ірі мөлтек­аудандар тұтасымен қаңырап қалды. Өндіріс орындарында қысқартулар жүргізіліп, жұмысшылар жалақыдан қағылды. Әлеуметтік қиыншылықтар өршіп, халық наразылығы оқтын-оқтын туындап отырды. Бірнеше ай бойы жалақы төленбей, қарапайым тұтыну тауарларының өзі тапшы болып, күнкөріс жағдайы төмендеді. Қалада жылу, жарық, ауызсу мәселесі тапшы болып, көшуге шамасы келгендер көшіп, «барар жері, басар тауы жоқ» тұрғындар қаладан қозғалмай отыра береді. Осылайша Жаңатас қаласы өзінің тарихында өрлеу мен құлдырауды, жақсы мен жаманды қатар көрген қаланың бірі болды. Жылдар бойы күйреп, сиқы қашқан қаланы қалпына келтіру тез арада бола қоймасы белгілі. Дегенмен, Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, жергілікті атқамінерлер Жаңатасты оңалтып, қайта гүлдендіруге бар күштерін салуда. Бұған біз осы қалаға жасаған сапарымызда куә болып қайттық. Жайнаған Жаңатас еді... Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы, облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Халық саны – 21192 адам. Кезінде сәулеті мен дәулеті асып тасқан, жарқырап, жайнаған қаланың тозығы жетіп, күйреуге айналған. Бір байқағанымыз, Жаңатас қала­сында әлі талай жұмыстар атқарылуы керектей көрінді. Қарапайым инфра­құрылымнан бастап, қаланы абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, демалыс орындары мен саябақтарын жөндеу, жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, қалаішілік қоғамдық көліктерді дамыту, көшелерді жаңадан асфальт­тандыру жұмыстарына дейін кезегін күтіп тұрған мәселелер. Қазіргі таңда Жаңатас қаласының өмірі қайта жанданып келе жатқан­дай әсер қалдырды. Уақытша қиыншы­лықтарға мойымай, оларды бір адамдай еңсере білген көпшілік қауым ер­теңгі күнге зор үмітпен қарайды. Жа­қын болашақта қала маңында мем­лекеттік маңызы бар ірі жобалалар дайындалып, жүзеге асырылмақ... Иә, мемлекетіміздің экономикасы шатқаяқтап бір қалыпқа түсе алмай жатқан кезде, шағын қалалардың өмірі бір кезеңдерге дейін еленбей де келген шығар. Дегенмен, бүгінгі атқарылып жатқан шаралар Жаңатастың болашақ­та көркейіп, гүлденетін қалаға айналатынына нық сендіреді. Қала тұрғын­дарының басты жұмыс көзі – аймақта орналасқан кен орындары. Жергілікті халықтың басым көпшілігі осы өндіріс орындарында еңбек етеді. Солардың ішіндегі ең беделдісі әрі белгілісі «Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешені. Уақытында Жаңатас қаласының құрылуы да фосфорит өндірісімен байланысты болды. Былайша қарағанда, бұл қаланың өзі о баста белгілі бір салаға негізделіп құрылған. Жаңатас қаласының осы және де өзге мәселелері жөнін­де Сарысу ауданының әкімі Жан­гел­ді Омаров әңгімелеп берді. Аудан басшысының айтуынша, бүгінде Жаңатас қаласына Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Қаланың экономикасы мен өндіріс саласына, инфра­құрылымына көптеген жағдай­­лар жасалып, халықтың көкейінде жүрген мәселелер бірте-бірте шешімін табуда. Қалада индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынған. Үкіметтің «Шағын қалаларды дамыту – 2020» бағдарламасы бойын­ша Жаңатас қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленіпті. Бағдарламада қала бойынша атқа­ры­л­а­­тын істердің мерзімі нақты көрсетіл­ген. 2013-2020 жылдарға «Бір салалы қалаларды дамыту (моноқала)» бағдарламасы шеңберінде Жаңатас қаласы бойынша қаржыландыруды қажет ететін жобаларға 23 млрд. 290 млн қарастырылып отыр. Қалада шешімін таппай отырған негізгі мәселе – тұрғындарды тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету. – Ауызсу таңертеңгі және кешкілік уақыттарда 4 сағат көлемінде беріледі. Судың тәулік бойы берілуін қамтамасыз етілуін шешуге қаржы бөлініп отыр. Қазір бұл мақсатты орындауға байланысты кешенді жұмыстар жүріп жатыр, – деді Ж.Омаров. Әкімнің есебі бойынша, жаңатастықтар тәулік бойы келіп тұратын ауызсуға 2013 жылы қол жеткізетін болады. Су құбырларына бөлінген қаражат көлемі былтыр толықтай игеріліп, биыл да бұл жос­пар межеленген көрсеткіштен көрініп отыр. Жаңатас қаласын сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ауызсу жүйесіне қайта қосымша жобалық-сметалық құжаттар жасалып, жалпы құны 3 миллиард теңгеге жуықтапты. Үстіміздегі жылы қаладағы кәріз жүйесіне де 2 миллиардқа жуық қаржы салынып, қала жаңарып, жасара түспек. Әрине, Жаңатас – өндіріс қаласы болған соң, одан пайда табу өз алдына, қаланы абаттандырып, заманауи тұрғыдан көріктендіре түсу қажет. Ескірген инфрақұрылымды қайта жаңартып, жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер тұрғызылса құба-құп. Қала аумағында жүріп жатқан жөндеу, тазалау, жаңарту жұмыстары бүгінгі таңда қарқынды түрде қолға алынған. Сонымен қатар қаланың сәнін кетіріп тұрған бос тұрған үйлерге қатысты мәселені шешу де жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде қайта жөндеуге келетін 26 үй қалдырылып, қалған 104 тұрғын үй алынып тасталады. Өйткені бұл үйлердің қаңқасы ғана қалған. Сондықтан ол жерлерді тазарту міндет болып тұр. Ал жөндеуге келетіндері қабылданған жоспар бойынша өз кезегімен орындалуда. Мәселен бүгінгі таңда бір үй жөнделіп, тұрғындарға өткізілмек. Аудан әкімі бұл туралы былай деп түсіндіріп өтті: – Көп қабатты тұрғын үйдің жөн­деу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқ­талады деп күтілуде. Өткен жылы бір балабақша жекеменшіктен сатылып алынып, күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілсе, биылғы жылы жаңадан 250 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Жаңа спорт кешені ғимаратын салу жұмыстарын бастаймыз. Алдаға уақытта демеушілер көмегімен қалада жаңа монша салу жұмысы қолға алынбақ. Өткен жылы 57 млн. 956 мың теңгеге жалпы көлемі 3886 шаршы метр болатын 37 жеке тұрғын үй өз есептерінен салынды. Биылғы жаңа өндірістердің пайда болуы себепті оның көлемі артып отыр. Қазіргі таңда қалаға жылу беру мазут отыны арқылы қамтамасыз етіледі екен. «Өткен жылы қыстан қысылмай шықтық. Жаңатас қаласындағы жылуды қамтамасыз ететін қазандық жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта да жылу қазандығына қаражат бөліп, қыс мезгіліне сақадай сай ету міндетін белгілеп отырмыз. Негізі ауданымызға газ өте қажет, – дейді аудан әкімі. – Табиғи газ келсе, көптеген мәселе шешілер еді. Солардың ең бастысы – бұл жылу жүйесін бір қалыпқа келтіру. Аймақта жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов Жаңатасқа табиғи газ жеткізу мәселесін оңынан шешу жөнінде тапсырма берді. Жұмыспен қамту – басты міндет Ресейлік «Еврохим удобрения» ЖШС және түркиялық «Enkim» фирмаларының Жаңатас қаласынан өз өндіріс орындарын ашу жоспары да қаланың әлеуметтік экономикалық жағдайына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының өмірге келуіне өз септігін тигізбек. Бүгінгі таңда аталған фирмалардың өкілдері ауданға келіп, жұмыс бағдарламаларымен таныстырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіпті. Аталған компаниялар биылғы жылы өз жұмыстарын бастауды жоспарлап отырған көрінеді. Қоғамдық тыңдау кезінде компания өкілдері индустриалдық-инновациялық даму бағытындағы үкімет қойып отырған талаптарға сай жұмысшы қызметкерлерді жергілікті жерден алуды ескеретіндіктерін айтқан. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Жамбыл облысында құны шамамен 2 миллиард доллар тұратын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны» жалғастыру тапсырылған болатын. Бұл жобаның басым көпшілігі Сарысу ауданының көлемінде атқарылатынын ескерсек, жұмыссыздар саны едәуір азая түспек. Аудан көлеміндегі химия өндірісіне екі жарым мыңдай жұмысшы күші тартылады деп жоспарлануда. Ал түркиялық «Enkim» фирмасында 500-дей адам жұмыс істемек. Аталған компания дүниежүзінің үш елінде осындай зауыттар салып, тәжірибе жинақтаған. Химия өндірісіне қажетті өнімдерін шығарумен қатар, тұрмыстық заттарды да көптеп өндірмек. Жаңатаста жаңадан ашылған өнді­ріс ошақтары да бой көрсетіп келеді. Үдемелі-индустриалды инновациялық даму бойынша металлургиялық комбинат, цемент зауыты іске кіріскен, мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Айтпақшы, цемент зауытына қатысты көпшілік тарапынан сыни пікірлер айтылған болатын. Зауыт қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, одан тарайтын түтін тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізуде. Аудан әкімі бұл мәселе бойынша қазіргі таңда тексеру комиссиясы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Комиссияның құрамында экология зардаптарын тексеретін мамандар бар. Таяу уақытта оның қорытындысы шығарылып, зауыт жұмысын тоқтату не тоқтатпау туралы біржақты шешім шығарылады. Ал қазірше зауыт басшылары түтіннен тарайтын зиянды заттарды ұстап қала­тын фильтр орнатып қойғанымен, қара­па­йым халық зауытты қала сыртына кө­шіру талабынан танар емес. Негізі, зауыттың о бастағы құрылыс жобасы дұрыс бе­кітілмеген деседі білетіндер. Сөйтіп, ол қаланың ортасына салынып кеткен. Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы үш бағытта жүзеге асуда. Бағдарлама аясында өтініш білдірген адамдарды жұмыспен қамту, жеке шаруа жүргізем дегендерге несие беру, нарыққа қажетті мамандықтарға қайта даярлау шаралары жүзеге асырылмақ. Кейбір өндіріс орындарында кәсіби мамандар, жұмысшылар жетіспейтіндігі анықталған. Сондықтан да кез келген жұмысқа тұрғысы келетін азамат аталған мекемеге құжаттарын өткізу мүмкіндігіне ие. Сарысу ауданына 2010 жылмен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 13,5 пайызға артқан. Жаңатас қаласының көшелерін жөндеу жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда 8 көшеге асфальт төселген. Жол қатынастары қала халқы үшін өте маңызды болғандықтан, Сарысу ауданы көлемінде атқарылып жатқан істер Жаңатас қаласына да тікелей қатысы барын айта кеткен жөн. Сонымен қатар бағдарлама аясында жүзеге асырылатын мәселелерге тоқталатын болсақ, «Қаратау-Жаңатас» газқұбыры магистралінің құрылысы, қаладағы кәріз жүйесін қалпына келтіру, орталық қазандықты күрделі жөндеуден өткізу, қаланың жылу жүйесін қайта жаңғырту, бұзылған үйлердің орнын тазалау, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын жөндеу, автомобиль жолдары мен көшелердің жол жиегін жөндеу, қаладағы орталық саябақты қайта қалпына келтіру, «Бәйтерек» және «Ұрпақтар» аллеясын көріктендіру тәрізді жобалар әзірленіп қойылған. Бұл жұмыстар таяу болашақта атқарылып, қаланың өміріне жаңа мазмұн мен түр сыйламақ. Өндіріс өркендей бермек... Қаланың дамуы мен тұрғында­рының жұмыспен қамтылуына үлес қосып отырған бірден-бір кәсіпорын – «Қазфосфат» ЖШС тау-кен өңдеу кешені. Бүгінгі таңда бұл мекемеде 2 мыңдай адам жұмыс істейді. Қаратау фосфорит бассейнінің ұзындығы 150 шақырымды, ал ені 35 шақырым аумақты алып жатыр. Фосфор кен орындары 1930 жылдары ашылған. 1935-36 жылдары Мәскеуден арнайы экспедиция келіп, 40 шақты кен орнын анықтаған. Фосфор – минералды тыңайтқыштардың негізгі көзі болғандықтан, оған қазіргі таңда әлем бойынша да, республика бойынша да сұраныс артып келеді. Бүгінгі таңда фосфор қоры 13 млрд. тонна көлемінде болып отыр. Кәсіпорынның өнімдері еліміздің Тараз, Ақтау, Степногорск қалаларына жөнелтіледі. Сонымен қатар шет мемлекеттерге де фосфор шикізатын экспорттау жолға қойылған. Атап айтар болсақ, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан елдері. Олардың барлығы Жаңатас, Көксу, Көкжон, Шолақтау, Ақсай, Шилібұлақ кен орындарында дайындалады. – Фосфор шикізатын өндіру 1946 жылы басталды, – дейді кәсіпорын филиалының басшысы Мұратқали Сәрсенов. – Содан бері 66 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында бүгінгі күнге дейін 230 млн. тонна кен өндірілді. Бұл кен орындарының арқасында Жаңатас, Қаратау қалалары пайда болды. 60 мыңнан астам халық өмір сүрді. Алғашында Шолақтау, Бүркіт ауылдары болып құрылып, кейіннен қала деңгейіне дейін өсті. Аймақтағы кен орындары қызу жұмыс істеп, халықтың көшіп келу қарқыны күшейді. 1990 жылдары жаппай тоқырау кезінде өндірістің төмендегені байқалды. 2001 жылы «Қазфосфат» ЖШС құрылғаннан кейін, кен орындарының жұмысы қайта жандана бастады. Қазіргі кезде біз алдымызға төрт ірі мақсат қойып отырмыз. Бірінші – экспортқа шығатын өнім көлемін арттырып, тоннасын 5-6 млн-ға жеткізу. Екінші – өнімнің сапасын көтеру. Бұл да өте маңызды бағыт. Өйткені өнім неғұрлым сапалы болған сайын, оған сұраныс та күшті болады. Осыған орай, келесі жылдан бастап байыту фабрикасын салуды бастаймыз. Сөйтіп, сапалы фосфорға қол жеткіземіз. Үшінші бағыт – жергілікті мамандарды дайындауға көңіл бөлу. Бұл бойынша да біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Жас мамандарды оқытып, өзімізге жұмысқа қабылдаймыз. Қазіргі таңда 33 адамды оқытып жатырмыз. Ертең олар бізге маман болып келеді. Төртінші бағытымыз – өндірісті автоматтандыру, жаңа технологияларды дамыту. Бір ерекше атап өтерлігі, «Қазфос­фат» ЖШС «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне» де белсенді түрде атсалысады екен. Мәселен, «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінде жыл­дың 20 маусымнан бастап 20 тамы­зына дейін балалар үш маусым бойы тынығады. Сарысу, Талас, Созақ ауданындағы жағ­дайы төмен отбасы­лардың балаларына тегін жолдама беріледі. «Қазфосфат» техникалары қыс бойы Жаңатас қала­сының көше­лерін, Жаңатас пен Қаратау арасын­дағы жолдарды, Тараз қаласына дейінгі апаратын күре жолдарды қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, аудан көлеміндегі 16 электр желісіне техни­калық қызметтер көрсетіп келеді. Ертеңнен үміт мол Жаңатас қаласында 155 төсекке арналған орталық аурухана, 500 адамға арналған орталық емхана, Мәдениет үйі, кітапханалар, Халық театры, неміс, славян орталықтары жұмыс жасайды. Көп салалы техникалық колледж, 2 кәсіптік-техникалық лицей, жалпы білім беру мектептері, балабақшалар мен спорт мектептері, демалыс саябақтары бар. Жақын уақытта және келешекте қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани тұрғыдан қайта өрістеп, дами түсетініне ешқандай күмән жоқ. Бүгінгі таңда қолға алынып жатқан барлық істер соны толық айғақтап отыр. Түйін Осылайша, еліміздегі шағын қалаларды дамыту бағдарламасы тек қалаларды ғана емес, сонымен қатар сол төңіректегі елдімекендерге, ауылдарға жаңалық әкелетіні сөзсіз. Ел Үкіметі қабылдаған бағдарлама шағын қалаларды дамытуға ерекше серпін береді деген сенім мол. «Қуатты Қазақстан дегеніміз - ең әуелі өңірлердің қуаттылығы» деп Елбасының өзі атап көрсеткендей, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі шағын қалалардың да гүлденіп, көркеюімен тығыз байланысты болып отыр. Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, АЛМАТЫ –ЖАҢАТАС–АЛМАТЫ

3928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы