• Мәдениет
  • 28 Маусым, 2012

Үздік төрттік анықталды

Төрткүл дүниенің назары ауған футболдан Еуропа чемпионатының ширек финал ойындары аяқталды. Польша астанасы Варшава қаласында ширек финал ойындарының алғашқы матчы болып өтті. Жасыл алаңда Чехия мен Португалия ұлттық құрамалары кездесті. Бірінші таймның ортасында Криштиану Роналду Петр Чехпен бетпе-бет келді. Алайда Чехия қақпашысы өзінің қақпасын қорғап қалды. Ойынның екінші бөлігінің басында португалдықтар допқа иелік етуге көшті. Чехияның құрама командасы баяу ойнап, кей кездерде шабуыл жасаумен көзге түсті. Ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Жуан Моутинью бағыттаған допты К.Роналду басымен қақпаға енгізді. Осылайша 1:0 есебімен жеңген Португалия биылғы қарт құрлық біріншілігінде алғашқы болып жартылай финалға жолдама алды. Гданск қаласында екінші ширек финалында «В» тобының жеңімпазы Германия мен «А» тобында екінші орын алған Грекия құрамалары арасындағы ойын біршама тартысты өтті. Немістер гректерді 4:2 есебімен ойсырата ұтып, Еуропа чемпионатының жартылай финалында өнер көрсететін екінші құрама атанды. Украинаның Донецк қаласында үшінші ширек финалдық ойын өтті. Испания мен Франция құрамалары жасыл алаңда кездесті. Бірінші таймда допқа көбінесе испандықтар иелік етті, дегенмен француздар да қарсы шабуылға шығып отырды. 19-шы минутта Жорди Альбидің сол жақ қанаттан әуелете берген добын Хаби Алонсо баспен қақпаға дәл бағыттады. Ал екінші таймда француздар шабуылды біршама ширатты. 60-шы минутта Матье Дебюшидің есепті теңестіруге мүмкіндігі де болды. Ойын аяқталуға небәрі санаулы уақыт қалғанда француз ойыншысы испандық шабуылшы Педроға қарсы ойын ережесін бұзды. 11 метрлік айып добын Алонсо орындап есепті үдете түсті. Қазіргі Еуропа чемпионы испандықтар 2:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шыққан үшінші команда атанды. Ал Киев қаласында ширек финал­дың соңғы ойыны өтті. Онда «D» тобының жеңімпазы Англия мен «С» тобында екінші орын алған Италия құрамаларының жолдары түйісті. Командалар негізгі және қосымша уақыттарда бірде-бір гол соға алмады, сондықтан пенальти сериясы тағайындалды. Нәтижесінде, Англия құрамасын 4:2 есебімен жеңген Италия құрамасы қарт құрлық біріншілігінің жартылай финалына жолдама алды. Жартылай финалда Португалия – Испания, Германия – Италия құрамалары кездесетін болады. Айбек ҚОРҚЫТҚАНҰЛЫ

2790 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы