• Мәдениет
  • 05 Шілде, 2012

Испания - чемпион

Бір ай бойына әлем жұртшылығын баурап алған футболдан Еуропа біріншілігі өткен жексенбіде мәресіне жетті. Жартылай финалдағы алғашқы жұптың ойыны Украинаның Донецк қаласының «Донбасс Арена» стадионында өтті. Жасыл алаңда Португалия құрамасы мен Еуропаның қазіргі чемпионы Испания құрамасы кездесті. Жарыстың басында басымдық Руй Патрисиудің қақпасын алу үшін бірнеше жақсы сәттерді жіберіп алған испандықтарда болды. Екінші таймның алғашқы минуттарында португалдықтар басымдыққа ие болғанымен, қақпаға допты кіргізе алмады. Негізгі уақыттың соңғы минуттарында Португалия құрамасы Ис­панияға қарымта шабуыл жасады, бірақ Криштиану Роналду жаңылысып оң­тайлы мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Нәтижесінде негізгі уақытта матч 0:0 есе­бімен аяқталды. Отыз минутқа созылған қо­сымша уақытта да есеп ашылмады. Дәстүр бойынша жеңімпазды анықтау үшін 11-метрлік пенальти белгіленді. Пенальти сериясы бойынша 4:2 есебімен жеңген Испания құрамасы Еуропа біріншілігінде фи­налға шыққан алғашқы команда атанды. Варшава қаласындағы Ұлттық стадионда жартылай финалдық екінші жұпта Италия мен Германия құрамалары кездесті. Бірінші таймның алғашқы минуттарында-ақ «Скуадра Адзурра» шабуылға көшті. Сол жақ қапталдан берілген Антонио Кассаноның пасынан кейін итальяндық шабуылдаушы Марио Балотелли матчтағы алғашқы голын басымен соқты. Ал ойынның 36-шы минутында Риккардо Монтоливоның әуелетіп берген пасынан кейін М.Балотелли Мануэль Нойер қорғаған қақпаға өзінің ойындағы екінші голын салды. Нәтижесінде бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды. Кездесудің екінші бөлігінің басында неміс құрамасының бас бапкері Йоахим Лёв бірден екі ойыншыны ауыстырды: Марко Ройс Лукас Подольскидің орнына, ал Мирослав Клозе Марио Гоместің орнына шықты. Екінші таймның алғашқы минуттарында-ақ немістерге бір доптың есесін қайтаруға мүмкіндік болды. Бірақ Филипп Лам қақпаға дәл тигізе алмады. Итальяндықтар жауап ретінде күшті шабуылдар жасады. Дегенмен матчтың 90-шы минутында Месут Өзил 11-метрлік пенальти орындап, есепті қысқартты. Осылайша 2:1 есебімен жеңіске жеткен Апенин түбегінің аяқдоп шеберлері ақтық сайысқа шыққан екінші команда атанды. Ал «неміс мәшинесі» білгенінен жаңылып, бі­ріншіліктің қола жүлдесін алуға мәжбүр болды. Украина астанасы Киев қаласындағы «Олимпиада» стадионында дүбірлі доданың ақтық мәресінде Испания мен Италия құрама командалары кездесті. Кездесудің 14-ші минутында Андрес Иньеста айып добын Сеск Фабрегасқа бағыттады, ол өз кезегінде Сильваға пас берді. Ол финалдағы алғашқы голды баспен салды. Ал ойынның 41-ші минутында испандық Хави Эрнандес Хорди Альбаны қақпашы Джанлуиджи Буффонмен жеке дара шығарды. Ол мүмкіндікті бос жібермей, ойындағы есепті еселеді. Екінші таймда испандықтар өздерінің басым екендіктерін тағы байқатты. «Челси» командасының ойыншысы Фернандо Торрес 84-ші минутта Италия қақпасына 3-ші голды соқты. Жасындай жарқылдаған Торрестың әріптесі Хуан Мато болса, Фернандоның берген пасын ұтымды пайдаланып, қарсыластарының бос қалған қақпасына 4-ші ойындағы соңғы голды салды. Есеп – 4:0. Осылайша, Испания Италияны айқын басымдықпен ұтып, Еуропа чемпионы атанды. Испания тарихта алғашқы рет Еуропа чемпионы атағын қорғай алған бірінші команда болды. «Қызыл фурия» яғни Испания құрамасы ірі футбол форумдарында қатарынан үш рет жеңіске жетті. Бұндай жетістікті бұған дейін ешкім қорғай алмаған еді. Мәселен, Германия құрамасы 1972 жылы Еуропа, 1974 жылы Әлем чемпионы болғанымен, 1976 жылы қарт құрлық біріншілігінің финалында Чехославакияға пенальти бойынша жеңілген болатын. Ал 1998 жылы Әлем, 2000 жылы Еуропа жеңімпазы атанған француздар, 2002 жылғы Әлем біріншілігінде топтан шыға алмаған болатын. Міне, Испанияның биылғы жеңісі футбол тарихында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Нұрлан ҚҰМАР

2791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы