Өзін-өзі тану пәні – тәрбиенің алтын арқауы

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «білім беру» ұғымының мақсаты «…қоғам мүшелерінің жоғары адамгершілік, парасаттылық, мәдени, физикалық деңгейінің дамуына және кәсіби біліктілігіне қол жеткізу болып табылатын тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі» деп нақты анықтама берілген. Білім берудің шынайы мақсаты – адамды белгілі бір білім қорымен қаруландыру ғана емес, білім алушыны рухани, адамгершілік тұрғыда дамыту, өнегелі өмірлік өскелең жолға бастау. Қазіргі педагогика ғылымы тәрбие саласындағы басым міндеттердің бірі ретінде жас ұрпақты ғасырлар бойы салт-санамыз арқылы жасалып, өмірге келген халық даналығы мен ұлттық өнегені меңгеру қажеттігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар Бірыңғай ұлттық тәрбие шеңберінде қалмай, жалпыадамзаттық құндылықтарды, әлемдік өркениет табыстарымен ұштастыра меңгерту негізінде тәрбиелеу маңыздылығын дәлелдеп отыр.
Балалардың қазіргі өмірден өз орнын табуына, өз бойындағы табиғи дарыны мен адами қабілетінің ашыла түсуіне көмектесудің мәні бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік жағдай мен әлемнің жаңғырып дамуына орай тіпті арта түсуде. Әсіресе қазіргі ел өркендеуінің өтпелі кезеңінде көрініс беріп отырған кей келеңсіз жағдайлар тұсында рухани-адамгершілік тәрбиесінің ерекше маңызға ие екені айқын аңғарылуда.
«Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім жобасы жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуді көздейді. Өзін-өзі тану баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзгелердің талқылауына тәуелді болмауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және өмірдің алуан түрлі жағдайларында өзінің бағыт-бағдарын жасауына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді. Сондықтан бұл жоба заман талабына сай рухани-адамгершілік тәрбиесін жетілдіріп, дамытуға бағдар­ланған ерекше өміршеңдігімен ерек­шеленеді.
Баланың осы пән арқылы адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынастары туралы түсініктері кеңейеді. Олар үлкендермен және құрбыластары­мен қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін түсінеді. Олардың Отанға, отбасына, жақын адам­дарына, қоршаған табиғатқа деген сүйіспеншіліктері артады. Оқушы алдында тұрған міндеттердің шешімін табуға, жағдаяттарды тез арада шеше білуге, нақты бір мәселе бойынша өзіндік көзқарасын білдіруге, өз пікірін еркін, ашық айтуға, кездес­кен жағдайларды адамгершілік нормаларына сәйкес шешуге, бағалауға үйренеді, сондай-ақ сыныптастарымен және ұстаздарымен жағымды қарым-қатынастар орнату қажеттігін түсінеді.
Осы тұрғыдан алғанда, өзін-өзі тану пәнінің негізгі мақсаты – оқушылардың ұлттық, жалпыадамзаттық құндылық­тарды меңгеруде өзіне жағымды қарым-қатынасының қалыптасуы, өзін-өзі дамытуды жүзеге асыруы, сондай-ақ әлеуметтік және тұлғалық мәнге ие іс-әрекеттерде өзін-өзі жетілдіруге, басқаруға ішкі сұранысының болуы.
Осы мақсатқа сәйкес жалпы орта білім беретін мектепті бітірген оқушылар төмендегідей нәтижелерге қол жеткізулері тиіс:
­ ­­­– адамгершілік құндылықтар және өмір: Отан, отбасы, намыс, абырой, адал­­дық, сабыр, үміт, сенім, ынтымақ, жауапкершілік, парыз, арман, ақиқат туралы терең білімге ие болады;
– жалпыадамзаттық, рухани-адам­гер­ші­ліктің мәнін түсінеді, өзара адами қарым-қаты­настарды тани алады және оны бағалай біледі;
– айналасындағы адамдармен жағымды қарым-қатынас орната алады, ұжымда ең­бектене біледі, топ пен ұжымда өз мәртебесін теңестіре алады;
­– өз отбасын құрудың маңызын саналы түсініп, келешек өмірдегі жарқын болашағын сезіне алады;
– өзінің мінез-құлқын, физикалық және психикалық жағдайын еркін бас­қарады, эстетикалық талғамын, жақсы әдет­терін көрсете алады, күнделікті өмірде сұлулық заңдылықтарын пайдалана біледі, өз ойы мен сезімдерін еркін жеткізе алады;
­– қоршаған әлеммен үйлесімді қатынастың маңыздылығы туралы біледі;
– өзінің ұстанымдары мен сенімдерінде тұра алады;
– салауатты өмір сүре алады; сыныпта, мектепте, үйде денсаулық сақтау жағдайларына қарай білімдері мен біліктерін қолдана біледі;
– өзін-өзі жетілдіру үшін ақпараттық және озық коммуникативтік технологияларды шығармашылықпен және өнімді пайдалана алады;
– күрделі жағдаяттарда жауапты шешім қабылдайды және азаматтық ұстанымын көрсете алады;
– нақты жағдаятты бағалай біледі, түрлі мәселелер шешіміне іздестіру жүргізе алады, қалыпты жағдайларда қалыптан тыс шешім таба біледі.
Оқу жетістіктеріне қол жеткізу үшін бұл пәннің міндеттері мынандай болып белгіленді:
– оқушылардың жалпыадамзаттық құндылықтарды меңгеруін, белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру мен жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
– балалардың қоршаған әлеуметтік-мәдени және табиғи ортамен үйлесімді байланысын, этикалық, эстетикалық және экологиялық мәдениетін, адамдарға, өзіне және қоршаған ортаға жағымды қарым-қатынас жасау дағдылары мен тәжірибесін қалыптастырады.
– балаларды адамгершілік нормаларымен, қарым-қатынас жасау амалдарымен, құралдарымен және әдістерімен таныстырады.
– балалардың адам, өмір, бақыт, махаббат, ар-ұждан, парыз, арман, отбасы, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық руханият, отан, табиғат, достық, еңбек құн­ды­лықтары мен мейірімділік, сыйластық, сүйіспеншілік, адалдық, азаматтық, пат­риоттық, бауырмалдық, еңбексүйгіштік адами қасиеттері туралы түсініктерін кеңейтеді.
– танымдық сұраныстарын, комму­ни­кативтік және әлеуметтік тұрғыдағы қарым-қатынас жасау іскерліктері мен дағдыларын дамытады.
– тұлғаның эмоционалдық-сезімін, руха­ни-адамгершілігін, қоршаған ортаға эстетика­­лық қарым-қатынасын, әртүрлі шығармашылық іс-әрекеттерді орындауға сұранысын дамытады.
– адамгершілікті, әлеуметтік, табиғат пен қоғам байлықтарына жауапкершілікпен қарайтын белсенді, шығармашылық тұрғыдағы тұлғаны тәрбиелейді.
– азаматтық, патриоттық, мәдени сапаларын арттырады. Отанын, отбасын, қоршаған ортасын, әлемді сүюге тәр­биелейді.
Жоғарыда арнайы тоқталған мәсе­лелерді шешу мақсатын көздей отырып, өзін-өзі тану республикамыздың білім беру жүйесіне жеке пән болып енді. Соған орай білім стандарты, бағдарлама, оқулық, мұғалімдерге әдістемелік құрал, оқушыларға жұмыс дәптерлері жасалып ұсынылды. Бұл барлық мектептерде қазір қолданылып отыр. Оқу-әдістемелік кешеннің құрамындағы қай құралды алып қарасақ та, мүмкіндігінше жоғарыдағы аталған талаптарға сай орындалады. Қандай оқу құралы болмасын, ол мұғалімнің пайдалана білу шеберлігімен байланысты.Қоғам талабын орындауға мектеп ұжымдарының қаншалықты даярлығына байланысты бұл маңызды міндет орындалмақ.
Осыны терең түсінетін әр педагогикалық ұжым бұл мәселені қолға алғаны жөн деп ойлаймыз.

Есенғазы Сағымбаев,
«Бөбек» ҰҒПБСО Адамды
үйлесімді дамыту институтының жетекші ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.