РЭП қандай жанр?

Қазіргі таңда жастар арасында кеңінен таралып, өзгеше ырғағымен баурап алған «рэп» деп аталатын музыкалық жанрдың бар екені белгілі. Осы рэп-әндер бүгінде қазақ жастарының тілімен, яғни қазақша айтылып, орындалып жүр. Кейбіреулері мұны қолдаса, екіншісі қолдауға асықпайды. Десек те, қазақ тіліндегі рэп өмір сүруде және ізденіс үстінде келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды.

Жалпы «рэп» сөзін ағылшын тілінен аударғанда ол «RAP» – «дүрсіл», «соққы» деген мағына береді. Сонымен қатар рэптің ырғаққа қатысты бұдан басқа да анықтамалары бар. 1970 жылы Бронкс қалашығындағы афроамерикалықтардан бастау алған «рэп» музыкалық жанры, осылайша бізге де келіп жетті. Ендігі мәселе қазақ тіліндегі рэп өлеңдерінің пайдасы мен руханиятымызға келтіретін зиянды тұстарын анықтау. Мәселен, қазақша рэп орыстанып кеткен жастарымыздың өз ана тілдеріне деген ықыласын аудара білді. Өйткені жастар оған дейін көбінесе орыс тіліндегі әндерді көп тыңдайтын. Ал қазір, керісінше, қазақтілді тыңдармандардың аудитория­сы кеңейіп келеді. Егер қазақша рэп болмаса жастарымыз ағылшын тіліндегі батыстық әндерге әуестеніп, мойындарын солай қарай бұрып кетуі ғажап емес. Қазақша рэптің қанат жаюы осындайға тосқауыл болуда.
Мәселен, қазақтың рэп-әншілері тарихымызды, ел мен жерді жаудан қорғаған батырларымызды, төл мәде­ниетімізді насихаттап, бұл бағытта біраз татымды дүниелер жазды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын талантты әнші Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Мен қазақпын!» рэп-әні бойымызға рух беріп, ұлтымызға деген мақтаныш сезімімізді оятқан еді. Осындай ұлттық нақыштағы, халықтық стильдегі әндер көп болса екен дейсің. Бір өкініштісі, рэпті жеңіл өнер деп қабылдайтындар да баршылық. Олар бүгінде мағынасы жоқ, ұйқастары келіспеген шығармаларды орындап жүр. Соның салдарынан бұл саланың деңгейіне деген кереғар көзқарас қалыптасып үлгерді. Қисынсыз, мәнсіз сөздер жиынтығынан құралған рэп-әндердің қатары көбейіп, жақсы орындаушылардың еңбегін жоққа шығарардай пікір қалыптастыруда.
Ал «рэптің» кемшілігіне тоқталсақ, бейәдеп сөздерге жол беріліп, мәтін мазмұндарынан байқалып қалатын руға бөлінушілік пиғылы, жершілдік, т.б. қазақтың бірлігіне сызат түсіретін жағдайларға итермелейтіні жасырын емес. Қазақ рэперлері мұндайдан бойларын аулақ ұстағандары жөн. Сондықтан рэперлер ауызбірлік танытып, қазақша рэпті бірлесе дамытқандары дұрыс. Өздерінің орындайтын рэп сөздерінің мәтініне жіті бақылау салып, өзара тартыспай, қоғамдағы кемшілік­терді, халықтың мұң-мұқтажын өз шы­ғармалары арқылы қажетті жерлерге құлаққағыс етуге күш салса болғаны. Рэпте жастарға керекті қызуқандылық та, ырғақ та бар, тек сөздерінің көркемдік деңгейі әлі де еңбектенуді керек ететіндей. Болашақта рэп жанры осы айтылған кем-кетіктерді нысанаға ала отырып, дамытылса, деңгейі мен сапасы да біршама жақсарар еді. Музыка – идеологиялық құралдың бір түрі. Халықты есті әнмен сусындатуда рэп жанры, ұйқасы мен мағынасы келіскен кейбір дәстүрлі және эстрадалық әндердей өз тыңдармандарына рухани күш беріп, өнердің замандық үлгісіне айналары анық.

Әлихан Жанарбек

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.