Әдебиет институты керек

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп атал­ған 2012 жыл­ғы желтоқсанның 14-і күнгі Жолдауында: «Қазақстанның болашағы – қазақ ті­лінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деп атап көрсетілген. Осы Жолдауда көрсетілген 2025 жыл соншалықты алыс емес, ал оны орындау қажет.

Тіпті, Елбасы айтпаса да әр қазақ­тың көкейіндегі жанды мәселе – ұлттық тіл­дің шұрайын сақтау, оны дамыту. Сон­­дықтан ұлттық мәртебесі бар уни­вер­ситеттердің филология факультеттері жа­нынан ақындығын танытқан және ау­дармашылық жұмысқа қабілеті бар жас­тар үшін Әдебиет институты ашылғаны жөн.
Ресейдегі құзіретті М.Горький атын­дағы Әдебиет институтындай мықты шығармашылық институт бізге де артық болмас еді. Дегенмен, менен де бұрын бұл туралы айтқан аға буын бар. «Хабар» арнасы ұйымдастырған шоу-айтыс­тан кейін ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттен Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты сияқты шығармашылық институтты Жазушылар одағы жанынан ашу туралы ойын білгім келгенде: «Бұл көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Бірнеше рет мен де көтердім. Роллан Сейсенбаев кезінде Елбасына да айтқан. Бірақ бәрі қаражатқа тіреледі. Жазушылар одағының ондай институт ашуға қаржысы жоқ, мемлекеттен көк тиын алмайтын қоғамдық ұйым. Сондықтан оның жолы өзің айтқандай, үлкен ЖОО-ның бірінен ашу» деген болатын. Енді көп болып, осы мәселенің шешілуін қамтамасыз ету қажет. Әдебиет институты ашылған жағдайда, тек қана халық таныған, мойындалған ақындар ғана дәріс беруі тиіс. Еліміздегі айтыстарды ұйымдастыру және оған әділқазылық етуді ақындардың өз тізгініне беріп, сол төрешілер жеңімпаз деп таныған ақындарға жағдай жасауға күш салса, ұлттық тілдің шұрайын қадірлейтін жастарды тәрбиелесе, билікке ұмтылған шенеуніктердің санасына қазақ деген халықтың, мемлекетті құраушы ұлттың өз құндылықтары бар екенін еске салып тұрса, айтысты қолға алған «Нұр Отанның» партиялық қамқорлығы осындайда танылар.
Әйтпесе, қазақтың жанын кіргізетін дәстүрлі өнер – айтыс «Қойшы көп болса…» дегенді еске салатындай жағдайға жетті. Астанада, Қазақ ұлттық өнер университетінде айтыскерлік мамандық ретінде оқытыла бастады, идея дұрыс, оған еш қарсылық жоқ. Дегенмен, айтыс мамандарын дайындау міндетті түрде филолог мамандығын алған жастарға қосымша мамандық ретінде оқытылуы керек. Ал бұл шығармашылық институт арқылы дамытылғанда ғана оң нәтиже береді. Өйткені мектепті бітірген бойда айтыс маманы етіп дайын­дау «үмітсіз-шайтан» деп қана өз-өзімізді алдау болады. Бұрын журналистика факультетіне талапкерлерді іріктегенде еңбек етіп, өмір көріп, ысылып келгендерге басымдылық берілетіні бар еді, осы − дұрыс. Өйткені сары ауыз балапандарды жинап алып, «Мен сендерден ақын жасаймын» деу, қанша дегенмен, оңай емес. «Оқуға түскенде бәрі ақын еді, оқу бітіргенде бәрі прозашы болып шықты» деген де бар, ақындық мамандық емес, ерекше қабілет, қасиет. Бұл қасиетті төрт жылда егу қажет болса, бір Құдіреттің қолынан ғана келер. Он алтыдағы жасөспірімнің ақын болғысы келетіні, оның ұмтылуы, әрине, жақсы, дегенмен, «дос жылатып айтады».
Оның үстіне мектепті бітіре салып, айтыс маманы деген қатырма қағаз алғанымен, жұмысқа қайда бармақшы? Айтыскер маманы ауылдардағы Мә­дениет үйлерінде жұмысқа тұра ала ма? Онсыз да мәдениет саласында қызмет етуі керек адамдардың басқа салада жүргендері белгілі, өйткені жалақысы аз. Сондықтан Астананың төрінде оқып, ауылға бармай қалуы да ғажап емес, олай болса, айтыс өнерін дамытудың алғы шартын жасадық дей аламыз ба? Филолог мамандығын алғаннан кейін ақындығы бар адам айтыс сахнасына еркін барады, мұндай жағдайда оның отбасын асырар байлаулы қызметі болады, айтыстың ұйымдастырылуын күтіп, оған шақырылар-шақырылмасын білмей, жалтаңкөз де, ешкімге тәуелді де болмайды. Дұрысы, жоғары білім беру са­ласында ақындықты нақты мамандық бе­ретін өзге салалармен шатастырмаған абзал.
Өткенде «Хабар» арнасы ұйым­дас­тырған «Жұлдыздар айтысады» атты шоу-айтыста: «Сендерге керегі шоу ма, шоуды Аққанат жасады» деген Бекболат Тілеуханның сөзі де көңілге демеу бола алмайды. Осы орайда «КТК» арнасындағы «Наша казаша» бағдарламасы есіңізде ме? Кезінде жұрт оны да шоу сияқты қабылдады. Бірақ «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» демекші, тіпті, ұлттық тілдің майын ішкендердің өзі бабаларымыздың ардақты ұлттық тілін шұбарламай, таза сөйлеуден қалып барады. Сонда бұл шоу-айтыс та жұртты жеңіл күлкімен алаңдатып, сөз өнерінің құдіретін, көркемдік талапты ұмыттыруға ықпал жасамай ма?
Жанр – қатып қалған нәрсе емес, ол қоғаммен бірге дамиды, өзгереді, алайда, сайқымазаққа айналатын өнер түрі айтыс емес. Қазақта жыр қанша шырқау шегіне жетті десек те, оны ешкім шоуға айналдырғанды қаламайды, айтыс та сондай қадірлі болуы керек.
«Әркімнің-ақ өлеңге бар таласы» дегенмен, ақындық мамандық емес. «Ақын болу міндет емес, азамат болу − міндетің» дегенде азамат бол деген ой ғана жатқан жоқ, мұнда ақын болу кез келгеннің шамасы келе бермейтінін, сондықтан шамаңды біл деген де астарлы әдемі ойды сыйғызған.
Егер таза шығармашылық бағыттағы Әдебиет институты ұйымдастырылса, төл әдебиетіміздің маржандарын шет тілдерге тәржімелеуші кәсіби аудармашыларды да дайындаудың мүмкіндігі ашылар еді. Аудармашыларды кәсіби негізде дайындау туралы Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл ұсыныс жасаған болатын. Сондықтан айтыс өнерін дамыту үшін де, аудармашылықты кәсіби деңгейде көтеру үшін де Үкімет тарапынан қолдау қажет. Қолымызда бар құндылықтарымызды таныта білмесек, ақыл оздырар заманда кімді немен таңғалдырмақпыз?! Әрі өскелең ұрпақтың да мемлекетімізді, ұлттық құндылықтарымызды тануға деген құлшынысы қайдан пайда болмақ?
Сондықтан дәстүрде бар тамырлы өнерімізді сақтаймыз десек, нақты шараларды қолға алу керек. Қазірдің өзінде сөздің шұрайын, әдемі бейнелі ойды аңсайтын болдық.
Осы күні әуесқой ақын, әуесқой композитор, әуесқой әнші «жұлдыз» болып, сахна мәдениетіне нұқсан келіп жатқаны аз айтылып жүрген жоқ. Тыңдарманның, көрерменнің әртүрлі деңгейде болатынын ескергенде де тыңдаушының естісі болып, асыл өнерімізді арзан күлкіге айырбастамауымыз керек.
Қорыта айтқанда, дуальді білім беру қолға алынып жатыр, бұл әр салалық министрлікке жоғары оқу орындарын үлестіріп беру деген сөз емес, ақылмен шешетін мәселе, бізге керегі – сапа. Ендеше айтыскерлікке бейімдеу, аудармашыларды кәсіби деңгейде дайындау шығармашылыққа шыңдаудың қажетті сатысы ретінде филолог мамандығын алып шыққаннан кейін жалғасуы қажет.

Риза Әлмұханова,
Қазақ ұлттық өнер университеті Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.