Қазақ сахнасының абызы

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Алпыс жылға жуық өмірі мен қызметін қасиетті қарашаңыраққа арнаған талант иесінің мерейтойына өнерсүйер қауым қатысты.
Салтанатты кеш Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жолданған лебізден бастау алды. Айта кетейік, Сәбит Оразбаевты Елбасы қабылдап, І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған болатын. Президенттің ақжарма тілегі мен құттықтауын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді.

Бұдан кейінгі құттықтаулар легі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовадан, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтен, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмиден, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтан және өзге де өңір басшылары мен лауазымды тұлғалардан келіп түсті. Сәбит Қоңырбайұлының туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы темір тұлпар сыйлады. Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың және Қазақстан Жазушылар одағындағы қаламгерлердің лебізін ақын, сенатор Нұрлан Оразалин жеткізді.
Сахнада сөз алған өнердегі досы, үзеңгілес әріптесі КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов: «Біз – Сәбит, Райымбек Сейтіметов және мен, үшеуміз жақын дос болдық. Сахнада бірге қатар жүрдік. Бірге өнер көрсеттік. Біз ғана емес, үшеуміздің аналарымыз да дос болды. Бір-бірімен тонның ішкі бауындай жақын араласты. Біз қатысқан қойылымдарға үшеуі бірге келіп, шұрқыраса табысып, шүйіркелесе сөйлесіп, мәре-сәре болып отыратын. Соғыстан оралмаған әкеміздің жоғын білдірмей, алақандарына салып, бізді азамат етті. Үшеуміздің де анамыз қолымызда тұрды. Арамызда анасын Алматыға ең бірінші алып келген де осы Сәбит еді. Бақилық болғанша анасының қас-қабағына қарап, айрықша қастерлеп, қолынан келгенше қадірледі. Сәбит – өнерде де, отбасында да жолы болған адам…» деді.
Жазушы, Мәжіліс депутаты ­Сауытбек Абдрахмановтың ой-толғамы өте әсерлі болды. «Сахнаға шығып рөл ойнаған артиске «кереметсің» деп әркім айта алады. Артист осы сөзден кейін өзін керемет сезінуі де мүмкін. Бірақ мәселе «керемет!» деген сөзді кімнің айтқанында екеніне мән бермейміз. Ал Сәбит Оразбаев – шын керемет актер! Себебі оған бұл бағаны басқа емес, бүкіл әлем театрларының мықтыларын мойындатқан, сол мықтыларға ұстаз болған, орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновскийдің өзі берген. «Қан мен тер» спектаклі Мәскеу сахнасында қойылғанда, Сүйеу қарттың образын ол аса жоғары бағалаған. Қазақтың өнерін бұрын-соңды мойындап көрмеген сахна шеберінің Сәбит туралы айтқаны Одақ көлемінде талай басылымның бетінде жарияланып, театр төңірегіндегі мықтының бәрі Оразбаевты бірауыздан мойындаған. Смоктуновскийдің назарын аударған Сәбит Оразбаев шын мықты» деді.
«Әдемі қартаю дегеніміз – ең әуелі өз ауыл-аймағыңа, еліңе жақсы атың таралған парасатты қария болу. Екіншіден, тәрбиелеген ұлың ибалы, қызың инабатты болып, абыройыңды арттыруы. «Пәленшенің балаларын көрдің бе, артық ауыз сөз айтпайды, үлкенге қарсы келмейді. Әкенің тәлімін, шешенің тағылымынан көрген» деген сөз естісе, ана үшін де, ата үшін де одан биік мәртебе болмас, сірә!» деп мерейтой иесі ұлт құндылығы хақында ойын білдірді.
Кешке келген жұртшылық сахна майталманына өздерінің игі тілектерін арнап, шығармашылығына толайым табыс тіледі.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.