Қиянаттың азабы…

Мақсат Рсалин,
ҚР мәдениет қайраткері

Рақым мен Жайнаның таныс­қан­­дарына да көп уақыт бола қойған жоқ. Рақым универси­теттің соңғы курсында оқып жүр. Олар бір оқу орнында студент болғанымен екеуі екі факультетте оқитын еді. Университетте төрт жыл бойы білім алған Рақым Жайнадай көркем мінезді, әсем аруды алғаш көргендей… Әрине, айна­ласындағы өзге де қыздар жүзіктің көзінен өткендей бірінен-бірі әдемі ғой, дегенмен, Рақым үшін Жайнаның ерекше сұлулығы ешкімге ұқсамайды, тал бойында бір мін жоқ, нағыз хордың қызындай ұзын бойы мен мөлдір қара көзі, ажарлы сұлу жүзі мен бал-бұл жанған өңі, шиедей қызыл ерні өзіне кез-келген жанды елітіп тартып әкететіндей дара болмысы Рақымды да қол жетпес қиялға батырған.
Әдеттегідей, Рақым күнделікті қалпы­мен кездесуге дайындық үстінде. Киімін тазартып, үтіктеді. Қалтасында Жайнаға арнап гүл сыйлауға ақшасы жеткенімен, оны киноға апаруға артық қаражаты болмай тұр. Қайта-қайта анасынан қаржы сұрауға да қысылады. Өзі де қол қусырып бос жүрген жоқ, сабағының арасында қаладағы дәмханалардың бірінде аспазшы болып жұмыс істейді. Жұмысы күн сайын түнгі сағат 12-лер шамасында бітіп, үйіне шаршап қайтады. Осындай күйбең тірлікке қарамастан сабағына да үлгереді. Тапқан бар табысын анасының қолына әкеп салады. Рақым университеттің ақылы бөлімінде білім алады, оның да төлемақысына ақша қажет екенін біліп, анасының табысына қол салғысы келмейді, сол үшін аянбай еңбек етеді. Өзі болашақ – қаржыгер. Мамандықты бала кезінен өзі таңдаған. Анасы, қарындасы үшеуі бір үйде тұрады.
Ал олардың әкелері туралы анасы осы кезге шейін тіпті бір ауыз ашып, әңгіме қылғысы келмейді. Рақым төрт жаста, қарындасы Гүлсім екі жаста болғанда, әкелері өзге әйелге үйленіп, оларды тастап кеткен. Балалары әкесі туралы сұрақ қойса, аналары қабағын шытып: «Жолы болмағыр, ол адам емес, енді менен оны қайтып сұрамаңдар» деп бірнеше рет кейіп тастаған. Тым болмаса, үйлерінде естелікке де әкелерінің суреті жоқ. Есімін сырттай ғана біледі. Әкелерінің аты – Нартай. Осыдан басқа, қолдарында ешқандай дерек жоқ. Ағалы-қарындасты бауырлар есейе келе, әкелері жайында сұрағылары-ақ келеді, алайда мұңлы аналарының қас-қабағына қарап, алаңдайды. Рақым мен Гүлсім әкесіз тәрбиеленіп өсіп келеді. Қарындасы Гүлсім болса, әлі мектеп оқушысы, биыл ғана 11-сыныпты бітіреді. Ал аналары болса, қаладағы бір емханада аға мейірбике болып жұмыс істейді. Бар тапқан-таянғандарын екі баласының қажетіне, жанұясының мүддесіне жаратады. Осы уақытқа дейін, әкелері бұлардың амандығын сұрап, бір рет те хабарласқан емес. Сондықтан Рақым әлде­қашан әкесінен үмітін үзген, ал, Гүлсім болса, әкесінің келетінінен үлкен үміт күтетін секілді… Анда-санда ағасы Рақымнан: «Рақым, біздің әкеміз бізбен бірге тұрғанда қалай болар еді? Егер әкеміз бізбен бірге тұрса, маған өзім армандап жүрген қымбат бағалы ұялы телефонды баяғыда алып берер еді» деп, балғын, сәби жүрегімен өз сұрағына өзі жауап беріп қояды.
Ал Рақым болса, өзімен-өзі қалың ой жетегінде жүріп, іштей: «Киноға ақшам жетпесе жетпей-ақ қойсын, тек, Жайнаның жүзін бір көрсем, сөйтіп, саябақта бірге қыдырсақ болғаны» деп, жылдам киіне бастады. Өткенде анасы Қапия: «Айналайын, құлыным-ау! Оқуыңды бітірейін деп қалдың ғой, киімің тым жұпыны болып кетіпті» деп, Рақымға су жаңа костюм-шалбар алып берген. Бүгін сол анасы сыйлаған киімдерді кимекші. Үстіне киген киімдері өзіне құйып қойғандай жараса кетті. Өзі де ұзын бойлы, атжақты, қыр мұрынды, аққұбаша келген сұлу жігіт еді. Бірге оқитын курстас қыздары талай мәрте қалжыңдап: «Рақаш, тым болмаса, бізге бір назар аударсаңшы, сен секілді ажарлы жігітпен суретке түсіп алайық. Мынау біздің жігітіміз деп көрсетсек те жұрттан ұялмаймыз»-деп, қоғадай жапырылған. Оған Рақым миығынан күліп, кезек-кезек курстас қыздармен суретке түсетін. Дегенмен, ол үшін, Жайна сияқты талдырмаш ару қыз жоқ олардың арасында.
Рақым саябаққа уақытысынан ерте келді. Қолындағы қолсағатына қайта-қайта қарап, сүйіктісін тағатсыздана күтіп тұр. Жүрегі кеудесінен шығып кететіндей соғып дүрс-дүрс етеді. Ол шынымен Жайнаға өлердей ғашық екенін енді сезінді. Уағдаласқан уақытта Жайна да келіп жетті. Бұрынғысынан да өте сұлу болып кеткен. Екеуі саябақта қол ұстасып ұзақ қыдырды. Бастарынан өткен түрлі оқиғаларын айтты. Өздері оқитын университетте ортақ таныстары да бар болып шықты. Көңілді қыдырыспен жүрген екеуі, уақыттары­ның қалай зулап өткендігін байқамай да қалыпты. Үйлеріне қайтатын кез келді. Саябақтың шыға берісіндегі автокөліктер тұрағына жақындағанда Жайна күлімсіреп, сөмкесінен жеке автокөлігінің кілтін алып шығып: «Кеше папам, үздік оқығаным үшін, маған мына көлікті сыйға тартты» деп, көлігінің есігін ашып, жайғаса бастады. Ал Рақым болса, сасқанынан: «Оу, Жайнажан, көлігің құтты болсын, рахатыңа мін» деп тамсанып, шын жүректен ізгі тілегін білдірді. Содан соң, олар бір-біріне қош айтысып, үйлеріне тарқасты. Рақым сол түні мазасызданып ұйықтай алмады: «Өте қымбат көлігі бар, өзі сұлу қыз мені менсіне ме екен? Менің көлік тұрмақ, киерге киімім мен ішерге асымды зорға тауып жүргенде, Жайнамен келешек ғұмырымыз қалай болар екен? Жайна, менен осы уақытқа шейін, өзінің дәулетті жанұядан шыққанын неге жасырып келген? Жоға, мен оған ертең кездескенде бар шындықты айтайын, мүмкін ол менімен жай уақыт өткізу үшін пайдаланып жүрген болар?» деген түрлі ойлардың шырмауында жатып таңға жуық көзі ілініп, ұйықтап кетті.
Ертесіндегі Жайнамен кездесу сәтін асыға күтті. Көше бойлап келе жатқан Рақымның жанына бір автокөлік келіп тоқтады. Жалт қараса, рульде Жайна өзі отыр екен. Ол Рақымға қарады да, жымиып, басын изеп көлікке «отыр» деген ыңғай танытты. Рақым қысыла-қымтырыла көлікке отырды да, сәл үнсіздіктен соң: «Жайнажан, мен саған бар сырымды айтайын, менің сен сияқты қымбат көлігім түгілі, ештеңем жоқ қарапайым жанмын, – деп ішкі сырын ақтарды. Анам, қарындасым үшеуміз бірге тұрамыз. Әкеміз бізді бала кезімізде анамызбен ажырасқасын тастап кеткен. Нағашы әжеміздің айтуынша, әкем ертеректе басқа бір келіншекпен көңіл қосып, соған үйленіп кетіпті. Жәй ғана тастап кетсе ештеңе емес қой, анамды алдап кетіпті. Ол оқиға былай болған екен. Әкеміз кезінде ірі құрылыс мекемесінде бас инженер болып қызмет жасаған екен. Әкем сол жылдары қызмет орнынан жеке пәтер алмақшы болады, ол кезде біз екі бөлмелі пәтерде тұрғанбыз. Бірақ, ол пәтердің құжаттары анамның атында болатын. Әкемнің қызмет орны «тұратын жерің бар екен» деп, пәтер бермей жүрген көрінеді. Содан, менің әкем анама екеуміз уақытша ажырасайық, мен пәтерден тіркеуден шығамын, ауылдан қарт анамды көшіріп әкеліп, жұмыс орнымнан тағы бір пәтер алып, содан соң қайтадан қосыла саламыз» деп алдапты. Алданған анам байғұс келісім береді, екеуі барып заңды түрде некелерін бұзып, ажырасады. Осыдан кейін, әкем бір күні үйге келіп киім-кешегін жинап, үйден біржолата кетіп қалған екен. Не пәтер жоқ, не балаларының әкесі жоқ, анам қайғырып жылап қала беріпті. Біздің тұрмыстық қажеттіліктерімізге нағашыларым көп қолдау көрсетіп көмектерін аяған емес.
Жалғыз анам күн-түн демей аянбай жұмыс істеді. Қайткенде де, бізді аяққа нық тұрғызып, ел қатарлы оқытып, жеткізуді көздеді. Кейін, әкемді іздеп зорға тауыпты, ол бұрынғы жұмысынан кетіп қалыпты. Анамменен сөйлескісі де келмепті. Өзінен он-он бес жас кіші келіншекпен отау құрғанын, енді қайтып кері оралмайтындығын айтып анамды шығарып салыпты. Сөйтіп, анамды алдаған әкемнің қулығы асып кетіп, егер ажыраспасам, әйелім келісімін бермес еді деген жалғандыққа барған. Мен ол кезде небәрі төрт жаста екенмін, әкемнің бейнесі еміс-еміс қана есімде сақталған. Әкем мені жұмыстан келе сала, қолына көтеріп алып аспанға әуелетіп ойнататын. Осындай бұрынғы тату-тәтті отбасылық өмірдің аяқасты ыдырағанына, ашуланған анам қарын­дасым екеуміздің тегімізді өзінің фамилиясына жаздыртқан екен».
Күні бойы екі ғашық өзара ұзақ сыр­лас­қасын Рақым: «Жаным, мен саған көзбояушылық жасағым келмейді, саған өз тағдырым туралы ащы да болса бар шындығымды жайып салдым. Жайнажан, менің бай әкем де, қымбат көлігім де жоқ. Тек, менің жүрегімде саған деген адал сезім мен риясыз сенім, әрі жанұя­ма деген жанашырлығым ғана бар» деді. Сонда Жайна да жадырап тұрып: «Рақым, білесің бе, басты мәселе байлықта емес, мен адамдарды байлығына қарап емес, адамгершілік қасиеттеріне қарап бағалаймын. Менің де жүрегім өзің деп соғады, саған деген іңкәр махаббатым шексіз» деп, қос ғашық бірін-бірі қимастықпен үйлеріне тарқасты. Бүгін Рақым өзін дүниедегі ең бақытты адам сезінді.
Шіркін, қанаты болса қуаныштан ұшып-ақ кетер еді. Рақымның ендігі ойы дипломын алысымен жұмысқа тұрып, үйленіп, отбасын құру еді. Сүйіктісі Жайна болса әлі студент. Онда тұрған не бар? Жұмыс істеп, табыс тауып өз отбасын асырай алады ғой. Анасы да келін жұмсап, қолын ыстық суға малып бір рақат көрсін, бірақ, Жайна бұл ұсынысқа не айтар екен? Тұрмысқа шығуға келісімін бере ме екен? – деген сұрақтар Рақымды қайта мазалай түсті. Ең алғаш рет ол өз ойын анасымен бөлісті. Анасы ұлының азамат боп, ержеткеніне балаша қуанып: «Балам! Құлыным! Үйленем десең менен рұқсат, бар жиған-тергенімді сенің тойыңа шашамын» деп баласының маңдайынан сүйді. Анасының разылығын алған Рақым құстай ұшып, сүйіктісіне келіп, мән-жайды баяндады. Ал, Жайна оған тосырқай қарап: «Мен әлі бірінші курста оқимын, бұған ата-анам не айтар екен? Саған тұрмысқа шығу ерте демесе болғаны? Ата-анама айтып, ақылдасайын» деді.
Арада бір апта уақыт өтті. Рақым Жай­намен кездесуді асыға күтіп, уағда­ласқан жерінде жүздесті. Ғашығының өңі қуарып, қабағы қатулы көрінді. Рақым бірнәрседен іштей сезіктенді. Жайна болса әңгімесін тосыннан бас­тап: «Рақым, сен ренжіме, үйленуімізге папам да, мамам да қарсы болып тұр, сен әлі жассың, алдымен оқуыңды бітір, оған қоса, папам мені өз досының баласына сырттай атастырып қойыпты. Мен оған көнбедім, мен тек сені ғана сүйемін ғой, егер саған тұрмысқа шығуыма ата-анам келіспесе, үйімнен қашып кетемін» деп, Жайна өксігін баса алмай жылады. Сүйіктісінің жан жарасын тез түсінген Рақым: «Жоқ, Жайна, сен үйіңнен қаша көрме, олай жасауға болмайды, біз саған ертең құда түсіп барамыз» деп анасының сөзін айтып, тоқтам айтты.
Бұл жағдайдан соң, Жайнаның ата-анасы да атша тулап, әрең дегенде басылып, оны сұрақтың астына алды: «Ол өзі кімнің баласы? Шыққан тегі кім? Қай рудан тарайды? Көшедегі қайдағы қаңғыбас болып жүрмесін?» дей келе, Жайнаның жігіті жайындағы жеке әңгімесін асықпай тыңдады. Содан соң ата-анасы қыздарына: «Әй, қызым-ай, әкесі жоқ бала екен, әке тәрбиесін көрмеген ұл, ұл ма екен? Шешесі мейірбике дедің бе? Сіңірі шыққан жалаңаяқ біреу десеңші» деп, еріндерін шүртитіп, менсінбеген сыңай танытты. Екі-үш күн өткен соң, қаланың орталығындағы мейрамханалардың бірінде екі жақтың ата-аналары кездеспекші болады. Аталған мейрамханаға Рақым анасы Қапиямен және нағашы тәтесімен бірге келді. Отырып, жайғасып болған соң асқа тапсырыс береді. Көп кешікпей Жайна да өз ата-анасымен келіп жетті. Сырт киімдерін шешіп, төргі үстелге қарай беттеді. Ал Рақым болса, оларды бәйек болып қарсы алып жатыр. Сәлден соң, Жайнаның әкесі Нартай Рақымға қарап: «Ал, жігітім, туыстарыңмен таныстырарсың» деді. Қапсағай денелі, қара көзілдірік киген Жайнанын әкесі Нартай ыңыранып, әрең сөз бастады. Түрінен менмендік, өркөкіректік бірден байқалып тұрды. Қапия Нартайды біреуге ұқсатып, шырамытты. Нартай: «Иә, бұл баланың әкесі неге келмеген? Кім еді өзі? Мен қызымды өзімнің жақын досымның баласына айттырып қойған едім, ортадан сендер киліктіңдер ғой» деп көзілдірігін шешіп, әйнегін сүрте бастады. Қапия: «Оны сұрап қайтесіз, ол өте бір жаман адам, мені алдап, екі баламен тастап кеткен». Нартай: «Ол адам иттік жасаған екен» деп Қапияға қадала қарады.
Сол сәтте, Рақымның анасы да орнынан ақырын түрегеліп, қыздың әкесі Нартайды бірден танып:
– Нартай, сенбісің? – деді Рақым­ның анасы Қапия. Нартай болса, таңданысын жасыра алмай:
– Қапиясың ба ?Сен мына балаға кім болып келесің?
– Мен Рақымның анасымын. Ал сен Жайнаның кімісің?
– Кімі болушы еді, әрине, әкесі. Сол кезде әңгімеге Нартайдың әйелі кірісті:
– Нартай, Жайна сенің қызың ба?
Осы сәтте Нартай жүрегінің тұсын ұстап, орындыққа отыра берем деп, бар салмағымен жерге гүрс етіп құлады.
Қатты ашуға булыққан Қапия: «Оңбаған неме, ақырында сен туған ұлың мен қызыңды үйлендірейін дедің бе? Мына өз ұлыңды танып тұрсың ба? Осыдан он сегіз жыл бұрын мені жылатып екі баламмен тастап кетіп ең, содан бері бір мәрте де хабарласып балаларыңның халін сұрамадың ғой, сен өзі қандай қатыгез әкесің? Енді, міне, ел алдында масқара болған тұрысың мынау? Ойбай, ел-жұртқа қай бетіңді айтасың» деп зор айқайға басты. Әйелі күйеуіне су бүркіп, жеделжәрдем шақыртып, әлек болып жатыр. Болған оқыс оқиғадан соң, Жайна мейрамханадан жүгіріп шықты. Ал Рақым болса, міз бақпай бір орында мелшиіп қалып: «Сонда, Жайна менің туған қарындасым екен ғой» деген сөзді қайталай берді, қайталай берді. Енді бұған кім кінәлі? Дереу мейрамханадан жүгіріп шығып, Жайнаны іздеді.
«Менің енді өмір сүргім келмейді» — деп айқайлап, Жайна автокөліктер өтетін үлкен даңғыл жолға қарай жүгіріп барады екен. Рақым оны қуып жетем дегенше, жол бойы ағылып жатқан көліктің бірі Жайнаны қағып, жанап өтті. Іле-шала Жайнаның әкесі мен шешесі де далаға шыққан еді. Қансырап жатқан қызын көріп Жайнаның шешесі есінен танып қалды.
Нартай болса, жерді ұрғылап, еңіреп: «Кешіріңдерші мені, балаларым.Бәріне мен кінәлімін, мен» деп сұлық жатқан Жайнаның қасына жақындады.Рақым мен Қапияның бетіне тіке қарауға бет жоқ. Рақымның аяғына жығылып: «Ұлым, кешір ақымақ әкеңді, кешір, одан да өлгенім артық ед». Нартай ұлы мен қызынан кешірім сұрап, өкініштен жылап тұрды. Балаларына әкелері: «Барлығы менің күнәм, кезінде мен қиянат жасап едім, енді, міне, өз алдыма келді. Кісіге қиянат жасама деп, қасиетті Құранда да жазылған, айналайын балаларым, мендей сорлы, бейбақ әкелеріңді кешіріңдер, кешіріңдер» деп, кемсеңдеді.
Арада бірнеше ай өтті. Жайна ауруханадан аман-есен оралды. Нартай Қапияға хабарласып, Рақымға барлық жағдайды жасайтынын айтты. Ал Рақым болса әкесінің көмегінен бас тартты.
Өмір өз арнасымен өтіп жатыр. Рақым басқа қалада жұмыс істеп жүр. Анасы мен қарындасына да қарайласып, жәрдемдесіп тұрады. Ал Жайна болса, үйінен кетіп, әкесінің осындай опасыздық, қиянат жасағанына қатты қынжылды. Қос ғашықтың жолы осылай екі жаққа айырылды…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Айткул

    Максат ага, шынымды айтсам «маскара» дененнен баска косарым жок. арине біреу туралы «олай екен, бұлай екен деу оңай», бәріміз бала тәрбиелеп, осіріп отырмыз. Тек адамдардың өздерін «жұрттан әлдеқайда кереметпін» деген пікірі қынжылтады. Алла абырой берсін.

  2. Серікқазы

    Көпке ой салатын ғибратты әңгіме екен. Мақсат аға Сіз бұрыннан басқаға ұқсамайтын тақырыптарды жиі жазасыз ғой. Сіздің қаламыңыздан шыққан дүниелер қоғамда резонанс тудыратын шығармалар.

  3. Нариман

    Максат — хороший писатель. Социальные темы хорошо поднимает. Желаю ему крепкого здоровья, что радовал читателей своими рассказами.

  4. Қуаныш Таншолпан, Аққұдық ОМ

    Керемет туынды. Бұл әңгімеде өз отбасын, яғни өзінің туған балаларын еш ойланбастан тастап кету, опасыздық жасау, ғашықтық сезім, байлық, адамгершілік қасиет,қиянаттың азабын тарту сияқты оқиғалар шынайы суреттелген.Қиянат жасау-Алланың аулақ бол деген деген істерінің бірі. Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешқашанда жалған болмас. Бәріміздің де сенеріміз сол болған соң оның әр сөзіне сенуіміз керек және оны орындауға тиістіміз. Ешқашан ешкімге қиянат жасамай, қамшының сабындай ғана қысқа өмірімізде дұрыс әрекет жасап өмір сүрейік!!!
    Қиянат қылма өзгеге,
    Біреуді мәнсіз сөздеме.
    Жүректің төрі адалдық,
    Қиянат болар сөзде де.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.