Тәрбие тал бесіктен…

Болашақ ұрпақтың елжанды, отаншыл болып қалыптасуында мектепке дейінгі мекемелердің, әсіресе балабақшаның рөлі өте зор. Жақында Тараз қаласында іссапарда болғанда бірқатар бала­бақшаларды аралауға мүмкіндік туды. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардағы жағдайды көзбен көріп, көңілге біраз жайтты түйіп қайттық.

Мемлекеттік балабақшада тәртіп бар. Жып-жинақы, қажетті көрнекіліктермен қамтамасыз етілген. Жекеменшік балабақшаның аты – жекеменшік. Шығындардың барлығы бала санына, яғни кіретін кіріске байланысты өтеледі. 2-3 ай бойы балабақшаға бір тиын төлемей, қарызға батып жүрген ата-аналар да бар екен. Мекеме басшысы амалдың жоқтығынан, бала санының азайып кетпеуі үшін осындай қадамға барып отырғанын атап өтті.
Жекеменшік балабақшаларда көбінесе арнаулы білімі жоқ мамандар жұмыс істейді. «Өз туысын жұмысқа алып, кәсібін дөңгелетіп отыр» деген пікір де бар. Мұны жоққа шығаруға да болмас.
Енді маман-кадрларға келетін болсақ, балабақшада қызмет етіп жүргендердің көпшілігі педагог болғанымен, мектепке дейінгі мекеменің маманы емес. Мәселен, №3 қазақ балабақшасындағы 12 тәрбиешінің 4-еуі, «Мүбәрак-Мөлдір» жекеменшік балабақшасындағы 24 тәрбиешінің 6-ы, «Аю» жекеменшік балабақшасындағы 22 тәрбиешінің тек 10-ы ғана дипломы бойынша – балабақша тәрбиешілері. Нағыз маманның жетіспеушілігі салдарынан педагогикалық білімі бар жастарды жұмысқа алып, әрі қарай тәрбиеші мамандығына машықтап, тәжірибеден өткізеді. Тәрбиешілердің еңбекақылары жұмыс өтілі мен категория­сына байланысты 35-70 мың теңге болса, тәрбиешінің көмекшісі 20-35 мың теңге аралығына жалақы алады екен.
Балабақша қызметкерлерінің біліктілігін көтеруде мемлекеттік мекемелерге жағдай жасалған. Әртүрлі семинарлар, тренингтер ұдайы өтіп тұрады. Бір айта кетерлігі, осы мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекке жекеменшік балабақшадағы тәрбиешілердің қолы жете бермейтін көрінеді. Бұл жөнінде Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Гүлзия Расылханқызы әр семинарға, тренингтерге қатысу үшін алдын ала балабақша тарапынан қатысатын қызметкердің аты-жөні жазылып, ұсыныс түсуі керектігін, осы уақытқа дейін жекеменшік балабақшалардан мұндай ұсыныс-хат болмағандығын айтады.
Балабақшадағы тәрбие мәселесіне келсек, бұл жерде пікір екіге жарылады. Мекеме қызметкерлері ата-аналарды, ал ата-аналар тәрбиешілерді кінәлап жатады. Сол себептен болар, бірқатар балабақшаларға бейне­бақылау орнатылған. Осының әсерінен бей-берекетсіз шағым айтатындардың қатары азай­ған. Ал «Мүбәрак-Мөлдір» жекеменшік бала­бақ­ша­сының меңгерушісі Айман Садықова бұл жағ­даймен келіспейді. «Бұл қоластыңдағы қыз­меткерге деген сенімсіздікті білдіреді. Бас­шысының өзін бақылап отыратынын білген тәрбиеші өзін еркін ұстай алмайды» дейді.
Бала тәрбиесі мәселесіне келгенде ата-анаға жүктелер міндет зор. Бірақ соған мән бермей, бар міндетті балабақшаға жүктейтін ата-аналардың қатары көбейіп келе жатқаны қынжылтады. «Аю» балабақшасында орын алған мына бір жағдайдан да көпшілік ой түйсе екен. Ертеңгілік жұмысына асыққан анасы 5 жасар баласын күйік шалған денесімен балабақшаға тапсырып кеткен. Тәрбиешілер бұдан хабарсыз. Тек бала киімін ауыстырған кезде денесіне жабысқан киімі шешілмей, сол кезде ғана тәрбиеші байқап, жедел жәрдем шақыртқан. Жедел жәрдеммен аурухана жеткізілген бала әкесіне тапсырылып, ақыр аяғында баланың анасы балабақшаның үстінен арызданады. Айналып келгенде, көп жағдайда ата-ананың кесірінен бала зардап шегіп жатады. Балабақша қызметкерлері, денесі көкала болып келетін бүлдіршіндердің де кездесетінін айтады. «Мұндайда ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Бастысы бала денсаулығы екендігін ұмытпаса екен» дейді.
Жамбыл облысы қазақы өңір болғандықтан болар, біз барған балабақшадағы балалар, өзге ұлт өкілдері де бір-бірімен қазақша тіл­де­сіп жүр. Еліміздің Әнұранын айтқанда, бала­лар­дың көзінен жалын ұшқындап, патриот ұр­пақтың өсіп келе жатқанына куә болдық. Қолдан жасаған бұйымдарын көрсеңіз, бола­шақ­та талай қолөнер шеберінің шығарына сенесіз. Тек, лайым аспанымыз ашық болып, бүл­діршіндеріміз шаттыққа бөленіп жүре берсін!

Бағдагүл Балаубаева

ТАРАЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.