Арайлы, ажарлы Астана

Астананың 20 жылдығы – ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының мерейлі мерекесі. Біз ғасырлар тоғысқанда тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз – Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Осындайда еліне, халқына деген мақтаныш сезімі бойды кернейді. Қазақ халқы – ержүрек, достыққа адал, бауырмал, қонақжай халық. Бізде ынтымағы жарасқан көптеген ұлт өкілдері тұрады. Қазақстан бүгінде дүниежүзінің көптеген елдерімен достық байланыс орнатқан, бүкіл әлем таныған елге айналды. 

«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана аз ғана уақыт ішінде әлемде өзіндік келбеті бар әсем қалаға айналды. Астана – сан түрлі арман-қиялдарды жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те, көркем қала. ­Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Астана-асқақ абыройымыздың айғағы» дегендей, Астана қаласының тірші­лік-тынысының қолайлы ортасын құру және оны орнықты дамыту, эколо­гиялық қауіпсіздікті, табиғат пен мә­дени мұраларды сақтау мақсатында жасалған қала құрылысының жобасы­ның іске асуы Елбасымыздың арқасы екенін білуіміз керек.
Тарихы тереңде жатқан Қазақстан­ның бұрынғы астаналары туралы сөз қозғайтын болсақ, үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі V ғасырда қаланды. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі – Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болды. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы VI-VII ғасырлардың өзінде Қытайдан Византияға дейін тарады. Тараз грек ғұламасы ­Пто­лемейдің картасына түсірілген. ­X ғасыр­дан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы Жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) 7 ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалымы әл-Мақдиси (X ғасыр) өте көне астана деп атайды. XIX-XI ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Рузбихан жазбаларында (XVI ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған.
Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, ­Болат, ­Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасы болды. Шаһар жалпы түркілік мәннен ажыратылмады. Қожа Ахмет Ясауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәрте­бесіне жеткізді. X ғасырда әл-Фараби астананы «қайырымды қала» деп атады. Ол «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен жоғары дәрежелі дамыған қоғам­ның қайырымды қаласы – астана­сы жетеді» деп санады. Әл-Фараби қайы­рымды қаланы мін-ақауы аз, тұр­ғындары заңға ден қойған, адамда­рының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала етіп суреттейді. Көрші елдерден Шыңғысхан империясының астанасы Қарақорымның, Шағатай әулетінің астанасы Алмалықтың (XIV ғасырда Алмалық Моғолстанның астанасы болды), Темір мемлекеті мен Шайбани әулетінің астанасы Самарқанның Самани әулеті мен Бұхара хандығының астанасы Бұхараның Алтын Орда астаналары Батый салған Сарай, ­Берке хан салдырған Сарай-Беркенің Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Сондай-ақ Сарайшық, Қазан, Бақшасарай, Хиуа мен Үргеніш, Қоқан қалалары қазақ шежіресінде терең із қалдырды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары астананы «кіндік қала» деп атады. 1917-19 жылдары Алашорда автономиясының астанасы Алаш (Семейдің іргесіндегі) қаласы аталды. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан астаналары Орынбор (1920-25), Қызылорда (1925-29), Алматы (1929-97) болды. 1994 жылы соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы дербес шешім қабылдады. 1997 жылы 20 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа тұрпатты бас қаласы болғанын жариялады. Жаңа астананың халық­ара­лық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
Астана тарихы сонау 1830 жылдан бастау алады. Ол кезде қала патша әскерінің бекінісі болған. Ақмола бекінісі деп аталған. 1863 жылы 16 шіл­деден бастап Ақмола округтік қала атанды. Қала халқы екі мыңдай адамды құрады. Дами келе, 1893 жылы Ақмола қаласында қала халқы 6428 адамға жетті. Бұл елді мекен 3 шіркеу, 5 мектеп, 1 училище, 3 зауыты бар уездік қала болған. 1960 жылы тың игеру орталығына айналды. 1961 жылы Ақмола деген атауы орысша Целиноград деп өзгертілді. Целиноград облыс орталығы мәртебесін алды. Еліміз тәуелсіздік алған соң, 1992 жылы қалаға қайтадан өзінің қазақша атауы беріліп, Ақмола облысы а­танды. Ақмола облысы – еліміздің ірі астық өңірі және ірі ауыл шаруашылық ­машина жасау орталығы болды. Жер қойнауы – алтын, уран, бокситтер, сурьма, мыс, кварц құмдары, т.б. пайдалы қазба байлықтарға бай. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды.
Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қала­лардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Астана – Азияның солтүс­ті­гінде орналасқан елорда. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақ­ша ол сөз елдің бас қаласы дегенді біл­діреді. Астана сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие. Жаңа елорда Отанымыз үшін, біздің сүйікті Қазақстанымыздың жаңа болашағының жарқын да ізгі беташары болып, қазіргі кезде әлемдік, іскерлік байланыстың орталығына айналып отыр. Елбасымыз айтқандай, жана әлемдегі жаңа Қазақстанның жаңа Астанасы әрі жас Астанасы қайсымыздың болса көкірегімізде арайлы рухты оятады. Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары болып табылады. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған.
Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға ­дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында ­Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға бо­лады. Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Сондай-ақ елорда құрылыс ауқымы жөні­нен де елде көш бастап тұр. «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында «Бейбітші­лік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азия­дағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица ка­федралдық соборын, Әулие ­Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт ­залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады. Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны. Ас­тананың айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалып, қала ұлан-ғайыр да­лалық өлкенің ортасындағы шұратқа (оазис) айналып келеді.
Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрес­тер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына ай­­налды. Елордада Әлемдік және дәс­­түрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық сам­миттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қаты­сушылары мен қонақтарын қа­был­дады. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтті.
Елорданың өркендеуі – еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасы берік болып, мерейі үнемі асқақтай берсін дегім келеді.

Айнұр СӘрсенова,
№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің директоры

Павлодар облысы
Ертіс ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Ақнұр

    Елордамыз қарыштап дами берсін.

  2. Арлан

    Бас қаламыз 20 жылда биік белестерден көріне білді.

  3. Мәулен

    Құтты болсын, Астана!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.