Қазыналы қария

Шалқыған дария өзінің бастау көзін мөлдір бұлақтан алады. Мың шақырымдық алыс жол алғашқы қадамнан басталады. Еренғайып Мәлікұлы Шайқұтдіновтың да өмір жолы туған топырағынан бастау алады. Ол Қызылжар өңіріндегі, қазіргі Жамбыл ауданының Көксау ауылында 1933 жылдың мамыражай мамыр айында дүние есігін ашқан. Жеріне қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі. Еренғайып – текті атаның ұрпағы. Атасы Молдахмет білімді, парасат иесі болған, революцияға дейін болыстыққа сайланып, ел басқарған, жастайынан туған халқына адал, риясыз қызмет еткен. Ел басына күн туған ХІХ ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыран кезде жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, қияндағы Краснояр өлкесіне қоныс аударуға мәжбүр болған.

Содан 1940 жылы кір жуып, кіндік кескен төл топырағына оралып бұрынғы Булаев, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Чистов кеңшарына қоныстанады. Жеті жасар бала Еренғайып Чистов орта мектебіне оқуға түседі. Ата-тегіне тартқан қайсар бала қаршадай кезінен намысқа тырысып, сабақты үздік оқуға, тәртіпті, ұқыпты болуға ұмтылады. Сол талапкерлігінің, еңбексүйгіштігінің арқасында орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, білім бәйгесінде жеке-дара суырылып алға шығады.
Ол оқушы кезінің өзінде естен кетпес бір оқиғаның куәгері ғана емес, бас кейіпкеріне айналады. 9-сыныпта оқып жүргенінде Чистов орта мектебін жабу туралы облыстық білім басқармасының қаулысы шығады. Сынып жетекшісі 14 баланы бастап, облыс орталығы – Петропавл қаласына, облыстық атқару комитеті төрағасының қабылдауына барады. Төраға сол кездің өзінде іскерлігімен, батылдығымен халықтың аузына іліккен, кейін аса көрнекті мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліп, Кеңес Одағының ұрда-жық, қыңыр басшысы Никита Хрущевтің өзіне тайсалмай қарсы тұрып, қасиетті қазақ жерін бөлшектеуден сақтап қалған Жұмабек Тәшенев оқушыларды бірден қабылдайды, қандай бұйымтаймен келгендерін сұрайды. Сол сын сағатта уытты Еренғайып қараңғыда жол, қапияда сөз тауып, мектептің жағдайын, балалардың арман-тілегін мүдірмей, тақылдатып айтып береді. Жас түлектің батылдығына разы болған төраға облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі (кейін Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары болған) А.Щербаковке бірден телефон шалып, Чистов орта мектебін қалпында қалдыруға бұйрық береді. Сөйтіп, дана Жұмекең болашағынан үміт күттіретін баланың уыз тілегін мүлтіксіз орындады, ал өжет Еренғайып өзінің құрбыларының оқуды ойдағыдай жалғастыруына жол ашып берді. Міне, тұлпар болар сәйгүлік құлынында құлшынады деген осы.
Жұмабек Тәшеневтің дуалы аузынан бата алған Еренғайып орта мектепті үздік бітіріп, Мәскеу нәзік химиялық технология институтына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдайды, Қарағандыдағы синтетикалық каучук зауытына инженерлік қызметке жолдама алады. Бұл ұжымда да басқа ұлт өкілдері арасында жалғыз қазақ инженері болады. Тағы да намысты қамшылауға тура келеді, ұлтының атына кір келтірмеу үшін бар білімін, күш-жігерін сарп етіп, аянбай тер төгіп, әріптестерінің сый-құрметіне бөленеді, ауысым бастығы деңгейіне дейін көтеріледі.
Алмас қылыш қын түбінде жатпайды. Жас­тайынан білім, ғылымға деген құштарлығы жас инженерді Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы жеңіл химиялық технология институтының аспирантурасына алып келеді. Аспирантураны межелі үш жылда ойдағыдай аяқтап, кандидаттық диссертация­сын табысты қорғап, ғылымға біржола бет бұрып, ұстаздық жолға түседі. Қазақ жоғары білімінің қасиетті шаңырағы бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушыдан кафедра меңгерушісіне дейін көтеріледі.
Профессор Е.Шайқұтдінов 1978 жылы ол кездегі В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының оқу жұмысы жөніндегі проректоры лауазымына жоғарылатылады. Мол білімімен, асқан біліктілігімен танылған ол 1992 жылы бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне ректор болып тағайындалады.
Осылайша, 1963 жылдан бастап күні бүгінге дейін – 55 жыл бойы ұлағатты ұстаз атанып, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім, тәлім-тәрбие беруге бағыштап келеді. Ұстаз шәкірттерімен мың жасайды. Академик Е.Шайқұтдіновтен дәріс алған шәкірттер бүгінгі таңда Қазақстанда ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Олар қайда барса да ұлағатты ұстаздарын құшақ жайып қарсы алады. Осы орайда классик жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұстаз – ұстаз емес, шәкірті үшін күймесе, шәкірт – шәкірт емес, өз ұстазын сүймесе» деген даналық сөздері ойға оралады. Ал «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген тәмсіл де Ерекеңе арналып айтылғандай.
Еренғайып Мәлікұлының ұстаздық қызметіне молырақ тоқталғанымның себебі бар. Бұл кісі барлық қырынан жарқырап көрінетін гауһартас іспетті. Жақсының жылуы күннің нұры секілді шартарапқа тарайды. Ерекең жарты ғасырдан астам уақыт бойы өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісімен айналысса, соңғы он бес жыл бедерінде ардагерлер қауымымен қоян-қолтық жұмыс жүргізуде.
Кезінде көрнекті мемлекет қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Рымбек Ильяшев, Шайдахмет Серғазин, Анатолий Шалов басқарған Алматы қаласының Ардагерлер кеңесінің тізгінін 2003 жылы сәуірде Еренғайып Мәлікұлы қолға алды. Алматы ардагерлер қауымдастығы – ерекше ұйым. Оның құрамында 220 мың зейнеткер бар. Мәселе – санда да емес, сапада. Мұнда кезінде ел басқарған ығайлар мен сығайлар, ғалымдар мен өнер майталмандары, адам жанының инженерлері – жазушылар мен ақындар тоғысқан. Әрқайсысы өзін тұлға санайтын адамдармен жұмыс істеу оңай шаруа емес.
Оның үстіне бүгінгідей нарық заманында, пенделердің пиғылы тарылып, кең дүние қусырылып тұрған кезде, қариялардың көңіл терезесін кір басқан аласапыран уақытта тіл табысу екінің бірінің қолынан келер іс емес. Жалпы қоғамдық ұйымға жетекшілік етудің ерекшелігі өз алдына бір төбе. Қолыңда билігің мен қаражатың болмаған соң білсең де білмегендей, көрсең де көрмегендей күн кешуге мәжбүрсің.
Алайда табиғатынан кеңпейіл, көнбіс, адам психологиясын жетік меңгерген, ақырын жүріп, анық басатын Еренғайып Мәлікұлы зейнеткерлермен тіл табысудың тетігін таба білуде. Сағымдай құбылып, сағыздай бұзылып тұрған мына заманда адамзатты құтқарып қалатын тетік – адамгершілік пен мейірім, жылы сөз ғана екенін Ерекең жан жүрегімен түсінеді. Алдына келген зейнеткердің көңілін тауып, жұбата біледі. Ерекең ұлы тұлғаға лайық ұлан-асыр істерді абыроймен атқаруда. Өзінің әбжіл әріптестері, табанды тағдырластары, қалалық кеңестің төралқа мүшелері – Алевтина Моисеевамен, Ким Серікбаевпен, Сәния Өміралиевамен, Құдайберген Қабдолдинмен, Мәдениет Кәркеновпен, Жақсылық Әмірхановпен, Көпесбай Жанпейісовпен, Ғалия Байқұтдіновамен, Бәтима Ыбыраевамен тізе қосып, «Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі» атты 220 мың қария сапарға шыққан алып кемені буырқанған толқындардан, нөсерлеген жауындардан, шамырқанған кейбір бейпіл ауыздардан аман сақтап, он бес жыл бойы шашау шығармай алға бастап келеді.
Соның нәтижесінде Алматы қалалық ардагерлер ұйымы республика көлемінде алдыңғы қатарда­ғы­лардың бірінен саналады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның он төрт облысы мен Астана қаласы ардагерлер ұйымдарының басшылары оңтүстік астанада бас қосып, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің жастарға патриоттық тәрбие беру саласындағы игі істерімен танысты, тәжірибесін тамашалады.
Е.Шайқұтдінов – ТМД елдері ардагерлері үйлестіру кеңесінің көп жылдан бергі мүшесі, жиі-жиі Мәскеуге сапар шегіп, Қазақстан атынан баяндама жасайды, тәуелсіз еліміздің ардагерлер қауымының үлгі тұтар жақтарын жан-жақты насихаттайды, беделіне бедел қосады. Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде Ардагерлер кеңесі үшін пайдалы істерді жүзеге асыруға белсене атсалысты. Қалалық ұйымның пленумдарында, кеңестің төралқа мәжілістерінде келелі мәселелерді талқылап, байыппен шешуде Еренғайып Мәлікұлының орны ерекше. Ол өзіне тән байсалдылықпен мәселені шебер шеше біледі, бәтуалы пікір айтып, батагөй ақыл қосып, төралқа мүшелеріне қошеметпен қарап, олардың пікірлерімен санасып отырады, үлкенді кішірейтпейді, кішіні алаламайды.
Кішкентайынан бауырында өскен атасы мен әжесінің «біреуге жақсылық жасауға, адамнан алғыс алуға ынтықпай, қалай адал болуға болады» деген қағидасы Еренғайып Мәлікұлының жадында мәңгілік жатталып қалған.
Үлкенге құрмет көрсетуде, кішіге ізет білдіруге Ерекеңнен көп нәрсені үйренуге болады. Төраға өте кішіпейіл адам, менмендік, өркөкіректік оның табиғатына жат. Ол тұрмыста да өте қарапайым. Үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше жарастық таба біледі. Ерекеңнің пейілі түзу, ниеті ақ. Ол арыңды сақтау – барыңды сақтау деп түсінеді. Сондықтан да ары таза адамның – әр күні қуаныш, мереке.
Ол – отбасының ұйытқысы. Бір шаңырақтың астында екі академиктің тату-тәтті өмір сүріп отыр­ғаны да тегіннен-тегін емес. Адамға күш беретін де, оны қажытатын да отбасы. Сондықтан зайыбы Гүлжиһан да, немересі Рамазан да – оның көз қуанышы, жан семіртер жанашырлары.
Ырысты үйдің есігі –
Тар болса да төрмен тең,
Бір жақсының есімі,
Бір тайпалы елмен тең,– деп, Ерекең сынды жаны жайсаң, абзал азамат туралы айтылса керек.
Бабаларымыздан сөз қалмаған ғой. Бұрынғылар «жаманның тіршілігі шағым мен арыздан тұрады, жақсының ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» деп бекер айтпаған. Осы тұрғыдан алғанда Еренғайып Мәлікұлы – таразының екі басын тең ұстап, келе­шегі кемел жастар алдында да, өмірден білгені мен түйгені мол қариялар алдында да парызын адал өтеп жүрген кемел қайраткер.
Еренғайып Мәлікұлының бойындағы ең асыл қасиет­терінің бірі де бірегейі – оның еңбекқорлығы мен табиғи зеректігі. Ол – Ұлттық ғылым академиясының академигі, бір мыңға жуық жарияланымның, 120-ға тарта патенттердің авторы. Ел алдындағы ерен еңбегі лайықты бағаланып, ол «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен, бірнеше медальдармен, тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған.
Қазақтың қазыналы қариясы, қариялардың ішіндегі дариясы болып жүрген Еренғайып Мәлікұлына ұзақ ғұмыр тілейміз.

Хамит БІРЖАНОВ,
Бостандық аудандық
Ардагерлер кеңесінің төрағасы
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.