ӘЛІПБИДІ АУЫСТЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Атырау қаласында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған талаптарды жүзеге асыру мақсатында «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» атты халықаралық конференция өтті.
Онда мемлекеттік тілдің дамуында қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің маңыздылығы, лингвистикалық, ақпараттық, әлеуметтік, мәдени, философиялық және тарихи зерттеулер, латын әліпбиінің жаһандық коммуникациялық кеңістіктегі орны, мемлекеттік тіл және инновациялық әдістеме мәселелері сөз болды.
Оқырмандар назарына осы жиында баяндама жасаған бірқатар ғалымдардың ой-пікірлері ұсынылып отыр.

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»  ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ

Жантас ЖАҚЫПОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология ғылымының докторы, профессор:

– Елбасымыз «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында қазақ тілі әліпбиінің тарихи жолын жақсы байыптап берді. «Қазақ тілі­нің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғы­лымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Хал­қымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.

Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өз­герту тарихы негізінен нақты саяси себеп­термен айқындалып келді», – деп жазды.
Қазақ тілінде сөздің дыбысталуын­да терең этногенезистік, рухани танымдық негіз бар. Бізде сөздің дыбыстық құрамы «ерлік (немесе аталық)» және «әйелдік (немес аналық)» негізден тұрады. «Ерлік» негіз дауысты дыбыстар болса, «әйелдік» негіз – дауыссыз дыбыстар. Екеуі қосылғанда әріптік дыбыстардың таңбасы жасалып қана қоймайды, «рух, жан» бітеді. Қазақ тілінің үндестік заңында осындай Ғаламдық Гармония (Жарасым, Үйлестік) бар. Оқығандар біледі, батыстық, орыстық философия бойынша қарама- қарсылықтар қайшылықта болып, солардың күресі арқылы әлем дамиды, ал қазақта қарама- қарсылықтар үйлесім жасайды. Біздің Әлеміміз басқа ғой, басқа! Бұл Үйлесім сонау көне түркі бітігінде орнаған еді. Айрылып қалдық!
Қазақ тілінің өзге тілдерден артық­шылығы – тұтастай гармонияға негіз­дел­ген. Гармония деген нәрсе айтарға оңай, алайда ол тұтастай ғаламның ­дамуына, жарастығына алып келер зор құбылыс. Әлем гармонияға сүйенеді. Тіліміздің осы қасиеті ХХ ғасырда әлсіреп қалды. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, әліпби генотип сияқты қызметке ие. Бұл – ­Елбасымыз айтқан ұлттық кодтың төңірегіндегі нәрсе. Қазақ әрпі қазақ руханиятын жаңартады деп сенемін.
Біздің ноосферада өмір сүретініміз белгілі. Вернадскийдің бұл ілімінен соң Тарту университетінің профессоры семио­сфера ілімін ұсынды. Бұл әлемдік қолдауға ие болып отыр. Демек, біз таңбалар әлемінде өмір сүреміз. Осы таңбалар әлемінің бір тұсында үйлесімсіздік, бұзылушылық болса, рухани экологиялық апат келді деген сөз. Бұл мәселені тереңдей зерттесе, талай сыр ашылатын сияқты. Осы сияқты терең рухани-танымдық негізді жоғалтпау үшін, сақтау үшін біз тілімізді әліпбиге емес, әліпбиді тілімізге бейімдеуді ұмытпауымыз қажет. Ал қазір жұртшылық таңба ауыстыру ретінде ғана қарап жүрген сыңайы бар. Латын қарпіне көшуде таза технократтық бағыттар басымдық алып кететін сияқты. Сондықтан бұл жерде тіл фонологиясының, семантикасының мамандары шешуші тұрғыға ие болғанын жөн санаймын. Біз басқа тілден енген сөздерді таңбалауда да, айтуда да осыны ұмытпағанымыз жөн.
Елбасымыздың нұсқауы бойынша: «Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдіс­темелік жұмыстар жүргізілуге тиіс». Осыған орай мынадай ұсыныстар жасағым келеді:
Емле ережесі мен сөздігі тезірек құрас­тырылуы керек. Емледе мына қағи­даны ұстансақ дұрыс болар еді: «Төлтума сөздер морфологиялық қағида бойынша, кірме сөздер фонетикалық қағида бойынша жазылады».
2017 жылдың 9 қазанында қабылданған нұсқаға байланысты жоғарыда келтірілген ұсыныстардың 1-8-ші тармақтарындағы тұрғылар жаңа әліпбиді енгізуде ескерілсе екен.
Акут деген таңбаның халықаралық деңгейде белгіленіп тұрақталып қалған қызметі алаңдатады. Мәселен, бұл таңба­ның қызметінде дауысты дыбысты жіңіш­керту жоқ. Сондықтан бұл нұсқаны енгізу барысында акут неміс тілінде жіңішкерту қызметін атқаратын умлаут таңбасымен алмастырылса ұтымды болар еді. Осылай істесек, компьютерге арнайы әріп енгізбей-ақ неміс тілінің тілдік панелін пайдалана берер едік. Тек «ң» әрпі ғана қалар еді, оны, мүмкін, апострофпен жаза салармыз.
«І» мен «й» дыбысын беретін әріптердің бас әріптері бірдей таңбаланатыны ескеріліп, әліпбиді енгізу барысында «й» «j» таңбасымен алмастырылса, ал «ж»-ға «с» таңбасын берсе, ұтымды болар еді.
«Ч» дыбысы қазақ әдеби тілінде жоқ (шығыс, оңтүстік шығыс говорларында айтылымда ғана бар, жазылымда жоқ), сондықтан әліпби енгізу барысында мұны алып тастап, емледе ғана бұл дыбыстың «тш» дыбыстық тіркесімен берілетіні көрсетілсе, ұтымды болар еді.
Жазу тәжірибесінің барысында «ш» дыбысына қолданылған «sh (сх)» екіұштылық туғызатыны қазірдің өзінде байқалып тұр, мәселен, Шыңғысхан, асхана, құсхана сияқты сөздер Шыңғышан, ашана, құшана болып оқылу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан әліпби енгізу барысында латын қорынан алынбаған «х» таңбасымен ауыстырса, ұтымды болар еді.
Енгізу барысында «У» дыбысын беретін «ý» таңбасын «Ww» таңбасымен алмастырса, бір диакратикадан арылар едік.
Латын жазуын қазірден бастап көрнекі ақпаратқа қолдана бастаса, көз үйретуге әсер етер еді.
Жалпы елдің бойында әзірше психоло­гиялық тосқауыл бары жасырын емес, бірақ «көз қорқақ, қол батыр» емес пе!
Жаңа әліпби тіліміздің гармониясын жаңғыртар деген үміттеміз, бұл рухани жаңғырумен тікелей байланысты.

КЕЛЕШЕК ҚАМЫ – БҮГІННЕН

Мұрат САБЫР, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті филология ғылымының докторы, ­профессор:

– Қазіргі таңда диграф пен дәйек­шеден арылған Елбасы бекіткен қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген жаңа нұсқасымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұрынғы нұсқа­ларға қарағанда әжептәуір икемді болғанымен, болашақ ұрпақ үшін мұны да талқылауға, кем-кетіктерін жөндеуге міндеттіміз. Қазір жөнде­месек, талқыламасақ, кейін үлкен қиындықтарға тап болатынымыз анық. Жаңа алфавитте 6 әріптің төбесіне үтір қойылған және бірнеше әріп біріккен.
Сонымен, соңғы нұсқада мынадай өзгерістер бар: алты әріптің төбесіне акут қойылған. Яғни, А (ә), G (ғ), N(ң), О (ө), U(ү) , У (у) -дың жоғары жағында үтірі бар. Екі әріп диграфпен берілген: Sh (ш), Ch (ч). Нүктесіз I – и мен қысқа й-дің, ал H – х мен Һ-нің рөлін атқарады. Жаңа алфавитте 32 әріп бар.
Ал Ь, Ъ, Э, Ю, Я, Щ, Ё, Ц әріпте­рі мүлдем жоқ. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың соңғы бір сұхбатында «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. Ч, ю, я, ь, ъ белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сондықтан бұл маңызды шара және ондай ағаттық жіберуге болмайды» деген сөзіне сүйене отырып, ұсынылған әліпбидің құрамындағы қазақ тіліне жат «ф», «и», «в», «ч» дыбыстары таңбаларын, тіпті араб-парсы тілінен енді деп әспеттеп жүрген «х», «Һ» дыбыс таңбаларын да алып тастасақ, қазақ тілінің табиғи әуезділігіне қол жеткізер едік. «Х» дыбысын жазғанмен «қ» деп оқимыз. Мәселен, Асхана, Махамбет, дастархан сияқты сөздерде таза қ мен дыбыстаймыз: Асқана, Мақамбет, дастарқан. Ал «һ» дыбыстарды одағай сөздерде ғана кездестіреміз. Оның өзі әліпбидің әсері болса керек. 1929 жылы латын әліпбиін қабылдаған тұста Нәзір Төреқұлов осы дыбысты енгізген. Қазақтың жалпақ тілінде Алла тағала дейтін едік, осы күнгі оқу өткен жас молдалар Аллаһ тағала деп қақылдайтынды шығарды. Қанша қақылдаса да араб тілі дыбысын дұрыс айта алмайды. Осындай жөнсіз еліктеулер тілді бұзуға алып келеді. Жаңа әліпби қазақтың төл дыбыстарын толық және дұрыс белгілегені қажет. Әріп үстіндегі үтір, яғни акут қаншалықты әліпбиімізге тірек болатынын уақыт көрсетеді. Жас ұрпақ әріп үстіндегі үтірге көңіл аудармай ә-ні а-деп оқып кетсе таңғалмаймыз. Мұндай қателіктер әліпби тарихында талай болған. Түріктер «қ» дыбысын, татарлар «ғ» дыбысын жоғалтып алғанын есте сақтау керек-ақ.
Жаңа әліпби қабылдауда термин мәселесі өзекті мәселе болары хақ. Тіліміз әлемдік тілдермен араласпай, олардан кірме сөздер, терминдер қабылдамай томаға тұйық отыра алмайды. Бұл – табиғи заңдылық. Бірақ осы терминдерді қабылдауда қазақ тілінің мүддесін жат тілдің ықпалын жығып берген тұстарымыз да көп. Елбасы биылғы Жолдауында да бұл мәселеге арнайы тоқталды. «…Терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деп ерекше атап көрсетті. Елбасы сыны терминдерді мүлде аударуға болмайды деген сөз емес. Мәселе қалай аударуда, қалай қабылдауда. Бұл өзекті мәселеге ұлы Мұхтар Әуезов те өз тұсында пікір білдірген: «Орыс тілі мен шетел тілінен алынған атаулардың орфографиясы бізде әлі дұрыс жолға қойылып болмаған сияқты. Мысалы, орыс тіліне француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағынып айтылады да, жазылады да. Біздің грамматикамызда осы жөнінде асыра сілтеу, сыңаржақтық бар сияқты».
Тіліміздің бар байлығын пайдалана отырып, кейбір терминдерді аударуға болады, ал аударуға келмейтін, бұрын ұғымымызда болмаған, заманауи, ғылыми терминдер мен кірме сөздерді қабылдауда қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағындырып, қазақ тілің заңдылығымен айтылып, жазылуына мән берген дұрыс. Тілімізді жат тілдердің ықпалынан сақтап, дамыту, байыту – азаматтық міндетіміз. Қазақ әліпбиін латын жазуына ауыстыру үдерісінде, жаңа емле-ереже дайындауда осы мәселелер ескерілуі тиіс. Бұл тұрғыда академик Ө.Айтбаевтың пікірі алдағы істің мақсат-мұратын белігілеп тұр: «Қазақ тілі терминологиясы жазу емле ережелеріне тікелей тәуелді. Яғни термин сөздер үшін бөлек емле жасалмайды, ол ортақ ережеге бағынады. Ендеше емле ережемізде термин сөздерді жасау, қабылдау жөнінде жіберілген өрескел қатені түзеу кажет».
2020 жылдарға қарай төлқұжатымыз латын графикасына ауыстырылып, рәсімделеді деп жоспарлап отырмыз. Латын графикасына өтпес бұрын тәуелсіздік алғаннан бері күрделеніп тұрған аты-жөнімізді жазу проблемаларын шешіп алған дұрыс. Батыс Қазақстан облысы АХАЖ бөлімінің қызметкерлерімен кездескенімізде қордаланған мәселе көп екеніне көз жеткіздік. Дүниеге келген сәбиге өзім білем, азаматтық құқым деп қазақ тілінің грамматикасын белінен басып ат қойып жүргендер көп ­(Ел-Аман, Қасым-Жомарт-Әлі, Мақпал Жүнісова, т.б.). Француз драматургі ­Жан-Батист Мольер: «Грамматиканың заңдылығына корольдер де бағынады» деген еді. Қазақ тілі заңдылығын сақтау – парыз әрі міндет. Адам есімдері де – ұлттық байлығымыз, мәдениетіміздің көрсеткіші. Ономастикалық заң қабылдап, аты-жөнімізді жазудың бір-екі нұсқасын ­(Бауыржан Момышұлы, Әділ Ахмет) заңмен бекітуіміз керек.
Белгілі ғалым Қ.Рысберген «…ұлты орыс азаматтардың аты-жөндерін жазуда төлқұжаттарында қазақ латын әліп­биіне жүгінеміз бе, әлде Ресей трансли­терациялық жүйесінде қала береміз бе?-деген күрделі проблемаларды көтерді. Атау­ларды транслитерациялау – ұлттық ­ономастикада және емле-­ереже заңдылықтарын қабылдауда өзекті мәселенің бірі.
Осы күрделі проблемалар дұрыс шешіліп, тілдің дыбыстық құрылымы, үндестік заңы, қазақы айтылым дәстүрі толық сақталса ғана латыннегізді қазақ әліпбиі – ұлттың рухани жаңғыруының алтын көпірі болмақ.

ТІЛ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЕСКЕРЕЙІК

Бейбіт ИСХАН, филология
ғылымының кандидаты, доцент:

– Әдетте қазақ тіліне жанашыр­лардың арасында жат тілдік дыбыстары бар сөздер ғана тілдің табиғи бітім-болмысын бүлдіреді деген түсінік бар. Шынында да, олардың тіл бұзарлық ойраны қазақтілді кез кезген жанның көзіне бірден шалынады. Ал жат тілдік сөздер құрамындағы қазақ тіліне де тән дыбыстардың (а, б, г, д, е, ж, з, й, к, л, м, н, о, п, р, с, т, у, ш) өзгеше, мәсе­лен, орысша тіркесуінің тіл бұзарлық әлеуеті (потенциялы) жат тілдік дыбыс­тардан да ерекше күшті. Бірақ біз «орыс-қазақ» әліпбиімен сауат ашып, сосын орыс тілінің сөздері мен орыс тілі арқылы орысшаланып енген өзге тілдердің сөздері орысша қалай жазылса, қазақша да солай болуын талап ететін қазақ тілінің «жасанды» емле ережелерін жаттап өскендіктен, олардағы қазақ тілі табиғатына жат дыбыс тіркесімдерінің тіл бұзарлық ойранын сезе бермейміз. Айталық, «г» дыбысы мен «а» дыбысының тіркесі қазақ тіліне жат. Сол себептен «газ» сөзінің қазақтың өз сөзі емес екенін кез келген қазақтілді қазақ бірден аңғарады. «Президент» сөзі де солай, өйткені қазақ тілінде қос дауыссыз дыбыстан сөз басталмайды.
Сондықтан да латын негізді әліпби ­бо­йынша қазақ жазуын қалыптастыруда оның өзіндік табиғи ерекшелігі қатаң ескерілуі керек. Осыған орай оның төл дыбыстары мен олардың өзара тіркесімі мәселесіне арнайы тоқталар болсақ, ең әуелі, қазақ тілі дыбыстық жүйесінің табиғатына қатысты басты-басты заңдылықтарды анықтап, екшеп алғанымыз жөн болар. Біздің зерттеп-зерделеуімізше, олар – мыналар:
Қазақ тілінің өз сөздерін дыбыстап айтуға арналған төл дыбыстары бар. Олардың дыбысталуы дыбыс шығару мүшелерінің сан мыңдаған жыл бойы қалыптасқан артикуляциялық (дыбыс шығаруға ауыз-көмей мүшелерінің қатысуы, дыбыстардың жасалу орны) және акустикалық (дыбыс шығару кезінде демнің өкпеден шығу жолы мен қарқыны) заңдылықтарына негізделген;
Қазақ тілі дауысты дыбыстары жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып жұптасып келеді. Сол себептен буын үндестігі – қазақ тілінің басты заңы болып есептеледі;
Қазақ тілі дауысты дыбыстарының ішінде «о» дыбысы түбір морфеманың (сөздің) тек алғашқы буынында ғана қолданылады. Басқа дауысты дыбыс­тар барлық буында айтылады, демек, жазылуға тиіс. Бұл заңдылық, әсіресе күні бүгінге шейін «емлелік жасанды ережеге» қор болып, жазылуы мен айтылымы арасында үлкен айырмашылық пайда болған «ә» дыбысы мен еріндік дауысты дыбыстардың (ұ, ү, ө) қазақ сөздерінің екінші-үшінші буындарда қолданылуына және олардың жазылуына тікелей қатысты.
Қазақ тілі бүкіл түркі тілі сияқты жалғамалы (агглютинативті) тілдер тобына жатады. Демек, түбір морфемадан афикстік морфемалар арқылы туынды сөздердің жасалуы және олардың жұрнақтар арқылы түрлі грамматикалық мағыналарға ие болып түрленуі – оларға жалғанатын қосымшалардың жуан түбірге жуан, жіңішке түбірге жіңішке жалғанып, үйлесіп келуі арқылы жүзеге асады;
Қазақ тілінің тағы бір өзіндік заң­дылығы – еріндік дауысты дыбыс­тардың да үндестігі. Бұл заңдылық қолдан жасалған айтылым (орфоэпия) сөздігінде ғана ескерілмей, емле (орфография) сөздігімізде де, ең болмағанда түбір сөздің екінші буынында көрініс табуы керек сияқты.
Қазақ тілінде еріндік дауыстылар (о, ө, ұ, ү) ғана өзінен кейін келетін (жазылатын) қысаң «ы» мен «і» дауысты дыбыстарын еріндікке айналдырып қана қоймайды, үнді дауыссыз дыбыс «у» да өзінің алдында да, өзінен кейін де «ұ» мен «ү» және «ө» еріндік дауыстыларының айтылуын (уыз – үуұз, ауыл – ауұл, әуе – әуө, т.б.) талап етеді. Демек, жазған кезде, болашақ емле ере­же­мізде осыны да мұқият ескеруіміз керек.
Қазақ тілінің түбір морфемасы құрамында екі дауысты дыбыс қатар тұра (дыбыстала) алмайтыны сияқты екі морфема біріккен кезде де екі дауысты дыбыс қатар тұра алмайды. Сондықтан оларды біріктіріп жазатын болсақ, біреуін түсіріп (қаларалық), не болмаса оларды тек тіркес сөз ретінде (қала аралық) ғана жазу керек.
Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, қазақ тілінің түбір сөздері мен туынды сөздері, сөз түрлендіруші жұрнақты сөздері буын үндестігі (сингармонизм) заңына бағынып айтылады және жазылады;
Қазақ тілінің үнді дауыссыз дыбыс­тарынан «м» мен «н» ғана сөз басында қолданыла алады. «Ң» үнді дауыссыз дыбысы ғана емес, сондай-ақ «л», «й», «р», «у» үнді дауыссыз дыбыстарынан да сөз басталмайды, демек олар жалаң түрде, яғни «ы», «і», «ұ», «ү» дауысты дыбыстарынсыз айтылмайды. Қазақ тілі сөздері қос дауыссыздан басталмайды. Қазақ тілі сөздерінде үнді мен қатаң дауыссыз дыбыстардың (й+т, л+т, н+т, р+т) тіркесімі бар болғанымен, сөз соңында екі дауыссыз, әсіресе екі қатаң дауыссыз дыбыс айтылмайды. Сөз ішінде (түбір морфемада) бірдей екі дауыссыз дыбысты қосарлап айту (махаббат, ләззат, күллі, құдды, т.б.) қазақ тілінің табиғатына тән емес. Қазақ тілінде «з», «ж» дыбыстарынан басқа ұяң дауыссыздар сөз соңында қолданылмайды.
Қазақ тілінде сөз екпіні (екпінді буын) деген нәрсе жоқ, ол қазақ тілі сөздерінің лекси­калық мағынасын өзгертуге еш әсер ете алмайды. Сол себептен екпін барлық буынға бірдей түседі және екпінді (удар­ный), екпінсіз (безударный) делініп дауыс­ты дыбыстар ерекшеленбейді. Демек, орыс тіліндегі екпінсіз айтылатын дауысты дыбыстар орысша қалай айтылса, қазақша да солай айтылып-жазылуы керек. Мәселен, мамонт – мамынт, портал – партал, ректор – іректір, томография – тамағырап(ы)йа, трактор – тірәкт(і)р, т.б. делініп. Орыс тіліндегі «и», «у», «ы» дыбыстары осы әріп­термен таңбаланып жүрген қазақ тілі дыбыстарына мүлдем сәйкес келмейді. Осы әріптер қолданылатын орыс тілі сөздері қазақ тілі дыбыстарымен алмастырылып, яғни қазақшаланып жазылуы керек.
Жіңішкелік белгісіне немесе екі дауыс­сыз дыбысқа (тестер/тестлер/тестілер, т.б.) аяқталған орыс сөздеріне қазақ тілі қосымшалары әртүрлі жалғанып жүр. Себебі қазақ тілінде түбір морфема мен негіздік морфеманың (туынды сөз) басында да, аяғында да екі дауыссыз, әсіресе екі қатаң дауыссыз қатар айтылмайды.
Өзгетілдік сөздер «ст», «зд», «дж», «кс», «зм», «рс», т.б. дыбыс тіркесімен аяқталса, қазақ тілінде олардың арасына «ы», «і» қысаң дауысты дыбыстары қосылып айтылады. Мысалы: миннистір, коледіж, кодекіс, экстремизім, курыс, т.б.
Міне, қазақ тілінің осы сияқты және т.б. заңдылықтары, тіпті Халел (өз атын көп жағдайда «Қалел» деп жазған – авт.) Досмұхамедұлы «Сингармонизм түрік (түркі – авт.) тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті» деп ұлықтаған тіліміздің буын үндестік заңы ескерілмей дайындалған емле (орфография) ережелеріміз оның жазба тілін ғана емес, жанды (ауызша) тілінің өзін де табиғатынан алшақтатып барады. Сол себептен қазақтілділер қазақ тілінің жат тілдік сөздерді қалай жазу керек екені туралы қазіргі емле ережелерін жатқа білсе де, қазақ тіліне өзгетілдік дыбыс тіркесімдерімен енген сөздерді әркім өзінше дыбыстап, өздері дұрыс-ау деп ойлаған қосымшаларды (педагог+тер/педагог+тар, т.б.) жалғап жүр. Өйткені қазақ тілінің қазіргі емле ережелерінің көбісі орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден орысшаланып енген сөздерді сол қалпында алып, оларға қайтсек қазақша қосымшалар жалғаймыз деп жасалған ережелерге толы.
Қорыта айтқанда, тіліміздің табиғи болмысын сақтау үшін оның өзіндік ерекшеліктерін ескеру аса маңызды. Ал бұл болса, латынша жаңа әліпби негізінде емле ережелерін дайындау үшін қажет. Кезінде, яғни 1913 жылы қазақ тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлы «Шора» журналындағы «Қазақша сөз жазушыларға» деген мақа­ласында айтылған сөз бен оның жазылуының арақатынасы туралы былай деген екен: «Дұрыс емле мен қате емлені айыруға, менің ойымша, былай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек».

ҚҰПТАРЛЫҚ ҚАДАМ

Мақпал АМАНҒАЛИЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Көптілді білім беру факультетінің аға оқытушысы:

– Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген еліміздің басты мақсаты сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып отыр. Бұл дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей, сауатты жаза алатын, оның салт-дәстүрлері мен тарихын терең меңгерген ұрпақ. Бүгінгі күннің басты талабы тілді шұбарламай, анық, сауатты жаза білу саясаты болып тұр.
Сол саясаттың бір ұшы қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне келіп тіреліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып ­шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадам­ды жасағанбыз. Балаларымыздың болаша­ғы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, бала­лары­мыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсетті.


Мұны ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ана тіліміздің болашағы үшін жасалған басты қадам деп қараймыз. Бұны қолданыстағы кириллицаға қырын қарау деп түсінбеуіміз керек. Керісінше, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің, ұрпағымыздың болашағын ойлау, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасау, тілдің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп қарауымыз қажет.
Латынға көшу мәселесі бір жағынан өз ана тіліміздегі төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Қазіргі заман – жазу ­заманы. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеу­меттік мәні зор құбылыс. Ол – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, әліпби – адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Адам жазу арқылы сауатын ашып, білім алып, байланыс жасап отырады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия (айтылым) заңдылықтарын ұмытып, айтуы да, жазуы да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне итермеледі. Қазіргі жастар арасында тілдің айтылым (орфоэпия) және жазылым (орфография) заңдылықтарын ажырата қарамай, жазылым бойынша сөйлеуі етек жайып бара жатыр. Олар ана тіліміздің басты ерекшелігін танытатын – үндестік заңын мойындағысы келмейді.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы.
Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, мүмкіндігі де зор екенін танытып отыр. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Қорыта айтқанда, латын тіліне көшудегі біздің ұтатын нәрселеріміз ұшан-теңіз. Кезінде жазу емлесінде жіберілген қолайсыздықтарды жөнге келтіреміз және қазақ тіліне тән емес басы артық дыбыстарды алмай, артық таңбалардан арыламыз. Интернеттегі өзімізге қажетті сайттарды өз таңбаларымызбен-ақ ашу мүмкіндігіне ие боламыз. Интернет, халықаралық ­пошта, көлік, тағы да басқа әлемдік қарым-қатынас құралдарын қолдану мейлінше жеңілдейді. Қоғамда көрнекі ақпарат, жарнама, түрлі тауарлар мен заттар, интернет арқылы өмірімізге әлдеқашан енген әліпбиді заңдастырамыз. Ең бастысы, мемлекеттілігі бар түркі ағайындармен байланысымыз бұрынғыдан да арта түседі. Халық өз еркімен таңдау мүмкіндігі мол болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз құптарлық іс деп білеміз. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін биік белестерге бастайтын сара жол.

Бетті ұйымдастырған
Өтеген НӘУКИЕВ
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Danko

    № qazaq latyn älippe
    1 Аа Aa 17 Ңң Ññ латинские буквы 25
    2 Әә Ää 18 Оо Oo qazaq latyn älippe 31
    3 Бб Bb 19 Өө Öö кстати,
    4 Вв Vv 20 Пп Pp раскладка немецкой клавиатуры
    5 Гг Gg 21 Рр Rr идиально подходит.
    6 Ғғ Ğğ 22 Сс Ss Если заменить, Ñ, Ğ на диграфы NG,GH
    7 Дд Dd 23 Тт Tt и на местоβ поставить Ş,
    8 Ее Ee 24 Уу Ww вопрос с раскладкой клавиатуры
    9 Жж Cc 25 Ұұ Uu будет решена на 100%.
    10 Зз Zz 26 Үү Üü
    11 Йй Jj 27 Фф Ff
    12 Кк Kk 28 Hh Hh
    13 Ққ Qq 29 Шш Şş
    14 Лл Ll 30 Ыы Yy
    15 Мм Mm 31 Іі Ii
    16 Нн Nn

    Ёё Jojo
    Ии Jj
    Цц TSts
    Чч Şş
    Щщ ŞŞşş
    Ъъ —
    Ьь —
    Ээ Ee
    Юю Juju
    Яя Jaja
    Xx Qq

  2. Ашыулы жігіт

    Kazak Grammar дың құрастырған алфабетінен асқан тійімді әрі ұтымды нұсқаны көрмедім. Алфабет қатып қалған нәрсе емес, болашақта көзі ашық сауатты жастар осы грамардың алфабетін ресмій қылып бекітеді 100% Ал мынау кәзір қабылданған нұсқа барып тұрған далбаса, не тіл заңдылығына бағынбайды әрі түртпе әріптері тым көп. Не мынау қазақтың қысқа дауыссыз у дыбысын ý деп белгілеп алжығандар. У=w болыу керек

  3. Kazak grammar

    ✦ KAZAK GRAMMAR ALFABETİ ✦

    1. Aa — /ɑ/: akca (ақша)
    2. Bb — /b/: bilim (білім)
    3. Cc — /ʃ/, [ɕ]: car (шар), cer (шер)
    4. Dd — /d/: damıw (даму)
    5. Ee — /e/: eńbek (еңбек)
    6. Ff — /f/: formula (формула)
    7. Gg — /g/, [ʁ]: gen (ген), gun (ғұн)
    8. Hh — /χ/: halık (халық)
    9. Iı — /ɯ/: ınta (ынта)
    10. Jj — /ʒ/, [ʑ]: jar (жар), jer (жер)
    11. Kk — /k/, [q]: kün (күн), kun (құн)
    12. Ll — /l/: layık (лайық)
    13. Mm — /m/: mansap (мансап)
    14. Nn — /n/: narık (нарық)
    15. Oo — /o/: okıw (оқу)
    16. Pp — /p/: payda (пайда)
    17. Rr — /r/: ras (рас)
    18. Ss — /s/: sana (сана)
    19. Tt — /t/: tabıs (табыс)
    20. Uu — /ɤ/: uyım (ұйым)
    21. Ww — /w/: wakıt (уақыт)
    22. Yy — /j/: yadro (ядро)
    23. Zz — /z/: zat (зат)
    24. Ää — /æ/: äsker (әскер)
    25. İi — /ɘ/: isker (іскер)
    26. Ńń — /ŋ/: oń (оң)
    27. Öö — /œ/: öner (өнер)
    28. Üü — /y/: üyren (үйрен)

    • /f/ және /χ/ қазақ тілінің төл дыбыс жүйесіне кірмейтіндіктен тек кірме сөздерде қолданылады.
    • // — фонема, [] — аллофон

    • У — W/Uw/Iw/İw: у — uw, тау — taw, eлу — eliw, тату — tatıw
    • У кірме сөздерде → U: Сатурн → Saturn, Уран → Uran, Нептун → Neptun
    • И — Iy/İy: и — iy, ми — mıy, қи — kıy, би — biy, ки — kiy
    • И кірме сөздерде → E/İ: испан → espan, Илон → Elon, фин → fin

    • Я — Ya: ұя — uya, сия — sıya
    • Я кірме сөздерде → A/Ja: заряд → zarat, Ява→ Jawa
    • Ю — Yıw/Yiw: құю — kuyıw, күю — küyiw
    • Ю кірме сөздерде → U/Ü/Yu/Ju: Юта → Uta, дзюдо → judo, блюз → blüz, юкагир → yukager, Юпитер → Jupiter

    • Э → E: электр → elektr, эстон → eston
    • Щ → C: ащы → acı, тұщы → tucı, борщ → borc
    • Ч → C: чек → cek, чех → ceh
    • Ц → S: цент → sent, цех → seh
    • В → W: вето → weto, вагон → wagon

    • Мәтін үлгісі:
    Altın kün aspanı,
    Altın dän dalası,
    Erliktiń dastanı,
    Elime karacı!
    Ejelden er degen,
    Dańımız cıktı koy.
    Namısın bermegen,
    Kazagım mıktı koy!

    Meniń elim, meniń elim,
    Güliń bolıp egilemin,
    Jırıń bolıp tögilemin, elim!
    Tuwgan jerim meniń — Kazakstanım!

    Urpakka jol ackan,
    Keń baytak jerim bar.
    Birligi jaraskan,
    Täwelsiz elim bar.
    Karsı algan wakıttı,
    Mäńilik dosınday.
    Bizdiń el bakıttı,
    Bizdiń el osınday!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.