МӘДИНА

Қоян қысынан қысылып шыққан аудан халқының күдігі көп еді. Көктем ұзаққа созылатын шығар деген ой жиі мазалайтын. Бірақ олай болмай шықты. Мамырдың мамыражай күнінде қыраттарда жайқала­ өскен сары гүлдер көз жанарын алады. Жусанның көгілдір түстес гүлдері­ мұрынды қытықтап, әдемі бір таңғажайып саябақты елестетеді. Табиғаттың­ осы бір тамаша күндері серуенге шыққан әрбір адамның тынысын­ кеңейтіп, күш-қуат бергендей сезінесің. Кездейсоқ па, әлде сәйкестік пе, мамыр мерекесінде жаңадан салынған үйге қоныс аударғанымызға ерекше қуандық. Айналасы асфальттанып, сырты әктелген көрікті үй көше көркін аша түскендей. Көршілер де ұстаздық қызмет атқаратын азаматтар екен. Бұлардан басқа неміс ұлтының өкілдері қоныстанған жерге келгенімізге көңіліміз көтеріліп­ қалды. Көршілер бірінен соң бірі келіп құттықтап, жақсы танысып­ алдық. Бұрыннан бауыр басып қалғандай лезде араласып ­кеттік.

Кешкілік көршілердің кішкене қыздары мен ұлдары біздің тұңғыш баламыз Арсенді коляскіге мінгізіп алып, бірінен кейін бірі тербетіп ойнап жүрген-ді. Сенбі күні болатын.­ Жарасқан ұйықтап жатқан. Тосыннан­ төсегінен ұшып тұрып, кіреберістегі бөлменің есігін ашып: «Әдемі ән беріліп жатыр, радионы­ қаттырақ қойшы» дегені бар. Сонда­ біз қарқылдап күліп алдық та: «Жарасқан, ұйқысырап тұрған жоқсың ба?» деп едік. «Жоқ, «Ақбаян» әнін беріп жатыр ғой» деп терезе­ жаққа бұрылды. Сөйтсе, терезенің ашық тұрған жерінен әдемі әнімен Жарасқанды ұйқысынан оятқан кішкентай бойлы әдемі ақ сары қыз екен. «Ойпыр-ой, мына қыз келешек үлкен әнші болады. Дауысы керемет екен» деп жеңгесі Шолпанның қасына жетіп келді. Арсенді көбірек ойнататын да осы әнші қыз еді. Сол кезде сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің әні «Ақбаянды» қоңыраулай сылдырлаған әсем дауысымен орындап жүрген он жасар Мәдина болатын.
Мәдинаның бала кезінен әнге құштар­лығын, ән айтуға ерекше ден қойғанын бас­тауыш мектептің ұстаздар қауымы айрықша бағалап, оған әннің теориялық жүйе­сін жете түсіндіре білетін. Көп жыл мектеп­ директоры болған, Қазақ КСР еңбегі сіңген мектеп мұғалімі Мықтыбай Жанұзақов ағамыз бір сөзінде: «Мәдина өте талантты, дарынды қыз. Бұл баланы қазірден бастап музыкалық білімге бау­лып, тәрбиелеу қажет. Бойына біткен талантты жоғалтпау керек. Бірнеше мәрте ән сабағынан беретін ұстаздармен жолығып, жас қыздың талантын әрі қарай дамыта түссек деген ниетімді олар да құп алды. Әттең, кішкентай Мәдинаның анасы Дариға науқастау кісі. Екі қызының келе­шегіне ол да алаңдаулы. Көрші тұрамыз, бұлар­дың тұрмыстық жағдайы онша емес. Мектеп басшылығынан қыздарына көмек беріліп жатыр. Бірақ қыздардың анасының науқас­тығы қалай болар екен?..» деп айтқаны бар еді.
Шынында, көрші отырған бұлардың тұрмыс-тіршілігі таныс болатын. Шешесі жағынан ағайындары келіп, көмек қолын созады екен. Көршілері де көптеп қолдап, Мәдинаның талабын одан әрі жетілдіру жөнінде әңгіме қозғап, анасының осы қызы­ның талабын көруіне ниеттерін білдіретін. Мәдина сабақты жақсы үлгеріммен, ән айту­дағы талантымен Қазалы қаласындағы нөмірі он жетінші Ғани Мұратбаев атындағы мек­теп­аралық ән жарыстарында үздік шығып, талай­ сыйлықтарға ие болды. Бұл 1964 жыл еді.
Әбдіраштың Жарасқаны ауылшаруа­шылық техникумында студент кезі. Ол осы Мәдинаның келешек керемет әнші бола­тынын болжағандай, күнде кешкілік одан «Ақбаян» әнін орындауды өтінетін. Кейін өзі де қазақтың белгілі ақынына айналып, Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби сый­лық­тың иегері атанды. Жалған дүниенің тағдыр­ластығын қараңыз, бірі ақын, екіншісі талантты әншінің мүрделері Алматының Кеңсай зиратында қатар жатқанына қайран қаласың.
…Мәдина ауданаралық мектеп көр­кем­өнерпаздарының жарыстарында бірінші орын иеленіп, талайды тамсандырған болатын.­ Амал қанша, алтыншы сыныпқа өткен кезде анасы ұзақ науқастан кейін өмірден озды. Сүйеніші, қамқоршысы болған жалғыз анасынан айырылған қос қарлығаш көздері жаутаңдап жетім қалды. Анадан айырылған қыздарға бұл өте ауыр соққы болды, жүректері қан жылап, мұңдары мен сырларын кімге айтарын білмей, талай күнді көрпе астында солқылдап жылап өткізгендерін ағайын-жекжаттары айтып та жүрді. Ақылдаса келе, Мәдина мен сіңлісі Сағираны Әйтеке би кентіндегі санаториялық мектеп-интернатқа жатқызып оқытуға ұйғарым жасалды. Бұл ағайындардың дұрыс шешімі еді. Қыздар да бірте-бірте жақсы тәрбие алып, Мәдина өзінің талантын одан әрі шыңдай түсті. Одан әрі Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға қабылданды. Өнер шыңына бірте-бірте қол жеткізген Мәдина Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында оқып жүргенінде ерекше көзге түсіп, республиканың маңдайалды сахнасында ән шырқады. Сондай бір өнер жұлдыздары бас қосқан концертте бұған дейін әдемі әнімен көп көңілінен шығып жүрген Мәдинаға халықтың қошеметі ерекше болған еді. Сахна­ төріне көтерілген әйгілі әнші, Халық қаһарманы Роза Бағланова Мәдинаның маңдайынан иіскеп тұрып: «Балапаным, бағың жансын. Дауысыңды мұқият сақта. Мұндай дауысты­ әзірге ешкімнен кездестірмедім. Талан­тыңа ақ жол тілеймін» деп, ақ батасын берген еді. Апасының батасы қабыл болып, бүкіл елдің сүйіп тыңдайтын әншісіне айналды.
Расында, мінез де, ән де туған топырақтың табиғатына байланысты болар. Салыстырмалы­ түрде қарасақ, Роза Бағланованың туған топырағы Қазалы жері болса, Мәдинаның да туған жері, өскен ортасы – қасиетті Қазалы.
Қазірге дейін осы кісілердің күміс көмейінен шыққан ән дауысын қайталаған ешбір өнер иелерін кездестірген емеспіз. Мұндай дауысты көптеген адамдар ғасырда бір келетін талант деп бағалайды.
Мәдина жас кезінен кішіпейіл, қара­пайым қыз болып өсті. Кейін қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлді. «Жетім көрсең – жебей жүр» деген қағиданы берік ұстана отырып, қолындағысын сондай жандарға бергісі келіп тұратындығын ағайындары жиі айтатын. Алматыға ертерек көшіп келген, санаториялық мектеп-интернатта тәрбиеші болған ұстазы, марқұм Зәуреш Шәріпқызы Мәдинаның арнайы іздеп келіп, сәлем бергенін аузынан тастаған емес. Бірде Қазалыда қызмет атқарып жүргенде анасының басына құлпытас қоюға келгенінде арнайы соғып, сәлем бергені бар. Сонда ол алдымен Арсенді сұрап, жас кезінде ойнататынын айта келіп: «Менің де жалғыз тал ұлым бар, оның атын Арсен қойдым» деп қуанышын бөліскен-ді. Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылының аяқ кезі еді.
Мәдина Ералиева көпшіліктің құрметіне ие болған әншінің бірегейі. Қазақстанның еңбек сіңір­ген­ әртісі Мәдина Ералиева көп әндерді өз репертуарына енгіз­ген тамаша әнші. Солардың ішінде халықтың көңілінен шыққандары сазгер Гүлнәр Дау­кенованың «Күрең күз» және сазгер Елена ­Әбді­халықованың «Есіңе мені алғай­сың» әндері болатын. Осы ән­дерді өмірден өткенше сахнадан түсірген емес.
Екі мыңыншы жылдың қоңыр күзінде туған жеріне барып, ата-бабасына, әкесі мен анасына Құран бағыштатып көңілін бірлеген Мәдина өз көлігімен Алматыға сапар шегіп, ауданның шекарасынан өте берген тұста кенеттен көлік рөліне ие бола алмай, оқыс апат салдарынан жалған дүниемен қоштасқан еді. Сол кезде Мәдинаның өзі сүйіп айтатын «Күрең күз» әнімен қалай қимай қоштасқаны ешкімге беймәлім күйде қалып барады. Қырық алты жасында өмірден озды. Артында қалған жалғыз ұлы Арсен азамат болып, ұл-қыз өсіріп отыр. Оларға қамқоршы болған туған сіңлісі Сағира да балалы-шағалы. Тірі болса Мәдина биыл алпыс­ бес жасқа толар еді.
Сол күні аспаннан қар аралас жаңбыр жауып,­ су кешкен күн болды. Сондай ауа райының қолайсыздығына қарамастан, әнші Мәдинамен қоштасуға келген адамдардың санында­ шек жоқ еді. Бәрі де аяқтары малшыған суға батып тұрса да, өздерінің сүйікті де талантты әншісімен қимай қоштасып, зиратына барып топырақ салғаны алматылықтардың мәңгі есінде. Қоштасар кезінде оның «Күрең күз» әні театрдың фойесі мен сыртқы алаңында қайта-қайта орындалып, көпшіліктің көңілін жабырқатып, көздеріне жас алғызған-ды. Өмірден өткеніне он тоғыз жылға аяқ басса да, оның күміс көмейінен шықан осы әні әліге дейін сахна төрінен түспей, шырқалып келеді.
Түннің бір ашығында шоғырланған көп жұлдыздарды қарап тұрғанда ортасынан біреуі қас-қағымда ағып түсетіні бар. Құйрықты жұлдыздай жалған өмірден жастай өтіп кеткен­ Мәдинаның тағдырын осындай аққан жұлдызға теңесек, артық та емес.

Киікбай ІЗЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.