ҚАРАСАЗДАҒЫ ЖЫР БАЙҚАУЫ

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған жері – Қарасаз ­ауылында­ өзге этностар арасында «Мұқағали оқуларынан» облыстық байқау өтті. Аталған шараға облыстың 15 ауданынан бірнеше этнос өкілінің жастары­ қатысты. Байқауға қатысушылардың дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Шара барысында қатысушылар ақынның бір өлеңін қазақша, тағы бір өлеңін ана тілінде жатқа оқуы шарт еді. Бекітілген арнайы талап бойынша қатысушылар өте жоғары деңгейде өнер көрсетті.

«Мұқағали – ғұмырының соңына дейін шығармашылықтан алыстамай, қолынан қаламы түспей, қазақтың қара өлеңінің құдіреті мен сырына молынан қаныққан ақын. Өлең киесінің мәні мен мағынасына терең бойлап, сөз маржанын келісті кестелей білген Мақатаев мұралары қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес туындылар. «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын» деп жырлаған Мұқағалидың өзі де қазақтың қара өлеңінің Хантәңіріне айналып­ отыр бүгінде. Жас өрендердің поэзияға деген құштарлығын арттыру мақсатында бірнеше жыл қатарынан «Мұқағали оқуларын» өткізуде ұйытқы ­болып келеді. Біз Аспантаудың ақиық ақынының жырларымен сусындау арқылы жастарды рухани тұрғыда байыта алатынымызға кәміл сенімдіміз» деді Шәмшә Беркімбаева.
Ақынның мәңгілік ғұмырға айнал­ғанының тағы бір айқын дәлелі – жыл сайын еліміздің барлық аймағында Мұқағалиға арналған әдеби кештердің үздіксіз өткізілуі. Бұл үрдіс ешкімнің міндеттеуінсіз, жүрек қалауымен жүзеге асып жатқандығы таңданыс туғы­затыны рас. Жыр дүлдүліне арналған мүшәйралар мен ән кештері жылдан жылға жалғасатыны сөзсіз. Ақын өзінің күнделігінде «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың да туысымын»­ деген екен. Келешекті болжап кеткен ақын көрегендігіне еріксіз таңданасың. Расымен де, ХХІ ғасырдың ұрпақтары ақынның құрдасына һәм сырласына айналған.
Облыстық байқауға бағын ­сынап келген барша қатысушылардың дайындығы көпшіліктің көңілі­нен шықты. Әсіресе, қазақ тілінде Мұқағали Мақатаевтың туындыларын жатқа әрі қазақ тілінде оқыған әрбір қатысушының тілге деген құрметін ерекше сезіндік. Бұл шараға қазақ тілін, поэзияны терең меңгерген өнер илерінің өнеріне жұртшылық, әсіресе қарасаздықтар ерекше ілтипат білдірді. Байқау корытындысы бойынша бірінші орынды ұйғыр ауданынан келген Дильназ Шарипова, екінші орынды талдықорғандық Дильназ Юсупова иеленсе, үшінші орынға Қапшағай қаласынан келген ­Ирина Кир мен Ұйғыр ауданынан Сәбирям Анварова жайғасты. Айта кету керек, байқауға қатысушылар мен қонақтар Қарасаз ауылы­ның басты көрікті жері – Мұқағали Мақатаевтың музейін аралап көрді. Онда Ұлы Ақынның негізгі қолжазбалары, оның жеке заттары мен қолданған үй жабдықтары қойылған.

Қ.СӘБИТ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.