СЕНІМГЕ СЕРПІН БЕРГЕН МӘЛІМДЕМЕ

Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

«Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді халық даналығы Тарих көшінің дауылы мен жауынында, селі мен сеңінде, өрті мен дертінде көнермеген осы есті сөздің бір көркем, кермиық көрінісі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлімдемесі. Өмірдің өзекті, өткір мәселелерін кемел оймен кеңінен қамтылған бұл мәлімдеме бүгіні бекем халықтың кемел келешек, жарқын күндерге деген сеніміне қуатты серпін берді.
Адамның ақыл-парасаты, алдағыны көріп, алысты болжайтын кемел ойлы кемеңгерлігі сын сағаттарда сыналады. Туысы бөлек бекзат тұлғалар оқыс оқиға, қиын жағдайларда асып-саспай, асқан ақылдылықпен шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдап, жедел әрекет жасайды. Айтып келмеген алапат апат – коронавирус әлемдік пандемиясы ғарыштық жылдамдықпен тарап, бүкіл дүниежүзін әбігерге салып, алпауыт державалардың басшылары да абыржып қалған сын сағатта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің тумысы бөлек бекзат тұлғалығын танытып, біраз мемлекеттерден бұрын жедел әрі өте дұрыс шешім қабылдап, елімізде Төтенше жағдай жариялады. Соған ілесе Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Президентке және Төтенше жағдайлар режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға Алматы қаласына карантин енгізу жайлы ұсыныс енгізіп, ол қабылданды. Мемлекет басшысы мен Алматы қаласы әкімінің осылай жедел әрекет жасауы аса қауіпті дерттің алдын алуға, оның кең тарамауына сенімді тосқауыл болары анық. Бұл көрегендіктің көркем, кермиық көрінісі. Сын сағатта абыржымай салқындылықпен, сабырмен, ақыл-парасатпен әрекет етудің үздік үлгісі!
Алматының кіреберісіне 27 блок бекеттің қойылуы, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орындардан басқа ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысының тоқтатылуы, тағы басқа да шаралар халықты аса қатерлі, өте жұқпалы дерттен сақтау үшін қабылдаған бірден-бір дұрыс шешім.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтарға қарата айтқан: «Құрметті алматылықтар! Біздің әрқайсымыз үшін аса жауапты сәт туды. Карантин режиміне орай мегаполистің бүкіл тіршілігі жаңа ережелердің талаптарына сәйкес қайта құрылады. Карантин қолайсыздық тудырып, әдеттегі қалыптасқан тіршілік дағдысын бұзуға мәжбүр етеді. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Карантин біздің ортақ қауіпсіздігіміз, қаланың, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін енгізіледі. Төтенше жағдайда әрбір қала тұрғынының саналы әрекеті мен қоғамдық тәртібі өте маңызды. Біздің ұстамдылығымыз бен ынтымағымыз, сенімді іс-әрекетіміз, өзара жанашырлығымыз бен Төтенше жағдай кезіндегі жауапкершілігіміз қаламызды қорғап қалады. Біз бірге жеңеміз», – деген салиқалы, салмақты сөзі қорғасын құйылып, алшы түсер сақадай көңілге қона кетті.
Әкімнің осы ойын Мемлекет басшының: «… бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда» деген аталы, баталы сөзі бекіте түсті.
Жаратқан иемнің мейірімі түсіп ерекше жаратылған ақыл-парасат иелері небір қиын кезде де қиындықтан жол тауып, қатты шиеленген түйіндерді де тарқата алады. Соның мықты бір мысалы Қазақстан Президентінің біраз мемлекеттерден бұрын қимылдап, ертерек елімізде Төтенше жағдай жариялап, оқиғаның алдын алып, уақыттан озғандығынан көрініс тапты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «Ең бастысы шыдамдылық, төзімділік танытайық».
Соломон айтқандай: «Бұл да өтеді».
Аман болайық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.