Үйлесім тауып жатса…

(Қыдырәлі Болмановқа хат)

Айналайын, Қыдырәлі! Сізге «Ана тілі» газеті арқылы хат жолдауыма басымнан өткен бір жағдай себеп болып отыр. Хат сіздің басшылығыңызбен жасалатын қуыршақтар турасында.
2011 жылдың қазан айында Алматыға шетелде жұмыс істейтін туыстарым келді. Бір жарым жастағы баласына сыйлық ретінде ұлтымыздың нақышына сай жа­салған қуыршақ сыйламақ болдым. Бұрын «Бал-бала» жөнінде естігенім болмаса, тікелей алып көрмеген соң, хабарсыз едім.
Қонақтар келетін күні оларды күтіп алуға «Алматы-2» вокзалына келдім. Пойыздың келуіне біршама уақыт бар. Қарап отырғанша деп, вокзал ішіндегі дүңгіршектерді аралауға кірістім. Сол кезде көзіме жылыұшырай көрінген қазақы қуыршақтарға көзім түсіп кетті. Өздері сондай тартымды, әдемі, тіпті жайнап тұр. Қызығып кеттім. Қуыршақтың аты «Тазша бала» екен. Бағасын білдім. Қымбаттау болып шықты – 6900 теңге. Ұнап тұрған соң алдым. Балаға деп алған сыйлығым үлкендердің де көңілінен шығып, барлы­ғы мәз болып, қуана қабылдады.
Келесі қараша айының 19 жұлды­зын­да немеремнің 1 жасқа толу туған күні бо­ла­тын болды. «Оған қандай сыйлық жасаймын» деп көп ойға берілгем жоқ, бірден «Бал-бала» қуыршақтарынан біреуін таңдап алам деп шештім. Әлгі бірінші алған қуыршақтың қорабы қо­нақтардың жүктеріне сыймай, үйде қалған болатын. Сол қораптың сыртынан қуыршақтарды сататын басқа да орындарды білу мақсатымен телефон нөмірін тауып алдым. Өйткені қайтадан вокзалға барып жүргім келмеді. Телефон тұтқасын көтерген қыз: «Менің телефоныма ол туралы неге звондап тұрсыз?» – деп өзімді айыптай сөйледі. Мен ол телефонды «Бал-бала» қорабының сыртынан алғанымды айтып түсіндірдім. Ол: «Менің телефонымды ол жерге кім жазып қойған, мен қайдан білейін сіздің не сұрап тұрғаныңызды, қайдан звондап тұрсыз?» – деді. Мен Алматыдан звондап тұрғанымды, «Бал-бала» қуыршақтарын іздеп жүргенімді айттым. «Айналайын, соны біліп берші», – дедім. «Сату бөлімінен» біліп берейін, біраздан соң хабарласыңыз», – деді. Бес рет телефон соғып, әрең дегенде білдім. «Бал-бала» қуыршақтары вокзалдан басқа «Детский мир» сауда үйінде сатылады екен. Осыған қатысты айтайын дегенім, Қыдырәлі інім, қуыршақ сату ісіне қатысы жоқ адамның телефонын жазғызғанша, өз телефоныңды, әйтпесе көмекшілеріңнің телефонын жаздырсаң дұрыс болар ма деп едім. Сол телефонға хабарласып, «қуыр­шақтарды тауып алу жеңіл бола ма» дегенім ғой. Бұл – бірінші айтайын деге­нім. Екіншісі де – сол қуыршақтарға қатысты. Сіз шығарып жатқан қуыршақтардың сырт көрінісі, безендірілуі көңілімнен шықты. Бірақ ішінде қазақы болмысымызға сай келмейтіндері де кезігеді екен. Мәселен, «Барыстың» «Адай» күйін тартқаны қалай? Оның орнына күйшінің образын салуға болмас па? Түсінемін, бұл Қысқы Азия ойындарына арнап шығарылған. Дегенмен осы жағына да мән берсеңіз. Осындай-осындай түрі мен ішкі мазмұны сай келмейтін тұстары жетерлік. Мұндай кемшіліктерден арылу үшін қарапайым тұтынушының пікірін білгендеріңіз абзал болар еді. Сонда ғана сіздер халықтың көңілінен шығатын қуыршақтар шығаруды жолға қоясыздар деген ойдамын.

Сағира Әліпбайқызы,
профессор
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.