• Әдебиет
  • 23 Тамыз, 2012

«Алқада алшаңдадым бәйге кердей»

Алланың берген өнерімен елге ерекше ұнаған жандарды Арқа жағы «сал-сері» десе, Сыр бойы «сүлей» деп атаған. Ал Маңғыстау өңірі сал-серілігімен танылған ер-азаматты «қайқы», қыз-келіншектерді «сәйкі» дейді. Бұл атаулар өнертанушылардың айтуын­ша, өте әріректен басталған. Өйткені XVIII-XX ғасыр аралығында өмір сүрген тарихи тұлғалардың өлең-жырларында өнерлі әйелдерге байланысты «сәйкі» сөзін кездестіруге болады.Мәселен, Маңғыстаудың Қыз Жібек пен Төлегені іспетті болған Ақбөбек-Қайыпқа байланысты деректемелерде «сәйкі» сөзі ұшырасады. Қайып Ақбөбекпен кездес­кен алғашқы көңілді сәттерінен: Ақбөбек, сәйкілікпен бұлаңдайсың, Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың, – деп әнге қосады. Ал «қайқы» деген атауға Адай руында өнері елден асқан таңдаулының таңдаулысы ғана телінеді. Маңғыстаулық өнертанушы Ізбасар Шыртанұлы осы қайқы сөзінің шығу тарихына былайша тоқталады: «Ғасырдың аяғында Адай елінің билері бір жиында әншілер жайын сөз қылады. Біреуі бәленше әнші деп, екіншісі түгенше әнші деп, әрқайсысы әр әншіге мінездеме береді. Ақыры, біздің мұнымыз жарамайды екен, одан да әншілер байқауын өткізіп, кім жақсы аталса, соған бәйгесін берейік деп бәтуаласады. Билер кеңесі келер айда «Тесіктам» деген жерде Мамыртай ауылының беретін асына барлық әншілерді жинамақ болып шешім қабылдайды. Айтылған күн де келіп, асқа ел жиналады. Билер де, әншілер де келеді. Ән сайысының бас төрелігіне кейіннен Иса Досан көтерілісшілерінің бірі болған Иса Тілепбайұлы сайланады. Ас қыза түседі. Өнерпаздар сайысы елдің құлақ құрышын қандырғаны сондай, бұл кереметке көшпенділер қатты қызығады. Ас аяқталар кез таянғанда, төрешілер әншілердің ішінен жеті адамды таңдап алып, «Осы адамдар бұдан былай Адайдың жеті қайқысы атансын» деп жар салады. Сондағы елге танылып, «Жеті қайқы» атап жүргендеріміз мыналар: Жаңай Өскенбай, Медет Жылкелді, Майлан Шолтаман, Кенже Әділ, Мая Досат, Қаржау Тұрсын, Тіней Тастемір. Бұлар туралы халық аузында азғантай болса да аңызға бергісіз ақиқаты, құлақтан кіріп бойды алар тамаша әндері қалды. Ал бүгін біз жоғарыда аттары аталған жеті қайқының бірі – Адай руының кенже бөлімінен тарайтын Әділ Өтеғұлұлына толығырақ тоқтағанды жөн санадық. Оның қазіргі таңда «Қара әні» мен «Жайқоңыр» әні жұрт жадында жақсы сақталған. Оны орындаушылар маңғыстаулық өнер иесі, әнші Шамғұл Ибрагимұлының үйретуі бойынша нотаға түсірілген деседі. Жалпы, Әділді көзі көріп, әнін тыңдағандар бүгінде жоқ. Тіпті Әділ Өтеғұлұлын 1920 жылы Қараған түбектегі, Суат деген жердегі қонақасыда көзі көріп, әнін тыңдаған шежіреші қарт Алшын Меңдіәліұлы: «Сағалата шырқағанда киіз үй дірілдейді. Аузы үлкен, ірі қара кісі. Өте биік дауысты әнші екен» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Әділ туралы жазушылар алдымен осы кісінің сол сөзіне сүйеніп, одан әрі аса алмай жүр. Жақында осы Әділ Өтеғұлұлының Қызылқоға ауданы, Сағыз селосында тұратын баласы Кемал Әміршиевпен кездесудің сәті түсті. Бүгінде сексен жасқа иек артқан ақсақалдың сөзі тың, жүрісі ширақ. Ол кісінің айтуынша, әкесінің де, өзінің де кіндік қаны тамған жер – Ойыл өзені бойындағы Қайыңды Бабатай деген жер екен. Әділ Өтеғұлұлы 1868 жылы дүниеге келіп, 1931 жылы қайтыс болған. Бейіті Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай селолық округіне қарасты «Қази тоғай» деген тоғайлықтың ішінде. Олжашы Жеменей Сағызбай атамыздың қима тамымен іргелес, оның солтүстік жағында. Алайда, құлпытаста: «Руы Адай Кенже Өтеғұлұлы Әділ 1870-1932. Тас қойған баласы Кемал» деп жазылыпты. Бұл ертеректе жазылған. Жасаған адам жазып берген қағазды жоғалтса керек. Біздің жазып бергенімізді жазбай, басқаша жазыпты. Нәз апам: «Әкем менен 21 жас үлкен, 63 жасында қайтыс болды» деген еді. Нәз апам 1889 жылы туған, одан 21-ді алсақ 1868 болады да, оған 63-ті қоссақ 1931 шығады, – дейді Кемал ақсақал. Кемал ақсақалдың түсіндіруінше, жиырмасыншы жыл­дардың аяғында Әділді НКВД тұтқындап, Орал түрмесіне апарып қамаған. Бірақ, сол кезде ГПУ-де қызмет еткен, кейін Буракөл совхозының төрағасы болған Шоқан Төленұлы НКВД қызметкерлеріне: «Бұл сіздерге керек Әділ емес, басқа Әділ» деп түрмеден босаттырып, ауылға жібереді де: «Әділ енді көп көріне берме, аз уақыт әнді қоя тұр» деп тапсырыпты. Сөйтсе, бұл кісі Әділді әуелден сырт­тай танып, әнін аса қадірлейді екен. Ауылға келгеннен кейін ауылдастары: «түрмеден қашып келген болар» деген күдікті хабарды тарата бастайды. Осыдан сескенген Әділ үй-ішіне: «Алла тіршілік жазса, Алдабергеннен алдырармын. Мен Орта Азияға қарай бара тұрайын» деп кетіп, әлгі айтқан Жылыой ауданына қарасты Қази қажы мешітінде отырған қайын ағасы Алдабергеннің үйіне келеді. Сол жерде салқын тигеннен болса керек, қызуы көтеріліп, бір-екі күнде о дүниеге аттаныпты. Қайын ағасы Алдаберген жоғарыда аты аталған жерге жерлепті. Қазақта «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген мақал бар емес пе. Сол қағида негізінде Кемалдың шешесі Орынайды Әділдің өзімен бірге туған Мұстафаның немересі Әміршеге әмеңгерлік жолымен атастырыпты. Осы күні Кемалдың Әміршиев болып жүргені де сондықтан. Ол кезде Кемал ақсақал екі жаста көрінеді. Әкемізден ешқандай жәдігерлік дүние, не болмаса фотосурет қалмаған. Тек қырқыншы жылдары Қоңыршаұлы Қарағұл осы Сағызда болды. Ол әнші де болатын. Әкеңнің әні деп талай шырқап жүргенін естігенмін. Жазып алайын дегенімде, ертең-бүгінмен бермей кетті. Бір көргенімде жоғарыдағы Алшынның сөзін қайталай келіп: «Үстімдегі сеңсең тонды сол кісінің сүйегіне кіргенде алғанмын» деп еді, – дейді әншінің ұлы. Міне, «Ой деңгей, мына деңгей, деңгей, деңгей, Дауысым ашылмайды шыға желмей. Кешегі бес болыстың базарында, Алқада алшаңдадым бәйге кердей» деп өзі шырқағандай, салдықпен өмір сүрген Әділ әнші хақында ұлы Кемалдан білгеніміз осы. Кезінде Кемал ақсақал отбасының үлкені болған соң еңбекке ерте араласып, шежірелі қарттармен әң­гімелесіп, сұрастырудың реті келмеген. Уақыты бола тұрса да, кеңестік қысымның ықпалынан қорықты. Әрі ол кезде бүгінгідей түртіншектеп, сұрастырып жүргендер де өте сирек. Сондықтан оны «кім тыңдар, кім сұрар?» дейсің деген де ойда қалған. Ал бүгінгі тәуелсіздік алған тұста қап, соны кезінде үлкендерден неге сұрамаған екенбіз деп санды бір соғады. Бірақ, қапаланғаннан не пайда? Өтетін заман өтті. Бауыржан СИСЕНОВ Атырау облысы

5011 рет

көрсетілді

58

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы