• Тарих
  • 23 Тамыз, 2012

Үш тарихи оқиға

 Жақында «Солай болған» атты Қазақстан журналистерінің естеліктер сериясының алғашқы ұжымдық жинағы жарық көргені туралы оқырмандарды хабардар еткенбіз (Құрастырған Н.Жүсіп. – Алматы, Раритет, 2012). Әріптестеріміздің кәсіби мерекесіне орайластырып шығарылған бұл кітапқа жазған алғысөзінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі, белгілі қаламгер Дархан Мыңбай былай деп түйіндеген болатын: «Тарихты тұлғалар жасап, ғалымдар тұжырымдайтыны мәлім. Ал сол тарихқа енетін үлкенді-кішілі оқиғалардың күнделікті куәгеріне айналып, тасқа басып, ертеңгі тарихтың іргесін бекемдеп жүрген жылнамашылардың қызметін бүгінгі журналистер атқарып жүргенін мойындауымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында еліміз қол жеткізген жетістіктерді нақпа-нақ жазып, мемлекетіміздің мерейін өсірген іргелі іс-шаралардың мәні мен маңызын халыққа дер кезінде жеткізуде журналист қауымының еңбегі ерекше деп білемін». Ел шежіресінен сыр шертетін «Солай болған» жинағына енгізілген «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраимның «Үш тарихи оқиға» атты естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде «Халық кеңесі» газетінің Парламент тілшісі ретінде еліміздің саяси өміріндегі үш тарихи оқиғаның куәсі болдым. Республикамыздың Жоғарғы Кеңесі сессияларынан 1990 жылы 25 қазанда мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияны, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңы және 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Консти­туциясын қабылдау сәтінен репортаждар жазған едім.

Егемендік алған күн!

Алдымен Декларацияның қалай қабылданғаны жөнінде айта кеткен жөн. 1990 жылы 15 қазанда он екінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясы басталды, онда мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияның жобасы туралы баян­дама жасалды. Бұл жоба сессия алдында мұқият талқылаудан өткен еді. Өзімнің жеке мұрағатымдағы аталған газет тігіндісінен жобаны талқылаудың алғашқы күндерінен «Көш қозғалды», «Үміт пен күдік шарпысып...», «Жеті рет өлшеген өкінбес» атты жазған репортаждарым көзге оттай басылады («Халық кеңесі», 18, 25 қазан, 1 қараша 1990 ж.). Ондағы әрбір жол сол кездің көрінісін баз қалпында қайтадан еске түсірді. Ел егемендігін заңдастыруға ұмтыл­ған депутаттардың құлшынысы ерекше бо­латын. Бірақ ә дегеннен кертартпалық жасап, жобаның алдын ала талқылан­ға­ны­на шек келтіргендер болды. Жоғар­ғы Кеңес төрағасы Е.М.Асанбаев оның сессия алдында мұқият талқыланғанын айтып, түсіндіріп берді. Депутат Н.Акуев­тің сөзі күдікті біржолата сейілтті, ол өз сөзінде мәселе бірінші сессияда қойыл­ған соң арнайы топ құрылғанын, сол сәт­тен жұртшылықтан хат-хабар, ұсыныс­тар көп түскенін, Жоғарғы Кеңесте, Төрал­қа мәжілістерінде, комитеттер мен комис­сияларда талқыланып, қалың жұрт­шы­лық пікірімен санасып жасалғанын, бір сөзбен айтқанда, нағыз демократиялық жолмен дайындалғанын дәлелдеп берді. Сонымен Декларация жобасын талқылау қызу пікірталаспен басталды, айтыс-тартыстың күштілігі сондай, бұл құжат қабылдана ма, жоқ па деген үміт пен күдіктің, екі көзқарастың шарпысқаны да рас еді. Депутаттардың бір тобы Декларация жобасын талқылауды тоқтатып, басқа мәселеге көшейік десе, екіншісі жобаны толықтырып қайта ұсыну жөніндегі комиссия құруды ұсынды. Ақыры көпшілік дауыспен комиссия құруға келісілді. Ол комиссияның төрағасы болып депутат Салық Зиманов сайланды. Мұндай комиссия құруға қол жеткізу демократия толқынына ілесіп, егемендік алуды аңсаған халық қалаулыларының алғашқы жеңісі деуге болады. Өйткені республика тағдырын шешетін айтулы құжаттың принципті мәселелері төңірегінде бір мәмілеге келуін ел күтіп отыр еді. Осы бір маңызды сәттің тынысын сол қалпында жеткізу үшін репортаждан үзінді келтіре кетелік: «...Депутаттардың бір тобы Декларацияда ұлттар туралы айтып жатпай-ақ жалпы азаматтық қоғам құру жөнінде мәселе көтерді. Оның авторлары «Демократиялық Қазақстан» тобының мүшелері, депутаттар Б.Қадырбеков, Ю.Сухов және басқалары еді. Олар рес­публикада екі мемлекеттік тіл болуын енгізуді, жобадағы жалпы қазақ деген сөздерді алып тастауды, республиканың праволық мемлекет, не жалпы азаматтық қоғам болуы керектігін көлденең тартты. Мұны қостаушылар «Қазақстандағы миграцияны реттеу мәселесі құжат жобасынан мүлдем алып тасталуы тиіс» деді. Бұл ұсыныс депутаттардың арасында пікірталасын өрбіте түсті. Депутаттар С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев аталмыш ой төңірегінде терең де, салиқалы талдауға құрылған пікір айтты. Мәселен, С.Сартаев өз сөзінде право­лық мемлекет пен ұлттық мемлекеттің екі түрлі мәселе екендігін, ал азаматтық қоғамның мәнісін түсінбеушілік бар екендігін айта келіп, егеменді ұлттық мемлекеттің республика жағдайында маңыздылығына тоқталды. Ол қазақ ұлтын сақтап қалу арқылы республиканы сақтау мүмкіндігін еске салды. Сондай-ақ дамыған елдің қайсыбірі болсын миграцияны реттеп отыратындығын, сондықтан да оның Қазақстан үшін ешқандай жаттығы жоқтығын қадап-қадап көрсетуі, сайып келгенде қазақ халқының болашағына алаңдаушылықты білдіру деп түсінген дұрыс...». Осы жолдардан аңғарғанымыздай, Дек­ларация жобасындағы «...қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып...», «Қазақстандағы миграцияны реттеу» тәрізді ұғымдар және мемлекеттік тіл мәселесі бірқатар депутаттарға ұнамаған еді. Сессияның алғашқы күні-ақ миграцияны реттеуге қарсы шыққандар оның Қазақстан үшін қажеті жоқ дегенге сайды. Депутат В.Козлов қазақстандық миграция процесін қолға алудың соңы қым-қиғаш сипат алуы мүмкін деп күмән келтіре сөйледі. «Демократиялық Қазақстан» тобы республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені ғана емес, жалпы қазақ ұғымы, атауы туралы сөздерді алып тастауға жанталасты. Ол кезде еліміздің аумағында қазақ халқының санының басым болмауын алға тартқан олар жобаға қазақ деген сөзді мүлдем жолатқысы келмеді. Бірақ еліміздің, халқымыздың тағдырын ойлаған депутаттар республиканың атын ұстап тұрған байырғы тұрғындардың болашағына қиянат жасатпау үшін тайсалмай табандылықпен айқасты. Соның бірі Жезқазған облыстық Советі атқару комитетінің төрағасы, депутат Ш.Шардарбеков еді, ол «Қазақ КСР тіл туралы» Заңның күшіне енгеніне санаулы ай өткенін, онда қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі халықаралық қатынас құралы екендігін еске салып, енді тіл мәселесіне қайта ора­лудың қажеті жоқтығын айтқаны орынды еді. Сонымен бүкіл еліміз де, депутаттар да асыға күткен Декларация жобасы пысықталып сессияға ұсынылатын 25 қазан да келіп жетті. Мінбеге комиссия төрағасы, депутат Салық Зиманов көтерілді. Дауысы саңқылдап, әр сөзін нақпа-нақ айтып, тастүйін тұжырымдап сөйлеген академик ағамызды залдағылар сілтідей тынып тыңдады. «Мынадай ұсыныс болып еді, осындай кемшілік айтылып еді, бұл былай» деп қазақтың, Қазақстанның ары мен намысын қорғағанда, болашағына мына мәселелер керек дегенде «апыр-ай, қазақтың осындай ұлынан айналмассың ба» деп қандастарымыз разы болып отырғаны анық еді. Бірақ алдыңғы талқылауларда жобаға қарсы шыққандар тағы бас көтерді. Салық Зиманұлына сұрақтар қарша борады, әрбір сұрақтың сан қатпарлы астары бар, зіл батпан ауырлығы бар, намысымызға тиер қитұрқылары бар, өзге елдің тәжірибелерімен салыстырған біліктілері де, империялық, шовинистік пиғылдағы қойылғандары да бар, не керек бір адамның оның бәріне бірдей жауап беруі оңай емес еді, шынын айтқанда мүмкін емес-тұғын. Ал Салық ағамыз өзінің телегей-теңіз білімімен, ғұлама ғалымдығымен, білікті заңгерлігімен, ғажап ұстамдылығымен, қазақ халқының болашағы үшін ештеңеден тайынбайтын қайсарлығымен ерекшеленді. Оның айтқан тасқайрақтай жауабына уәж айтудың өзі қиын екені анық байқалды. Уәж айтқысы, таласқысы келгендер екпіні қатты тау өзенінің ағысындай білім мен білікке төтеп бере алмады. Құжаттың соңғы жобасын комиссияның мұқият ойластырғаны сондай, оның селкеулігін тауып дәлелдеу, не ұсыныс енгізу депутаттарға оңай болған жоқ. Комиссия төрағасы әр қарсыласын мірдің оғындай сөздерімен, ұшқыр ойларымен жусатып салды. Сөйтіп, баяндама жасап, қойылған сұрақтарға жауап берген академик депутат Салық Зиманов күні бойы тізе бүкпей мінберде тұрып әріптестерінің қолдауымен Егемендік туралы Декларация жобасын қорғап шықты! Бұл жолы Егемендікті жақтаған депутаттардың қай-қайсысы да ел болашағы үшін аянып қалған жоқ. Декларацияның кіріспесіндегі «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғыну», «қазақ», «қазақ халқы», «ұлттық мемлекет» деген сөздерге таласпақшы болғандардың, яғни оны алып тастағысы келгендердің ұсыныстары өтпей, депутаттар дауыс беру нәтижесінде жобада ұсынылған нұсқаны дұрыс деп тапты. Ұлт мәселесі нәзік те күрделі, ал жобаны қабылдау кезінде оны дұрыс түсінбегендер не түсінгісі келмегендер де кездескен, тіпті ұсынысы өтпегеніне ренжіп, қыр көрсетіп залдан шығып кеткендер де болған. Декларацияның қабылданып, еліміздің егемендік алуы КСРО әлі күшіндегі кезде, егемендік, тәуелсіздік деген ұғымдарды Қызыл империяның құрсауында болып келген Кеңес адамдарының бір бөлігінің жете түсіне қоймаған немесе түсінген күннің өзінде кеңестік жүйені жақтайтындар бар кезде жүзеге асқан еді. Осындай күрделі жағдайда, ел басшысына да, депутаттарға да, халқымызға да сын шақта Егемендік туралы Декларация қабылдауға тәуекел еткен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңес депуттарының ел алдындағы еңбегі тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Өйткені сол тоқсаныншы жылдың күзінде ескі жүйе құрсауынан бұлқынып шығып, еліміздің болашағын болжау, оған бастар тыңнан жол салу, тәуелсіздіктің іргетасын бекіту оңай шаруа емес екенін көзбен көріп, көңілге түйген болатынбыз. Депутаттар Декларацияны қабылдауда парасаттылық танытты, Қазақ Елі сол күннен бастап дамудың жаңа жолын бастады. Сонымен Егемендік алған күн осылайша есте қалып еді. Тәуелсіздік – бабалардың ұлы арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданған тарихи сәт те күні кешегідей көз алдымызда. Осы айтулы оқиғадан жазған мақалама «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп тақырып қойыппын да ойымды әрі қарай былайша жалғаппын («Халық кеңесі», 17 желтоқсан 1991 ж.): «Оны неге айтып отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Біздің Парламент көп мәселені шешуде ауызбірлік танытып келеді. Бірақ қазақ ұлтына, салтына, тіліне, бір сөзбен айтқанда, халқымызға жақындау бір мәселе көтерілсе аяқтан шалып, жармаса кетуге әзір кейбір депутаттар бар. Ол кешегі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанымызда да, Декларация қабылдағанда да шаң беріп қалып еді. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау жөнінде мәселе қаралған өткен сенбі күнгі сессия мәжілісінде де байқалып қалды. Оны Заң жобасы туралы баяндама жасаған С.Сартаевқа қойылған депутат В.Чернышевтың «Біз кімнен тәуелсіздік аламыз? Бұрын Орталықтың империясы еді, енді Қазақстанның империясы бола ма?» деген бірінші сауалынан-ақ байқауға болады...». Қазақстанға тәуелсіздік жариялаудың қажеті қанша деген қитұрқы сұрақтың исі қазаққа оңай тимейтіні белгілі. Бұған қандай жауап айтылар екен дегендей бәрі де демдерін ішіне алып тына қалды. Өйткені бұл айбарлы атанған СССР күні кеше құлағанымен оны жақтайтындар, кешегі күнді аңсап өкініп жүргендер аз емес кезең еді, заман ертең қалай болып кетеді деп әрі-сәрі күй кешкендер де тәуелсіздіктің мән-маңызына бойлап үлгермеген болатын. Атақты заңгер, академик Сұлтан Сартаев құрыққа ырық бермейтін, білімі мен білігі өте жоғары, шешендігімен де, сөйлеу дикциясымен де тыңдарманын баурап алатын дарын екені белгілі. Ол өз баяндамасында республикамыздың тәуелсіздігін жариялайтын уақыт келгендігін, халқымыздың тоталитарлық жүйеден зардап шегіп, қаншама адамның құрбан болғанын жүйелеп айтып бергенде тебіренбей тыңдау мүмкін емес еді. Сұлтан Сартаев жоғарыда қойылған сұ­рақ­қа былай деп жауап қайырған еді: «Біздің республикадан басқасы толық тәуелсіздік жариялады. Енді өзіміздің тәуелсіздігімізді бүкіл әлемге жариялауымыз қажет. Заң жобасының әр бабында Қазақстанда тұратын ұлттардың бәрінің тең праволығы, теңдігі көрсетілген. Ешқандай бұра тарту жоқ. Яғни ешқандай империялық әрекетке жол берілмейтіндігін айтамын. Негізгі тұжырымдар Парламент қабылдаған Тіл туралы, Декларация тәрізді құжаттарға сүйенген». Бірақ сол жолы күткеніміздей, баяндамашыға небір күрделі сұрақтар бірінен кейін бірі қойыла бастаған. Айталық, депутат Ю.Суховтың Қазақстанда тұратын он жеті миллион тұрғындардың басым бөлігі қазақтан басқа ұлт өкілдері екендігін, ал сессия тәуелсіздік жариялап жіберсе, олар ертеңгі күні бөтен мемлекетте қалып қояды ғой, сондықтан халықтың пікірін біліп алғанымыз дұрыс деп жақауратқаны есімізде. Сол сол-ақ екен, Тәуелсіздік жарияламастан бұрын референдум өткізіп алу керек, қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдері де мемлекеттік тіл болуы тиіс дегендер табыла кетті. Мұндайда тығырықтан жол таба білетін Сұлтан Сартаев жалпыхалықтық негізде сайланған Президент пен Жоғарғы Кеңес халық атынан сөйлеуге құқығы бар екендігін, сол себепті референдум өткізу­дің қажет еместігін тайға таңба басқан­дай дәлелдеп бергенде иығымыздан ауыр жүк түскендей әсер алдық. Әділін айту керек, басқа ұлт өкілдерінен сайланған депутаттар ішінен тәуелсіздікті жақтаған­дар аз болған жоқ. Халық қалаулысы Александр Княгинин бұл жолы да қара қылды қақ жарып, әділдікті ту етті. Ол тәуелсіздік қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы екендігін айта келіп, басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқына құрметпен қарау керектігін батыл түрде ескертті, ал өзі Заң жобасын толық қолдайтындығын айтты. Бұра тартқандар мұндай төрелікке тоқтап қалғандай көрініп еді, әншейінде қарап қалмайтын депутат В.Водола­зов сөзінің басында Заң жобасын қолдайтындығын білдіргенде «е, бәсе, мұнысы дұрыс болды» дегендей залда қозғалыс байқалды, бірақ ол айтарын соңына сақтап отыр екен, қысқасы, бұл заң керек, бірақ оны қа­былдауға асықпайық деді. Депутат Шерхан Мұртаза мұндай қиғаш пікірге шыдай алмай, турасын бір-ақ айтты: «Сессия кезінде өз шаруасымен көрінбей кететін Водолазов асықпайық дейді, басқа республикалар тәуелсіздікті қабылдап қойғанда біз қайта екі есе асығуға тиіспіз. Қашанғы асықпаймыз? Кейбір азаматтар иман, таупих дегенді қалай түсінеді екен. Біз империя құрсауында жүздеген жыл болдық, АҚШ-тағы үндістер халіне жеттік...». Сессияда ахуал осылайша қайта-қайта ширығып отырды. С.Әбдірахманов, М.Әуезов, А.Козлов, Қ.Нағманов тәрізді депутаттар бір-бірімізді түсінісейік деген пікір айтып, ортақ мәселеге орай мәмілеге келуге шақырды. Заң жобасы туралы баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берген, ұсыныстарды ұшқыр оймен, салқынқандылықпен саралаған академик Сұлтан Сартаев халқымыздың мақтан ететін марғасқа ұлы екендігін депутаттар да, жұртшылық та осы жолы тағы бір мәрте мойындаған еді. Сол күні, яғни 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев халқымызды, депутаттарды Тәуелсіздік туралы Заңның қабылдануымен құттықтады. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға, зор қуаныш еді. Елбасының ертеңінде, яғни 17 желтоқсанда Республика алаңында өткен митингіде сөйлеген сөзінде «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге жеттік. Ұзағынан сүйіндірсін!» деп қуанышпен, тебіреніспен айтқаны жадымызда жатталып қалды. Тұңғыш Конституция осылай қабылданды 1993 жылы 23 қаңтарда Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясы еліміздің тұңғыш Конституциясының жобасын баптары бойынша қабылдауды бастаған болатын. Екі жылға жуық әзірленіп, сессияда үш оқылымда талқыланған мұндай маңызды құжатты қабылдау әр сатыда қатты пікірталасқа ұласып отырды. Соңғы нұсқадағы Жоғарғы Кеңес деген атауды депутаттар қалай атау жөнінде мәселе қозғады. Депутат И.Байдәулетов «Ұлы Кеңес» деген дұрыс десе, Ш.Мұртаза «Ұлы Құрылтай» деп атауды ұсынды. Ж.Әбілдин «кеңес» деген кеңесуді білдіреді, сондықтан бұрынғыша қалдыра беру керек деді. Дауыс беру нәтижесінде «Жоғарғы Кеңес» атауы қабылданды. Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының шекарасын өзгерту жөнінде шешім қабылдайды деген тұжырымға қарсы шыққандар оны алып тастауды немесе мәселені референдум арқылы жүзеге асыру керек деген ұсыныс түсірді. Ақырында екі ұсыныс та қабылданбай қалды. Мұндай маңызды мәселені Парламенттің еншісіне қалдыру дұрыс деп табылды. Ол жылдары ұлтымызға, еліміздің тұтастығына қатысты мәселелерде елім, жерім деген депутаттар ештеңеден тайынбайтынына әлденеше рет көз жеткізгенбіз. Бұл жолы да солай болды. «Сессиядан соңғы ой» деген газетіміздің айдары болатын. Соған «Еліміздің елдігі үшін кеңескенде» атты жасаған шолуымдағы мынадай жолдарды сөзбе-сөз келтіре кеткенді жөн көрдім: «...Әрине, «Біткен іске сыншы көп» дегендей, талқылау барысында қолдау таппай «әттеген-ай» дегізген жерлері бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті қазақ ұлтынан болуы керек деген ұсыныс қабылданбай қалды. Бұл бір жағынан өкінішті. Себебі, Конституция ұзақ мерзімге қабылданатын құжат. Республикаға аты берілген қазақ деген ұлтымыз бар еді... Конституцияны талқылау кезінде үлкен дау туғызып, әсіресе осы сессияның алғашқы жартысында тығырыққа тірелгендей әсер қалдырған тіл жөніндегі мәселе соңғы қабылданған жобаның 8-тармағында дұрыс шешімін тапты деп ойлаймыз. Әрине, қандас депутаттарымыздың кейбірі айтқан, Конс­титуцияда тек қана қазақ тілі мемлекеттік тіл деп, орыс тілін басқа тілден бөлектеудің қажеті жоқ деген пікір қабылданбай қалды. Ал қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып, орыс тілі­нің ұлтаралық қарым-қатынас тілі делінуіне қазіргі жағдайда шүкіршілік ету керек... Тіл мәселесі күрделі мәселе, мемлекеттік тілді өз шыңына көтеру жүз ұлт тұратын Қазақстанда бір жылдың, не он жылдың шаруасы емес. Бұл үнемі даму үстінде болатын ұзаққа созылатын үрдіс. Сондықтан да асығып, аптықпай тіліміздің мәртебесін өсіре беруге өзіміз де күш салып, өзгені де құрметтету керек». Сонымен, Конституция жобасын талқылау үш оқылымда өтіп, соңғы нұсқасы қабылданды. Оған 110 депутат өз пікірін айтып, талқылауға қатысыпты. Осыдан-ақ құжаттың аса маңызды екенін білу қиын емес. Нәтижесінде сессияға ұсынылған соңғы нұсқасын құптап 309 депутат дауыс берсе, екі депутат қарсы, бір депутат қалыс қалды. («Халық кеңесі», 4 ақпан 1993 ж.). 1993 жылдың 28 қаңтары тәуелсіз Қазақстан тарихына тұңғыш Конститу­циямыздың қабылданған күні болып енді. Бұл орайда Ата Заңымыздың жобасын талқылауға тиянақты әзірлеген Зинаида Леонтьевна Федотова бастаған жұмыс тобы ерекше еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Осындай айтулы күні кешке Конституцияның қабылдануына арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі өтті. Оны Жоғарғы Кеңес Төрағасы Серікболсын Әбділдин ашып, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Қазақстанның жаңа Конституциясы мәтінінің түпнұсқасын тапсырып, Елбасына сөз берді. «Жаңа ғана тарихи оқиға болып өтті – Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды» деп сөзін бастаған Президент еліміз үшін ерекше оқиғамен құттықтады. Негізгі Заңның жетістіктерін айта келіп, мемлекеттік билікті заң шығару, атқарушы және сот билігіне бөлу принципін Конституцияда көрсету зор жетістік екенін айтты. Елбасы жаңа Конституцияның қабылдануына орай сөйлеген сөзінде болашақты болжайтын қасиетімен мынадай ой айтқан еді. Экономикадағы, қоғамдық қатынастағы, психологиядағы өзгерістер ерте ме, кеш пе конституциялық нормаларды жетілдіру қажеттігіне әкеліп соғатынын айқын түсіну керек екендігін еске салды. Мұның өзі табиғи процесс, Негізгі Заң біздің өміріміздің, біздің ортақ толғандырған мәселелеріміздің бір айнасы екендігін, сондықтан оларды бірден шешуге болмайтындығына орай өз ойын білдірді. Сондықтан белгілі бір кезеңнен кейін уақыт талабына орай кейбір конституциялық нормаларды анықтауға қайта оралуға тура келетіндігін Мемлекет басшысы сол жолы айтып еді. Иә, заман мен уақыт осыны талап еткенінің куәсі 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. «Сессиядан соңғы ой» немесе жиырма жыл өткен соң Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында ер­екше орын алатын, оның іргетасы бо­лып қаланған үш құжаттың Жоғарғы Кеңес­тің сессияларында қалай қабылданғаны жөнінде қысқаша айтып өттік. КСРО ыдырап, еліміз егемендік алған тұста өзіміздің қаншама төл заңдарымыз қабылданды десеңізші. Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе соншама заңдық нормаларды қалыптастыруда үлкен қиындықтарды саяси, экономикалық, психологиялық қарама-қайшылықтар жағдайында жеңуге тура келді. Тап сол кезде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге деген құлшыныс депутаттар тарапынан анық байқалатын. Ш.Мұртаза, Б.Қыдырбекұлы, З.Тамшыбаева, Р.Жүнісов, Д.Шөкенов, О.Сәбденов тәрізді халық қалаулылары сессияда үнемі қазақ тілінде сөйлейтін еді. 1991 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің төрағасы Е.М.Асанбаев «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің қызметін жетілдіру туралы» баян­дамасын қазақ тілінде жасады, бұл сол кездің тұрғысынан алғанда батыл қадам болатын, төрағаның өзі бас болып ана тілімізді қуаттаған бұл қадамына қуанып қалғанбыз. Сол тоқсаныншы жылдардың бас кезінде отандық заңдарды әзірлеуде, қабылдауда Жоғарғы Кеңестің депутаттары мен комитеттері, Орталық аппараттың қызметкерлері өлшеусіз зор еңбек сіңірді. Біз, журналистер, соның куәсі болдық. Егемендік туралы Декларацияны, Тәуел­сіздік туралы Заңды, тұңғыш Конс­титуция­ны талқылау кезіндегі айтыс-тартыста сессияның үзіліс кезінде өздерінің тілімізге, ұлтымыздың мүддесіне қайшы келетін ұсыныстарын өткізе алмаған кейбір депутаттардың «бұл академик депутаттарды жеңу мүмкін емес» дегенін де естігенбіз. Қазақтың марғасқа академик ұлдарының асқар таудай иықтасып келе жатқандарының өзі бір керемет көрініс еді ғой! Сессияда көш бастайтын, не топ бастайтын депутаттар көп болды. Алғашқы Парламент құрамы мүмкін сондай мықтылығымен ерекшеленген шығар деп ойлаймын. С.Зиманов, С.Сартаев, Ө.Жолдасбеков, Ж.Әбілдин, М.Қозыбаев, О.Баймұратов, Ғ.Қалиев, Ө.Жәнібеков, Б.Қыдырбекұлы, Ш. Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Қ.Найманбаев, М.Шаханов, Н.Оразалин, М.Әуезов, С.Тәкежанов, С.Байбатыров, Х.Ережепов, О.Сәбденов, З.Тамшыбаева, А.Княгинин, С.Әбдірахманов, Е.Ертісбаев, Ғ.Тұрғамбаев, Т.Сыздықов, П.Своик, Ш.Есіргепов, Х.Дриллер, М.Ізбанов, Н.Акуев, М.Раев, А.Қонысбаев, В.Воронов, С.Нұрмағамбетов, Б.Байтасов, М.Қалматаев, С.Жақыпов, Қ.Жүсіпов, С.Мұқанов, З.Нұрқаділов, Ғ.Алдамжаров, Қ.Нағманов, Л. Қиынов, Ж.Кәкішов, Л.Филаретова, Г.Исенбаева, Т.Ізмұхамбетов, І.Аймағамбетов, Р.Жүнісов, Д.Шөкенов, М.Тінікеев, М.Нұртазин, Т.Рахыпбеков, И.Архипов және т.б. депутаттар ел мүддесі жолындағы пікірталаста, заң жобаларын талқылау мен оған қатысты ұсыныстарын беруде, білім мен білігін, жоғары интеллектуалдық дәрежесін, табандылығын талай мәрте дәлелдеді. Олардың ішінде ғалымдар, қаламгерлер, заңгерлер, экономистер, әскерилер (генералдар), облыс, қала, аудан басшылары, өндіріс жетекшілері, мұғалімдер, дәрігерлер, геологтар, мұнайшылар, шахтерлер және т.б. көптеген мамандық иелері болды. Бұл депутаттар корпусының бір ерекшелі­гі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеді, төрт жылдай Парламент тілшісі әрі осы бөлімнің меңгерушісі болғанымда журналист сауалынан жалтарған бірде-бір халық қалаулысын кездестіргенім жоқ. Депутаттардың өздері редакциямызға жиі келіп тұратын, газетіміз­дің тілшілерімен, бөлім меңгерушілерімен тығыз қарым-қатынаста болды. 1990 жылы жазда Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаровқа Басқар Битанов екеуміз сұхбат алайық дегенімізде, ол: «Халық кеңесі» газетінің редакциясына өзім барайын, бір жағынан хал-жағдайларыңызбен танысайын» деген еді. Ол уәдесіне тұрып, редакцияда әңгімелестік, Гурьев деген көпестің аты ғой, оны қашан, қалай өзгертесіздер деп сұрағанымызда, Ғазекең «Атырау деп өзгерту ойда бар» деді. Арада көп уақыт өтпей аталған облыстың да, қаланың орталығы да Атырау болып өзгертілгені белгілі. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Кеңес өкіметі кезінде қордаланып қалған саяси, әлеуметтік және тағы басқа түйіні қиын мәселелерді шешуде аштық жариялау, митинг өткізу, Жоғарғы Кеңес алдына плакаттармен жиналып тұру тәрізді жағдайлар жиі кездесетін. Депутаттар мұндайда сайлаушылары арасынан табылатын, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, оны сессияның күн тәртібіне қойған кездері аз болған жоқ. Дүниенің дүбірге толы сол кезеңінде еліміздің алғашқы Парламентінде халқымыздың ұлы арманы Егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздікті жариялау, тұңғыш Ата Заңымызды қабылдаумен бірге тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қатысты небір күрделі мәселелердің шешімін тапқанының куәсі болдық.

Самат ИБРАИМ

5542 рет

көрсетілді

119

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы