• Әдебиет
  • 15 Қараша, 2012

Ұлықталмай жүрген ұлы би

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин 1930 жылдардың басында құрастырған «Қазақ әдебиеті» атты хрестоматиясында қазақ билері туралы аса құнды материалдарды келтірген. Ертедегі бабаларымыз батырдан биді жоғары қойған. Оған Сәкен қазақтың мына бір даналығын дәлел етеді. «Батыр деген барақ ит, екі долы қатынның бірі туады, Асыл текті ғадыл би, мыңнан біреу шығады». Қай қоғамда болсын қазаққа ел бірлігі ауадай қажет. Бірлігі қашқан ел жарытып жауға да шаба алмайды. Сондықтан қарапайым халық үшін де халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған алтын қалпақ, жез телпек хан үшін де бидің орны ерекше болған. Ресей патшалығына қараған шақта билерді әкімшілік жолмен тағайындау керек деген пікірге халқымыздың дана да, дара перзенті Шоқан Уәлиханов қарсы болады. Әкімшілік жолмен тағайындалған бидің әділдікке емес, бармақбасты, көз қыстылыққа көп баратынын озық ойлы Шоқан жақсы білген. Ол жасынан арғын Байдалы биді көріп өскені белгілі. Даланың осындай дана да батагөй билерінің бірі – біз сөз еткелі отырған Боқбасар Жамантайұлы. Ол шамамен 1710 жылдары Сыр бойында туып, тоқсаннан асып барып дүние салған. Зираты Қарғыба өзенінің оң жағында, Тарбағатай бөктеріне таяу жерде тұр. Бұл зираттан бір шақырым шығысқа қарай күмбез үлгісімен салынған биік кесене бар. Жұрт аузындағы аңыз бойын­ша, Боқбасар бабамыздаң көзі тірісінде өзіне арнап соқтырған зираты сол екен. Бірақ өкінішке орай өзінен бұрын ұлы мен келіні қайтыс болып, кесене соларға бұйырыпты. Бұл кесене қазақ даласына сауда-саттықпен келген әндіжандықтар салса керек, мұндай үлгімен салынған кесенелер Ақсуат өңірінде де көп. Бұларды ғалым-этнограф Ескендір Бәйтенов өз еңбегіне арқау еткен. Қазақ халқын көбінесе арғы тегі Шыңғыс хан нәсілінен тарайтын төрелер басқарып келгені мәлім. «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды» деген мақал содан қалса керек. Исі қазақта осы тарихи әділетсіздікке екі би қарсы шыққан. Оның бірі арғын Шоңторайғыр би, екіншісі найман Боқбасар би. Алда-жалда қарапайым қазақ төре тұқымынан бір кісі өлтіріп алса, екі кісінің құнын төлеген. Ол заманда ердің құны жүз жылқы болса, төре үшін екі жүз жылқы төлеген. Біз сөз етіп отырған екі ұлы би алдымен осы әділетсіздікке қарсы шыққан. Махамбет ақынның сөзімен айтқанда «қара қазақ баласын хан ұлына теңгерген». Шоңторайғыр би жайында белгілі жазушы Қалмұхан Исабаев үлкен роман жазған. Есімі еленбей жүрген екінші би Боқбасар Жамантайұлы. Сонау Горбачевтің алғашқы жылымық жылдарында бұрынғы Социалистік, қазіргі Қарғыба ауылын немесе сондағы Гагарин атындағы орта мектепті Боқбасардың атымен атаймыз деп шуласып-туласып басылды. Бәлкім бір адамдарға ұлы бидің Боқбасар деген аты ұнамаса керек. Атын қарамай-ақ Көтібар, Саққұлақ секілді тұлғаларға елді мекендер мен мектептердің аты беріліп-ақ жатыр ғой, заты мықты болса атта тұрған не бар. «Арғы тегі суыр жеген қалмақтан қандай мән шығар, түптің түбінде қазақтан талай асыл жан шығар» деген екен Боқбасар бабамыз бір даналық сөзінде. Не деген көрегенділік десеңізші! Ұлы бидің ұрпақтары ежелден мекен етіп келе жатқан бұрынғы Социалистік ауылы қазір Қарғыба болып өзгертілген. Қарғыба деген Тарбағатайдың биік шыңдарынан бастау алып, Зайсан көліне құятын өзен. Зайсаннан Ертіс өзені ағып шығып, Об арқылы солтүстік мұзды мұхитқа құятыны белгілі. Кезінде «Қарғыба мұхитқа құя ма?» деген очерк жазып едім. Айтайын дегенім, Қарғыба өзен болғандықтан жағасындағы ауылдың өз атымен атануына ол зәру емес. Сондықтан ауылдың Боқбасар бидің атымен аталуы тарихи қажеттілік. Ерте ме, кеш пе солай атанары да сөзсіз. Ал оған қарсылық көрсеткендерді ұлы бидің киесіне тапсырдық. Мейрам Оралов, журналист Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылы

4155 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы