• Тіл
  • 29 Қараша, 2012

Заңнамадағы аударма ахуалы

Тіл тазалығы өзінің мемлекетті­лі­гі мен егемендігін құрметтей­тін әр елдің күн тәртібінен түспейтін мәселе. Сол себепті ресми құжаттарда жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін бірізге салу, сөзжасам, терминография мәселелері қашанда мұқият зер салуды қажет ететін мәселелер. Біле білсек, терминология саласы бұл кенже қалған сала емес, ол өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастау алды. А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Күдерин, М.Жұмабаев, Н.Төреқұлов сияқты ағартушы зиялы қауым өкілдері қазақ тілінде алғашқы оқулықтар шығарып, орыс тілінен кейбір шығармаларды өз тілімізге аудара бастады. Ғылымның кейбір салалары бойынша сол тарихи кезеңнің қажеттіліктеріне сәйкес терминологиялық атаулар жүйесін іріктеуді ғылыми негізде жүргізді. Ұлттық терминологияның қалып­тасуына, әсіресе нақты ғылыми салалар мен жекелеген пәндерге деген мұқтаждықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі айрықша маңызға ие болды. Ахаңның кезеңіндегі ұлттық терминологияның ең басты ерекшелігі – ондағы терминдер қазақтың байырғы сөздерін кәдеге жарату мен жалпы халық тілінің сөз байлығын молынан пайдалану еді. Өкінішке қарай, бұл тәжірибе ұзаққа созылмады. Олай дейтін себебіміз, 1940 жылдан бастап идеологиялық қысымның салдарынан терминдерді аудармасыз қол­дану, сөздердің орыс тіліндегі нұсқасын өзгеріссіз сақтау тәжірибесі кеңінен қолданыла басталды. Қазақ терминологиясы орыс және шетел терминдерімен талғамсыз толығып, ұлттық терминология ерекшеліктеріне нұқсан келді. Сөйтіп, орыс тілінен енген терминдер мен ол арқылы келген халықаралық терминдер өзгеріссіз қолданылуы тиіс деген сыңаржақ ереже күштеп енгізілді. Нәтижесінде терминология жүйесінде қазақ сөзінің үлес салмағы мүлдем ­азайып, қазақ терминологиясы өзінің ұлттық келбетін жоғалта бастады. Бұл үрдіс еліміз тәуелсіздік алған кезге дейін жалғасты деуге болады. Дегенмен, сол аумалы-төкпелі заманның өзінде 150-ден астам терминологиялық сөздіктер шығарылған екен. Әрине, бұлардың ұлттық терминологияны қалыптастырудағы маңызын теріске шығара алмаймыз. Еліміздің егемендік алуына және қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуіне байланысты ұлттық терминология мәселелеріне ерекше көңіл бөліне бастады. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің жанынан терминологиялық комиссия құрылып, ұлттық терминдерді қолданысқа енгізу саласындағы жұмыстар жанданып, жалғасын тапты. Осы комиссияның алғашқы мүше­лері Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, Т.Әбдіков, М.Қасымбеков сияқты өзге де тілші-әдебиетші мамандар мен қоғам қайраткерлері өтпелі кезеңде ұлттық терминологияны дамытудың келелі міндеттерін шешіп, қазақ терминологиясы саласын реттеуге қомақты үлес қоса білді. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай төрағалық ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия осы үрдіске жаңаша екпін беріп, қоғам өмірінің түрлі салаларында сөздер мен сөз тіркестерін біріздендіруді қолға алып отыр. Бүгінде әр азаматтың өмірімен етене байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заң, заңнама терминдеріне келетін болсақ, еліміз егемендік алғаннан бері бұл салада қолданылып жүрген терминдер біршама орнығып қалғанын атап өтуге тиіспіз. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, «нормативтiк құқықтық актінің мәтiнi әдеби тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуға, нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиіс. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиіс.  Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi». Яғни заңның бір нормалық ұғымды білдіретін өзіндік мағыналық ауқымы, өлшемі бар тілі болады. Одан ауытқуға болмайды, бірақ ауытқымауды ойлап, түсініксіздік пен қарабайырлыққа ұрынуға да болмайды. Ал қысқа да нұсқа қайырып, ұлттық реңкті жоғалтпай, кез келген ұғымды жеткізе білуге қазақ тілінің мүмкіндігі жеткілікті. Жалпы алғанда,  Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 61 бабына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі. Көп жағдайда заң шығару бас­тамасы Үкімет тарапынан болады, бұл заңды да. Сондықтан заң жобаларының бастапқы мәтіндері Үкіметке қарасты министрліктер мен агенттіктерде, ведомстволарда әзірленеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті бойынша, заң жобасы тиісті ілеспе құжаттарымен бірге Үкімет арқылы әуелі Парламент Мәжілісіне келіп түседі. Мұнда заң жобасының қазақ және орыс тіліндегі мәтіндері белгілі бір мерзім ішінде талқыланып, өңделеді, жетілдіріледі. Одан соң ол тиісті ілеспе құжаттарымен бірге Парламент Сенатына жіберіледі. Сенаттың тиісті тұрақты комитеттері мен бөлімдерінде де заң жобасына экономикалық, заңнамалық және лингвистикалық сараптама жүргізіледі, депутаттардың талқылауынан өтеді. Заң жобасының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің тең түпнұсқалығына сараптама барысында салалық мамандармен, заң жобасын әзірлеушілермен кеңестер өткізіледі, өйткені әр сала бойынша тек белгілі бір кәсіптерге, бағыттарға тән ұғымдардың мағыналарын білдіретін, жалпы көпшілікке түсінікті бола бермейтін терминдер жетерлік. Мәселен, тек ауылшаруашылығының құрамына кіретін мал шаруашылығы, орман шаруашылығы, егіншілік, балық шаруашылығы, т.б. сияқты салалар бар. Бұл салаларда қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерінің табиғаты сол салада жұмыс жасайтын мамандарға ғана белгілі. Мәселен, осы жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануар­лар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Тек осы заңның өзінде: алаңқай жерлер (прогалина), кеспеағаш аймағы (лесосека), орман орамы (лесной квартал), орман өсіру (лесоразведение), орман соқпағы (просека), орманның қайта түлеуі (возобновление леса), өртең (гарь), өскін (подрост), селдіреу (редина), сөл алу (подсочка) сияқты тілімізде орнығып келе жатқан көптеген терминдер қолданылды. Орайы келгенде айта кетейік, Сенат­тың жалпы отырыстары, оның комитеттерінің кеңейтілген және қатардағы отырыстары негізінен мемлекеттік тілде өткізіледі. Сенат төрағасы Қ.Мәми жалпы отырыстар мен өзге де жиналыстарды мемлекеттік тілде жүргізеді. Осы үрдіске сәйкес бірқатар министрліктердің, агенттіктер мен ведомстволардың басшылары, олардың орынбасарлары өз баяндамаларын мемлекеттік тілде жасап жүргендерін халық теледидардан көріп жүр. Парламент Сенатының жалпы отырыс залы, әр комитеттің отырыс залдары ілеспе аударма жабдығымен жарақтандырылған, ілеспе аударма жасайтын өз мамандарымыз біліктілікпен жұмыс істейді және Қазақстан бойынша ілеспе аударманың мол тәжірибесі қалыптасқан әрі өзіндік мектебі бар осы Парламент қабырғасы деп батыл айтуға болады. Сенат Аппаратының Редакциялық-баспа бөлімі Парламент қос палаталы болған кезден, яғни 1996 жылдан бастап, осы 2012 жылдар аралығында қабылданған заңдарды сүзгіден өткізіп, онда қолданылған, қоғам өміріне кіріккен терминдерді, сөздер мен сөз тіркестерін қамтитын, екі кітаптан тұратын «Заңнамада жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері. Қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздікті» дайындады. Сөздікті дайындаудағы мақсатымыз жекелеген терминдердің заңдарда әртүрлі қолданылуын болдырмау, айтпақ ойдың дәл мағынасын бере алатын сөздерді іріктеу, оларды бірізге түсіру еді. Біз қамтыған 15 жылдан астам уақыт ішінде қабылданған заңдардың, ресми құжаттардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерін сараптау барысында әртүрлі және әрқалай пайдаланылған терминдер ұшырасты. Ол заңды да, өйткені уақыттың өзі тиісті түзетуін енгізуді қажет етеді. Мәселен, «Достоверный», «недостоверный» деген сөздер бұрынғы заңдарда «дәйекті», «дәйексіз» деп алынған, алайда бұл сөздер түп мағынасы бойынша орыс тіліндегі тиісінше «последовательный», «непоследовательный» деген ұғымдарды білдіреді. Сондықтан бұл сөздер кейінгі кездері мағынасын мәнмәтін бойынша дәлірек беретін «анық», «анық емес» деген сөздермен беріле бастады (достоверная информация – анық ақпарат, недостоверная информация – анық емес ақпарат. «Жалған ақпарат» десек, басқа мағынаны («ложная информация») береді. «Последовательный» деген сөзді «табанды» деп алуды ұсынушылар бар, сонда «непоследовательный» «табансыз» болуы керек пе? Оның үстіне «табанды» деген сөздің орыс тіліндегі аудармасы – «стойкий»). «Нотариально удостоверенные копии» бұрынғы заңдарда «нотариалды куәландырылған көшірмелер», «нотариалдық куәландырылған көшір­мелер», «нотариатта куәланды­рылған көшірмелер» деп ала-құла алынып келген болса, бүгінде бұл сөздер түпкі мағынасына байланысты кейінгі құжаттарда «нотариат куәландырған көшiрмелер» деп қолданылуда. Сонымен қатар көптеген құжаттарда соттылыққа қатысты «неотбытая», «непогашенная» және «неснятая» деген сөздер «өтелмеген», «жойылмаған» деген сөздермен аударылған. Біздің ойымызша олар: неотбытая судимость – өтелмеген соттылық, непогашенная судимость – жойылмаған соттылық, неснятая судимость – алынбаған соттылық болып ара-жігі ажыратылғаны дұрыс. Тіпті осы «представление» сөзінің өзі бұрынырақта қабылданған заңдарда «беру», «ұсыну» және кейде «табыс ету» деген баламалармен берілген. Сөйлемнің мәнмәтініне қарай «беру» немесе «ұсыну» деген сөздердің қолданылуы орынды, алайда «табыс ету» деген сөз көп жағдайда «қолма-қол тапсыру» деген ұғымды білдіріп, «вручение» сөзімен астарлас болып кететінін ескеруіміз керек. Түрлі мекемелердің құжаттарында «осмотр», «досмотр» деген сөздер «тексеріп қарау», «қарап тексеру» деп жаңылтпаш тәрізді беріліп жүр. Әрине, мәтінде іс-қимылға байланыс­ты «тексеріп қарау» деп алуға болады, бірақ бұл кез келген мәнмәтінде осылай алу керек дегенді білдірмейді. Себебі «смотр» сөзі сияқты «осмотр» сөзінің де «байқау» деген мағынасы бар, мәселен жүргізушілер арасында «технический осмотр» – «техникалық байқау» деп сіңісіп кетті, оны өзгертудің қажеті жоқ сияқты. Ал «досмотр» сөзінің жаңа баламасын қарастыру керек болар. Кейінгі жылдарға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «объект» деген сөз де бірде «объекті», бірде «нысан» болып әр­түрлі алынып жүр. Оған қоса, кейбір құ­жатта «форма» деген сөз де «нысан» деп аударылған. Біздіңше, дұрысы ­«объект» – «нысан» деп аударылуға тиіс, себебі «­объект» немесе «цель» деген сөздер белгілі бір мәнмәтінде мағынасы жақындау болып тұрады, бұл көздеу, нысанаға алу деген ұғымға қатысты алғанда солай. «Цель» деген сөздің бір мағынасы – «мақсат», екінші мағынасы – «нысана». Ал «объект» осы сөздердің екіншісіне іргелес ұғым, ендеше, «нысан» «объектіні» білдіре алады. «Форма» деген сөзді негізінен «қалып» деп алудан қашпау керек. Мәнмәтінге байланысты оған қатысты «түр», «үлгі» деген сөздерді қолдануға болады. Ал «военная форма» «әскери киім» деп қалыптасып кетті. Жоғарыда аталғандай баламасы түпкілікті орнықпаған терминдерді қайта талқылап, қонымды шешім шығару Мемтерминкомның алдағы отырыстарында қаралмақ. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір сөз­дердегі «лық», «лік», «тық», «тік» та­ғы басқа жалғауларының тілдік норма­ға сәйкес қолданылмауы. Мысалы, бұл жалғаулар дербес дамуымыздың бастапқы кезеңінде қабылданған заңдарда «санитарлық», «ветеринарлық», «дипломаттық» деп жалғанып келген. Ал бұл сөздердің түбірі «санитария», «ветеринария», «дипломатия». Сондықтан қазіргі заңдарда олар тиісінше «санитариялық», «ветеринариялық», «дипломатиялық» деп алынып отыр. Әлбетте, «дипломаттық» сөзінің де қолданылатын тұстары бар. Терминдер әрқалай алынған жағдайда нормативтік құқықтық актілерді, ресми құжаттарды әзірлеушілер белгілі бір саланың негізгі заңдарын басшылыққа алғандары дұрыс. Мысалы: «нагрудный знак» деген сөз тіркесі баспасөзде, түрлі құжаттарда «төсбелгі», «кеуде белгі» деп «значок» мағынасында ұшырасып қалады. Осы саладағы негізгі заң – «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Заңда «Омырауға тағатын белгі» деп алынған. Сондықтан осы терминге басымдық беру керек. Соңғы кездері баламасы термин төркінін толық аша алмай жүрген сөз­дердің бірі «регистр» сөзі. Бұл заң­дарда, атап айтқанда, «Шаруашылық серіктестіктері туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 мамыр­дағы Заңында «государственный регистр» деген сөз «мемлекеттік регистр» деп; қайсыбір құжаттарда «мемлекеттік тізбе», «мемлекеттік тіркелім» деп үш түрлі алынған. Осыған байланысты жалпы «тізбе», «тізім» деген сөздерге қатысты бекітілген терминдерді айтатын болсақ, список – тізім; перечень – тізбе; опись – тізімдеме; реестр – тізілім; прописка – тіркелім; прицеп – тіркеме; приписное свидетельство – тіркеу куәлігі. Ал «регистр» деген сөздің шығу тегіне үңілетін болсақ, ол латынның «тіркеу» деген сөзінен шыққан. Дей тұрғанмен «Современный словарь иностранных слов» атты сөздік (авторы Т.Федорова) бойынша оның анықтамасы – «Список, указатель чего-н., книга для записей» делінеді. Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде де мағынасы осындай. Яғни бұл тіркейтін емес, жай тізімдейтін кітап. Аталған сөз шет тілінен еніп тұрғандықтан, аудармай қоя салуға да болар еді. Бірақ «регистрация – тіркеу», «регистратура – тіркеу орны» деп алынып, әрі «прописка» сөзі «тіркелім» деп бекітіліп кетуіне орай «регистр» сөзіне балама іздестіру керек сияқты. Оған біздіңше «тізгі» сөзі мағынасы жағынан осы «регистр» сөзіне жақынырақ келеді, әрі сөздің мағынасын беріп, оның функциялық жүгін көтеретіндей көрінеді, оның үстіне «тізім», «тізбе», «тізілімдеме», «тізілім», «тіркелім» сөздерін қайталамауға мүмкіндік береді. Егемен еліміз өзінің дербес дамуында сатылап өрлеп келе жатқан сияқты, терминологиялық жұмыс та осы жылдар ішінде бірте-бірте ілгерілеп келеді. Сондықтан да заңдарда, ресми құжаттарда уақытына қарай кейбір терминдердің әркелкі алынып келуі табиғи нәрсе. Біздің мақсатымыз оларды тізбелеу емес, бүгінге дейін қалыптасқан мол тәжірибені басшылыққа ала отырып, қолданыстағы терминдерді біріздендіруге ұмтылу. Сөздікте негізінен кең қолданыс тапқан, екіұдай ұғым тудырмайтын терминдер мен сөз тіркестері іріктеліп алынды. Олардың ішінде тиісті ұғымды бере алатын қазақтың байырғы сөздері арқылы жасалған терминдер де, сөзжасам арқылы жаңадан пайда болған терминдер де баршылық (адресат – жолданым иесі, аффилиированный – үлестес, буквальное значение – дәлме-дәл мәні, водораздел – су айрығы, водосброс – су ағызу, водосток – суағар, водоток – суағын, законодательная лазейка – заңнамадағы ілік, игнорация – біліксіздік, т.б.). Бұл екі кітаптан тұратын сөздік қазір Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне сараптауға ұсынылып отыр. Мұндағы терминдер негізгі дереккөз – заңдардан алынғандықтан, ол заң жобаларын әзірлеушілердің, ресми құжаттармен жұмыс істейтін мамандардың, жалпы көпшілік қауымның кәдесіне жарайды деген сенімдеміз. Бүгінде заңдардың қазақ тіліндегі мә­ті­ні жеңіл оқылады, әркімге ұғынықты. ­Мұ­­ны ел егемендігі тұсындағы қол жеткізген үл­кен жетістік деп айтуға әбден болады. Де­ген­мен, жалпы қауымға «Нормативтік құ­қық­тық актілер туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңына сәйкес норматив­тiк құқықтық актінің мәтiнi заң термино­логиясы және заң техникасы сақтала оты­рып жазылатынын қайталап айтқым ке­ле­ді. Сондықтан заң баптары мен тар­мақтарында, тармақшаларындағы кейбір сөздердің қайталануы орынды, өйткені заң тілінде ұғымдық дәлдік, дәл мағынаны беру негізгі мәселе болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, ­заңнамада жә­не ресми құжаттарда қолданылатын сөз­дер мен сөз тіркестерін біріздендіру – күн тәртібінен түспейтін, үнемі жетілдіріп оты­ру­ды қажет ететін өзекті мәселе. Сон­дық­тан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» де­мек­ші, барша заңгер, тілші, зерттеуші, ау­дар­ма­шы қауым, салалық мамандар бұл іске бір кісідей атсалысқаны ләзім.

Кеңесбек ДЕМЕШ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппараты Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі

6632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6774

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6000

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3738

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3127

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3084

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3061

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2789

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2774

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы