• Мәдениет
  • 07 Желтоқсан, 2012

Мәдениет – жасампаз сана

белгілі сыншы, мәдениеттанушы  Әлия БӨПЕЖАНОВА шығармашылығы туралы сөз

Сыншы Әлия Қаһарманқызы Бөпежанованың алғашқы мақалалары баспасөзде 80-ші жылдары жарияланды. Ал алғашқы сын кітабы «Өрнектер» 1991 жылы көктемде жарық көрді. Мен ол кезде «Жазушы» баспасында қызметтемін, «Өрнектерге» редактор болғанмын. Оны дайындау барысында әріптес досқа іштей бір ризалық сезім туған. Бұл кітапқа кезінде жақсы пікірлер айтылды. Пікір білдірушілердің бірі көрнекті суреткер Әбіш Кекілбаев сыншының таным-талғамына сүйсіне келе Әлия енді көбірек жазса, үлкен жинақтауларға барса, оған білімі мен дайындығы жетеді дегендей тілек білдірген. Сол жылы желтоқсанда тәуелсіз ел болып жеке шаңырақ көтердік. Содан бергі жиырма жылдан аса уақытта ғасырға пара-пар оқиғаларды бас­тан кешкеніміз белгілі. Қоғамдық құрылым өзгеріп, руханият әлемінде, көркемдік танымдарда да үлкен жаңғырулар жүрді. 80-ші жылдары өзі жас сыншы болып келіп, бірте-бірте қалыптаса өнімді еңбек еткен Әлия Бөпежанованың тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында да «Қазақ әдебиетінде» жасаған еңбегі мен шығармашылығы нағыз газетті тұлғалар жасайтынының жақсы бір көрінісі. Апталықтан қызметтен кеткеннен кейін де сыншы республикалық баспасөзде, электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініп, әдебиет, өнер, көркемдік танымдар, мәдени ситуациялар туралы көптеген мақала, материалдар жазды, шетелдік басылымдарда қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы ой толғады. Сыншының «Дүние – имани құбылыс» жинағы 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен шықты. Осы жинағы үшін оған 2003 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Қаламдас құрбы-достардың жазғандарын қай кезде де мүмкіндігінше оқып отыратының бар. Әлияның да жалпы дүниетанымын, ой-өрісін бір кісідей білетініме қарамастан оның әр жаңа еңбегі шыққан сайын тереңірек тани түсетіндеймін. Бұл – сыншының «Өнер – жеке тәжірибе» және «Мә­дениет – жасампаз сана» атты қос томдық жинағын оқыған соң да түйген ойым. Түйген ойым – бір кездер­дегі сыншы Бөпежанова шығар­ма­шы­лығының аясы кеңіген – ол қазіргі қазақ әдебиетінің, қазақ өнері мен мәдениетінің бар құбылысын барлап отырып жинақтауға, талдап-талқылауға, төрелік айтуға көтерілген тұлғаға айналған. Қос томдығының құрылымын түзеген портрет-эсселер, мақалалар мен сыр-сұхбаттарда Әлия Бөпежанованың сыншылық ой сергектігі, білімдарлығы, мәдениеті, таным тереңдігі, шығарманы үйіріп оты­рып талдауы, жазудағы ширақтығы, тіл кестесінің қысқа-нұсқалығы, яғни ойдың ішкі экспрессиясы сияқты өзіндік ерекшелігі ендігі жерде тіптен ашылып, айқындала түседі. Сөз етіп отырған авторының шеберлік сырына бойлауда нақты бір дүниесі туралы сөзге оның шығармашылығын тұтас қарастыра келіп, әлем әдебиеті үлгілерін назарда ұстай отырып, әдеби сындағы таным өлшемдерімен ой жарыстыра сөйлеу машығы – жазушының қалыптасу жолын «оңай ашуға» жетелейді. Қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов, М.Қаназ, т.б. шығармашылықтары туралы толғаныстары олардың ой әлемін, дүниетанымдық даралығын, стильдік ерекшеліктерін айқын саралаған, серпінді, сергек сезімнің, терең танымның жемісі. Сыншы қалам ұстаған қыздар, атап айтқанда, ақын-жазушылар Ф.Оңғарсынова, Ш.Құмарова, К.Ахметова, М.Қожахметова, Ш.Бейсенова, Х.Есенғараева, Ж.Солтиева шығармашылығын тануда жан жылуын аямай төгеді. Оларға әйел баласы ғой деп жығылмайды, жазушылық жаратылыстарындағы әйел табиғатынан өрбитін өзгешелікті айқындай түседі. Әлия Бөпежанова қазақтың айтулы сыншылары А.Сүлейменов, Т.Тоқбергенов, С.Әшімбаев, З.Серікқалиев, С.Жұмабековтің, әдебиеттанушы ғалым Р.Рүстембекованың әрқайсысының сыншылық болмыстарын ашуда да зерек, көреген. Және де сынның тілін отқа орап, ой кернеуін арттырып сөйлеудің А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, С.Әшімбаев қалыптастырған үрдісіне өз өрнегін қосып келе жатқан қаламгер. Сыншы қолтаңбасының ерекшелігі – көп айтпағын аз көлемге сыйдыруға, сондықтан да тығыз жазуға қалыптасқаны. Бұл пікірімізге сыншы кітаптарына енген кез келген дүниесі дәлел. Мысалы, сыншының Қанипа ақын туралы мына бір тұжырымы небір үлкен мақаланың жүгін көтереді. «Махаббат, сүйіспеншілік туралы жырламаған ақын кем. Махаббат жыршысы атанған ақындар да баршылық. Бірақ Қанипа ақынның жөні бөлек. Оның алғашқы албырт жырларынан бастап кемелдікке бет алған бүгініне дейінгі лирикалық кейіпкерінің әртүрлі сезімдік жай-күйінің қуат деңгейінде анау айтқан айырмашылық жоқ. Тіпті кейде кейіпкер сезім-күйі бір тектес, қайталана беретіндей әсер беруі мүмкін. Бірақ бұл – алдамшы әсер. Ал шын мәніне келгенде кейіпкер үшін: МАХАББАТ ШЕКТЕУЛІЛІКТІҢ /СЕЗІМНІҢ/ ШЕКСІЗДІККЕ /МӘҢГІЛІККЕ/ ДЕГЕН САҒЫНЫШЫ. И.Бродскийдің анықтамасынша, «тоска конечного по бесконечному». Сондықтан Қанипа ақынның да лирикалық кейіпкерінің Сезім, хал эпопеясында ішкі бір үлкен сабыр, мүмкін, пәлсапалық деңгейге көтерілетін сезім рақаты мен азабы жатады. Өйткені Қанипа – Жырды, яғни Сезім – сүйіспеншілікті Мінәжат деңгейіне көтерген суреткер» Тағы бір мысал – көрнекті мәде­ниеттанушы Мұрат Әуезов туралы тұжырымы: «Бүкіл өмірі мен шы­ғармашылығы Ұлттың өзін-өзі та­нуының ғана емес, терең зер­деленуінің, ең бастысы, шыңда­луының, сөйтіп, жаңа мазмұнға шығуының хас үлгісіндей тұлғалар болады. Олар санаулы. Санаулы болатыны бұл дегеніңіз – ауыр миссия... Осындай санаулы тұлғалардың бірі – көрнекті замандасымыз Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ. Ұлттық сананың, Түркілік болмыстың жаңа мазмұны. Ол қай салада қызмет етпесін, терең білігі мен білімін, биік интеллектісін, жарқын ақыл-парасаты мен жасампаздық энергиясын елінің игілігіне жұмсап келе жатқан қайраткер. Қас зиялы. Замандастары, ортасы оны осы тұрғыда таниды. Ал өзі үшін мұның бәрі – өмір салты, ұстанымы. Сондықтан да біз әлгінде айтқан «ауыр миссия» ол үшін – өмір сүру формасы ғана. Ол қауымға осы табиғилығымен де қадірлі және қымбат». Дүниетанымдық тұрғыдан толысқан, рухани сергек сыншының қазіргі әдебиеттің көкейкесті мәселелеріне байланысты төпеп-төпеп айтатын кернеулі ойлары да жеткілікті. Ал мұның негізі – оның адами-азаматтық болмысы. Сыншы кітаптарын оқығанда, рухани аяңыз кеңейеді, сіз оның көлемі шағын, бірақ кернеуі жоғары мақалалары мен эсселерінен жаныңыз нұрланады, өйткені ол қанша жаңа форма іздеп талдасын, мейлі, бәрінің тірегі адами-имани құндылықтар екенін, өзі қас сыншы Зейнолла Серікқалиев шығармашылығы туралы жазғанындай «Дүние – имани құбылыс» екеніне қол қояды. Әлия жаңаны тануға сергек. «Мәдениеттің екі типі бар. Алғашқысы – мазмұнға негізделеді, екіншісі – формаға негізделеді. Шартты түрде алғанда, дәстүрлі өнер – мазмұн (мазмұн–форма–мазмұн), постдәстүрлі өнер – форма (форма–мазмұн–форма). Өзгеше айтқанда, дәстүрлі әдебиетте жазушы жүйелі шығармашылық әдіске, жанрлық-стильдік анықтыққа сүйенсе, постдәстүрлі, яғни біз айтып отырған жаңа заман өнерінде жазушы өзінің суреткерлік ереже-заңдылықтарын жасайды» дейтін сыншы, қазақ өнерінде суреткерлік өз ереже-заңдылықтарын жасауға ұмтылатын жас буынның талантты өкілдері жазушы Дидар Амантай, ақын Маралтай Ыбырайымұлы, жазушы Мәдина Омарова, театр режиссері марқұм Қайрат Сүгірбеков, кинорежиссер Серік Апырымов, тағы басқалардың өнержасам ерекшеліктері мен танымдарын қызғылықты талдап, таныстырады. Әлияның бұл сипаттас мақалаларын қызықпай оқу мүмкін емес. Бұл тұста мен Әлияның Дидар шығармашылығын талдауы қазақ сынындағы ерекше жүлге екенін айтар едім. Талантты жазушының бұл шығармасы қатты пікірталас тудырып, роман атты іргелі жанрды төмендету, дәстүрлі ұғымның іргетасын шайқалту сияқты сезілген болатын. Ал Әлия сыншы бұл романға жоғары баға берген. Дидардың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзуге ұмтылатынын, мұны бiрден қабылдауға, зерделеуге оқырманның оқырмандық тәжiрибесi жетiспей жататынын, мұның өзі жалпы алғанда қазақ кеңiстiгiнiң бүгiнгi таңдағы рухани-мәдени проблемасы екенiн алға тартқан. «Гүлдер мен кiтаптардың» өнердiң өнерлiк тұрғысынан предметтiк әңгiме қозғауға мүмкіндік беретін шығарма, өйткені көп планды роман екенін, әдеттегi ұғымдағы, себеп-салдарлы, классикалық үлгiдегi көп планды да көлемдi роман емес, көлемi шағын, соған қарамастан конструкциясы өте дамыған – бiрнеше идеяны қат-қабат алып жүретiн роман екенін қадап айтқан. Сыншы мұндай шығарма оқырманынан мәдени-философиялық оқылымды талап етеді дей келе, романдағы бірнеше пласт-қабат-шеңберлерді талдап, конструкция құрады. Романның қазақтың жыраулық дәстүрінің жаңғырған түрін танитын сыншы мәдени пәлсапалық кеңiстiгi кең роман авторы көркем сөз өнерiнiң ерекше бiр үлгiсiнде жұмыс iстейтiнiне қол қойдырып, «Гүлдер мен кiтаптарды» мәдениет құбылысы деп, әдебиет санасының өскенiн көрсететiн шығарма деп таниды. Бұл мақала алғаш жазылған тұста көп қаламгердің қарсылығына тап болып, Әлияның сыншылық танымына күмән да тудырғанын білеміз. Ал әдеби-мәдени көркемдік процестерді терең білетін сыншы, әрине, үнемі бір қадам алда отыруы керек. Дидар шығармашылығы бүгінде мойындалған, құрылымды-эстетикалық жаңалықтары қабыл­данған суреткер. Сыншы Бөпежанованың театр, кино саласындағы мақалалары да жаңашылдығымен тартады. Айталық, оның талантты театр режиссері, бүгінде марқұм Қайрат Сүгірбековтің шығармашылығын талдайтын эссесі жүрек шымырлатады. Қазақ театр режиссурасы нендей таланттан айырылған деген өкінішке қаласыз. Сыншы Әлия Сүгірбеков театры – реализм, романтизм, символизм, сюрреализм, абсурд сынды бағыттарды өз стилінде қорытқан, яғни тағы қайталағанда, екінші шындықпен де жұмыс істейтін театр екенін, жалпыадамзаттық мәдени тәжірибе үлкен құндылық деп танитын режиссердің қажет деп тапса, бұл бағыт-ағымдардың қай-қайсысында еркін жүзетінін және үлкен суреткер ретінде оларды өз стилі аясында табиғи түрде шебер үйлестіре-үндестіре алатынын, сондықтан да оның спектакльдерінің мәдени қуат-кернеуі өте жоғары болып келетінін талдайтын сыншы режиссер Сүгірбеков спектакльдерін өз-өзінен жетілетін жүйе ретінде қарастырып, қабылдау қажеттігін алға тартады. Көріп отырғанымыздай, өнердің қай саласында да еркін ой толғайтын Әлияның театр туралы толғамдары, спектакльдерді талдау тәсілдері мәдениеттанушылық жазықта мағыналы оқылады. Ол талдаған спектакльдердің эстетикасын, құрылымын анық тануыңызға болады. Мысалы, Әлияның көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің «Сүйікті менің ағатайым» спектаклінің Астанадағы Қ.Қуанышбаев театры сахнасындағы қойылымын, сценографиясын талдауы спектакльді көз алдыңызға елестетіп, оның өзек ойы, рөлдердің қисындары, одан шығатын қорытындылар, бүгінгі күндік тағылымы туралы қат-қабат ойларымен қойылымға екінші өмір береді. Мәмбетовтің мәмбетовтік құдіретін өз танымымен айқындай түседі. Сыншының И.Вайткус, Ж.Хаджиев, Б.Атабаев, Н.Жақыпбай спектакльдерін талдаулары да негізінен осы сипатты болып келеді. Сондықтан да Әлияны тұшынып оқисыз, ой ілесіз, пікір таластырасыз. Сыншы шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – ашықтығы, сұхбаттастық сипаты (диалогичность), яғни оқырманын пікір жарыстыруға, ой таластыруға бастай отырып, өсіретіні, өзге кеңістіктерге бастайтыны. Оның кәнігі шеберге айналғанын айқындай түсетін аса қызықты сұхбаттары да шығармашылығының елеулі бір қыры, өзіндік құпиясы. Әлия сұхбаттасын өзін толғандыратын мәселелерге орай «таңдайды» және оның сұхбаттары уақыттың өмір-өнер зердемелері болып шығады. Сыншының А.Сүлейменовпен, Қ.Жетпісбаев, Ә.Мәмбетов, З.Серікқалиев, атақты миллиардер және филантроп Дж.Сороспен жүргізген сұхбаттары, сондай-ақ кейінгі кезеңде Мұрат Әуезов, Сатыбалды Нарымбетов, Бақытжан Әбішев, қазақ руханиятының өзге де танымал тұлғаларымен сұхбаттарын құмарта, құныға оқымау мүмкін емес. Сұхбаттасының жолы, жасы, өмірлік тәжірибесі, тіпті кеңістігі үлкен немесе кіші болсын мейлі, Әлия олармен қашанда терезесі тең отырады, оқырманына жоғарыда да айтып өткенімдей, жаңа бір кеңістіктер ашады. «Сұхбат – сүйікті жанрым» дейді Әлия. Ол үшін бұл жанрдың көркем үлгісі – көрнекті өнертанушы, мәдениеттанушы, көптен бері Америкада тұратын Соломон Волковтың «Иосиф Бродскиймен сұхбаттар» кітабы. Әлия ондағы білім, шығармашылық психологиясына ену, әлем руханияты, саясаты туралы зор кеңістікке қызығады. Әлияның шығармашылығы өзі сүйіп оқитын авторлармен үндес болып шығады. Мысалы, оның қазақ әдебиетіндегі, мәдениетіндегі маңызды деген еңбектердің барлығын назардан тыс қалдырмайтынын, рухтас, үндес суреткерлері туралы мақалаларында не сұхбаттарында үнемі түйіп, пікір айтып отыратынын білемін. Ал өзі сүйіп оқитын шетелдік авторлар Иосиф Бродский, испандық Мигель де Унамуно, америкалық философ Ричард Рорти,.. сүйікті режиссерлері Джордж Стрелер, Луко Ронкони, Акира Куросава, Кшиштоф Кеслевский... осылай жалғасып кете береді. Әлияның кітап оқу дағдысы да қызық. Оған оқу – ауамен тең. Сөмкесінде үнемі кітап не журнал жүреді, мысалы, сізді бір жерде күтіп тұрса, сіз кешіксеңіз, оған ренжитін Әлия жоқ, кітабын оқып не қағазын қарап отыра береді. Жас кезіміздегі оқуға деген сергектігінен бір айнымайтын Әлияны оқығанына сай тоқығаны мол және бұл руханиятымыздың да олжасы болып отырған қазақ қызы орайында да аса бағалаймын. Әлия туралы сөзімнің соңында оған аздаған қошемет сөз айтсам, айыбы болмас. Ұзақ жылдар әріптес, құрбылас болып жүргелі бері әбден түйгенім – Әлия ірі мінездің адамы, майда-шүйдеге жоқ, біреудің ішкі әлеміне әйелдік осалдықпен сұғынып қарағанын, дүние атаулыға күнделікті қажеттіліктен асып құныққанын, өзіне тірелген істі басқаға сылтаулап сырғыта салғанын ешқашан көрмеппін. Өзіне сенімді, жаны кең адам қызғаныш дегенді ешқашан білмейтін болса керек. Әлияның бір жақсыны көрсе қуанып, соны келесі жақсылықпен жалғастырып жүретін жақсы қасиеті бар, туысқанға деген жанкештілігі, дос бола білу таланты, тыным таппайтын еңбекқорлығы, көп шаруаны түгесіп жүргеніне қарамастан, үйдегі, түздегі тап-тұйнақ жинақылығы, білмекке құштарлығы, аса көп оқитыны әйел баласының басына біте бермейтін қасиеттер. Осы қасиеттері қазақтың Асқар Сүлейменовтей біртуар суреткеріне, адами тұрғыдан айтсам, Асқардай ағаға жар, рухани туыс, дос, Әсмәдай балаға ана қалпы да және толыға түседі. Әлияның Асекеңе іздеушісі, шырақшысы ретінде тындырған шаруасы бір атан түйеге жүк болғандай. Сыншы, мәдениет қайраткері Әлия Бөпежанованың көптеген көр­кем аудармалары, сондай-ақ көрнекті өнер адамдары туралы шығарған кітаптары, өнердегі бастамашылдығы, т.т. қасиеттері туралы айтар болсам, сөз ұзап кетеді. «Мәдениетті – жасампаз сана» деп білетін және өзі де осы жолды ұстанған қазақтың үлкен сыншысы, мәдениеттанушы, әріптес дос Әлияның рухани қазынасын оқырман үшін аша түсу ісі алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенемін. Қанипаш МӘДІБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері: – Әлия Бөпежанова – әдеби-көркем ой-пікір сахнасына шыққалы бері өзін ізде­тіп оқытатын сыншыға айналды. Өйткені көптің сүрлеуімен жүрмей, әр­дайым өзіндік ой түйіп, өзіндік мінез танытып жүретін қасиеті бар. Ол автор саралай біледі және шығармашылығын талдап отырған жазушысының дүние­танымдық, дүниетанытқыштық болмысын ашуға ұмтылады. Сондықтан да оның көркем талдауларында автормен концепциялық жарыспа талдау басым жатады. Мұнсыз әдеби көркем сын көркем әдебиет жанрына айнала алмайды. Бәлкім, Әлияның ауызға көп іліге қоймаған соны авторларға құмар болуының сыры да осында шығар. Сыншыға кез келген байқай қоймаған соны есім ашу мен кез келген пайымдай қой­маған соны құбылыстарды танудан асқан парыз болмаса керек. Бұл ретте Әлия талғампаздық та, табандылық та аңғартады. Әлия Бөпежанова талапшыл сыншы. Бірақ, оның талапшылдығы әдептен асып кетпейді. Суреткер еңбегіне деген ізет оның жас авторларға да, жасамыс авторларға да бағытталған мақа­лаларына бірдей тән. Сәбит ОРАЗБАЕВ, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Мен Әлия Бөпежанованы көптен бері білемін. Ол өнерге шын жүрегімен берілген, театрымыздың, театр қауымның белді мүшесі. Менің жақсы көретінім – ол біздің Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының өміріне белсене қатысатын зор қайраткер. Спектакльдерді талдауда, репертуар таңдауда Әлияның айтқан пікірлері өте дәйекті болып келеді. Ол жазған мақалаларында және ауызекі пікірлерінде актерлер үшін өте пайдалы, олардың өсуіне қозғау салатын жақсы-жақсы ойлар айтады. Пікірлерін ашық, айқын етіп айтады. Содан кейін Әлия әдебиет саласында орны бар сыншы ғой. Ол қандай шығарма туралы жазса да оның көркемдігімен қатар қоғамға әсерін, олардағы уақыт мақсат-мұраттарының қалай көрінетінін нәзік талдайды. Әлия сыншының менің өмірімде өзіндік үлкен орны бар. Алпыс жылдық, жетпіс жылдық мерейтойларымда шығармашылық жолыма, жасаған еңбектеріме талдау жасап, байыпты мақа­лалар жазды. Мен оған кезінде өзімнің алғысымды айтқанмын, қазір де айтамын. Әлия өте тиянақты, ұқыпты адам. Көп адамдар айтқан сөзін орындамай кететін мына заманда ол айтқан нәрсесінің үдесінен шығады, сөзінде тұрады. Одан кейін Әлияның екінші бір үлкен қасиеті – ол өзіміздің кемеңгер замандасымыз Асқар Сүлейменовтің шығармаларын шығарудағы ұлан-ғайыр еңбегі. Асқардың кітаптарын, көп томдық шығармалар жинағын мұнтаздай етіп, көркем етіп шығарып келеді. Содан кейін Әлия Асқардың Әсмә есімді тұяғын тәрбиелеп-өсіріп отыр. Әсмә әдемі де әсем, өте ақылды бала, қазір КИМЭПте оқып жүр. Оқып жатқан мамандығы өте қажетті мамандық деп ойлаймын. Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Әлия мен білетін білімділердің ішіндегі кішіпейілі мен әдептісі. Адам терең болған сайын қарапайым болатынын мен Бөпежановаға қарап бажайлаймын. Әттең, қазақи «неғылайыны» молдығы болмаса, талай ісіміздің шала екенін жиірек айтса, көңіліміз нала болғаннан кем болмас едік. Мен де қастерлейтін қас ойшыл Асқар Сүлейменовтің сырластыққа Әлияны таңдауы жоғарыда мен түзген ой-көгеннің көмескі еместігін айғақтайтын сыңайлы. Өйткені Әлия – жігіт сынды бір сөзді, әйел сынды сынық мінезді. Ибалылығы ұясынан, сөзге беріктігі қаны мен қағынан болуы бек мүмкін, әлде әкесінің аты Қаһарман болғаннан ба екен?!.. Өзгенің пейілін өзінікі етпегенін білемін, тапсырыспен тақырып таңдап, ардың ісін аттамағанын да білетін сияқтымын. Әжептәуір ән жазып, өрелі өлең құрастырып, сыншымын деп сыңарезуленіп жүрген көбіміз осы реттен ұяттымыз ғой, «ауруын жасырған - өледі»... Әлия да «ақырын жүріп, анық басып» бәтуалы белеске шыққанда ғана осы ойларымды айтуға қолым тиген мен де «сау сиырдың боғы емес» екенмін. Жаныңда жүрген жақсыға жылы сөзді жиі айтқан да тектілік екен ғой... Шуылдаған қарғалар арасында бірді-екілі бұлбұлдың үні шықпайтыны хақтығын, менің жаман атам Жаманқұл – «бұлбұлы қадірленбеген елдің қарғасы қарқылдайды» деп құдайдың зарын қылып күнде айтушы еді...

3768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6204

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5708

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3448

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2829

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2793

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2770

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2501

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2486

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы