• Тұлға
  • 07 Желтоқсан, 2012

Өзіне-өзі сөзінен күмбез тұрғызған...

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – қазақ еліндегі киелі шаңырақ, талай марқасқалар дәріс беріп, талай таланттылар түлеп ұшқан ұлы орда. Оған ешкімнің дауы жоқ. Біз университет есігін 80-ші жылы аштық. Сондағы атынан ат үркетін Ұстаз – академик-жазушы Зейнолла Қабдолов болатын. Ол кісі «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс беретін. Бірақ дәл сол жылы журналистика факультетіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған елу жасқа, Зекең өзі ертіп келіп, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевті таныстырды. «Сендерге «Әдебиет теориясын» осы Қадыр ағаларың оқиды» деді.  Қадыр аға сабақты өте қызық өткі­зетін. Ақын-жазушылар тағды­ры жайлы, әдебиет әлемінің небір құпия-жұмбақтары туралы, шы­ғар­ма­шылықтың теориясы мен тәжі­рибесі хақында өте әсерлі баян ететін. Бірақ біз кейде филология фа­культетіндегі Зейнолла ағай лекция­сына да қатысып жүретінбіз. «Асылы, жер бетінде университет секілді қастерлі орын сирек. Университет – адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгілік маздап тұрған Прометей оты. Бұл аз. Университет – елдің есеюі. Қазақ университетінің білім мен тәр­бие, ғылым мен мәдениет тара­пын­дағы өлшеусіз қасиеттерінің үстіне айрықша бір аяулы жайы бар, за­ма­нымыздың ұлы жазушысы Әуезов Мұх­тардың жарты ғұмыры осында өтті. Қазақ университетінде біз де оқыдық. Бірақ біздің бүгінгі шәкірттерден бір айырмамыз, аздап мақтаныңқырап айтсам, артық­шылығымыз – Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдағанымыз дер едім. Несін айтасыз, ғажап еді ғой!..» Бұл шашын толқындата артқа тараған, отты жанары ұшқын атып, ерекше мейірім сәулесін шашып тұратын, аса ажарлы да бөлек бітімді Зейнолла Қабдоловтың өз сөзі. Бүкіл ғұмырын Қазақ универ­ситетіне, қазақтың талапты жастары­ның жолын ашуға арнаған асыл ағаның алдын көріп, ақыл-кеңесін тыңдағанымыз үшін біз де бақытты ұрпақ екенбіз. Біз – Зейнолла Қабдоловтың шәкіртіміз! – деп біз де өз артықшылығымызды жасқанбай айтатын болдық. – «Асылы, Жан-Жак Руссоның байлауы дұрыс. Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау!» деген қанатты сөзін жиі қайталайтын. Қазақ ұлттық университетінің кейін­гі жылдары сөзімен де, ісімен де мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақ­татқан тұлғалардың бірегейі де Зейнолла Қабдолов екенін айтуымыз керек. «ҚазҰУ... Бұл – мен үшін атамның атынан кейінгі ыстық атау. Осы сөз не көзіме түссе, не құлағыма тисе болғаны, жүрегім елжіреп, көкірегім күйге толып қоя береді. ҚазҰУ – өзінен бөлініп шыққан көп институттар секілді отау емес, орда» деген сөзінің әр әрпін қалдыр­май, тайға таңба басқандай етіп айтушы еді. Енді бірде: «Шырақтарым, әдебиет дегеніміз – ардың ісі» деген терең мағыналы ойын сөз өнерін төңіректеп келген әрбір шәкірттің құлағына құюшы еді. Әдебиетке деген неткен тазалық, неткен қастерлеу десеңізші! Асыл Зекең әр лекциясында әлем, орыс әдебиетінен небір мысалдарды, ұлы Абайдың: Сылдырап өңкей келісім Тас бұлақтың суындай... ...Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар Айға алыс. немесе Махамбеттің: – Ах, Арқаның қызыл изені-ай, Басы бір күрдек, түбі арал, Қыдырып шалар аруана, Кәрісі кімнің жоқ болса, Жасы болар диуана. Бір сынаған жаманды Екінші қайтып сынама. Тіріде сыйласпаған ағайын, Құм құйылсын көзіңе, Өлгенде бекер жылама! – деп төгілте бастап, Қасым, Мұқағали, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Фариза, Мұхтар өлеңдерінен ғажайып шумақтарды үзілдіріп үзбелеп, тізілдіріп тізбелеп жатқа оқығанда, поэзия деген сиқырлы әлемнің тұңғиығына әр шәкірт жүрегі сүңгіп кететін еді-ау! Сырбаз сөйлейтін, сымбатты жанның әр сөзі тасқа басқандай сұлу көрінетін. Тілінен бал тамызғандай бипаздап бас­тап, кейде жарасты әзіл-қалжыңмен аудиторияны дүр сілкіндіре күлдіретіні және бар. Шешеннің шешені еді. Кейіннен университетке оқытушы болып, кандидат­тық диссертациямды Зекең өзі жүргізген кеңесте қорғадым. Зекеңнің соңғы докторантының бірі болғанымды да мақтан тұтамын. 80-ші жылдың аяқ шені. Ұлы ұстаз «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс береді. Мен жүргізген «Әдебиет және журналистика» пәні ол кісінің сабағымен қапталдаса жүрді. Зекеңнің лабораториялық сабақтарын жүргізетін қазіргі 204-дәрісханада «Қазақфильм» АҚ Президенті, танымал драматург ­Ермек Аманшаев екеуміз емтихан алып отырмыз. Жауабы әлсіздеу болған 2-3 студентке «3» деген баға қойып қойғанбыз. Аудиторияға Зекең кіріп келді. Орнымыздан ұшып тұрдық. – «Иә, емтихан қалай өтіп жатыр, – деп ведомосқа үңілді де, қабағы түйіліп кетті. – Лекцияны академик Қабдолов оқыса, бұл балалар қалай үш алады? – деді. Біз үнсіз, кінәлі адамдай басымызды төмен салбыраттық. Зекеңнің сол сөзінен кейін «3» деген бағаны қоймайтын болдық. 2001 жылы 38 жасымда факультет деканы болып тағайындалдым. Сонда мен отырған кабинетке, Зекең әрдайым бір соғып өтуші еді. Қасында міндетті түрде бір-екі адам жүреді. Есікті айқара ашады да: «Әулие аттаған оңбас» – деген!» деп бүкіл оқытушы, студенттерге естірте, сөйлей кіретін. Қазір ойласам, мен Абай, Мұхтар елінің перзенті болғандықтан ба, менің абыройымды көтеру үшін айтады екен-ау, ұлы ұстаз! Бір есте қалғаны – Зекеңнің ұстаздық қызметіне 50 жыл толуы КазГУ-де ерекше аталып өтті. 15-қабаттағы мәжіліс залы халыққа лық толы. Академик-жазушыға сол күні айрықша құрмет көрсетілді. Зекеңді жақсы көретін шәкірттерінің өзі қаншама десеңізші! Мәжілісті уни­верситет ректоры Төлеген Әбдісағи­ұлы Қожамқұлов жүргізіп отырды. Академиктер Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасовтар, жүзінен ерекше шуақ төгілген Сәуле апа Зекеңнің қасында төрде отыр. Бір мезетте Төлеген Әбдісағиұлы Қырғыз мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің деканы, профессор Жылдыз Бақашеваға сөз берді. Қырғыз ағайындар Зекеңнің шәкірті екендігін айтып, зор ілтипат көрсетті. Ректорымыз ғажайып ақынжанды азамат, Жамбыл – Жәкеңнің тікелей ұрпағы. Өзі ерекше шабыттанып тұр. – Енді біздің журналистер не дейді екен? – деп, мені ортаға шақырды. Ол жерде сөз сөйлеп тұрып алу артық еді. Мен бірден «Бәйтерек» деген Зекеңе арналған өлеңімді оқыдым: «Ұшқын» болып ұштың да, «Жалын» болып лауладың. Әуелеп бір ұшқанда, Әуезовтен аумадың. Тебіренттің Каспийдің Толқын-толқын тауларын. Өрімтал жас өскіннің Жан-жүрегін жауладың. Ақ самалдай аңқылдап, Тербеп шабыт орманын. Найзағайдай жарқылдап, Ақ жаңбырдай жауғаның. Күннің алтын нұры боп, Күміс шыққа аунадың. Махамбеттің сөзіндей, Ағыл-тегіл сауладың. Ұлы Абайдың өзіндей, Аулақтан ой ауладың. Мұхтар болып мұңданып, Сәбит болып сыр бағып, Ғабит болып шыңдалып, Ғабиден боп нұрланып. Қайсар жырдың күймесін, Қасым болып таныттың. Өлең сөздің түймесін, Әбділда боп ағыттың. Мөлдірлікке құлшынып, Өстік біз де көктедік. Зеңгір көкке шаншылып. «Айналайын!» – деп келіп, Құштың бізді қаусырып. Атбегілер сипаған, «Құлын» көрсе, кекілден. «Айналайын» – деп келіп, Сүйдің менің бетімнен. Ардақты аға, сол сөзбен, Сыйладыңыз бар бақты. Сол сөзіңіз біздерге Қанат беріп, самғатты. Айдынына ойыңның Аққу менен қаз қонып, Жүріп келе жатасың. Үнін естіп қайыңның Сұлу, сырлы саз болып, Кіріп келе жатасың. Өлең сөзбен айшықтап, Қара сөзбен жырладың. «Адамның кейбір кездерін» Зейін қойып тыңдадым, Зейнағамның сөздерін. Түн ұзақ та, күн – қысқа, Басыңды бұлт шалмасын. Сізге арнаған Шыңғыс та Күздің «Қызыл алмасын». Сыбдырласқан өзді-өзі Жапырағың жетеді. Сіз кіргенде КазГУ-ім, Жарық болып кетеді. Күннің түскен шуағы, Бәйтерегім, теңселме. Биік болып тұрады, Өзіңменен еңсем де.... Зал ду ете қалды. Зекеңнің үлкен көздері төңкеріліп, ғажайып бір сүйсініспен маған қарады. Факуль­теттің атынан қылыш сыйладым. «Қылыш» дей беріп едім, академик Қасқабасов «Махамбеттің жебесі» деп түзетті. Сол сыйды Зекеңе беріп едім, ол кісі орнынан тұрып, айналып–толғанып, бетімнен сүйді. Мен орныма барып отыра беріп едім, залдағы жұрт шулап қайта ортаға шығарды. Салт бойынша қару бергенде, сатып алу керек екен. Зекең қалтасына қол салды да, маған ақша ұстатты. Не керек, өлеңді аудитория керемет қабылдады. Кейіннен Зекең Атырауға барғанда, актерлер сол өлеңді жатқа оқыпты. Келген соң Зекең бір жолыққанда: – Атырауда сенің өлеңіңді оқыды. «Сен кіргенде КазГУ-ім, Жарық болып кетеді» дегенді «Жап-жарық боп кетеді» деп қате оқыды. Қойшығұл Жылқышиевке айттым: Бауыржанның өлеңінің бір сөзін де өзгертпей оқыңдар дедім. «Жап-жарық» – деген лап етіп жанады да, тез сөнеді. Ал «Жарық» дегеннің сәулесі ұзаққа барады, – дедім. Осы өлең ұстазға ұнады. Зекең дүниеден өткеннен кейін, Сәуле апайдың «Көрген түстей, сағымдай» деген күнделік – кітабы 2009 жылы жарық көрді. Сонда мынадай жолдар бар: «12 желтоқсан ... Бұл күні таңертең атасын құт­тықтауға Абылай ата-анасымен ке­ліп, ­Бауыржан Жақыптың Зекеңе арнаған «Бәйтерегін» жатқа айтып берді. «Сен кіргенде КазГУ-ім жарық болып кетеді» деген жолдарын естіп, босады... (147-бет) Абылай немересі сол ұзақ өлеңді ылғи жатқа айтып жүреді. Ағамыз дүниеден озғанда, қайғырып жазған өлеңім «Ғұлама» деген атпен «Қазақ әдебиетінде» жарық көрді. Ұстазды жерлеп келгеннен кейін «Ритц-Паласта» оқығанда, тебіренбеген жан қалмады. Жүректен шыққан сөз жүрекке жететіні рас-ау. Ол өлеңнің мәтіні былай болып келеді: Естелік айтып Мұхаңмен жүрген жаз күннен, Еңкейіп кіріп, шалқайып шықтың КазГУ-ден. Тойларыңда, аға, шаттанып өлең оқушы ем, Бүгінгі жырды қайғырып тұрып жаздым мен. Бейнеңіз қалды күлімдеп күндей тұратын, Ғаламат жансыз ғасырда бір-ақ туатын. Қайталанбайтын шешен сөзіңмен таныттың, Алты алашымның арманын, мақсат, мұратын. Алатаудай асқақ, Жайықтай тұнық тереңім, Арқадай дарқан, Еділдей ерке еренім. Тамырыңды жайып, жапырақтарыңды шулатып, Бұ дүниеден кеттің бе сен де кемелім! Кешегі өткен ғұламалардың көзі едің, Ұлы Ұстаз болса, дәл соның Зеке, өзі едің. Айдай боп туып, судай боп аққан елімнің, Алтын да баулы, күміс те зерлі сөзі едің. Елбасына да бергенсің өзің батаңды. Шуағыңнан сенің бүкіл ақындар от алды. Үйретіп кеттің, көрсетіп кеттің біздерге, Қалайша сүю керек екенін Отанды. Қадым заманнан өмір мен өлім арбасқан, Айырылып Сізден, «аһ» ұрдық бүгін марқасқам. Заманалардың судырлағанда парағы, Келешек ұрпақ таниды Сізді танбастан. Асыл сөздегі қартаймас мәңгі, Абызым, Жылдардан жылға ортаймай жетер аңызым. Өзіңді жоқтап, домбыра күйі шертіліп, Ішегін тартып, жылайды өксіп қобызым. Аспанда бұлттар көз жасын төгіп қалқысын, Арнаған жансыз бүкіл ғұмырын халқы үшін! Өзіне-өзі сөзінен күмбез тұрғызған, Қыраным едің естілер даусың шың-құздан. Арыстаным ең, данышпаным ең, еңсем ең, Биіктігіңді ел парасатыңмен өлшеген. Кітаптарың мен шәкірттерің барда, ел барда, Өлмейтініңе, өшпейтініңе мен сенем. Рухыңыз тұрар КазГУ-дің мәңгі төрінде, Жүресіз шарлап қазақтың байтақ жерінде. Ұлы Әуезовтің әуезді үнін сағынып, Кеткендейсіз Сіз Мұқаңа барып келуге... Дүниеден озған соң, Зекеңнің орны ойсырап қалды. Бәріміз де нағыз ұстазды сағынып жүрміз. Бірақ «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Зейнолла ағайдың көп-көп шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етеді. Әр дәрісімізді Зекеңнің «Адам», «Өмір ұшқыны», «Ұшқын», «Жалын», «Жанр сыры» «Сыр», «Жебе», «Әде­биет теориясының негіздері», «Әуезовтің әсемдік әлемі», «Сөз өнері», «Арна», «Көзқарас», «Менің Әуезовім» кітаптарын жаңа буын, жас толқынға зейін қоя оқуға ұсынамыз, Зекең жайлы естеліктер айтамыз. Бұл біздің шәкірттік парызымыз. Ендеше, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов лекциясы жалғаса бермек... Бауыржан ЖАҚЫП, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 Кешегі абыз – ертеңгі аңыз...

Зейнолла аға сынды дәуірдің дара тұлғасы туралы, ғылым-білім, парасат-пайым даңғылы туралы естелік айту – аса абай болуды, ортаға салар ойың мен сөйлер сөзіңе өте сақ қарауды қажет етеді. Себебі ол үлкен таудың биігіне өрмелеп барып, алыс атыраптарды шолу сияқты екені әрқашан есте тұрады. Менің де ішімде ағаның биігіне сай етіп, рухы риза болғандай пікірлер айта алармын ба дегендей жаншыған жауапкершілік пен ол кісіге деген зор құрметім, теңіздей телегейін толтырып жататын арналы өзендер сияқты қасиеттерін талай кездесулер, сөйлесулер тұсында таңдана, тамсана жүріп біршама таныдым-ау, соны білдірсем-ау деген оңаша ойларым біраз уақыт тайталасып жүрді. Ақыры Зейнолла Қабдолов туралы естелік авторлары арасында менің де айтарым болсын деген ойға бел будым.

Мен: «Ассалаумағалайкүм, аға!» деп сәлем беретін, ол: «Уағалай­күмассалам, Аманкелді, айналайын амансың ба?» деп сәлем алатын арақатынасымыз орнағанына ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Содан бергі әр кездесулер мен пікірлесулерден тағылымы көп қалың кітаптың жаңа бір тарауын оқығандай ғибрат алып, өмірімнің әр қадамын, қоғамдық, өндірістік қызметімнің әр әрекетін сол тұрғыдан тексеріп отыруға тиістідей әсерде қалып отырдым десем әсірелеп айтқандық емес. Ағамыздың қаламдастары мен қадам­дастары да, ол кісінің ғылыми еңбектерін, көркемәдебиеттік шығармаларын оқыған, таныс-біліс болған замандас­т­ары да «осы Зейнекең ұлттың үлкен зиялысы, ғылым-білім ғұламасы болуының не сыры бар?» деп ойлаған болар. Өзі «Менің Әуезовім» эссе-толғау кітабы арқылы ұлы ұстазы туралы «Мұхтартану» ілімін негіздеп бергені сияқты «Зейноллатану» тұрғысынан әр замандасы мен қаламдасының, ғылымдасының табан тірер өз тұғыр-тірегі болуы мүмкін. Мен ғалым да, әдебиетші де емеспін, экономиканың теміржол саласындағы маманымын. Алайда ­Зейнолла ағамен өмірде жақын жүрген, жақсы білген азамат ретінде өз пікірім бар. Оның ұлт зия­лысы, ғылым ғұламасы болуының тумысынан табиғат берген де, заманы мен қоғамы арқылы келген де заңдылықтары бар ма деп ойлаймын. Ол Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз өзендері өлкесінде өткен балалық шағынан, ес білген кезінен бастап Исатай батыр жорықтары, Сырым батыр-би бұлғақтары туралы ел аңыздарының, Қазтуған, Махамбет, Шернияз, Ығылман жырларының, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек күйлерінің кәусарын қанып ішті, қыр қазағының обал мен сауапты ойлайтын, адалдық пен адамдықты ардақтайтын қасиеті әлі қожырамаған ортаны біліп, Доссор сынды өндіріс ордасын көріп өсті. Кейін Алматыда отырып та ауылдағыны арасында жүргендей білуі кемелдіктің айдынына құятын арналардың бірі болса керек. Ол ақыры қыр қазағы, өндіріс адамы мен маманы, өнеркәсіп ошағы туралы «Жалын» романы болып жарыққа шықты. Ел өткен жылдар мен жолдарды бағамдап қарасақ, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары туған, қырқыншы жылдары кәмелетке толған жастар обалы не керек, кеңестік мектептер берген білімнен болашаққа бағдар алып, оны одан әрі молайту үшін үлкен қалаларға ағылғаны қоғамдағы жаңа үрдіс, замандағы жаңа ұмтылыс болғанын байқар едік. Сол асыл армандар жетегінде алыс ауыл­дардан астана Алматыға аттанғандардың ішінде Гурьевтен келген Зейнолла атты балаң жігіттің болуы, ол елдегі білім мен тәлімнің Меккесіндей Қазақ университетіне түсіп оқуы, онда Мұхтар Әуезов сынды ақыл-ой алыбы, білім дариясы – ұстаздан дәріс алуы, осынау нөпір топ, жаңа толқын ортасынан ұлы ұстаздың талғампаз таңдауы Зейнолланы табуы, өзінің білім жолындағы зерек студент, ғылым жолындағы зерделі аспирант шәкіртіне батасын беруі Ұлттық ғылым академигі, Халық жазушысы болуға бастаған сәттілік екені сөзсіз. Менің байқағаным, ол әдебиет, мәдениет, өркениет, ғылым мәселелерінде ғана емес, жалпы өмірлік жайлар туралы кеңес құрған кездерде де «Мұқаң былай жазып еді», «Мұқаң былай айтып еді» деп өзінен гөрі ұстазын алға салып, кеудесінде сарқылмайтын қазына сақтаулы сандығы бардай болып отыратын. Сол сандықты кез келгенде айқара ашып, «Менің Әуезовім» кітабы арқылы сол мол қазынаны халқымен бөлісті. Қазақстан Республикасын Дінмұхамед Қонаев басқарған жылдар елді еңістен өрге, төменнен төрге шығарған кез екенін тарих томын төңкеріп оқымаған кісі түсінеді. Сол тұста ұлттық кадрлар келешек үшін керек салаларға көптеп оқытылды, жауапты қызметтерге қойылып, өндірістік пен қоғамдық істердің сыры тоқытылды. Солардың қатарынан білікті мамандар мен қайраткер адамдар қаулап өсіп шықты. Коммунистік идеология «біртұтас совет халқы» деген ұғымды әркімнің санасына сіңіруге күш салып жатқан кездің өзінде ұлттың өз-өзін тануға жағдайлар жасалды. Ұлттық рухтың жазирадай нұрлануы мен ормандай нулануына әсер ететін – әдебиет, мәдениет, баспасөз. «Ұлттық сананың сардарлары мен сарбаздары – жазушылар мен журналистер алға!» деген жария ұран тасталмай-ақ көп әрекет жасалып жатты. Осындай сап түзеліп, санат түгенделер тұста Орталық Комитеттің бүкіл баспасөз бен ақпараттың беталысын бақылап, басқарып отыратын баспасөз секторы басшылығына қойылуы, ұзақ жылдар Жазушылар одағы басшылығында болуы, басты әдеби басылымдардың бас редакторы қызметін атқаруы оған маңызды мемлекеттік мәселелерде сенім артылғаны еді. Маған сол мезгілдің ұстаханасында Зейнолла Қабдоловтың қоғам қайраткері ретіндегі қыры да қалыптасқан сияқты көрінеді. Мен оның қазақ әдебиетіне қосқан жазушылық, сыншылық, аудармашылық, ғалымдық үлесі көп екенін әдебиетқұмар оқырмандар деңгейінде ғана білемін. Сондықтан саралап талдап, салмағын таразылап бере алмаймын. З.Қабдоловтың әрі ғылым докторы дәрежесін әперген диссертациясы, әрі әдебиеттану ғылымына қосқан, бүгінгі ақын-жазушылар шығармаларындағы өрнекті сөз тіркестері мен образды ойларын мысал ете жаңаша жасалған, өзі де көркемсөз туындысындай етіп жазылған «Әдебиеттану ғылымының негіздері» атты еңбегі кесек туынды деп бағалануы көкейіме қонады. Өлеңді өзіме ермек үшін емес, жұртыма үлгі бермек үшін жазамын деп Абай айтпақшы ұлттық деңгейдегі үлкен ойдың қаламгерлері аударманы да алдына әлдебір мақсат-мұрат қойып жасайтын болса керек. Ғ.Мүсірепов өз кезінде О.Генридің новеллаларын қазақ тіліне аударып, осы бір көлемі аз келетін, бірақ көздегеніне дәл тиетін жанрға қазақ қаламгерлерін әуес етуге талпыныпты. З.Қабдолов аудармаларынан да әлем әдебиетіндегі оқиға өрбітуі, ой білдіруі жаңаша жасалған шығармаларды таңдап ұсынғанын байқаймыз. Әрине, өзінің ақыл-парасаты, қайраткерлік қарымы, адами қасиеті, табиғи қабілеті сайма-сай болмаса ол мұндай деңгейде дараланбас еді. Қайраткерлігі кемелдігінен, қабілеттілігі зеректігінен, ақылдылығы зердесінен, кісілігі кішіпейілдігінен анық аңғарылатын. Көп қырлы, сан-салалы, өте сиымды мағынасында мәдениетті адам болатын. Атырау, Маңғыстау өлкелеріндегі мұнай көздерін болжауға, кен көмбелерін барлап, бұрғылап ашуға көп еңбек сіңірген ғалым, ақылман аға Таумұш Жұмағалиев өзінің Тау-кен институындағы ұстазы, өмір бойы ұлы тұтқан тұлғасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы «Жарықтық Қанекең бет біткеннің ажарлысы, бас біткеннің ақылдысы еді ғой» деп жиі айтатын. Зейнекең ағамыз туралы да соны айтуға болады. Академик Зейнолла Қабдолов деген сөзді естігеннің өзінде-ақ қарасаң көз тоймайтын келісті келбеті, тыңдасаң құмар қанбайтын кемелдігі мен шешендігі алдымен ойға оралады. Ол орайы келген ресми емес басқосуларда да басқаларды, өзгені өзінің салмағымен баспайтын, өз биігімен салыстырып өлшемейтін. Соған бір мысал келтіре кетейін: Алматыға барған сапарларымның бірінде кездесулерімізге тың өзгеріс жасайын деп Әбдіжәміл мен ­Зейнолла ағаны, академик-дәрігерлер Төрегелді Шармановты, Камал Ормантаевты, жазушы Ақселеу Сейдімбековті, актер Асанәлі Әшімовті мейрамханаға емес, өзімнің қызмет көлігім, төрі де, тынығар орны бар әмбебап вагоныма қонаққа шақырдым. Мұраты асқардай биік, мәні тұңғиықтай терең әңгімелер айтылды. «Кәдуілгі қазы мен қарта, айран мен сүзбе» деп бастап, Төрегелді өзінің көп білетін тақырыбында, ойын мәндеп, сөзін сәндеп айтатын эстет құрдасым Ақселеу замандық пен адамдық хақында, сөз саптауынан, қимыл қозғалысынан өзі сомдаған рөлдердегі Дутов­ты өлтірген Шадияровтың, белгілері аракідік білініп қалатын Асанәлі өнер мен өмір байланысы бағытында сан тарам ойлар өрбітті. Зейнекең өзінің даңғылына түсіп алып, дара кетіп қалмай, інілерін ірікпей, телегей теңізінің толқындарын анда-санда ғана ақтарып қойып отырды. Бұл – іріліктің кішілігі. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Салық Зиманов сынды асыл ағалармен арадағы аса сыйластықтарына өзім талай рет куә болдым. Ол биік таулардың бірін-бірі көріп тұратыны сияқты еді. Соларға қарағанда «осындай абыз адамдары бар біз, қазақтар, қандаймыз, ә?!» деп өзімнен-өзім мәз болатын едім. Зейнекең төсек тартып жатып қалғанда жаным байыз таппай, сәлем беруге, халін білуге Алматыға әлденеше бардым. Осынау ауырып жатқан алып адам екенін бұрынғыдан да бетер түсіндім, «Аманкелді, айналайын келдің бе? Үй-іші, ел-жұрт аман ба?» деген сөздерін тағы да естігім келіп тұратын. Зейнолла аға өмірден өткен соң да оның орнын сақтап, төрін баптап, әулиенің шырақшысындай болып отырған Сәуле апай Зейнекең кідіріңкіреп қалған бір сапарынан бүгін оралып, тап қазір үйге кіріп келетіндей күтетінін аңғарғанмын. Сәуле апай үшін оның дүниеде жоқ болуы мүмкін емес секілді. Шәй ішіп, әңгіме айтып отырғанда да Зейнекеңнің төрдегі суретіне мейірлене қарап қойып, ол кісімен ақылдасып, мақұлдасатын сияқты. Ұлының ұясынан да көрер үлгі көп екен-ау. Ұлым Исатай мен келінім Салтанаттың отау құру тойы­на Зейнекеңді арнайы барып шақырғанмын. Ауруына байланысты бара алмайтынын айтып, шақырғаныма ризалық білдірсе де қанағат етер едім. Ал ол балаларыма аталық, баталық сөздер арнаған хат жазып берді. Бүкіл қазақтың қамына алаң адамның бір жас отаудың болашағына да мән бергеніне қалай қайран қалмассың! Таңның ататыны, күннің бататыны сияқты табиғаттың заңына тосқауыл болмайтындықтан, ол да өтті өмірден. Бірақ өз өмірінде бал арасы сияқты бүкіл әлем әдебиеті мен өркениетінің бау-бағынан ең тәуірлерді теріп алып, өз халқына беріп кетті. Ол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бағбаны іспетті еді. Зейнолла Қабдолов мәуелі бәйтерегінің байтақ Қазақстанға шашудай шашылған дәндері өрім талдар, тамыры терең теректер болып өсіп жатыр. Астана Алматыдан Қазақ жерінің кіндігіндегі Ақмолаға аттанарда бүкіл халық атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бата беріп еді. Бұл жайға жеңіл қарамайтын, парасаты жететін қауым оны жаңа бастамаға құтты қадам тілеу, елдің ертеңін аманаттау деп қабылдады. Бұл күнде сол Ақмола Астана аталып, жаһандағы жауһар шаһарлардың бірі болды. Ол өмірде өзі жоқ болса да жасампаз халқымен әрқашан бірге. Зейнолла Қабдолов – кешегі абыз ағадан ертеңгі аңыз атаға айналатын адам. Аманкелді СЕЛБАЕВ, Құрметті теміржолшы Атырау

6366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6225

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5719

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3457

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2839

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2802

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2780

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2511

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2496

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы