• Ақпарат
  • 22 Желтоқсан, 2012

Бірлескен қимыл ғана уақыт қысымына жауап береді

Мәскеуде жұмыс сапарымен болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің, ЕурАзЭҚ-тің Мемлекетаралық кеңесінің және Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстарына қатысты. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында ұйымға мүше мемлекеттер халықаралық қауіп­­сіздік және мемлекетаралық ын­тымақтастықты нығайту мәселе­лерін кеңінен талқылады. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Арме­ния Рес­публикасының Президенті Серж Сергсян, Қырғыз Республикасы­ның Президенті Алмазбек Атамбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Ұйымның бір жыл ішін­де атқарған жұмыстары жайында әңгімеледі. Бұдан кейін сөз сөй­легендер Ұйымға Қазақстанның төрағалық еткен тұсында атқарылған жұмыстар нәтижелі болғанын атап өтті. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында халықаралық және өңірлік өзекті проблемалар талқыланды. Әскери ынтымақтастықты жетілдіру және ҰҚШҰ-ның әскери басқару жүйесін оңтайландыру мәселелері қаралды. Басты назарда Ауғанстандағы жағдай және осы аймақтан тарайтын қауіп-қатердің алдын алу мәселелері болады. Жиында сондай-ақ Өзбекстан Республикасының ҰҚШҰ-ға мүшелі­гін тоқтату туралы өтініш айтылып, оң шешімін тапты. Басқосуда Ұйымның биылғы атқарған жұмыстарының қорытын­дысы шығарылып, келесі 2013 жылы атқарылу керек міндеттер анықталды. Алдағы жылы Ұйымның тізгіні Қырғызстанның қолына тиетін болады. Кезекті сессия келесі жылы мамыр айында Бішкекте өтеді. Бұдан кейін Елбасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Мем­лекетаралық кеңесінің кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Мәжілісте Ресей, Беларусь, Қазақстан және Тәжікстан Президенттері болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде аймақтық бірлестіктерді дамы­тудың беретін нәтижелерін, осы төңі­ректе туындаған мәселелерге талдау жасау керектігін, ЕурАзЭҚ аясында жұ­мыла атқарған жұмыстың тиімді­лі­­гін, ортақ энергетикалық жүйе, бейбіт атом энергиясы саласында алдағы уақыт­та атқарылатын бірқатар жобалар бар екендігін атап өтті. Сондай-ақ Елбасы «Инновация­лық биотехнологиялар» мен «Уран өндіруші өндіріс ықпалына ұшыраған аумақтарды сүзгіден өткізу» атты екі бағдарлама арқылы қоғамдастықтың ғылым және экология салаларындағы байланысы нығайып келе жатқан­дығын тілге тиек етіп, интеграцияның аталмыш кезеңінде ЕурАзЭҚ әлеуетін іске қосу қажеттігіне тоқталды. Бұдан кейін Еуразиялық зкономикалық одақ мемлекеттердің ерікті, тең интеграциялы, бірлескен тиімді экономикалық дамуы негізінде құрылуы тиіс екенін айтты. Кеден Одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке жаңа мемлекеттердің кіруі сауда-саттықты ұлғайтып, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы өндірісінің көлемін арттырады. Жоғары Еуразиялық экономи­калық кеңестің кезекті жиынында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта барлық мәселелер бойынша бір келісімге келетіндеріне сенімді екенін айтты. Экономикалық кеңес шеңберінде біртұтас сыртқы саясат жүзеге асырылып келе жатқанын атап көр­сетті. Еуразиялық экономикалық комиссияның өз жұмысын бастағаны­на бір жылға жақындап қалды. Сол уақыт ішінде мемлекеттер арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған 17 келісім қабылданыпты. Алдағы уақытта халықаралық келісімдерді жүзеге асыру үшін қыруар жұмыстар атқарылуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның Біртұтас экономика­лық кеңістік аясындағы интеграция­лық үдерістерді кеңейтуді қолдайты­нын айта келіп – «Бұл туралы мен өткен аптада жариялаған Қазақстан халқына Жолдауымда да айтып өттім. Біз мұнда экономикалық интеграцияны қазіргі уақыттың талабынан шығарып отыр­мыз. Одан бастарту бізді әлем экономикасының шет аймағына қарай лақтырып тастар еді. Оның үстіне, қазіргі уақытта 2013 жылы орын алатын орасан зор қаржы дағдарысының кезекті кезеңі туралы болжам жиі айтыла бастады. Қазіргі әлемде бірлескен қимыл ғана уақыттың қысымына лайықты жауап бере алады. Сонымен бірге, интеграциялық жаңарулардың ұдайы жетілдіріп отыруды талап ететін үздіксіз үдеріс екенін ұмытпауымыз керек» деді. Алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстар аз емес. Ауыр жүкті жұмыла көтергенде ғана көп істі еңсеруге болады. Сонда халықтардың өркендеуіне жол ашылады. Еуразиялық экономикалық кеңес­тің мәжілісі барысында «Интегра­цияның негізгі бағыттарын жүзеге асыру туралы», «Еуразия экономикалық комиссиясының 2013 жылға арналған бюджеті туралы» және «Кеден Одағы комиссиясын жою туралы» сияқты барлығы 9 түрлі құжатқа қол қойылды. Исатай Қорғанбаев

2398 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5994

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5601

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3339

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2723

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2685

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2660

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2394

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2379

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы