• Ақпарат
  • 26 Желтоқсан, 2012

Елбасының Жолдауы жаңа дәуірге қадам бастайды

МухтарАпта басында Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Президенттің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңес өтті. Кеңеске Президент Әкімшілігі, Үкімет, Премьер-министр Кеңсесі өкілдері, министрліктер мен ведомстволардың жауапты хатшылары, Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат басқармаларының бастықтары, ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары, БАҚ жетекшілері қатысты. Аталмыш кеңесте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Ол «Жолдау» сөзінің арғы-бергі шығу тарихына көз жіберіп, егемендік жылдарынан бері қарай ғана пайда болған ұғымға қысқаша талдау жасады. – Елбасының жаңа Жолдауы өтіп бара жатқан жылдың ғана емес, соңғы онжылдықтың да бас­ты оқиғасы болды, – деген ол сөзін ары қарай жалғап, осыдан 15 жыл бұрын қабылданған Елбасының ең алғашқы Жолдауы – «Қазақстан – 2030» Стратегиясындағы көтерілген негізгі бағыттардың мерзімінен бұрын жүзеге асырылғанына куә болып отырғанымызды тілге тиек етті. – Жаңа Жолдау шын мәнісінде Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге қадам бастайды. Бұл іргелі құжатта Елбасы алдағы онжылдықтарға айқын әрі қолжетімді мақсаттар белгіледі. Алғаш жарияланған күнінен бастап-ақ ол біздің елімізде ғана емес, сонымен бірге күллі әлемде жұртшылық ең көп талқылайтын құжатқа айналды. Бір сөзбен айтқанда, көпэтносты және көп дінді қоғамымыздағы табыстың негізін қазақстандық патриотизм қамтамасыз етуі керек. Бұл болашақ ұрпақ үшін де нақты бағыт-бағдар болуы қажет. Сосын Мемлекеттік хатшы кеңестің қатысушыларына бұрынғы таптаурын үрдіспен мұндай жи­ын­дарға тек бюджеттік сала қыз­меткерлерін ғана жинай бермей, халық шаруашылығының бас­қа да тармақтарының өкіл­де­рін кеңінен қатыстыруды мін­деттеді. Жолдау жөнін­де­гі ақпараттық-наси­хаттық жұмыстар Президент Әкім­шілігінің әрдайым бақылауында болады. Ал түсіндіру жұмыс­та­рын ұйымдастырғанда мынандай бірнеше мәселеге айрықша назар аударған жөн. Біріншіден, қазір ақпараттық және на­си­хаттық жұмыстарды жоспарлау кезеңі толық аяқталды. Мұның түйінінде Жолдау­ды жүзеге асыру жөніндегі жал­пы­ұлттық жоспар жасалып, бекітіліп те қойылды. Таяу ара­лық­та Президент Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен Жолдауға ақпараттық қолдау көрсету жөніндегі жоспар бе­кітіледі. Осы жоспарға сәйкес Әкімшілік Басшысының рес­пуб­ликалық ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысы туралы тиісті бұйрығы дайындалады. Топтарды орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары басқарады. Екіншіден, үстіміздегі жылы ақпараттық жұмыстар жүйесі түбірінен қайта құрылып отыр. Орталық мемлекеттік органдар мен ай­мақтар орталықтары деңгейіндегі өзара ынтымақтастық пен мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың біртұтас ырғағы түзілген. Бұл ретте Президент жанынан жасақталған Орталық коммуникациялық қызмет әдістемелік материалдармен қамтамасыз етеді, сондай-ақ ақпараттық науқанның жалпы үйлесімін қалыптастырады. Орталық аясында келесі жылға арналған біртұтас медиалық бас жос­пар мен оқиғалар тізбегі жасалады. Сонымен қатар биылғы жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған Талдау және ақпарат орталығы күн сайынғы режімде Жолдау бойынша түсіндіру және ақпараттық жұмыстардың мониторингін жүргізіп тұрады. Бұл жұмыстың қамту ауқымына тек республикалық БАҚ-тар ғана емес, сонымен бірге аймақтық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар кіреді. Осы мәліметтердің негізінде Президент Әкімшілігі Орталық коммуникация қызметімен бірлесіп жедел түрде барлық ақпараттық жұмыстарды үй­лестіріп отыратын болады. Аймақтарда бұл жұмыстарды үйлестіріп отыру облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарларына жүктеледі. Ескеретін үшінші жағдай, БАҚ-тардың түсіндіру жұмыстарына айрықша назар аударылуы керек. Осы жерде мерзімді баспасөз беттері мен электронды ақпарат құрал­да­рында бұрыннан көрініп жүр­ген тұлғалар мен шешендерге ғана емес, әуелде көріне қоймаған жас ғалымдарға да сөз берген жөн. Мұндай кездесулерге оқу орындарының өкілдері көптеп тартылуы тиіс. Сосын Мемлекеттік хатшы­ интер­нет­тегі ақпарат жұмыстарына да ерекше мән берді. Сөз алған Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың пікірінше, Қазақстанның болашақтағы орны мен рөлі «Қазақстан – 2050» Стратегиясының сәтті іске асырылуы­на байланысты. – Бұл елдің ең маңызды ішкі трансформацияға және жаңаруға дайындығы мен әлеуеті. Қазақстанның дамуы бұдан былай тек бүгінгі әлемдегі ғана емес, «ғасыр белесіндегі» – 2050 жылға дейін қалыптасатын әлемдегі бәсекелестікке бағытталатын болады, – деді Бағлан Майлыбаев. Яғни қазақ елі дамыған елу елді артқа тастап, озық отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алуға ниетті. Осыған орай, Жолдаудың жақсылығын жұртқа жария етуде ақпараттық үгіт-насихат тобының рөлі орасан. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы тіл мәселесіне жаңаша серпін берді, – деген Дархан Қамзабекұлы соңғы 90 жылдың  ішінде қазақ әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, араб алфавиті, одан төте жазу, одан кейін латын қарпі, соңында кириллицаға дейінгі күрделі жолдан өткенін сөз етті. «Әлбетте, соңғы 70 жылда  қазақ ғылымы мен білімі кириллица жазуының арқасында жан-жақты дамып, рухани қазынамыз толыға түсті. Алдағы кезеңде латын қарпіне көшу арқылы біз бұл проблемаларды шешіп қана қоймай, әлемдік ақпараттық-коммуникативтік кеңістікке кеңінен ықпалдаса түсетін боламыз» деді министр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дегенді тағы қайталаған еді. Себебі тіл мәртебесі осылай еткенде ғана мерейленеді. Осы жүзеге асқан жағдайда еліміз Қазақ мемлекеті деп аталатын болады. Алға қойылған міндеттерді толық жүзеге асыру үшін филологтар мен әлеуметтанушылар, тарихшылар, экономистер және басқа мамандық иелерінің күш-жігерін біріктіре отырып, Тіл білімі институтының жұмысын қайта бағдарлау қажет. Министр Малайзия еліндегі бір тілге ғана жұмыс істеп жатқан Тіл білімі институтын мысалға келтіре отырып, институт жанынан латын қарпіне көшу орталығын құру қажеттігін атады. Бұл құрылымның алдына осы жолды жүріп өткен Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Молдова тәжірибелерін тыңғылықты зерттеп, зерделеп қана қоймай, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің бағдарламасын әзірлеудің келелі міндеті қойылмақ. Алайда жоғарыда аталған мемлекеттер латын қарпіне көшуде бірқатар қателіктерге бой алдырған, ал бізде ол олқылықтарға жол бермеуге толық мүмкіндік бар. Бұл бағыттағы аса ауқымды жұмысты жүйелеуге Үкімет тарапынан жіті бақылау мен үйлестіру шаралары іске асатын болады. Осы орайда министрлік Үкімет тарапынан арнайы комиссия құру жөнінде бастама көтеріп отыр. Қазір қолда аталған әліпбидің он нұсқасы бар. Алайда дұрысын таңдау – терең талдау­ды қажет етеді. Терминология жайында сөз қозғағанда министр терминді әсірешілдіктің тезіне салып аудару емес, әлемдік қолданысқа сай таразылап алу қажеттігін сөз етті. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша терминологиялық жұмыстың талаптары түгелдей қайта қаралуда. Атап айтсақ, биылғы жылдан бастап әзірленіп жатқан 30 томдық терминологиялық сөздікті дайындау барысында, соңғы кезде терминологиялық сәнге айналған әсірешілдік қағидаттардан бастартуға тырысамыз, – деді. Елбасы өз Жолдауында: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.  Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен кон­сенсус іздеу керек. Сонымен қатар әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет» деп нақтылаған-ды. Республикалық кеңесте Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жазушылар одағымен бірлесе отырып, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін жарыққа шығарудың жаңа қадамдары құрастырылып жатқаны да сөз болды. Жалпы Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» Стратегиясын түсіндіру жұмыстарына 100 бұқаралық ақпарат құралы тартылмақ. Ақпараттық жұмыстардың барлық тетіктері, атап айтқанда, логотиптер, арнайы айдарлар жасау, жаңалықтар топтамасын, ток-шоу, сараптамалық бағдарламалар шығару, деректі фильмдер түсіруді қолға алу жоспарланған. Кеңес барысында сондай-ақ Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Экономи­ка­лық даму және сауда министрі Е.Досаев, Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметінің директоры Е.Бабақұмаров сөз сөйледі. Отырыс қо­рытындысы бойынша қатысушыларға «Қазақстан – 2050» Стратегиясын түсіндіру жөнінде нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді. Бейбітгүл ИСАЕВА

3591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6055

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5633

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3373

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2754

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2718

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2694

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2426

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2411

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы