• Қоғам
  • 26 Желтоқсан, 2012

Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанда жасалған» деген сөз нағыз сапаның, мықты өндірістің синонимі болуы қажет

1-бет

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2012 жылдың екінші жарты жылдығындағы Индустрия­лан­дыру картасының пайдалануға берілген инвес­ти­циялық жобаларының тұсауке­серіне арналған жалпы ұлттық телекөпір өтті. Бұл күні Президент онлайн режімінде Индустрияландыру картасының 10 жаңа жобаларын іске қосуға рұқсат берді. Ауқымды шара ең алдымен Президенттің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлығының лауреаттарын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының дипломанттарын марапаттаумен басталды. Биыл Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иемдену үшін байқауға 169 компания қатысыпты. Марапаттау рәсіміне солардың арасынан үздіктердің үздігі қатысты. «Қуат­ты Қазақстанды бірге көркейтеміз! Жаса Қазақстан!» ұранымен өткен «Индустрияландыру күнінің» басты шарасы осыдан кейін басталды. Биылғы телекөпірдің ерекшелігі сол, ҮИИДБ шеңберінде мемлекеттік қолдаумен пайдалануға беріліп, табысты жұмыс істеп тұрған үш кәсіпорынның басшылары тікелей онлайн режімінде Президентпен байланысқа шығып, есеп беруден басталды. Тікелей байланысқа бірінші болып, Кентаудағы трансформатор зауыты шықты. Бұл кәсіпорын қуат үнемдейтін трансформаторлар шығарумен айналысады. Зауыт­тың қайта жаңғыруына мемлекет­тің «Өнімділік – 2020» және «Экспорттау­шы» бағдар­ламалары көмектескен. Онда бүгінде 110 адам жұмыс істейді, енді бұл мамандардың «еңбек өнімді­лігін» бағамдаңыз: егер ресми мәлім етілген дерекке жүгінсек, жылына бұлар 12 миллиард теңгенің өнімін өндіреді. Оның 30 пайызы экспортталады. Осыдан соң сөз кезегін «RG Brands» компаниясының AKSENGIR өндіріс­тік-логистикалық кешенінің ұжымы алды. Алматы облысында жүзеге асырылған бұл жоба да – «еңбек өнімділігін артты­рудың жарқын үлгісі». Бұл кешенде өндіріле­тін өнімнің жалпы құны әр маманға шақ­қан­да бір адамға – 450000 доллардан келеді. Осы кәсіпорын­ның «Қазақстанда жасалған» таңбалы сусындары тек қазақстандықтардың ғана емес, алыс-жақын шетел тұрғын­дарының шөлін қандыруда. Компания су мен сусын өндірісін екі есе, ал шырын өндірісін үш есе дерлік­ке арттырған. 2015 жылға қарай та­ғам өндірісін жолға қою жоспарлануда. Ал қызметкерлер санын 500-ге жеткіз­бек. Бұл компания ауылдық елді мекендер тұрғындарын қайта даярлау­ды қолға алған. Жұмысшылары­ның 70 пайызы – Алматы облысынан құралған. «Алатау» иннова­циялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы да онлайн режімде. Бұл парк еліміздегі «инновация­лық өсімнің қарқынды дамушы орталы­ғы» саналады. Оның аумағында қазір 149 инновациялық компания жұмыс істеуде. Орталықтан түс­кен салық көлемі 2,2 миллиард теңгеге жеткен. Өндірістік ғимараттардың бар­лығында жұмыс қызу жүріп жатыр. Олар «100% толық» деп хабарланды. 2013 жылы инновациялық технологиялар паркінің екінші кезеңінің құрылысы басталмақ. Өз кезегінде Президент бұл жаңа нысандардың жұмыстарына табыс тіледі. «Біз зауытта кездесеміз, жұмыстарыңыздың нәтижесін көреміз деген ойдамын!» деп ескертті. Бұдан кейін Елбасы жалпыұлттық телекөпірдің екінші тобындағы негізгі шарасы, онлайн режімде 10 жаңа ин­дустриялдық нысанды іске қосуға кірісті. Олар құны 5 миллиард 610 миллион теңге болатын, қазақстандық химия және ме­таллургия өнеркәсібінің жаңа жобасы ретінде – «Қазазот» компа­ниясының аммиак, азот қышқылы, мүсәтір селитрасы өндірісін толық қай­та жаңғырту және кеңейту жобасы, шетелден тікелей инвестиция тартудың және қазақстандық мазмұнды арттырудың жарқын мысалы Өндірістік газ өндіретін кешен құрылысы, жоғарғы технологияға негізделген, металлургия өнеркәсібін дамытатын бірегей жоба Ұжымдық концентраттар өндірісі, жылына 4000 вагон жиынтығын шығаратын «Восток­МашЗауыттың» «Болат вагон құйма­ла­ры өндірісі», жаңа өнім шығару үшін қай­та жаңғыртылған «Маневрлік тепловоздар өндірісі», құны – 1 миллиард 498 мил­лион теңгелік «Мұнаймаштың» Мұнай өнеркәсібіне арналған бұйымдар өндірісі, құрылыс индустриясында маңызды Шар қаласындағы Құрғақ әдіспен цемент өндіретін зауыт құрылысы, агрофирма кәсіпорындары мен ауылды электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған «Зенченко және компания» серіктестігіне қарасты жел энергетикалық қондырғысы, Жетісайдағы мақта сабағынан құрылыс-жиһаз тақтайларын жасайтын зауыт, Жоғары қысымды «Қордай-Шу» газ құбырының жобалары. Елбасы телекөпір кезінде ұсы­нылған жобалардың әрқай­сысына жеке-жеке тоқталып, олардың ма­ңы­­зына сипаттама берді. Мәселен, «Ақтау қаласындағы «Қаз­азот» – біз үшін өте қажетті кәсіп­орын. Мен оны жақсы білемін, ұзақ әзірлік жүргіздік. Сіздер бүгін жобаны ақыры іске асырдыңыздар. Ал мына Степногордағы сирек-жер металдар зауыты елімізде тек минералды ресурс­тардың ғана емес, сондай-ақ жерде си­рек ұшырасатын металдардың да үл­кен қорына ие. Олардан жоғары технологиялардың қажетті элементтері құрастырылады» десе, бұрыннан келе жатқан, кейін тоқырауға түсіп қалған «ВостокМашЗауытының» жаңадан жанданып, жұмыс жасай бастағандығына қуанышты екенін айтты. Ал Шу локомотив зауыты өте қажет екенін атады. «Енді Қазақстанда өзінің төл ма­неврлі локомотивтері болады» деді. Мұнай өндірісіне қатысты сөз еткенде отандық мұнай-газ кешеніне қажетті барлық құрал-жаб­дық­тар­ды еліміздің шетелден сатып алып келгенін айтты. «Міндет қойы­лып отыр: Индустрияландыру бірінші ке­зекте біздің мұнай, газ, металлургиялық өндіруші салаларды қамтамасыз етуге тиісті. Яғни ондай құрал-жабдықтарға өз елімізде сұраныс бар. Сіздер шығарасыздар, осы жерде-ақ сатып алушы бар, ұжымға табыс табуға, одан әрі дамуға алғышарттар жасалған. Мен қанағаттана отырып, осы кәсіпорындарды іске қосуға рұқсат бере­мін» деді бұл ретте. Ал Жетісайдағы зауыт туралы: «Біз мақта сабағын ең жақсы дегенде, отқа жа­ғушы едік. Қай кезде қазақ одан тақтайша жасаған?! Өмірі болмаған» деп, тақтай жасау дегеннің өзі бұрын-соңды болмаған жаңалық екеніне айырықша назар аударды. Жел энергетикалық қондырғысы туралы бұрыннан айтылып келгенін атап, «бұл – сала үшін өте қажетті» деді. Президент еліміздің жаңа саяси курс «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кіріскендігін ерекше атады. «Біз осы жаһандық ағымдарға сәйкес жұмыс істеуге тиістіміз. Қазақстан әлем экономикасын технологиялық қайта құруға қалай қатысатындығын айқындауы қажет. Сондықтан бүгін мен инновациялық дамудың басым бағыттарын белгілеуді жөн көрдім. Соның ішінде біз үшін бір-бірімен байланыс­ты түпкілікті мәні бар үш шешім баламасыз болып табылады» деді Елбасы. Оның пайы­мынша, біріншіден, қазіргі күннің өзінде елімізге нақты кіріс әкеліп отырған қазіргі индустрияны жан-жақты қолдау, екіншіден, біздің экономикамызды әртараптандыру және үздіксіз жаңартып отыру, үшіншіден, Қазақстанның индустриялық дамуының келесі қадамы ретінде жаңа инновациялық істерді жүйелі түрде қалыптастыру. Жақын он жылда біздің экономикамызды дамытудың үш міндеті осымен айқындалмақшы. Ал оны жүзеге асырудың негізгі құралы кластерлік әдіс болуы тиіс. Қазіргі күні көптеген алдыңғы қатарлы елдерде кластерлердің жаңа толқыны – инновациялық кластерді қалыптастыру ісі белсенді түрде басталып кетті. Сондай-ақ Президент екі жетекші инновациялық кластерлер – Назарбаев университеті мен Инновациялық технологиялар паркін дамытуды жалғастыру қажеттігін тілге тиек етті. Бұл ретте кластерлік саясатқа институттық қолдау көрсету мақсатында Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында Перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Бұдан бұрын Үкіметтің ал­ды­на 100 абсолюттік инновацияны іздеу міндетін қойылған еді. Десе де, әлемнің ешбір жерінде қалыптаспаған бұндай абсолюттік инновациялардың барлығын бірдей қамтамасыз ете алмаумыз мүмкін. Сондықтан Үкіметтің алдына 2020 жылға дейін 10 инновацияны табу, сонан кейін тағы да 10-ын іздеу міндетін қойып берді. Үкіметке бұл мәселені шешумен жедел және жүйелі түрде шұғылдану міндеттелді. Экономиканы жаңғырту, жаңа салаларды дамыту және қазіргі заманғы технологияларды қолдану еліміздегі еңбек ресурстарының сапасына талапты күшейтетіндігін ескертті. Бұл университеттерден және кәсіптік білім беру жүйелерінен өз оқыту бағдарламаларын сапалы жаңғыртуды талап ететіндіктен, Білім және ғылым министрлігіне Экономикалық даму және сауда министрлігімен бірлесе отырып, отандық еңбек рыногының перспективасына талдау жүргізуді және инновациялық экономика үшін жаңа кадрлар әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды. «Қазақстанда жасалған» деген сөз нағыз сапаның, мықты өндірістің синонимі болуы қажет. Жаңа дәуірде Тәуелсіздігіміздің баянды болмағы – ең алдымен экономикаға тәуелді. Экономикамыз мықты болса, сонда ғана біз нағыз тәуелсіз ел бола аламыз» деді Елбасы. *** Дәл осы күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «Astana Solar» ЖШС-ның фотоэлектрлі модульдерді өндіретін зауытында күн батареяларын шығаратын желі іске қосылды. Бұл еліміздегі жаңартылған энергия көздерінің өндірісі бойынша толық бірікті­ріл­ген өнеркәсіптік желі құру аясындағы жобаның қорытынды технологиялық буы­ны болып саналады. Астанадағы жаңа зауытта қазақстандық кремний негізінде күн батареялары шығарылатын болады. Зауыт техника қауіпсіздігі және экология­лық нормалардың ең жоғары талаптарына сай келетін соңғы буындағы автоматтан­дырылған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шығарылуы жоспарланып отыр­ған фотоэлектрлі пластинаның жобалық қуаты 50 Мвт-қа тең, ал келешекте оны 100 Мвт-қа жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кәсіпорынның пайдалануға берілуі 175 қазақстандық маманды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Олардың біразы – мамандықтарына сай шетелде оқып келгендер. Президент зауыттан шығарылған алғашқы фотоэлектрлі модульге «Бірінші қазақстандық модуль. Құттықтаймын! Н.Назарбаев» деп өз қолтаңбасын қал­дырды. Зауыт өнімдері ішкі және сыртқы рынокқа бағытталған. Өнім өткізу бойынша маркетингтік жұмыстар аясында «Astana Solar» ЖШС бірнеше off-take келісімдерге қол жеткізген. Олардың екеуі – Франциядағы AREVA тобы кәсіпорындарына жеткізіп беру үшін «Катко» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорнымен (AREVA мен «Қазатомөнеркәсіптің» уран өндіруші кәсіпорны) жасалған. Бизнесті әртарап­тандыру бойынша жоспарын іске асыру аясында «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттемелерді Astana Solar арқылы жаңғырмалы қуат көздері және экологиялық таза технологияларды инвес­тициялауды өз мойнына алған. Бейбітгүл ИСАЕВА

3719 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6030

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5619

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3358

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2740

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2704

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2679

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2412

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2397

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы