• Руханият
  • 04 Қаңтар, 2013

Дүйім дүниенің дүбірлі додасы

ОлимпиадаТаяуда «Егемен Қазақстан» республикалық газеті – акционерлік қоғамының ғимаратында «Олжалы отызыншы Олимпиада» кітабының тұсаукесері өткізілді. Қазақстан спортшыларының Лондондағы жарқын жеңісіне арналған жинақ Астанадағы «Фолиант» баспасынан әсем безендіріліп шықты. Біз бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың осы жинаққа кіріспе сөз орнына берілген мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ана жылы Елбасымыз бір топ қазақ тілді басылымдардың басшыларына кең көлемді сұхбат берген. Артынша сол сұхбаттың модераторы ретінде бізді «Хабардың» «Бетпе-бет» бағдарламасына шақырған. Жүргізуші Берік Уәли әңгіме соңында былай деді: «Осы сұхбат барысында қойғанда дұрыс болар еді, бірақ қойылмай қалды деген сұрақтар болды ма?». «Ондай сұрақтар болады ғой. Бәрін бірдей қамту қиын. Өз басым кездесу біткеннен кейін спорттың ұлт өміріндегі орны туралы бір сұрақ қоймадық па деп ойланып қалдым. Спорт деген – шын мәнінде ұлтты ұйытатын, ұлттың рухын көтеретін ұлы күш. Мұндай жарқын жетістіктерге, әсіресе жас мемлекеттер ерекше мұқтаж. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің Қазақ елінде бұқаралық спортқа көбірек жағдай жасалса, осы арқылы ұлттың мәртебесі өссе деген тілек айтуға, соған жетудің жолдары жөнінде сұрауға болар еді» деп жауап бердік біз. Қойылмай қалған сол сұрақтың жауабын Президент Жазғы Олимпия ойындарына қатысатын спортшылар мен олардың бапкерлерін, ұлттық құраманы бастап баратын делегация басшыларын Ақордада қабылдап, олимпиаданың ашылу салтанатында желбірейтін мемлекеттік туымызды салтанатты жағдайда табыс еткен кезде қайтарды. Елбасымыз спортшылардың табыстары мемлекеттің мерейін көтеретінін, спорт елдің даңқын шығарып, байрағын биіктетерін, осы кезгі ірі бәсекелердің бірі және бірегейі – Олимпия ойындары қай заманда болсын адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келе жатқанын қадап айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы осы тақырыпқа бұрынырақта сөйлеген бір сөзінде мынандай жайға назар аударған. Елдің Мемлекеттік туы шетелдерде екі-ақ жағдайда көтеріледі: біріншісі, ел басшысы ресми сапармен келгенде, екіншісі, ел спортшысы жарыстың ең биік тұғырына көтерілгенде. Осының өзі-ақ спорттың өмірдегі өзгеше орнын айшықты ашып тұрған жоқ па? Ойымызға 1994 жылдың көктемі оралып отыр. Өзбекстанда қазақ мәдениетінің онкүндігі өткен еді. Ташкенттегі онкүндіктің ашылу салтанатынан кейін ел делегациясы төрт тарапқа бөлініп, уәлайаттар аралауға шыққанбыз. Біздің топтың үлесіне Самарқанд, Сырдария уәлайаттары тиіпті. Басшымыз – сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелди. Ондай жерде Өмекең қандай, баяғының билеріндей арғыдан тартып, бергіден шарпып әңгіме айтқанда топылы туысқандарымыздың айызы қанады-ақ. Делегация мүшелерін де айшықтап айтып, көтермелеп таныстырып отырады. Тек арамыздағы бір адамға ғана ешқандай сипаттау, мінездеу, бағалау қажет болмай шықты. Самарқанға барып қонған күннің ертеңінде қала іргесіндегі ауданда хо­кимнің (әкім) дастарқаны жайылды. Сөздің бір ыңғайында, қонақтарды та­ныс­тыру ретінде Өмекең: «Еліміздің атақты спортшысы Әмин Тұяқов...» дей беріп еді, қарсы алдымызда отырған жасы елулер шамасындағы жігіттің орнынан атып тұрғаны. Шығыс дәстүрімен ауладағы тапшанға жайылған жозы басында отырғанбыз. Дауысы да оқыс шығып кетті. «Вы – Туяков?! Сам Туяков? Товарищи, мы же сидим с легендой спорта!..» дейді. Құдды «Мәскеу көз жасыңа қарамайды» фильміндегі көріністің өзі болды да қалды. Онда да кейіпкер атақты хоккейші Гуринді дастарқан басында көргеніне осылай айран-асыр қалатын еді ғой. Табиғатынан тұйықтау Әмин ағамыз: «Біздей спортшылар көп қой...» деген сыңайда айтып еді, ана жігіт суырылып ала жөнелді. «Жоқ, жоқ, олай демеңіз. Олимпиадаға қатысқан қай спортшы да ерекше. Оның үстіне сіз СССР-дің рекордын 6 рет жаңартқансыз, сіздің сол рекордыңыз бен қазіргі әлем рекордының арасы жарты-ақ секундтан сәл-ақ асады» деп жатыр. Расында да, Әмин Тұяқов СССР рекордшысы кезінде 100 метрді 10,4 секундта өтетін, ал қазіргі 100 метрдегі әлем рекорды 9,58 секундқа тең. Оны 2009 жылғы тамыз айында Ямайка жеңіл атлеті Хусеин Болт жасаған. Ойлап отырсаңыз, ғажап. 1962 жылғы СССР рекордынан бері арада 47 жыл өткенде, адам баласының осы қашықтықтағы жылдамдығы небәрі 0,8 секундқа ғана жылжыған екен. Осы айтылғанның өзінен-ақ спорттағы жетістіктердің қадір-қасиеті қандайлық екендігі айқын аңғарылады. Хусеин Болт сол ғажап рекордын жасағанда, біз оны адамзаттың жаңа бір биігі деп қуанғанбыз. Адам нәсілі мүмкіндігінің көрсеткіші деп қарап, адам үшін мақтанғанбыз. Дабысы жер-жаһанды жаңғыртқан Лондон олимпиадасы да өтті. Онда Қазақстан құрама командасы ғажап жеңіске жетті. Осы орасан мәнді оқиғаға арналған кітабымыздың алдында біз әлемге әйгілі жарыстың жай-жапсары, тарихы туралы әңгімелемекпіз. Адамзат дамуының алғашқы белестерінде, аң аулау мен соғыстар сәттерінде кімнің күштірек, жылдамырақ, шыдамдырақ екендігі кімнің алтын медаль, кімнің күміс медаль алатынын емес, кімнің өлетінін, кімнің тірі қалатынын айқындайтын. Бара-бара адамдар өз бойына табиғат-ана дарытқан қуаттың кәдуілгі тіршілік етуден артылатынын, өзінен-өзі ойнап, секіріп жататын басқа да жан-жануарлар сияқты сол энергияның уақтылы сыртқа шығып тұруы қажет екенін пайымдай бастаған. Ағылшын философтары Г.Спенсер мен Ф.Шиллер мұны ойын теориясы деп анықтаған болатын. Сол теория бойынша спорт тіршілік иелерінің зат алмасуындағы сақтандырушы клапан міндетін атқарады. Солай десек, адам артық қуатты өзінен-өзі ойнап, секіріп жүріп-ақ неге сыртқа шығара бермейді? Адамдар неге жарыс алаңына барады, неге алысады-жұлысады? Өйткені бәсекелестік – биологияның басты белгілерінің бірі. Ең жоғарғы деңгейдегі биологиялық түр ретінде адамның бойына бәсекелестік қанымен бірге құйылған. Қай индивидумның күштірек, жылдамырақ, шыдамдырақ екенін анықтау міндеті бүгінгі заманғы спорттың ережелері қалыптасуы былай тұрсын, ежелгі Олимпия ойындары ұйымдастырылмай жатып-ақ алға қойылған. Ежелгі гректердің ақылдылығы адам бойындағы артық қуатты жұмсаудың жаңа жолын жүйелеп бергендігінен танылады. Ал олардың даналығы адамдар бір-бірімен қалайда бәсекелеспей тұра алмайтынын, жеке адамдардың бәсекесі әрі барғанда төбелеске ұласса, елдердің, халықтардың бәсекесі соғысқа ұласатынын білгендігінен, халықаралық жарыстар ұйымдастыру арқылы адамдардың, мемлекеттердің бойындағы бәсекелестік қуатын басқа бағытқа бұруға болатындығын елден ерте түсінгендігінен танылады. Міне, сондай мақсатпен біздің заманымызға дейінгі 884 жылы ежелгі Эллада елінің мемлекеттері – Элида мен Спартаның әміршілері Ифит пен Ликургтың арасында Зевс Құдайының құрметіне жалпыгректік спорт мерекесін өткізу жөнінде келісім жасалған. Ол заманда грек мемлекеттері бір-бірін бітпейтін де қоймайтын соғыстарда титықтатып жататын. Элида патшасы Ифит билігі қолына жаңа тиген елін қанқасап қырғыннан қалай сақтап қалудың жолын ойлап, Дельфидегі қадірменді абыздан ақыл сұрай барады. «Құдайлардың көңілінен шығатындай ойын ұйымдастыр!» дейді әлгі абыз. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде осы Олимпия ойындарының идеясы туындайды. Жарыстың өтетін орны Элида жеріндегі Олимпия қаласы болып белгіленеді. Гректер Танталдың ұлы ер Пелопстың денесі осы Олимп тауына жерленген деп сенеді. Ежелгі Элладаның бас Құдайы Зевстің осы тауды мекен еткені өз алдына. Оның үстіне Олимпия елдің кіндік тұсына орналасқан, қай қаладан да жарысқа жиналатындар жедел жете алады. Сол тұстағы алғашқы ойындардың ең керемет қасиеті – Олимпия қаласында жарыс жүріп жатқан кезде бүкіл Эллада жеріндегі соғыс атаулы тоқтатылып, қасиетті бейбітшілік күндері жарияланатыны. Бір-бірін атарға оғы жоқ болып жүрген қалалардың спортшылары Олимп етегінде бейбіт сайысқа түсіп жататын. Алғашқы олимпиялық ойындар жөнінде деректер онша көп емес. Әуелде жарыстардың тек жүгіруден өткені мәлім. Біздің дәуірімізге дейінгі 708 жылдан кейін ғана жүгіруге күрес пен бессайыс қосылған екен. Ал б.д.д. 688 жылғы 23-ші Олимпия ойындарында спорт түрлерін жұдырықтасып төбелесу толықтырыпты. Олимпиада жеңімпаздары сол заманда-ақ ерекше құрметке бөленгенін, айрықша мадақталғанын олардың мүсіндері қалаларға орнатылғанынан, бейнелері шақа ақшаға соғылғанынан аңғаруға болады. Олимпия ойындары әу бастан-ақ төрт жылда бір рет ұйымдастырылып тұрған. Б.д.д. 540-516 жылдар аралығында Кротон қаласынан шыққан Милон атты атлеттің жеті бірдей олимпиадаға қатысып, алтауында жеңіске жеткені тарихтан мәлім. Олимпия ойындары кезінде жиналған жұртшылықтың алдында тарихшы Геродот, ақын Лукиан, шешен Демосфен, философ Сократ, математик Пифагор секілді тұлғалардың сөз сөйлегені де белгілі. Сонымен Эллада жерінде Олимпия алауы қанша рет жанған дейсіз ғой? 292 рет! Иә, бұл ойындар үздіксіз 1168 жыл бойы жалғасып келіпті. Не деген биік мәдениет! Эллада Рим меншігіне өткеннен соң да Олимпия ойындары бірнеше ғасыр бойы өткізіле берген. Өкінішке орай, ойындардың түбіне діни фанатизм жеткен: Біздің дәуіріміздегі 394 жылы Рим императоры Феодосий І бұл дәстүрден діни сипат табады да, олимпиадаға тыйым салады. Оның ізбасары Феодосий ІІ 426 жылы тіпті қаланы өртеуге пәрмен етеді. Рим империясы құлағаннан кейін, VІ ғасырда Олимпия ойындарын еске салып тұратын ғимараттар мен мүсіндерді күшті жер сілкінісі жермен жексен етеді. Жылдар өте береді. Бірінен соң бірі жылжып жеткен ғасырлар адамзат жадынан Олимпия ойындарын да бірте-бірте жоя береді. Олимпия ойындары қалай жаңғырған? Оны жаңғыртқан – археология. 1829 жылы Олимпия қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген археологтар бүгінгі тілмен айтқанда, тұтас спорт кешенін табады. Сөйтсе, қаладағы стадионның үлкендігі сондай, оған 50 мың адам сыйып кетеді екен. Стадия деген ұзындық өлшемі (192,27 метр) сол стадионның ұзындығынан шыққан екен. Атжарыс өтетін алып гипподром, күрес өтетін гимнасий өз алдына бөлек... Ал енді ежелгі эллиндер еліндегі аңызға айналған сол жарысты бүгінгі заманғы олимпиялық қозғалысқа айналдырған азаматқа келейік. Оның аты-жөні бүгінде баршаға мәлім Пьер де Кубертен. Барон де Кубертен есімі әлем тарихына Олимпия ойындарын адамзатқа қайта сыйлаған адам ретінде енген. Париж университетінің салтанат залында 1892 жылдың 25 қарашасында жұртшылық үшін оқыған сол дәрісін француз бароны «Олимпия ренессансы» деп атаған. «Спортты интернационалды ету керек, Олимпия ойындарын жаңғырту керек! Біз – өркениет мұрагерлеріміз!» деген сөздер сол күні айтылған. Бір жақсысы, барон де Кубертен, өзі Сорбоннаның философия факультетін бітіргені, өзі тарихпен, педагогикамен, соның ішінде дене тәрбиесі мәселелерімен айналысқаны. Өзі бокспен, сайыспен, ескек есумен, ат спортымен шұғылданғаны аздай, ағып тұрған шешен кісі еді. Француздың әйгілі әулеттерінің өкілі ауқатты да адам болатын, көп елді, көп жерді көрген, ежелгі Олимпия қазба жұмыстарымен де танысқан. Осындай қасиеттерінің арқасында Кубертен айналдырған екі жылдың ішінде өзінің ежелгі Олимпия ойындарын өмірге қайта оралту жөніндегі идеясын жақтайтын көптеген саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін әлемнің талай елінен тауып, маңайына топтастырып үлгереді. Ақыры 1894 жылы Парижде Пьер де Кубертеннің шақыруымен он екі ел өкілдері қатысқан халықаралық конгресс өтіп, онда төрт жылда бір рет Олимпия ойындарын ұйымдастырып тұру жөнінде шешім қабылданады. Кубертеннің өзі Халықаралық олимпия комитетінің бас хатшысы болып сайланады. Олимпия алауын Олимп тауындағы Зевс храмының жанында, күн сәулесінен қыздырып барып тұтату идеясын да, Олимпия символы етіп бес құрлықтың бірлігін білдіретін бес шығырды бекітуді де ұсынған осы барон. Ал енді бұл ойындарды жаңғыртуды қай жылы бастау керек? Оның да реті әдемі келе кеткен 1896 жылы ежелгі Элладада олимпия дәуірінің аяқталғанына бір жарым мың жыл толады екен. Осы заманғы бірінші Олимпия ойындары адамзатқа бейбіт бәсекенің жолын салып берген Афина қаласында сол 1896 жылы өткізілген. Оған он үш елдің спортшылары қатысқан. Жарыс спорттың 9 түрі: грек-рим күресі, велосипед, гимнастика, жеңіл атлетика, суға жүзу, нысана көздеу, теннис, ауыр атлетика және сайыс бойынша ұйымдастырылған. Алғашқы Олимпия чемпионы – Гарвард университетінің студенті Джеймс Коннолли. Оның үш дүркін секіруден 13 метр 71 сантиметрлік көрсеткіші – тұңғыш олимпиялық рекорд. Бірінші олимпиадада марафон жарысы жеңіл атлетиканың жаңа түрі ретінде бағдарламаға енгізілді. Грек-парсы соғысы кезінде Мильтиад басқарған грек қолының парсы патшасы Дарийдің әскерін аз күшпен жеңгені, сол хабарды Афинаға жеткізу жас жауынгер Фидипидке тапсырылғаны, оның аптап ыстықта өліп-өшіп қалаға кірген бетте «Біз жеңдік!» деуге ғана шамасы келіп, жантәсілім еткені бізге мектеп оқулықтарынан мәлім. Майдан даласы мен қала қақпасының арасы қайта өлшенгенде 42 шақырым 195 метр болып шыққаны, сол кейін марафондық қашықтық ретінде бекітілгені де белгілі. Пьер де Кубертеннің Олимпия ойындарын қайта жандандыруы жаһан бойынша жағаласу, жарысу жанталасы жаңадан басталған жиырмасыншы ғасырдың басына тұспа-тұс келгені спорттың да бағын ашты. Спорт енді денсаулықты шыңдаудың құралынан, уақыт өткізудің амалынан адамзат өмірінің өзгеше бір саласына айналды. Оның басты өлшемі жеңістер мен рекордтар, басты мақсаты өз қарсыласыңнан күштілігіңді дәлелдеу бола бастады. Өткен ғасыр ішіндегі рекордтық көрсеткіштердің арасынан ерекше айтарлығы – 1936 жылғы Берлин олимпиадасындағы америкалық жеңіл атлет Джесси Оуэнстің 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өтуі. Бұл шын мәнінде фантастикалық сан. Қазіргі әлем рекорды 9,58 секунд екенін жоғарыда айттық. Сонда екі рекордтың арасындағы 73 жылдағы бар айырмашылық 0,44 секунд болып шығады. Жарты секундқа да жетпейді. Бүгінгі рекордшы Болттың осы заманға ыңғайлы спорт костюмін кигенін, кәдімгідей күрделі құрылғы болып табылатын старт серіппесінен ытқығанын, синтетикалық жолмен жүгіргенін, ал Оуэнстің қож төселген жолмен шапқанын ескерсеңіз, бұған ол кезде жаттығу тәсілдері дәлме-дәл ғылыми зерттеулерге негізделмегенін қоссаңыз, қазір болса Оуэнс қандай көрсеткішке жетер еді деп қайран қалғандайсыз. Берлин олимпиадасында әртүрлі қашықтықта төрт алтын медаль жеңіп алып, төрт олимпиялық және бір әлемдік рекорд жасаған осы қара өңді атлет сол жолы ХІ ойындардың үздік спортшысы деп танылып қана қойған жоқ, ол осы ғажайып көрсеткіштер арқылы елдегі билік басына жаңа келген Гитлердің «арийлер артықшылығы» теориясына да күйрете соққы берді. «Қара өңді» демекші, он тоғызыншы ғасырда кәдімгідей белең ала бастаған нәсілдік кемсітушілікті келмеске кетірердей етуде де олимпиялық ойындардың алар орны ерекше. Бұл орайда біз Стокгольмде 1912 жылы өткен V олимпиялық ойындарда бессайыста да, онсайыста да алтын медальдар жеңіп алған америкалық атлет Джим Торпты алдымен ауызға аламыз. Оклахома штатындағы кедей үндіс отбасынан шыққан ол онсайыста 100 метрді 11,2 секундта жүгіріп өткен, 6 метр 79 сантиметрге ұзындыққа, 1 метр 87 сантиметрге биіктікке секірген, ядроны 12 метр 89 сантиметрге лақтырған, 400 метрді 52,2 секундта өткен, 100 метрге кедергімен жүгіруде 15,6 секунд уақыт көрсеткен, дискіні 36 метр 98 сантиметрге, найзаны 45 метр 70 сантиметрге лақтырған, сырықпен 3 метр 24 сантиметрге секірген, 1500 метрді 4 минут 40,1 секундта жүгірген... Әрине, жеке-жеке алғанда сол кез үшін де керемет көрсеткіштер емес, бірақ бәрін бір адамның бойына салсаңыз ерекше жай. Бір кезде Джим Торп туған қала бүгінде Джимторп-таун аталады! 8 метр 90 сантиметрге секіріп, өзінің осының алдындағы рекордын бірден 55 сантиметрге жақсартып жіберетін Роберт Бимон, төрт олимпиадада 9 алтын медаль жеңіп алатын Карл Льюис, 100 және 200 метр қашықтықтағы рекордтары әйел организмінің мүмкіндігінен тыс деп саналатын Делорез Флоренс Гриффит-Джойнер, 200 метрлік қашықтықта феномен дерлік рекорд көрсеткен, бес дүркін олимпиада чемпионы атанған Майкл Джонсон, бір ойындарда бес бірдей олимпиялық алтын медаль алған алғашқы жеңіл атлет Мэрион Джонс, спорттағы өмірінде 71 рет шаршы алаңға шығып, 68 рет жеңіске жеткен, оның 54-ін нокаутпен бітірген боксшы Джо Луис, аты аңызға айналған Мұхаммед Әли... –Осылардың бәрі де бір заманда Америка жағалауына құл күйінде жеткізілген негрлердің ұрпақтары. Олардың табыстарына тамсану, оларды отандасым деп мақтаныш ету арқылы өткен ғасырдың ішінде миллиондаған америкалықтар санаға сіңіп қалған нәсілшілдік пиғылынан біржола арыла алды. Биіктікке секіруден әлемдік рекордты алты рет жаңартқан Валерий Брумель, қатарынан үш олимпиадада үш дүркін секіруден алтын алқа таққан ­Виктор Санеев, сырықпен секіруден әлемдік рекордты 35 рет жаңартқан, 6 метрлік асудан алғаш асқан Сергей Бубка, үш олимпиадада 9 алтын медаль, оның сыртында 5 күміс, 4 қола медаль алатын гимнасшы Лариса Латынина, үш олимпиадада 7 алтын медаль таққан гимнасшы Николай Андрианов, олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанған боксшы Борис Лагутин, үш дүркін олимпиада чемпионы балуан Александр Медведь, атақты ауыр атлеттер Юрий Власов, Василий Алексеев, Леонид Жаботинский, бір олимпиадада төрт қашықтықтың төртеуінде де чемпион атанатын Лидия Скобликова, үш бірдей олимпиада жеңімпазы мәнерлеп сырғанаушы Ирина Роднина секілді есімдер бізді де кешегі ортақ Отан ұғымына берік байлантып берген болатын. Жұмекен Нәжімеденовтің Ирина Роднинаға арнаған өлеңі де бар. Біз бұл кітапқа кіріспе мақалада олимпиадалар тарихына шолу жасағалы отырған жоқпыз. Ертеректегі ойындардан тек кітаптар арқылы хабардармыз. Бертіндегі ойындардан 1964 жылғы Токио олимпиадасы, соның өзінде штангашылар Власов пен Жаботинскийдің айқасы арқылы ғана, еміс-еміс есімізде қалыпты. Ал біз мектепте жүргендегі 1968 жылғы Мехико, студенттік жылдардағы 1972 жылғы Мюнхен олимпиадаларының көп көріністері әлі күнге көз алдымызға көлбеңдей береді. Мексикадағы олимпиаданың Христофор Колумб мінген кеме ацтектер жеріне келіп тоқтаған күн – 12 қазанда ашылғаны, биік тауда ауа жетіспеуінен талай спортшының мәреге жете салысымен зембілге құлай кеткені, Мюнхен олимпиадасының алғашқы күндерінің бірінде бір топ лаңкестердің Израиль делегациясын кепілге алып, оның аяғы қанды қырғынға ұласқаны, сол жылы америкалық спринтерлердің алғаш рет совет желаяқтарына жол бергені (100 және 200 метрде Валерий Борзов алтын медаль алған), америкалық суға жүзуші Марк Спитцтің бір олимпиадада 7 алтын медаль тағып, 7 қашықтықта да әлемдік рекорд жасағаны жадымызда. Одан бертіндегі 1976 жылғы Монреаль олимпиа­дасында шымкенттік гимнасшы Нелли Кимнің таянып секірудегі шеберлігімен әлемді қайран қалдырғаны есте. Нелли Ким сол табысын келесі 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында да қайталай алды. Өкінішке орай, Мәскеу олимпиадасынан бастап спортқа саясаттың салқыны қатты сезілетін болды. Соның алдында ғана, 1979 жылы Кеңес Одағы Ауғанстан жеріне «кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін» енгізген еді. Америка Құрама Штаттары барлық елдерді Мәскеу олимпиадасына бойкот жариялауға шақырды. Бұл шақыруды көптеген елдер делегациялары қолдады. Арада төрт жыл өткеннен кейін Кеңес Одағы АҚШ-тың жасағанын өзінің алдына келтірді. 1984 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасына барлық социалистік елдер бармай қалды. Екі ортада екі жолы да айналып келгенде спортшылар ұтылды, әлемдік спорт ұтылды. Ұтылғаны сондай – Лос-Анджелес олимпиадасында небәрі 11 әлемдік рекорд жасалды, оның алдындағы Мәскеу олимпиадасында әлем рекордтарына 36 рет өзгеріс енген болатын. Мұнан кейінгі жылдарда олимпиада қозғалысын допинг деген бір бәле бүлдіре бастады. 1988 жылғы Сеулдегі ХХІV жазғы олимпиадада канадалық спринтер Бен Джонс 100 метрге жүгіруде ғажап көрсеткішпен жеңіп алған алтын медалін қайтарып беруге мәжбүр етілді. Күні кеше ғана бір елдің құрамында болғанымызды ұмыта қойған жоқпыз. Олимпия ойындарының ішіндегі біздің есімізде көбірек қалғаны, әрине, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасы. Негізінде, көптеген капиталистік елдер қатыспай қалғанымен, Мәскеу олимпиадасы Кеңес Одағының әлемдік держава ретіндегі әлеуетін айқын танытқан бірегей бәсеке болды. Ол жарыс бізге алғашқы олимпиада чемпионын сыйлауымен де бөлекше қымбат. Грек-рим күресінен ХХІІ олимпия ойындарының чемпионы атағын алған балуанымыз Жақсылық Үшкемпіров өзінің деңгей-дәрежесін әлем біріншілігіндегі алтын алқасымен де дәлелдеді. Мұнан бұрын Ғұсман Қосанов 1960 жылғы Рим олимпиадасында күміс жүлдегер атанған болатын. Ал баскетболшы Әлжан Жармұхамедов чемпиондық атақты Жақсылықтан бұрын (1976 жылы) иемденгенімен, оның Мәскеу командасында (ЦСКА) ойнайтындығынан әрі үлкен спортқа Өзбекстанда жүріп қосылғандығынан, оның үстіне қандастарымызды санаққа алып сөйлеуден сақтанатын салтымыздан олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде ресми айтылған емес-ті. Суреттей сұлу жігітіміз Серік Қонақбаевтың жартылай финалдағы ғажап айқасы елдің есінен кетер ме?! Дәл сол күні журналистік іссапармен Жамбылдың Сарысуындағы Байқадам деген жерде болғанымыз, жекпе-жекті арнайы тігілген киіз үйде теледидардан тамашалағанымыз, төреші Серіктің қолын көтергенде ауыл адамдарының талайының жанарына жас үйірілгені күні бүгінгідей көз алдымызда. «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ» деп ән шырқалатын кез еді, дәл сол сөз дәл сол күнге дәл келетін. Қазақтың бақытты күндерінің бірі еді. Сондай бір бөлекше бақытты біз 2000 жылғы Сидней олимпиа­дасында сезіндік. Менің танымал журналист досым Тілеуқабыл Мыңжасаров айтады: «Сол күні бокстан ақтық айқасқа 11 салмақ категориясы бойынша 22 боксшы шықты. Сол 22 боксшының төртеуі қазақ болды. Сол 22 боксшының арасында төрт қытай болған жоқ, төрт жапон болған жоқ, төрт неміс те болған жоқ, төрт ағылшын да болған жоқ. Төрт қазақ болды. Қазақтың даңқы дәл сол күнгідей асқақтап көрмеген шығар» дейді. Иә, дәл солай. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының қарсаңында жарияланған мақаламызда: «Ақтық айқасқа Қазақстаннан Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдабеков шыққан еді-ау сонда. Бекзат пен Ермахан алтыннан алқа тағып, Болат пен Мұхтархан кеудесін күміс медальмен көркемдеп қайтып еді-ау сонда. Қазақстан айды аспанға шығарып, жеті бірдей медальға (үш алтын, төрт күміс) ие болып, жалпыкомандалық есеп бойынша бүкіл әлемдегі 22-ші орынға бір-ақ көтеріліп еді-ау сонда. Шіркін-ай, енді ондай күндер қайтып келе ме, келмей ме?!» деп жазған екенбіз. 2004 жылғы Афина олимпиадасында 1 алтын, 4 күміс, 3 қола, барлығы 8 медальді қанағат тұтқанымызды, жалпыкомандалық есепте 40-шы орынға барып тұрақтағанымызды еске алсақ, біздің бұлай күмәнмен сөйлеуіміз негізсіз де емес сияқты еді. Жоқ, бекер күмәнданыппыз. Келді ондай күндер. Келгенде де қандай келді! Жеті медаль алғанымызды, әлемде 22-ші орынға көтерілгенімізді «айды аспанға шығару» деп жазып жүргенімізде, айды аспанға шығарудың көкесі Лондонда болды. Қазақстан құрамасы 13 медальмен (оның жетеуі алтын!) жалпыкомандалық есепте 12-ші орынға көтерілді. Бұл жеңіс – біздің Тәуелсіздік тарихындағы асқар биіктеріміздің бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл жеңіске «Қазақстан әлемдегі Олимпия жарыстарына жалын жігер жастарын қосып келе жатқан 205 ұлттық құрама арасында жетекші спорттық державаның біріне айналды. Бұл – барша Қазақстан халқының зор жеңісі» деген баға берді. Сол бір керемет күндерде ел газеті «Егемен Қазақстанның» ұжымы да көте­ріңкі көңіл күймен жан сала жұмыс істеді. Лондонға жіберілген арнаулы тілшілеріміз де, олардың жолдаған репортаждары мен мақалаларын жедеғабыл баспаға дайындап, өзге материалдарды интернеттен індетіп, бар жұмысты үйлестіріп отырған Серік Пірназар (осы кітаптың құрастырушысы) мен Дастан Кенжалин де, газет сайтының қызметкерлері Серікқазы Кәкібаланов пен Аршат Оразов та күн сайын айқарма беттерді, ал алтын медальдар қоса қабат­таса келген күндері тіпті тәулігіне төрт бетті берді де отырды. Лондон олимпиа­дасы тұсында газет сайты айрықша таны­мал бола түсті. Атлеттеріміз жеңіс тұғы­рына көтерілгенше «Егемен» сайты ол хабар­ды жариялап, арада оншақты минут өткенде спортшыларымыздың фотоларын да жайғастырып үлгеріп жатты. Сол екі аралықта сәл кідіріс бола қалса «Ау, «егемендіктер» жүрістен жаңылдыңыздар ма? Мұндайда тез қимылдаушы едіңіздер ғой?» деп сын айтып үлгеретін жанкүйер-жанашырларымыз да көбейген еді сол күндерде. Оразаға тұстас келіп, олжаға кенелткен отызыншы олимпиада да енді тарих еншісіне айналып барады. Елбасы­мыздың қанатты қамқорлығымен қол жеткен осы толайым табысымыз туралы әңгімелейтін газет материалдары кітап­ханалардағы сарғайған тігінділерде ғана қалып қоймасын, спорт сүйетін, намысшыл отандастарымыздың қолында жинақ күйінде жүрсін, жаңа жеңістерге жігер­лендірсін деп осы кітапты құрастырдық. Қабыл алыңыз. Жеңісті күндерде жүздесуге жазсын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті

4054 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6223

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5718

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3457

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2838

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2802

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2780

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2511

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2496

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы