• Тұлға
  • 04 Қаңтар, 2013

Ізгілік

Бұл мекемеге көптен бері баруға ниет қылсам да соның орайы жақында ғана келді. Облыс орталығының бір шетінде орналасқан Қостанай психоневрологиялық интернатқа арнайы ат басын бұрдық. Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз маған басшылары Назима Мұқатайқызы ұжымда әлеуметтік қызметкерлердің күніне байланысты басқосуда жүргендігін айтты. Арада көп уақыт өткен жоқ. Жоғары қабаттан ұлтымыздың әдеміше келген қызы маған жақындап «Мен осы мекеменің басшысы Назима Асанова боламын» деді. Өзім оны келген шаруамның жай-жапсарымен таныс­тырдым.  Кісінің рухани жан дүниесі мен парасат-пайымы оның сөз саптауынан аңғарылып тұрады емес пе? Назима қарындасымыз ә дегеннен өзінің қазақ қызына тән ибалылығын, зиялы отбасында жақсы тәрбие алғандығын, биік мәдениеті мен парасаттылығын көр­сетті. Өз орнында мығым отырған, бүгінгі уақыт талаптарына сай білімді де әмбебап маман­дардың бірі екендігін танытты. Ол – Қара­ғанды өңірінің тумасы. Сол шаһардағы мем­лекеттік институттың емдеу факультетін 1985 жылы ойдағыдай аяқтапты. Содан кейін жолдамамен облысымыздың Жангелдин ауданында дәрігер болып қызмет атқарады. Мұнда жергілікті халықпен тонның ішкі бауын­дай араласып, мамандығында әбден шыңдалды. Кейін сол киелі жердің төл перзентіндей болып кетті. Уақыт өте Арқалық шаһарына қыз­метке ауысып, мұнда да медици­налық-әлеуметтік сараптама саласында жауапты жұмыс атқарды. Біліктілігімен көзге түсті. Кейін Қостанай қаласына шақырылып, осында абыроймен жұмыс істеп, әріптестерінің арасында үлкен құрметке бөленді. Облыстағы басшылар да мұндай сөзі мен ісі бір жерден шығатын, ақылына көркі сай, жүрген жерінде жарқын із қалдыра білетін кадрды дер кезінде көріп, оны қазіргі атқарып жатқан ұжымға директор етіп тағайындады. Уақыт неткен жылдам десеңіз­ші. Осынау жауапкершілігі жоғары қызметке кіріскеніне де екі жыл болыпты. Іскер маман қазір ұжымдағылардың сыйлы адамына айналды. Өз кәсібін жетік білетін Назима Мұқатайқызы мұндағы барша қызметкерлермен тіл табыса жұмыс істеп, оларды ортақ мақсатқа шебер жұмылдыра білді. Қазіргі кезде бұл интернат үйінде жүйке ауру­ларымен ауыратын 300-ге жуық адам бар. Олар негізінен 18 бен 70 жас аралығын­дағы­лар. Екі қабатты ғимараттың іші жайлы екен. Алаңсыз өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Назима Мұқатайқызының әңгі­месіне сүйен­сек, қазіргі кезде үкімет тарапынан бар­лық мүмкіндіктер жасалып отыр. Интернат үйіндегілерге арнайы стандартқа сәйкес 8 түрлі қызмет көрсетіледі екен. Сондай-ақ 18-23 жас аралығындағылардың бейімділік пен қабілеттілігін ұштап отыратын әлеуметтік-педагогикалық қызмет түрі көрсетіледі. Кейбі­реуле­ріне әріптер үйретіледі. Қолда­рын жаттықтырып, икемділігін жетілдіруге көңіл бөлінеді. Мұндағы кісілермен екі педагог-дефек­толог жұмыс істеп, оларды үнемі қадағалайды. Сонымен қатар әлеуметтік-психо­логия­лық мәселеге де жіті назар аударылады. Солардың маңызды­ларының бірі – әлеуметтік-еңбек қызметі. Интернаттағы тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандарды жұмысқа тарту әрдайым алдыңғы кезекте тұрады. Жұмыспен қамтығанда әрине, ерлер мен әйелдерге бөлек, табиғаттарына сай жұмыс береді. Мәселен, әйелдер жағы шеберханада тігінмен машық­танады. Шебер­лердің қолынан шық­қан бұйымдар көз сүйсіндіреді. Олардың тіккен алжап­қыштарын көрген адам еріксіз тәнті болады. Ал ер-азаматтар ағаш қашайды, темір жонып, токарьлыққа бейімделеді. Әйтеуір уақытты босқа өткіз­бейді. Адам өміріндегі еңбектің мәнін сезінеді. Осының өзі науқастардың өмірге деген құлшыныстарын арттыра түсетіндігі белгілі. Қазіргі таңда интернат үйін­де қырыққа жуық адам түрлі концерттік бағдарламаға қатысып жүр. Олардың әрқайсысы өзінше бір дарын иесі. Тіпті кейде интернат сахнасында ғана емес, өткен жылы облыс орталығын­дағы балаларды уақытша бейімдеу орталықтарында болып, ата-ана мейіріміне мұқтаж болып жүрген ұл мен қыздардың көңілін көтеріп, концерт қойып беріпті. Интернаттағылар өзінің құқығын толық біледі десек, шындыққа жанаспас еді. Сол себепті оларға әлеуметтік-заңдық қызмет көрсетуге де ерекше көңіл бөлінген. Интернатта азық-түлік сапасына ерекше көңіл бөлініп, күніне алты рет тамақ беріледі. Киім-кешекпен де қамтамасыз етіледі. Гигиеналық жағынан тазалығына да айрықша назар аударылады. Бұл орайда оған жауапты мамандар да баршылық. Көңіл аударарлық нәрсе интернатта әлеуметтік-медициналық комиссия құрылған. Бұл комиссия­ның мүшелері жоғарыда аталған 8 түрлі бағытта қызмет көрсететін білікті мамандардан іріктеліп алынған. Олардың бәрі жемісті жұмыс істеп, әбден шыңдалғандар. Комиссия интернатқа жолдамамен келіп түскен кісілердің бейімділігін, бұған дейін қандай қабілеті мен қызығушылығы болғандығын анықтайды. Оларды алдағы уақытта қандай пайдалы іске жұмылдыру керектігіне көңіл бөледі. Бұл жерде арнайы шаштараз бөлмесі де бар. Сонымен қатар үй жабдықтары қойылған әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу орны да соларға қызмет көрсетеді. Тіпті осында олардың өздеріне тамақ әзірлеуге де мүм­кіндік жасалған. Интернатта ғұмыр кешіп жатқан­дардың арасында көңілдері жарасып, жеке бөлме­лерде бірге тұрып жатқан екі-үш отбасы да бар екен. Интернат үйінде 132 адам қызмет көрсетеді. Әр бөлімшеге бекітілген медбике-санитарлар бар. Екі санитар тазалыққа көңіл бөледі. Жоғары білімді 9 дәрігер денсаулық тексереді. Мекемеге Назима Мұқатайқызы келгелі бірқатар жаңалықтар енгізілді. Мысалы, облыстық әлеуметтік қамтамасыз ету және бағдарламалар басқармасының ұйытқы болуымен интернатта күндізгі бөлім ашылды. Содан бері екі жыл өтті. Назима қарындасымыз баста­машы болған істі өзге қызметкерлер сәтті жалғастыруда. Облыс орталығында тұратын 8 бала күнде таңертеңнен кешке дейін шеберханада жұмыс істейді. Бірнешеуі музыкалық қабілетін шыңдайды. Мысалы, Дима Крутиков пен Алена Головинаның өз қолдарымен соққан заттарын көріп таңдандық. Екеуі де 20 жаста екен. Ата-аналары күндіз қызметте. Қашанда олар интернат үйінің қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдіріп жатады. Назима қарындасыммен әңгіме-дүкен құрып отырған кезімізде оның әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Ержанова атты қаракөз қазақ қызы да жанымызға жақындай берді. Ол да ұлттық қасиеттерін бойына сіңірген қандастарымыздың бірі екен. Өзі ұзақ жылдар бойы Ресейде тұрыпты. Интернатта болған шақтағы аңғарғаным, мұндағыларға қызмет атқару оңайға соқпайды. Назима Мұқатайқызын бәрі құрмет тұтады. Оны көрсе «Біздің апамыз келе жатыр» деп ерекше сыйлайды. – Мұнда жұмыс істеу үшін жүрегің кең, адам­гершілік қасиетің жоғары болуы керек. Өмірде адам баласына жақсылық жасап, оларға адал қызмет етуден артық бақыт бар ма? – дейді мекеме басшысы. Оразалы Жақсанов

3276 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6225

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5719

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3458

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2840

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2803

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2781

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2512

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2497

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы