• Ақпарат
  • 04 Қаңтар, 2013

«Менің Әуезовім» республикалық байқауы қорытындыланды

Алматыда «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 115 жыл толуына орай «Әуезов оқулары» атты Х халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Осы жиында мектеп оқушылары арасында өткен «Менің Әуезовім» республикалық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздарға «Мұхтар Әуезов қорының» президенті Мұрат Әуезов дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Бас бәйгені Алматы қаласындағы №124 мектептің 10-сынып оқушысы Әсел Аянқызы иеленді. Біз төменде Әселдің сол мақаласын ықшамдап жариялап отырмыз.   «Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай, біз үшін – шығыстың Шолоховы». Николай Погодин ...Бірде ұстазым: «Нағыз қазақ болам десеңдер, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын оқыңдар. Әсіресе, «Абай жолын» оқыңдар» деді. Ұстазым дұрыс жол сілтепті. Көкейімдегі сұрақтардың жауабын таптым, көзқарасым нығайды. Мұхтар Әуезовтің туындыларының ішінен алғашқы оқығаным «Жетім» атты әңгімесі еді. Он жасар Қасым­ның қайғылы өмірі баяндалатын шығарманы бейжай оқу тіпті де мүмкін емес. Сонау келмеске кеткен ХІХ ғасырда өмір сүргендей күйге енесің. Әңгіменің басынан аяғына дейін уайым жеп, қайғыдан кеудең қарс айырылардай болады. ...М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігі сан қырлылығымен таңдан­дырады, тамсандырады. Бір әңгімесінің өзі терең ойландырып, толғандырып, оқиға желісі жан-дүниеңді астан-кестен етеді. Қатыгездікке қарсы тұрғың келеді, дүниенің бәрі де кіршіксіз ақ болса, аппақ болса деп тілейсің. Әуезов шығармалары адамзатты бауыр, дос болуға, бір-біріне ақ ниет пен адал көңіл танытуға тәрбиелейді. Шыны керек, «Жетім» әңгімесін оқыған соң жетімдер тағдырына алаңдаушылық танытасың. Қасым сияқты жетімдер қай қоғамда да табылады. Сондай тұлдыр жетімдердің күні не болмақ? Оларға кім мейірім құшағын жаяды? Жан-жүрегі жылағанда көзінің жасын кім құрғатады? Кім аялайды? Кім оларға пана болады? Осындай сұрақтар жанымды жиі мазалап, жетімдер тағдыры алаңдататын болды. Олар өмірдің жел өтінде қалмаса екен, жалғыздықтан налымаса екен деп тілеймін. Көшеде анасымен қол ұстасып келе жатқан балаларды көргенде жаным жадырайды. Олардың сыңғырлаған күлкісін естігім келеді. Сәби күлсе әлем де жадырап, жайнап кетердей. Балалар үйіндегі тастанды сәбилерді қатты аяймын. Анасы тағдыр талқысына тастап кеткен, әке-шешесіз өсіп келе жатқан тастандыларды мемлекет өз қамқорлығына алады ғой. Тәрбиелейді, оқытады, бар қамқорлығын аямайды. Соның бәрі ананың құшағына, мейіріміне жетер ме? Бар мейірімімен аялап өсіру ананың адал парызы емес пе? Осы орайда, ақын-жазушылар жетімдер тағдырына алаңдаса, келешек ұрпаққа тағылым болу үшін тәрбиелік мәні бар шығармаларды көп жарияласа екен деп ойлаймын. Қазіргі қоғам азғындап барады деген сөзді күнде құлағымыз шалып, теледидардан сан қилы жантүршігерлік оқиғаларды көріп, шошынамыз. Ананың ақ сүтін ембеген, ана тілінде сөйлемеген бала да тасбауыр болмағанда, кім болмақ? Мұхтар Әуезовтің «Жетім» әңгімесі мені осындай сергелдең ойларға жетелейді. Бала анасынан тірідей айырылмас үшін, туған тілінде ана әлдиін естіп өсуі үшін нендей құдіретті күш керек? Қоғамның осы бір асқынған дертін кім дөп басып жазады? Әрине, кім де болсын келешектен үміт күтеді. Алға нық қадам басқан, білімді де зерек, халқының қамын ойлайтын қазақ жастарына сенеді үлкендер. Үміт бар жерде жақсылық орнайтынына да күмән жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Әуезов – оңды тәлім-тәрбиеге бағыттайтын рухани ұстаз екені ақиқат. Ұлы жазушының шығармашылығы қоғамға жөн сілтейтін бағдаршам іспеттес. Сондықтан да әрбір жан «менің Әуезовім!» деп рухани ұстазға сүйіспеншілік танытады. Менің балаң жүрегім де осылай дейді. Менің Әуезовім өз шығармалары арқылы өткен заман көріністерін айнытпай қағаз бетіне түсіріп кетті. Шығармаларын оқи отырып, сол заманды көз алдыңа келтіресің. Қазақ халқының тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін, мәдениетін білгісі келген адам Мұхтар Әуезов шығармаларын оқуы тиіс. Өйткені онда қазақтың бас­тан кешкен қилы-қилы кезеңдері, көрген қиыншылықтары еш боямасыз суреттеледі. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ тағдырының көріністері жазушы шығармаларында сан қырынан сипатталады. Адамдардың қарым-қатынасы, бір-біріне жасаған қиянаты, күштінің әлсізге көрсеткен жәбірі оқырманды ойландырмай қоймайды. Араша түсіп, әлсіздерге қорған болғың келеді. Жуан жұдырық иесі, қатыгез жандар жөнге келіп, мінезі, өмірге деген көзқарасы өзгерсе екен дейсің. Жаны жайсаң жандарға қолдау көрсеткің келіп кетеді. Менің Әуезовімнің шығармалары адамды адалдыққа, адамгершілікке, мейірімділікке, кеңпейілділікке тәрбие­лейді. Жер бетін тек жақсылық, қуаныш жайласа екен деген тілекке жетелейді. Мұхтар Әуезов шығармалары жастардың өмірге деген көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етеді. Ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғысы алмасып тұратын мына дүниенің тылсым сырларын ұқтырады. Неге көбіне-көп аққа қара, жақсылыққа жамандық, қуанышқа қайғы үстемдік етеді? Жамандар неге жалған дүниені жалпағынан басып жүреді? Шындық неге шыңырауда? Осындай күрмеуі қиын, сансыз сауалдарға менің Әуезовім тереңнен тартып, толғамды жауап береді. Шығармалары арқылы жол сілтейді. Әуезов шығармаларының тіл шұрайлылығына ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Сөздік қоры жағынан әлем жазушыларының алдыңғы қатарында тұрғаны да анық. Мұхтар Әуезовтің әлем таныған «Абай жолы» эпопеясында 29483 сөз, ал орыс әдеби тілінің зергері ­Александр Пушкин шығармаларында 21197, ағылшындар пір тұтқан Уильям ­Шекспир туындыларында 15000 сөз бар екенін білеміз. Әуезов ойының ұшқырлығы, сөзінің тазалығы да баршаны тәнті етеді. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, мен де әдебиет әлеміне енгім келеді. Мен де елді тамсантар тамаша шығармалар жазғым келеді. Оған үлкен негіз бар. Өйткені әдебиет аспанындағы адастырмас Темірқазығым – менің Әуезовім. Сенері де, сүйенері де бар адам талаптың тұлпарын мініп, топ жарары кәдік қой. Әдебиетке деген сүйіспеншілік мені өз арнама тартып келеді. Мен соған қуанамын. Келешегіме сенемін. Өйткені менің Әуезовім, менің рухани ұстазым сөз өнеріне үздіксіз баулиды. Білмейтінім өте көп, соны білгім келеді. Үйренбеген нәрсем әлі де өте көп, соны үйренгім келеді. «Талаптыға нұр жауар» деп қазағым айтқандай, мен де талаптың тұлпарына міндім. Келешек – жастардікі, ғасырдың кілті жастардың қолында деп ұғамын. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты Мен жастарға сенемін!» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, жастарға сенген халық ешқашан адаспайды. Бағыты айқын елдің болашағы гүлге оранған даладай құлпырып тұрады. Біз келеміз, жастар келеді, болашақ, есігіңді аш! Ана тілім төріңде ән салады! Әсел Аянқызы, № 124 мектептің 10-сынып оқушысы АЛМАТЫ

8350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6166

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5690

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3430

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2811

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2775

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2752

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2483

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2468

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы