• Тіл
  • 04 Қаңтар, 2013

Ғылым көгінің жарық жұлдызы

Кудайберген«Тіл және тұлға». Газетімізде бұрыннан бар бұл айдар бұдан былай жиі көрініп тұрмақ. Мақсат – қазақ тіл ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірген танымал тұлғалар жөнінде жазылған мақалаларды жүйелі жариялап тұру. Осы іспетті жарқын істі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да қолға алып отырғаны қуантады. Аталған институт орыс тілінде шығып келген «ЖЗЛ» (Жизнь замечательных людей) сипатты көпшілік оқырманға арналған кітаптар шығармақ. Ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының, Құдайберген Жұбановтың, Ісмет Кеңесбаевтың өткен өмір жолдары мен еткен қызметтерін баяндап, бұл ұлы ғалымдардың биік тұлғаларын көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кітап атауы әзірше «Ұлы дала тұлғалары» деп аталады. Сонымен, алғашқы сөз тіл ғылымының дара тұлғасы Құдайберген Жұбанов жөнінде.

Әсіреқызылды сүймейтін, пафосты үнді қаламайтын ғалымдарды жұлдызға теңеп жатқанымыз бір қарағанда ыңғайсыздау, сәтсіздеу көрінуі мүмкін. Бірақ бұл метафораны тұңғыш рет мен таңдап отырған жоқпын. 1966 жылы атақты академик-жазушы Ғабит Мүсірепов салтанатты мерейтойдың біріндегі өзінің баяндамасын былай бастап еді: «Осыдан отыз жылдан аз-ақ астам бұрын Қазақстанның енді ғана өркендей бастаған жаңа тұрпатты мәдениетінің көкжиегінде жұртшылыққа аты әлі беймағлұм бір жас жігіт бой көрсетті. Шын дарын екен: Жас қайрат даңғазасыз, у-шусыз, едіреймей, елірмей, сыпайы да салмақты келді. Оның үстіне жас жігіт өзінің туған ағасы, ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог – ғалым Құдайберген Жұбановтың көлеңкесінде болды. Бірақ ағасының көлеңкесінде тұрып та, ол көзге айқын шалынды. Көлеңкемен қосылып кетер сұрғылт емес екен! Сол жас жігіттің аты Ахмет Жұбанов еді». Әр сөздің, әр теңеудің сал­мағын өлшеп барып, орнына дәл қондыратын, әсіреқызылға бой алдырмай сөйлейтін Ғабит Мүсіреповтің бұл сөзі Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардай қос алыпқа берілген және берілетін аса бір асқақ атақтардың барлығынан да жоғары баға деп санаймын. Өйткені бұл бағадан сол кезде 60 жасқа келуін тойлап отырған атақты композитор, «қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруші қайраткер, ұлт оркестрінің кіндік атасы, республикадағы бүкіл өнертану ғылымының қолбасшысы» академик Ахмет Жұбанов қандай зор тұлға болса, сол биіктен асып, көлеңкесін түсіретін Құдайберген Жұбановтың тұлғасы қандай алып екенін біле беріңіз! Міне, бүгін сол алыптың ғылым көгіндегі жай жарық жұлдыз емес, Ғабеңше астрономия танымымен айтсақ, бірінші дәрежелі жұлдызы, «қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының жаңа сатысының көшбастары, ірі теоретик-ғалым Құдайберген Жұбановты атап отырмыз. Қазіргі әңгіме өзегі ғалымның зор тұлғасын, шыққан биігін, қалдырып кеткен үлгі-өнегесін көрсете түсу болмақ… Сауатын ашып, білім алуға талпынған қазақ қоғамы тарихының толқынына іліккен Құдайбергенді сол толқын «ғылым» атты жағадан бір-ақ шығарады. Есейіп кеткеніне, балалы-шағалы шаңырақ иесі болып қалғанына қарамастан, 1929-1932 жылдары білім-ғылым ордасы Ленинградта оқып, жоғары білім алады. Әуелі Шығыстану институтының «Түркологиялық семинар» дегенінде, кейін Тіл және ойлау институтының «Яфетидологиялық семинар» деген бөлімдерінде атақты ғалымдар В.Бартольд, Н.Я.Марр, А.Н.Самойлович, В.А.Богородицкийлердің лекцияларын тыңдайды. С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Е.Д.Поливановтармен танысып, К.К.Юдахин, А.К.Боровковтармен қатар жүріп, тыңғылықты мол білім алады. Сол кезеңдегі ең озық лингвистикалық мектептерден тәрбие алып, терең білімді маман болып шығады. Бұл мамандық оны келте ғұмырының соңғы 4-5 жылын білім-ғылым жолына жұмсауға алып келеді. Құдайберген Жұбанов 1932 жыдың 1 қазанынан 1937 жылдың 19 қарашасына дейін сол кездегі ҚазПИ-дің профессоры, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді... Оқу-білімге жетектеген жол Құдайберген Жұбановты ғылымға алып келді дегенде оның қазақ тілін зерттеуші тұңғыш маман-лингвист екендігін, қазақ тіл біліміндегі теориялық ізденістердің көшбасшысы болғанын, жалпы түркологиялық проблемаларға да орыс ғалымдарымен терезесі тең тұрып батыл аяқ басқан тұңғыш ұлт кадры екенін айтамыз. Біз бұл жерде «тұңғыш» деген анықтауышты әдейі қолданып отырмыз. Себебі мынада. Біраз уақытқа дейін тарихи бір шындықты айта алмай келдік. Сондықтан тіпті Құдайберген Жұбанов – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы деген пайым­даулар да айтылып келеді. Ал шындығында ана тілімізді тұңғыш рет белгілі бір жүйемен зерттеп, оны қазақ тілінде талдап-танытқан, өткен ғасырдың 10-жылдарында қолға алған Ахмет Байтұрсынов болатын. Іргелі ғылым, оның теориялық негіздері еш уақытта жоқ жерден пайда болмайды. Әуелі оның қаңқасы тұрғызылып, объектілері айқындалуы қажет, негізгі терминдері жасалуы керек. Қазақ тілінің грамматикалық, фонетикалық құрылымын мектепте ана тілінде оқытып үйрету мақсатымен алғаш рет зерделеген Ахмет Байтұрсынов екендігі тарихи шындық. Соңғы кездерде Ахаң мұрасын арнайы зерттеушілер оның қазақ тілінің дыбыс жүйесін талдап, ұлттық әліпби (алфавит) түзуде ғылыми тіректерге сүйенгенін дәлелдеп отыр. Демек, «қазақ тілі білімі» атты ұлттық ғылым саласының негізін салушы Ахмет Байтұрсынов деп танимыз да, бұл ғылымды әрі қарай алып барушы, құр жалғастырушы емес, теориялық негіздерге иек артып, қазақ лингвис­тикасын іргелі ғылым ретінде дамытуды бастаған, яғни қазақ тіл білімі дамуының жаңа кезеңінің іргетасын қалаған Құдайберген Жұбанов деп санаймыз. Сондықтан қазақ тіл білімінің қалыптасып, әрі қарай даму тарихында бұл екі асқардың әрқайсысы өз орнында, өз биігінде көрінуге тиіс. Бұл тұжырымды қадай айтып жатқан себебіміз бар. Ахмет Байтұр­сыновты тіл біліміміздің негізін қалаушы деп танығаннан кейін, бұл таным Құдайбергеннің дәрежесін төмендеткендей көрініп күдіктенгендер болды, тіпті бірін биіктетсек, екіншісін аласарту қажеттей сезініп, екеуінің білім деңгейін, алфавит, емле, терминология мәселелеріндегі пікір алшақтықтарын салыстырып, біріне бірі қарсы тұрды-ау деген ойға келгендер де болды. Ал шындығында ғылымда болатын пікірсайыстардың, ғалымдар арасындағы жаулық еместігін Құдайберген Жұбановтың өзі көрсетіп беріпті. Тіл білімі институты 1989 жылы оның 90 жылдығына арнап, ғалымның ғылыми мұрасын танытатын көлемді жинақ ұсынды. Кітаптың ішінде бірнеше адамның естеліктері бар. Солардың бірі – көп жылдар студенттер тәрбиелеген ұстаз Жәмила Жолаеваның жазғанынан мынадай жолдарды оқимыз: Жолдасым Дәмен Дінасылов бірде адамгершілік, парасат жайын әңгімелеп отырып, мынадай сырды ақтарды: «Бірде, шамасы 1935 не 1936 жыл болуы керек, студенттер арасында: Бізге мұғалімдікке Ахмет Байтұрсынов келетін болыпты, ол кісіні Құдайберген ағаның өзі шақырыпты» деген сыбыс тарап кетті. Сол сол-ақ екен, ҚазПИ-дің сол кездегі директоры – ұлты белгісіз, өзін «профессормын» деп атайтын Сақаев деген адам мен партия ұйымының секретары Дүйменов дейтін қара сұр кісі біздерді шақырып алып: «Ешбір желігу, топ болып қарсы алу деген болмасын! Байтұрсыновқа қошемет көрсеткен адам оқудан шығады!» деп ескертті... Бір күні Федерация паркіндегі (осы күнгі 28 панфиловшылар паркі) федералдық соборда орналасқан Ұлт мәдениеті институтының директоры Алманов жолдас: «Ахаң бізден шығып, ҚазПИ-ге кетті» деп телефон соғыпты. Студенттер шығуға бата алмай, әр жерден бастарын қылтитып-қылтитып қарап жүр... Бір кезде етжеңділеу келген, шляпа киген, көзіне пенсне салған келбетті адам парктің ішіндегі аллеямен жүріп отырып, ҚазПИ-дің қарсы алдына келді. Біз тырп етпедік. Тек профессор Жұбанов қана тез басып, келе жатқан адамның алдынан шығып, «жат адамды» көшенің арғы бетіне шығып қарсы алды. Содан соң Құдекең Ахаңды қолтықтаған күйі институтқа алып кірді. Біздер аудиториямызға тығылып қала бердік. Міне, қазақ тілін ғылыми пән етуді мақсат тұтқан екі ғұламаның бір-біріне деген ілтипаты осындай болса керек». Бұл естелік айтушының, тарих куәгерінің сөзі. Ахмет Байтұрсыновтың «жау элемент» ретінде қуғын-сүргінде болып келгендігін, әлі де «жау» деп тану керек деген «нұсқаулар» бар екенін жақсы біле тұра істеген бұл ісі Құдайбергеннің ұстаз әріптесіне деген адал көңілін, зор сыйластығын көрсетеді. Аты аталып отырған ғалымның өмірбаянын сөз еткенде және бір ерекшелікті айтпай кетуге болмайды. Ол – үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ зиялыларына тән тағы бір қасиет еді. Бұлар қоғам өміріне белсене қатысып, әлеуметтік жүктерді қоса арқалады. Заман соны талап етті. Ар-ұжданы биік, көкірек көздері ашық, алдыңғы саптағы зиялылар тобы әлеуметтік істердің әрдайым басынан табылуды, қоғамның мәдениеті мен рухани өмірінің барлық саласына аянбай қызмет етуді өздерінің азаматтық борышы деп санады. Мұны біз Құдайберген Жұбановтың өмірінен де көреміз. Ол 1932 жылдардан бастап, ҚазПИ-де профессор болып, лекция оқып, кафедра меңгере жүріп, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының лингвистика секторының меңгерушісі, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Методика, программа, оқу құралдары секторының меңгерушісі, Мемлекеттік Терминкомның председателі, Халық Ағарту Комиссариаты коллегиясының мүшесі, Ұлттар мәдениеті институтының Ғылыми Советінің мүшесі сияқты нақты жұмыстарды қоса жүргізді. Сөйтіп, қазіргі үш-төрт ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен тіпті тұтас ұжымдары атқаратын міндетті Құдайберген Жұбанов бір өзі атқарды, бұл ретте де Құдекең Ахаңның ізбасары болып шықты, өйткені 20-жылдардың барысында дәл осы міндеттерді Ахмет Байтұрсынов атқарған болатын. Енді ғалымның дара тұлғасы жайында бірер сөз айтсақ дейміз. Қазақта «біртуар» деген сөз бар, ал ғылым тілінде өте сирек кездесетін құбылысты немесе аса көрнекті, елден ерекше туған адамды феномен дейді. Қазақтың «біртуары» – сол феномен! Құдайберген Жұбанов өзінің табиғат берген бітімімен, білім-парасатымен елден ерек тұрған біртуар жан болған. Ең алдымен оның үлкен талант иесі болғанын айту керек. Жақсы ғалым болу үшін де тынымсыз еңбекпен қоса, табиғи қабілет те қажет-ау, Құдайбергеннің бар-жоғы екі-үш жыл орыс кластарында тиіп-қашып оқып, ғылыми еңбектерін таза орыс тілінде жазатын дәрежеде болуы, небәрі екі-үш жыл Ленинградта оқып, неміс, моңғол, грузин, чуваш, коми, тіпті жапон тілін үйрене бастауы және оларды едәуір меңгеріп алуы, екі жылдай медреседе оқып, араб, парсы, шағатай, түрік, татар, башқұрт тілдерін игеріп кетуі осы қабілеттің күші болар. Біртуар Құдайбергенге Құдай берген қасиеттің және бірі – оның өнер иесі де болғандығы. Ол өлең, әңгіме, пьесалар жазған, режиссерлік етіп, 1926 жылы Ақтөбеде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» қойған. «Құдай берсе, құлай береді» дегендей, табиғат оған суреткерлік өнерін де, ою-өрнекке шеберлікті де беріпті. Бойындағы бұл дарын көздері мен тілге деген ықыласын артында қалған алты баласына атап кеткендей. Бұлар әке жолын жалғастырып, Ақыраптай өнер иесі суретші болып, Есет пен Асқардай биік ғылыми дәрежелі маман лингвистер болып, Мүсілимадай жақсы педагог-ғалым болып, Қыз­ғалдақтай экономист болып бұл күнде арамызда жүр. Құдекеңнің ақындық қабілетін Мүсілима мен Есет балалары еншілеген десек болар. Демек, Құдекең сияқты алдымызда өткен алыптар бүгінгі және келешек ұрпақтарға қалдырған мұраларымен және халқына еткен зор еңбегімен ғана емес, жеке бастарының адамдық қасиеттерімен де үлгі-идеал екендігін баса айтамыз. Сөйтіп, бұл күнде жоғары дәрежеге көтерілген, түркология әлемінде кадрлар жағынан ғылымға беріп келе жатқан үлесі мен күні кешеге дейін Мәскеу мен Ленинградтан кейінгі үшінші орында деп есептеліп келген «қазақ тілі білімі» атты ғылым саласының, өзге де ғылымдар сияқты қалыптасу кезеңі, даму сатылары бар десек, Құдайберген Жұбанов ана тіліміз туралы үлкен ғылымның жаңа кезеңін – ғылыми-теориялық зерттеулер кезеңін бастаушы, сапалық жоғары сатыға көтеруші деп танимыз. Олжас Сүлейменов айтқандай, «тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» өлшемімен пайым­дайтын болсақ, Құдайберген Жұбановтың алдында қазақ тілін зерттеуші Ахмет Байтұрсынов сияқты заңғардың тұрғанын, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгеров, Елдес Омаров, Телжан Шонанов сияқты биіктердің болғанын көрсете отырып, білім-ғылымымыздың тарихында олардың әрқайсысының өз орны барын баса айтамыз. Ол орындардың айрықша биігінің бірі Құдайберген Жұбановтікі екенін де баса көрсетеміз. Бүгінгі тіл мамандары мұндай алыптарымыздың жаза алмай кеткен еңбектерінің, тарата алмай кеткен теориялық ізденістерінің, қазақ тіл білімін дүниежүзілік ғылым сатысына көтермекші болған мақсат-мұратының орнын толтыруға, жалғастыруға қызмет ететін болса, ал қалың жұртшылық оның туған халқы мен ана тіліне еткен еңбегі мен көрсеткен үлгі-өнегесіне тәнті болып, тағылымына бас исе, бұл алып тұлғаның тарихи тұғыры одан сайын биіктей түсері хақ, жұлдызы жарқырай түсері аян.

Рәбиға Сыздық, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері

Құдайберген Жұбанов  және қолданбалы тіл білімі

(Асқар Жұбановтың мақалаларынан үзінді)

Қазіргі қоғам элементтерінің арасындағы өте күрделі байланыстарды анықтау қоғам өміріндегі ақпарат пен ақпараттау жүйесін басқарудың рөлін арттырады. Осындай күрделі жүйеге мәтінді де жатқызуға болады. Қай тілдегі мәтін болмасын, онда: құрылымдық-коммуникативтік және номинативтік, әлеуметтік және индивиду­алдық, статикалық және динамикалық, детерминдік және ықтималдық, т.б. да әртүрлі аспектілердің араласып жататыны белгілі. Тек осы аталған факторларды ескерсек қана ойымызда туындайтын мәтін мазмұнынан өзара байланыстағы сөйлем тізбектеріне (мәтінге) өтудің заңдылықтарын ашуға мүмкіндік жасалады. Бұл жағдайды зерттеп-тану, мәтін құрайтын бірліктерді бөлшектеу арқылы талдау (анализдеу) немесе мәтінді құрастыруға қажетті бірліктерді жинақтау (синтездеу) әдісі арқылы ғана жүзеге асады демекпіз. Қолданбалы тіл білімінің «Мәтін лингвистикасы», «Мәтін теориясы» атты жаңа бағытқа қатысты Қ.Жұбановтың зерттеулерінің маңызы зор. Қазіргі кезде ғалымдар мәтін құрайтын элементтердің заңдылықтарын ашу жолдарын қарастырып, оны талдау (анализ) әдісінен гөрі, жинақтау (синтездеу) әдісімен көбірек шұғылданатынын байқауға болады. Оның басты себебі, компьютерлік лингвистика әдістерімен мәтіннің «туындау» заңдылықтарын анықтау, мәтін мазмұнын автоматты түрде ашу, мәтіндерді бір тілден екінші тілге аудару, мәтіннен аннотация мен реферат алу қажеттігі және т.б. қолданбалы мәселелердің шешімін табу болып отыр. «Қ.Жұбанов теоретик ғалым ба, әлде практик ғалым ба?» деген сұрақтар жөнінен филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, проф. Рәбиға Ғалиқызы Сыздық былай дейді: «Теоретик ғалым деп айтуға негіз болатын тұжырымдардың бірі – ол қазіргі кезде көбірек назар аударылып жүрген «Валенттілік теориясы», «Текст тео­риясы», «Функционалдық грамматика», «Лингвистикалық статистика» деген тілдік бағыттар, дәл осы терминдермен аталмаса да, ғалымның ізденістерінен бұл теориялық мәселелердің алғашқы нысандарын көреміз» (Сыздықова Р.Ғ. Қ.Жұбановтың лингвистикалык мұрасын танып-игеру проблемалары // Жұбанов тағылымы. – Ақтөбе, 1998. 13-18 б.). Айтқан сөздері дәлелді бояу үшін, Р.Ғ. Сыздық, ғалым еңбектерінен тиісті үзінділерін келтіре отыра, басқа зерттеуші-ғалымдардың да осы жөніндегі пікірлерін қоса айта кетеді. Қ.Қ.Жұбанов еңбектеріндегі сандық деректерді пайдала­ну жайымен таныса отырып, мынадай қорытынды жасауға бо­лады: проф. Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың қазақ тіл білімі туралы зерттеулерінде тілді сандық деректер мен мәліметтер негізінде қараудың алғашқы нышандары бар. Бүгінде тіл білімінің бір саласына айналып отырған лингвистикалық статистиканы ғалым сол кездің өзінде-ақ тани білген. Тілдің сандық сипатынан байқалатын сапалық қасиеттерін оны зерттеуде пайдалануға болатын тиімді әдіс көздерінің бірі екенін де байқаған. Сөйтіп, ол сандық деректердің негізінде тілге қатысты бірсыпыра жайларды (дыбыстар, буындар, сөздер, сөйлем мүшелерінің орны, т.б.) нақты анықтап, кейбір тың тұжырымдар жасаған. Бұлардың маңыздылығы сонда – олар қазіргі кезде бұл саладағы ізденуші-зерттеушілерге үлгі-тірек, бағыт-бағдар болып отыр (Бектаев Қ., Белботаев А., Садықов Т. Қазақ тіл біліміндегі лингвистиканың алғашқы көріністері // Құдайберген Жұбанов және қазақ совет тіл білімі. Алматы: «Ғылым», 1990, 115-116). Сонымен, қазақ тілінің теориялық және қолданбалы тіл білімі­нің негізін қалаушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың аз ғана өмірінің бір-ақ мақсаты болған сияқты. Ол – әлі ашылмаған шындықты ашу немесе соның ашылуына ықпал жасау, сол арқылы қоғамға қызмет ету. Мұндай мақсатқа жетудің әртүрлі жолдары бар екені белгілі, бірақ ғалым Қ.Жұбанов солардың ішінен зерттеудің дәлдігі мен объективтілігін қамтамасыз ететін тәсілді ғана ең дұрысы деп тапқан болу керек. Шындығында да, дәлдік пен объективтілікке ұмтылу – қазіргі ғылымдарға бірден-бір тән қасиет, ал бұның тіл біліміне де қатысы бары сөзсіз.

4403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6154

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5683

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3424

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2805

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2769

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2746

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2477

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2462

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы